Тура бір айдан кейін өтетін президенттік сайлауда кім жеңеді? Әрине кімнің артында халық және жеңіске жетуге жетелейтін ресурс тұр, сол жеңеді. Бұл шығар күннің көзіндей шындық. Кім президенттік орынтаққа қонжисада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтай айналасындағыларды қас-қабағымен өргізіп, жусататындай, бір шыбықпен үйіретіндей мысы басым, сұңғыла басшы бола алмасы белгілі. Қазіргі үміткерлердің ішінен Елбасыдай сұсты һәм сарабдал саясаткерді көріп тұрған жоқпын. Айтқым келгені бұл емес. Тілге тиек еткелі отырғаным, бізге алдағы уақытта мемлекеттік басқару формасын өзгерту. Бір сөзбен айтқанда праламенттік мемлекет құру.
Президенттік басқарылымның дәуірі ХХІ ғасырда өмір сүруі мүмкін емес. Оны мықты саясатшылар біледі, түсінеді. Президенттік басқарылым кезінде сөз бұйдаға салмай, көп мәселені жедел шештік. Өйткені уақыт соны талап етті. Әлемге өзімізді таныттық. Әлем бізді мойындады. Шекарамыздың даулы жерлерін реттедік, көрші-қолаңмен ынтымақта болдық, ішкі-сыртқы саясатты бір жақты еттік. Газ бен мұнайға сүйенсекте экономикамызды көтере алдық, әлемнің көптеген мемлекеттермен салыстырмалы түрде алатын болсақ, халықтың әлауқаты жағынан көбінен көш ілгері тұрмыз. Елде тыныштық бар, тұтастық бар. Береке бар. Мұның бәрі президенттік басқарылым кезінде қол жеткіздік. Тәубә! Шүкір!
Енді бізге жалғыз ғана мықты тұлғаның қажеті шамалы. Геосаясатты жетік түсінетін, әлемдік тенденцияны дұрыс тани білетін, xалықтың ойын қабылдай алатын тұлға керек. Жиырма бірінші ғасыр парламенттік мемлекеттердің дәуірі болуы керек. Бізде соған ұмтылуға тиіспіз. Егер парламенттік басқарылымы бар (Германия, Израиль, Италия, Грекия т.б) елдерге қарайтын болсақ, бұларда даму қарқыны әлдеқайда жоғары. Оларда мемлекет һәм ұлт мүдесі де, халықтың тұрмысы, ішкі-сыртқы саясаты тіпті қаржы мәселесіде бір адамның көңіл күйіне, қас-қабағына қарап емес, парламентте ашық пікір талас кезінде шешіледі. Және әділдікке басымдық береді. Олай болса бізде президенттік басқарылымнан парламенттік басқарылымға көшуге ұмтылғанымыз жөн. Сонда ғана қазіргі кезде қордаланып тұрған көп мәселе әділ түрде шешімін табар еді.
Азаматхан ӘМІРТАЙ «Байтақ-Болашақ» экологиялық бірлестіктің төрағасы