– Қабдеш аға, бір сөзіңізде кеңес заманындағы ақын-жазушыларды «қапастағы бұлбұлдар» деп атап едіңіз. Ол түсінікті. Сол дәуірдің қаламгерлері белгілі шеңберден шыға алмады, сол кезеңді жырлады, жазды. Ал қазір заман басқа. Бұл кезеңдегі әдебиет саласында жүргендерді не деп атар едіңіз?
– Мен осыдан он бес -жиырма жыл бұрын, марқұм болып кеткен белгілі ақын Қапан Сатыбадиннің туғанына 80 жыл толуына байланысты «Қапастағы бұлбұлдар» деген мақала жаздым. Ол жеке Қапан емес, Қапанның замандастарына, қаламдастарына, әріптестеріне арналған еді. Егер бүгінгі көзбен қарайтын болсақ, сол Қапан да ойындағысын ашық айта алмай кеткен ақын. Қапанның қаламдастары да сол кездегі өте мықты таланттары ақындар еді. Мәселен, Ғали Орманов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев тағы да басқалары. Бірінен-бірі өтетін дарынды жандар-тұғын. Алайда бұлардың бәрі айтарын көңілдеріне іркіп, ашық айта алмады. Алайда солардың ішінде қапасты бұзып шығып, емін-еркін ойындағысын аз да болса сыртқа шығара алған дауылпаз ақын Қасым Аманжолов қана. Өзгелерге қарағанда артына көбірек мұра қалдырды. Әр уақытта өлмейтін жырлар жазып кетті. Ол көлгірсімей, мәнсәпқа қарамай турасын айтқан ақын. Әттең, кең дүние, жарқын заман болғанда сол ақындардың бәрі көл-көсір еңбек қалдырар еді ғой, артына. Бірақ қапас замнның белгілеп берген шеңберінен шыға алмады. Мен сол «Қапастағы бұлбұлдар» деген мақалама ұлы жырау Жамбылда да қостым. Неге? Әрине себебі бар. Мысалы, Жәкең 36-шы жылы ғана танылған ғой. Содан дүниеден өткен 1945-ші жылға дейін арадағы 10 жыл да оған төрт-бес ақын кезек-кезек хатшы болды. Атайтын болсақ, Қасым Тоғзақов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, ең соңында Ғали Орманов. Бұларды неге жіберіп отыр, ұлы жырауға? Әрине өлең өндіру үшін. Өлең дегенде Жәкеңе арнап жоспар жасалған. Мен ЦК-ның ахривінен бір құжатты көрдім. 1938 жылы Орталық комитеттің үгіт насихат бөлімінде «Жамбыл биыл қандай өлеңдер жазу керек?» деген тізім жасалыпты. Оның ішінде «Сталиндік бес жылдықтар, Челюскеншілер, Шота Руставлидің 750 жылдығы» секілді көптеген тақырыптар белгіленген. Әрине Челюскеншілерді, Руставлиді Жәкең білмеу мүмкін. Алайда жанындағы хатшылар соны түсіндіріп, осыларға арнап өлең шығаруын талап етіп отырған. Міне, ұлы жырау Жәкеңде де еркін болмаған. Оғанда көкейіндегісін жырлата бермей, тапсырыспен өлең шығаруды міндеттеген. Бұл не? Әрине қапастағы жырау-бұлбұл деген осы. Мен осы тұрғыдан айтып едім. Ол кезде бәрі қадағалауда болды. Ал бұғауды бұзып-жарып шығам деушілер болса, жазасын алды. Жазғандары жойылды. Солай бола тұрса да сол бір дәуірде қазақ әдебиеті керемет шоқтығы биік дүниелерді бере алды. Оған ешкм дау айтпас. Рас, ол тұста жазушыларға партия жаман қараған жоқ. Жағдайын жасады, үйін берді, қомақты қаламақы төледі. Қара теңіз бе, Балтық теңізі ме, әлде Мәскеу түбіндегі демалыс орны ма, сондай жерлерге жіберіп отырды. Бір қарасаң бәрі жақсы. Бірақ шылбырды үзіп кететіндей еркіндік бермеді. Жазған дүниеңді лупамен қарады, сүзгіден өткізді. Сол себепті жазушылардың бәрі советтік иделогияға дем беретін, мадақтайтын шығармалар жазуға мәжбүр болды. Бірақ жазушылардың бәрі кеңестік дәуірдің жасампаз тұрмысын жырлап кеткен жоқ. Әрине оны мадақтаушыларда көп болды. Оған кем таланттар көбірек барды. Өйткені дайын тақырып, дайын ой дегендей. Сонымен бірге халықтық тақырыпты да көтерген адамдар болды. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов т.б. Ақындардың ішінде бөліп айтуға тұрарлығы Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаевтар. Олар халықтық, ұлттық мәселелерді көтеріп отырды. Сонымен әдебиет дамыды. Ал қазіргі заманмен салыстырғанда қалай деуге болады, қазір қапасқа қамап, төбеңнен қарауыл қарап тұрған ешкім жоқ. Еркіндік, сөз бостандығы, демократия дегендер бар. Солай бола тұрса да, әдебиеттің қарқыны ойдағыдай емес. Неге екені қайдам, бір іркіліс бар. Бәлкім дағдарыс деуге болатын шығар. Бір себебі, біз қадам басқан кезеңнің әлі бет-пердесі белгісіз, басы ашылмай жатыр. Немен басталғаны белгілі болғанмен, қалай аяқталатыны беймәлім. Мен кезінде бір мақаламда мына қоғамды сарқылдап қайнап жатқан қазанға теңеп едім. «Сорпаның дәмі әлі кірмей жатыр, сол үшін қанды көбігін бір рет қалқып тастау керек, содан кейін барып сорпаның дәмі кіреді» деп жазғанмын. Шындығы сол. Жақсы дүниелер әлі туады. Тек заманның аңдысын сәл байқап алған жөн. Жағымды кейіпкер кім, жағымсызы кім? Қаһарманы кім, бұралқысы кім? Демек мадақтайтыныңды не болмаса сынайтын адамыңды қоғамнан ажыратып алуың керек емес пе? Қазір байлардың, байлықтың заманы деп жатамыз. Сонда бас геройлар солар ма, әлде ыңаршағы шыққан қарапайым жандар ма? Осындай түрлі себептермен жазушылар іркіліске түсіп қалды.
