
Еліміздің қауіпсіздігі дәл қазір бірінші орынға шығып түр десек артық айтпағанымыз. Өйткені іргемізде соғыс жүріп жатыр. Жай қақтығыс емес, ХХI ғасырдағы соғыстың ең соңғы технологиясы араласқан жанжал. Жасыратыны жоқ, ол соғыстың экономикалық зардабы бізгеде әсер етуде. Алайда, мемлекеттің қауіпсіздігі бірінші орында.
Рас, Украинадағы жағдай тым ушығып барады. Батыс елдері Украинаға берген алыс қашықтыққа ұшатын қанатты һәм баллистикалық зымырандармен Ресейдің ішкі территориясына соққы беруге рұқсат беруі, ал, Мәскеудің ядролық қаруды пайдалануға байланысты ережесін өзгертуі және құрлық аралық баллистикалық зымырамен («Орешник») Украинаға жеріне соққы беруі екі ел арасындағы соғыстың енді ғаламдық сипат ала бастауының көрінісі. Бұл жақсылықтың нышаны болмаса керек – ті. Тіпті Украина әскерінің бұрынғы Бас қолбасшысы Валерий Залужныйдың «Үшінші Дүниежүзілік соғыс басталды» деп мәлімдеме жасауыда тегін емес. Демек, ғаламға бір тықырдың таяғаны белгілі. Осы орайда кеше Мемлекет басшысы Қасым –Жомарт Тоқаев Украинадағы жағдайдың тым ушығып бара жатқанын безбенге сала отырып, Премьер-Министрге, Президент Әкімшілігінің Басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырғаны мәлім. Ал, бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов қорғаныс, ішкі істер, төтенше жағдайлар, сыртқы істер, денсаулық сақтау, көлік, энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика, қаржы министрліктерінің басшылығымен Мемлекет басшысының негізгі әскери және азаматтық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырмаларын орындау жөнінде жедел кеңес өткізді. Осының бәрі айналамыздағы жағдайдың тым ушығып бара жатқанын көрсетері хақ.
Бұл жерде, біздің айтқымыз келгені сәл өзгеше? Әскери және азаматтық нысандарды қорғауға біздің қарулы күштеріміз қауқарлы ма? Әуе қорғаныс күштері әзір ме? Минутына емес, секундына бәленбай шақырым жылдымдықпен ұшатын баллистикалық зымарандарды нысандарға жеткізбей қағып түсіре аламыз ба? Соңғы үлгідегі әуе қорғаныс кешендері бар ма? Міне, ең үлкен мәселе осы. Биылғы әскери бюджетіміз1,3 триллион тенге екен. Шамамен 2 миллиард доллардың үстінде. Әрине, аздау. Қазіргі әдемдегі ушығып тұрған геосаяи жағдайды есепке ала отырып, ЖІӨ-нің кем дегенде 2-3 пайызын (қазір 1 пайызғада жетпейді) біз қорғаныс саласына арнауымыз керек еді. Ал, әзірге бөлінген 1,3 триллион теңгенің қаншасы заманауи қару-жарақ сатып алуға кетіп жатыр? Белгісіз. Бұл жерде тағы бір басы қылтиып тұрған дүние, нақты дерекке үңілетін болсақ, Қазақстанда әскерге шақырылуы тиіс азаматтардың (18- 27 жас арасы) саны 1 миллион 221 мың адам екен. Ал бізде әскерге тек жыл сайын 40 мың ғана ер азамат алынады. Сонда 1 миллион 221 мыңның 97 пайызы әскери дайындықтан өтпейді, қару-жарақ ұстауға қабілетсіз деген сөз. Ел басына күн туатын сәт болса, соғыс техникасын көрмеген әлгілер елді қорғай ала ма? Әрине жоқ. Бұл өте ойланатын мәселе.