Деректерге жүгінетін болсақ, елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Бір қарағанда су қоры мол секілді көрінгенімен, шынтуайтында аз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың текше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Неге? Оның себебі көп.
Қытайлар Ертіспен Ілені жоғарыдан байлап алып, өз қажеттеріне жаратуда. Сол тірлікті орыста, қырғызда, тәжік те, өзбек те жасауда. Демек, трансшекаралық өзендер тұрғанда, Қазақстанға өзгелерге деген тәуелділіктен құтылу қиын. Содан болар саптыаяқ басынан қарауыл қарап, тірлік кешіп жатқан жайымыз бар. Өйткені елдегі суармалы жердің көлемі 1,4 млн гектар екенін ескерсек, бізге көп су керек. Тіпті 2027 жылға қарай суармалы жердің ауқымын 3,3 млн-ға жеткіземіз деген әйдік жоспарымыз тағы бар. Әрине, суармалы жерді көбейте отырып, ауыл шаруашылық өнімдерін өзімізде даярлап, азық-түлік қауіпсіздігін шешіп алсақ, жаман болмас еді. Бірақ қолбайлау болып тұрған бір жайт бар. Ол – су. Әсіресе еліміздің оңтүстік облыстары жаз шыға қаталап жатады. Өйткені арналы Сырдария да, Талас та, Шу да сырттан келеді. Мәселен, суармалы жер Түркістан облысында 38, Алматы облысында 29, Қызылорда облысында 14, ал Жамбыл облысында 8 пайызды құрайды. Демек, бұл облыстардың сусыз күні жоқ. Амалсыз судың басында отырған «су саудагері» атанған қырғыз бен тәжікке, өзбекке алақан жаюға тура келеді. Жыл сайын жаз шыға осы аймақтың диқандарының жанайқайы шығады да жатады. Себеп судың тапшылығы. «Судың басында отырғандар бал, аяғында отырғандар у ішеді» дегендей, судың бастауына иелік ететін айырқалпақтылар жаз шыға ағыстың төменгі жағында отырған көрші жұртқа шекесінен қарайтынды шығарған. Тіпті қырғыздар суды саяси мәжбүрлеу тетігіне айналдырып алған десек те, көп қателеспейміз. Айтқымыз келгені, судың саяси құралға айналғаны емес, бар суды қалай бөліске саламыз, соның жайы.
Биыл су мәселесі қалай шешілмек? Былтырғыдай тағыда айырқалпақтылардың алдында тәуелді болып, солардың ыңғайына қарай күн кешеміз бе, әлде суды пайдаланудың өзге ұтымды жолдарын іздейміз бе? Айтпақшы, елімізде таза осы мәселемен айналысатын Қазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаны белгілі. Демек, бар жауапкершілік солардың құзырында болмақ.
«Су жетпейді емес, су бар. 1982 жылы қырғыз елімен су мәселесі бойынша келісім жасағанбыз. Онда бәрі жазылған. Өкініштісі – қазір сол құжатты көтеріп, оқып, сол бойынша жұмыс істейін деген бір министрді көріп тұрған жоқпын. Оларға керегі осы салаға бөлінетін қаржы. Соны есептеп, бұйырғанын жемсауға салып отырса болды. Өзен басына, тоған қасына барған министрді көрдің бе? Бір қызығы, министрлік «су жөнінде жаңа келісім жасау керек» дегенді жиі айтатын болыпты. Бұған дейін жасалған келісімдерде бәрі қаттаулы тұр емес пе? Неге біз барды пайдаланбай, бәрін «ескі» деп, «жаңа» деген ұғымға ұмтыламыз. Бұдан не ұтамыз?- дейді 1981-1990 жылдар аралығында Су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев.
Ал, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай:
«Менің пайымымда судың басында отырған Қырғызстан мен Тәжікстанды ортаға ала отырып, Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан суды бөлу және пайдалану үшін жаңа келісімшарт жасасқаны дұрыс. Бұдан өзге тығырықтан шығар жолды көріп тұрған жоқпын. Бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Үнемі «қырғыз су бермей жатыр» деп, көршінің құлағын шулатып жатамыз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Барлық кінә министрлікте, су шаруашылығының басы-қасында жүргендерде. Солардың біліксіздігінің кесірінен үнемі қазақтар ұтылып жататын келіссөздер жүргізілді. Келісімшарттарға қол қойылды. Бәрін қайта қарап, бүгінгі күннің талабын ескере отырып, жаңа келісімдер жасалғаны дұрыс. Ең бастысы елімізде Су министрлігі құрылды. Олар Су кодексін даярлап Мәжіліске ұсынды. Ендігі мәселе депутаттар соны тезріек қабылдағаны жөн. Өйткені бұл сағызша созатын дүние емес. Себебі көктем келіп қалды. Ертең егістік алқаптарына су керек болады. Барлық мәселе сол заңның аясында шешілуі керек. Су керек, демек, заңды бетке ұстай отырып, бюджеттен ақша бөлу керек дегендей. Демек, Су кодексін депататтар бұлтаққа салмай тезірек қабылдаса жақсы болар еді» – дегенді айтады. Жөн сөз. Рас, еліміздегі су мәселесін оңды шешу үшін Су кодексін қабылдайтын уақыт жетті.