Home Басты жазба  Қазақстан жаңа дәуірдің есігін ашты

 Қазақстан жаңа дәуірдің есігін ашты

16

Бүгін – жай ғана күнтізбедегі жаңа күн емес. Бүгін – Қазақстанның жаңа саяси дәуірге аяқ басқан күні. Осы уақытқа дейін «Жаңа Қазақстан» деген ұғымды жиі естіп келдік. Біреу сенді, біреу күмәнданды. Ал енді сол сөздің нақты құқықтық негізі пайда болды. 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Демек, бүгіннен бастап біз жаңа ережемен, жаңа мемлекеттік жүйемен өмір сүре бастадық.

Отыз жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның саяси жүйесі негізінен бір үлгімен жұмыс істеді. Сол кезеңде Парламент үш жарым мыңнан астам заң қабылдады. Оның ішінде елдің дамуына қызмет еткендері де болды, уақыт талабына сай өзгертілгендері де болды. Бірақ заман өзгерді. Әлем өзгерді. Қоғам өзгерді. Сондықтан мемлекеттік басқару жүйесінің де жаңаруы заңды құбылыс.

Бүгінгі өзгерістің ең басты ерекшелігі – бұрынғы Парламенттің өкілеттігінің аяқталуы. Енді ел жаңа бір палаталы Құрылтайды сайлауға дайындалып жатыр. Бұл – атауы ғана өзгерген орган емес. Президенттің сөзіне қарасақ, Құрылтай мүлде басқа қағидамен жұмыс істеуі тиіс. Ол заң қабылдайтын баяу бюрократиялық құрылым емес, уақыттың талабына тез жауап беретін, сапалы заң шығаратын, сарапшылар мен қоғам пікіріне сүйенетін жаңа институт болуы керек. Әсіресе жасанды интеллект пен цифрландыру дәуірінде заң шығару бұрынғыдай жылдарға созылмай, қоғамдағы өзгерістерге ілесіп отыруы қажет.

Президент жаңа мемлекеттік формуланы да жариялады: «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет». Осы үштік алдағы саяси жүйенің өзегіне айналмақ. Бұл жерде Президент мемлекеттің тұтастығы мен қауіпсіздігінің кепілі ретінде өзінің конституциялық мәртебесін сақтайды. Ал Құрылтай заң шығарудың негізгі орталығына айналады. Үкімет бұрынғыдан да көбірек жауапкершілік арқалайды. Яғни, әр мемлекеттік институттың міндеті бұрынғыдан анығырақ айқындалмақ.

Бүгінгі өзгерістің тағы бір маңызды тұсы – бұл тек саяси реформа ғана емес. Бұл – мемлекеттік ойлау жүйесін өзгертуге жасалған қадам. Президент мұны жай ғана әкімшілік реформа емес, «қазақ мемлекеттігінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу» деп сипаттады. Бұл теңеу кездейсоқ емес. Кейде үйдің қабырғасын сырлап қою жеткіліксіз болады. Іргетасын бекітіп, ескі жүйесін жаңасына ауыстыру қажет. Қазақстан дәл сондай кезеңге келіп отыр.

Әрине, кез келген үлкен өзгеріс қоғамда сұрақ туғызады. Құрылтай қалай сайланады? Ол қаншалықты тиімді болады? Жаңа жүйе бұрынғы қателіктерді қайталамай ма? Мұның бәріне бүгін нақты жауап беру қиын. Өйткені кез келген реформаның тағдырын заңның өзі емес, оны жүзеге асыратын адамдар шешеді. Ең озық Конституцияның өзі адал орындалмаса, қағаз күйінде қала береді. Керісінше, кемшілігі бар заңның өзі әділдікпен орындалса, қоғамға пайдасын тигізеді.

Сондықтан бүгінгі күнді біржақты мадақтаудың да, асығыс сынаудың да қажеті жоқ. Тарихи өзгерістерді уақыт таразылайды. Бірақ бір нәрсе анық: Қазақстан бүгін бұрынғы саяси кезеңмен қоштасты. Енді алда жаңа Құрылтай сайлауы, жаңа құқықтық саясат, жаңа заңдар, жаңа жауапкершілік тұр.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  Жасылдар  партиясының төрағасы

Алдыңғы жазба“Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады“