Әлемдік гео-құбылыстың тынысын бақылап отырғандар соңғы бірер жылда мүлдем жаңа бағыттың жедел қарқынмен дамып келе жатқанын айта бастады:
ХХI ғасырдағы теке-тірес енді әлем тілдері арасында өтпек. Гарвард университетінің профессоры Эдвард Биттен әлеуметтік желідегі парақшасында «Соңғы жарты ғасырда АҚШ пен Ұлыбританияда ағылшын тілі мен жоғары оқу орындары экономикаға қызмет етті. Тіл мен экономика бір-бірін дамытты. Біз бұл мәселені күні бүгінге дейін құпия ұстап келген едік. Енді бұл «сайысқа» Қытай келіп қосылды. Қытай оянды ма деп қорқамын. Алдағы ширек ғасырда біздің бәсекелесіміз қытай тілі мен экономикасы болады» деп жазды.
Профессордың осы пікірін жариялаған «New York Times» басылымы өз атынан Қытай елі Орта Азия астаналарында қытай тілін оқытатын Конфуций орталықтарын ашқанын, бұл мақсатта Пекин Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сияқты аймақтық ұйымды пайдаланып, Орталық Азиядағы қазіргі басты ойыншыларды ығыстыру үшін аянып жатқан жоқ» деп толықтырған. Бұл басылымның назарынан ШЫҰ Орталық Азия елдері үшін білім гранттарын көбейткені де тыс қалмаған. «Бізге 1990 жылдардың басындағы стратегиямызды өзгертуге, посткеңестік елдер үшін тегін оқуға мүмкіндік беретін білім гранттарын көбейтуге тура келеді. Себебі қытайлықтардың қарқыны қатты. Себебі бұл ел (КХР) Орталық Азия елдерінің беделді жоғарғы оқу орындарында «екі диплом» жүйесінің пилоттық бағдарламасын іске қосып, өзіне қажетті мамандарды өз елдерінде дайындауға кірісті. Енді алдағы онжылдықтарда талас тартыс табиғи байлықтар емес, қытай және ағылшын тілдері арасында өтеді».
Мұнайы мен табиғи байлығы бізден он есе аз батыс елдерін «миы мен тілі» асырап отыр дегенді бұрын да естігенбіз.
Ұлыбританияның экс-премьері Тони Блэрдің Алматыға келген бір сапарында байқамай отырып бір құпияның бетін шығарып қойған. «Батыс елдері мемлекет есебінен бөлінетін білім гранттарының саны жөнінен әлемді алдыңғы орында тұр. Бұған қалай қол жеткіздіңіздер?» деген журналистер сауалына Блэр мырза: «Біз балаларымызды шетелдіктердің қаржысы есебінен оқытамыз » деп жауап берген. Кейін, осы әңгімеден кейін сол елден тарап жатқан сайттарға кіріп, біраз жайтты анықтадық. 1990-2013 жылдары ТМД елдерінде ағылшын тілін үйренуге деген ықылас күрт өскен. 2011-2013 жылдары ағылшын ЖОО-ларында ақылы жүйе бойынша оқып жатқан шетелдік студенттердің үлес салмағы 70-82 пайызға дейін өскен. Олардың 10-12 пайызы әртүрлі гранттарды жеңіп алса, қалған 60 пайызы мемлекетінің немесе жеке қаржысы есебінен оқып жатыр.
Демек, Блэр мырза осыны тұспалдап айтып отыр.
Тарихқа жүгінсек, әлемге тілінің ықпалын арттыру арқылы үстемдік жүргізу бұрыннан бар және өзін -өзі әбден ақтаған тәсіл. Себебі идеологтар «Жаһандану өзара елдерді ынтымақ-бірлікпен мәдени-экономикалық коммуникация құрады. Ал соғыс пен бірін-бірі жою үшін кеткен өлшеусіз шығындар әлемді сақтап қалудың тәсілі – жаңа энергетикалық көздерді табуға бағытталмақ. Ал әлемді коммуникацияға келтіретін, ынтымақтастыққа ынталандыратын, бағыттайтын құрал – лингвистикалық канал, яғни, тіл.
Жаһанданудың мақсаты белгілі бір мемлекеттің тіл саясатына, тілдік шекарасына қарамай тілдік коммуникацияның максимальды гомогенді кеңістіктігін құру болып табылады» деген қағиданы ХХ ғасырдың басында –ақ мойындап қойған. Демек, тіл үшін теке-тірес біз айтып жүргендей ХХ –ғасырдың аяғында емес, басында басталыпты. «ХХI –ғасыр басында ағылшын тілінде сөйлейтін 12 мемлекетте 500 млн адам бар. Одан бөлек әлем халқының 1,5 млрд. ағылшын тілін біледі. Ағылшын тілінде бес ірі телекомпаниялар әлемге ақпарат береді: Си-би-эс, Эн-би-си, Эй-би-си, Би-би-си және Си-би-си. Әлемдік ғылыми жаңалықтың 85-90%-ы ағылшын тілінде жарияланады. Бұл тіл БҰҰ-ның ресми тілі болып есептеледі. Ағылшын тілінің ықпалының артқандығы сондай – тарихи дәуірлер бойы ағылшын еліне қарсы позиция ұстанып келген Францияның өзі ағылшын тілін шетелдік тіл ретінде қабақ танытудан қалған. Әлемнің 62 мемлекетінде ағылшын тілі мемлекеттік ресми статусқа ие болған. Әлемнің 90 мемлекетінде ағылшын тілін қолданады және кең дәрежеде оқытылады. Ағылшын тілінің әлемдік статусқа ие болуына әрине, біріншіден, ағылшын елінің саяси әрі экономикалық критерийлері рөл атқарып тұр»дейді дипломат Қазбек Бейсебаев. Демек ағылшын тілі мен экономикасының ықпалы ХХ –ХХI ғасырда эволюциялық жолмен дамып келеді.
