Әлемнің ең ірі державасы қалай ғана 34 триллион долларға қарызға батты?
Биыл АҚШ-тың сыртқы қарызы рекордтық 34 триллион долларға жетті. Оның үстіне қосылатын пайызы АҚШ-тың қорғаныс саласына бөлінетін қаражатымен бірдей екен.
Мысалы, 2022 жылы қорғаныс саласына елдің жұмсаған шығыны 800 млрд доллар болған.
Питер Петерсон қорының хабарлауынша, осы қарқынмен кете беретін болса, келесі 10 жыл ішінде америкалық федералды үкімет қарыздың тек үстіндегі пайызын төлеуге кететін шығыны инфрақұрылым мен білімге бөлінетін қаражаттан асып түседі.
«Біздің қарызымыз GDP-дің 120%-на тең» деп дабыл қағады америкалық сарапшылар. 2035 жылға қарай, бұл көрсеткіш 130%-ға жетуі мүмкін.
АҚШ қарыз алған мемлекеттердің тізімінде Жапония (1 трлн доллар) Қытай (1 трлн доллар), Ұлыбритания (716 млн доллар) бар.
Ал Джо Байден қарызды уақытында қайтаратынын айтып, саспайды. Басқа гарантия жоқ.
АҚШ-тың қарыз алған ақшасы қайда кетті?
2022 жылы Америка Құрама Штаттарының федералды үкіметі Ауғанстан, Пәкістан, Ирактағы соғысқа 8 триллион доллар жұмсады.
«Соғысқа кеткен ақша қарызға алған қаражат есебінен жұмсалып отыр» дейді сарапшылар.
Ал одан екі жыл бұрын АҚШ 2 трлн доллар қарызға алынған қаражатты терроризмге қарсы күрес жүргізуге жұмсапты. 2030 жылға қарай 2 трлн доллардың үстіне тағы 2 трлн қосып төлеу керек болады деп америкалық сарапшылар тағы дабыл қағып отыр.
Тіпті, алдағы 10 жылда АҚШ Үкіметі + 20 трлн доллар берешек алуды жоспарлап отыр екен. Қарыз көлемі көбейе беретін болса, елдегі түрлі салалардағы инвестиция ағынын азайтуы мүмкін.
Жалпы АҚШ-тың қарыз алуға деген әуестігі 2001 жылы оянып, содан бері басылмай келеді.
Бұның салдары қандай болады?
Бірінші, ғаламдық қауіпсіздікке қауіп төндіреді;
Екінші, АҚШ қарызды қайтару үшін бюджет шығынын қысқартуға мәжбүр болады;
Үшінші, қарызды қайтаруға шамасы жетпей, дефолт жариялаған жағдайда, берешек берген елдер ақшасын қайтара алмайды; Сөйтіп, олардың экономикасы құлдырайды.
Төртінші, жалғыз резервтегі валюта доллар зардап шегуі мүмкін. Баяғы фунт пен гульденнің кебін киіп, «резервтегі» деген статусынан айырылып қалуы мүмкін.
Бесінші, қарызды қайтару үшін АҚШ үкіметі салықты көбейту я болмаса шығындарды азайтуы мүмкін. Бірақ биылғы сайлаушыларға екі нұсқа да ұнамайтыны анық.