2024 жылдың 21 мамыр күні Мемлекеттік тілді дамыту институтында «Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерде мемлекеттік тілді оқыту мәселесі» атты семинар-кеңес жұмысы өтті. Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты шараға өз ісінің кіл мамандары: республиканың әдіскер ғалымдары, мектеп басшылары мен «Қазақ тілі» пәнінің мұғалімдері, мемлекеттік тілді зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысты.
Семинар-кеңес жұмысының негізгі бағыттарына:
– Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждердегі тілдік жағдаят;
– Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерге арналған мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы қазақ тілі: мазмұны, сағат саны
– Үлгілік оқу бағдарламаларындағы білім мазмұны;
– Орыс мектебі мен педагогикалық емес колледждегі қазақ тілінің бағдарламасы;
– 5-11 сыныптардағы қазақ тілі, факультатив сабақтар мен авторлық курстар;
– Орыс мектептері мен педагогикалық емес колледждерде қазақ тілін оқыту мен тіл дамытуға қатысты сынды өзекті мәселелер жатқызылды.
Сапасыз оқулық, мұғалімге жүктелетін қосымша жұмыстардың көптігі, қосымша әдістемелік ресурстардың аздығы – жаңартылған оқу бағдарламасын айқындап тұрғандай. Мұғалімдер тарапынан әр сыныпта грамматикалық материалдарды деңгейлеп оқыту, грамматикалық материалдарды сынып деңгейіне қарап шиыршық әдісімен оқыту сынды ұсыныстар айтылды. Бұған қоса тіл мәдениеті, тіл ұстарту, шешендік өнер, академиялық жазылым бойынша элективті курстар жүргізілсе деген де арнайы ұсыныстар болды.
Тіл жанашыры, мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры Бижомарт Қапалбек өз баяндамасында алдағы уақытта іске асатын тіл үйрену порталының құрылымымен таныстырды. Тіл үйрену порталы үш бөлімнен тұрады:
I. Тіл үйренушіге
Тіл үйренушіге арналған жарнамалық мәтіндер
II. Деңгейлерге арналған (А1, А2, В1, В2, С1, С2) оқу ресурстары: оқу құралдары, сөздіктер, мәтіндер, тапсырмалар және т.б.
III. Тілді өз бетінше үйрену (мобилді қосымшалар)
Коммуникациялық дағды: Басқа мақсат, грамматиканы меңгеру үшін, еркін қарым-қатынас мақсатында, іскери қарым-қатынас мақсатында, қазақ тілі балалар үшін, ҚАЗТЕСТ тапсыру үшін, мемлекеттік қызметке тұру үшін, өзім үшін сияқты бөлімдер қарастырылған.
Сондай-ақ бұл қатарға академиялық курстар да кіріктірілген. Атап айтсақ, академикалық жазылым, әлеуметтік лингвистика, грамматикалық талдаулар, функционалдық грамматика. Портал іске қосылғанда Мемлекеттік тілді дамыту институты бұл туралы ресми әрі толыққанды жарияламақ.
Семинар-кеңес «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілді оқытудың жүйесі» атты жоба аясында өтеді. Осы жоба аясында өткізілген бүкіл семинар-кеңестердің жинағын шығару жоспарда бар.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