Ал «соңғы жиырма бес жылда экономикасын ғарыштық жылдамдықпен дамыта алған, тілін әлем халықтары тіліне айналдыруға талпынып отырған Қытай феноменіне серпін берген құдірет не?» деген сауал саясаттанушылар үшін де, экономистер үшін де де өзекті. «1990 жылдардың басындағы әлемдік геосаясаттағы өзгерістер, КСРО –ның ыдырауы Қытай көшін ғарыштық жылдамдықпен алғы жылжытты» дейді саясаттанушылар. Себебі қытай аяғы жетпеген жерлерге қытайдың тауары жетті: Одан бөлек, Қытай Дүние жүзінде шет елде ең көп маман оқытатын ел – Қытай. ЮНЕСКО-ның мәліметі бойынша, Қытай жылына 400 000 баласын шет елде оқытады. Экономикасына қарасаңыз, ішкі жалпы өсімі – он пайыз, шығармайтын өнімі жоқ десе де болады, тіпті алып Еуропаның өзі Қытайға «Тәбетіңді теже, біздің де бар екенімізді ұмытпа» деп ыңырана бастады. Қытайдан келетін тауарды тежейін десе, өз күшімен ішкі нарықты толтыра алмайды, тіпті көршісімен жабылса да. Тіпті соңғы кездері көрші ел қазақтың ағылшын және қытай тілдерін меңгерген, халықаралық олимпиадада жүлделі орындарды иемденіп жүрген талантты балаларын жоғары оқу орындарына тегін оқу гранты және әлеуметтік пакеттері, Орта Азия елдерінде жұмыс істеп жатқан қытай компанияларында жұмыс істеу мүмкіндігі арқылы өзіне тарта бастады деген пікірлер жиі айтыла бастады.
Қоғам және мемлекет қайраткері Әділ Ахметов «Қытай неге дамып бара жатыр?» деген сұрағымызға «Ол дүние жүзінен үйреніп отыр. 400 000 студент дегеніңіз – мықты маман, алып ми. Олар әлемдік «МИ»-дың өзіне қажеттісін мысқалдап еліне тасып жатыр, сыртта жүрген жастары арқылы алыс-жақын шет елдің жетістігінің бәрін қажетінше еміп отыр. Әлемдегі автомобиль шығаратын ірі-ірі концерндердің бәрінің филиалдары Қытайда. Өйткені еңбек арзан, соған қызықты да қолдағы өндірісінің бәрін Қытайға жіберді кезінде. Қатесін кеш аңдаған Батыс әлемі бармақтарын енді тістеп отыр. Қай ел дамып бара жатса, солардың бәрінен үйренуіміз қажет. Ұлт сапасын бірден жоғары деңгейге көтергіміз келсе, экономикасы дамыған елу елдің қатарына енгіміз келсе, экономикамыз бәсекеге лайықты дамитын жағдайға жеткізгіміз келсе, жаңадан ашылатын университет соған жұмыс істеу керек»дейді.
ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бермен Қытайдың шетелдерде оқыған студенттері еліне қайта ағыла бастады. Бұның басты себептерін былай топшылауға болады: Қытайдың саяси жағдайы тұрақты, заң-түзімдері біртіндеп кемелденіп, қаржы салу ортасы жақсару үстінде. «Елге оралғандар» озық басқару білімі мен технологияны енгізіп қана қоймай, нарық пен көзқарастың жаңалануына жол ашты. Шетелде оқығандар Қытай қоғамына батыстық прогрессивті сананы ала келді. Бұл құбылыс Қытайдың алға басуына жол ашқан маңызды факторға айналып, халықаралық өркениетпен тоғысу аяқ алысын жеделдетті. Қытайлықтардың шетелдерде оқып елге оралғандарын «Елге оралғандар» деп атай бастауының өзі-ақ бір дәуірдің жетіп келгенінен дерек берсе керек. Соңғы 30 жылда олардың саналы түрде елге оралуы қытай тілі мен қытай миы мен қытай алғырлығын әлемдік күшке айналдырды. Қазақстандық саясттанушылар қытай таңдап алған жолды толық «қазақыландыруға мүмкіндігіміз бар» деп отыр.
Біздің бұған қосып –аларымыз жоқ.
Рауан Ілиясов
Сарапшы