– Соңғы кезде «Көшпенділер», «Алтын Орда», «Аласапыран», «Соңғы көш», «Тағдыр» секілді бір немесе бірнеше дәуірді бірақ суреттейтін кесек дүниелер неге жоқ? Әлде Есенберлин, Мағауин, Жұмаділов секілді тума дарындардың қатары кеміді ме?
– 60-шы жылдары елде бір жылымық бола қалды. Баяғы социалистік реализмнің де шеңбері кеңіп, әртүрлі тақырыптарға жол ашылды. Тарихи тақырыптарға қалам таруға мүмкіндіктер туды. Сол тұста Есерберлин «Көшпенділер» деген және «Алтын орда» деген үш томдықтарды дүниеге әкелді. Ешкімнің тісі батпаған тарихқа түрен салды. Мұхтар Мағауиннің «Аласапыраны» шықты. Біраз жазушылар осы салаға қалам тербеді. Сол тұста бұрынан көкіректе запыран болып тұрған дүниелер жарыққа шықты. Қадыр, Мұқағали, Жүмекен, Тұманбай бастаған көптеген талантты ақындар сол кезеңнің жемісі. Жалпы алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдар қазақ әдебиетінің бір дәуірлеген заманы болды. Шоқтығы биік дүниелер жазылды. Жұрт ол шығармаларды іздеп жүріп оқитын болды. Қазір неге сондай ірі дүниелер жоқ дейтін болсақ, оның әртүрлі себептері бар. Роман жанрына жиі барғандардың көбі дүниеден өтті, қалғандары қартайды. Қартайған тұста роман жаза қою оңай емес. Талай жылды сарп етуге тура келеді. Ал шалдарда баяғыдай көл-көсір уақыт жоқ қой. Дегенмен іргелі дүние жазылмай жатыр деуге тағы болмас. Мәселен, Мұқтар Мағауин Шыңғысхан туралы төрт томдық шығарма жазуда. Әрі зерттеу, әрі роман эссе. Оның екі томы даяр. Ал өз басыма келсем, соңғы романымды 2000 жылы жаздым. «Қылкөпір», «Прометей алауы» деген туындылар. Осыдан кейін қабырғасы қалың романдар жазуды тоқтаттым. Біріншіден жас ұлғайды, екінші әрбір жазған шығармаңды аяқтауың керек. Уақытың мол болуы тиіс. Кезінде қабырғалы дүние жазу үшін үш-төрт жыл ізденесің, сосын барып екі-үш жыл отырып жазатынсын. Өмір ұзақ, уақыт көп сияқты көрінетін. Қазір оған мүмкіндік бар ма? Жас болса келіп қалды дегендей. Қазір шағын жанрға көштім. Мысалы, алдымда үш-төрт кітап жатыр. Бұлардың бәрі повестер, әңгімелер. Соңғы жылдары жазылған. Бұлардың ішінде он екі повес, қырық-елу әңгіме бар. Қысқа дүниенің бір жақсысы бір демде оқып тастайсын. Уақыт көп кетпейді. Қазір баяғыдай шалқаңнан жатып алып, қалың роман оқитын кез емес.
– Жалпы қазіргі ара-тұра жарық көріп жатқан тарихи шығармалардың өзегінде қаншалықты ақиқат жатыр? Қазір руына, жүзіне, басымдық беретін дүмше жазушы, тарихшылар көбейіп кеткен жоқ па? Қазақта «Тәуіптің ең жақсысы-ауруға ауру қоспай кеткені» деген сөз бар. Өйткені теріс жазылған тарих болашақ ұрпақты адастырады дегендей…
– Тәуелсіздік алған соң, жазушыларға көп еркіндік берілді. Кім нені жазамын, қалай жазамын десе де рұқсат. Еркіндіктің екі қыры бар. Жақсы жағыда, жаман жағыда. Еркіндікті пайдаланып, әркім өз ата-бабаларын мақтап, батыр етіп, би етіп, дана етіп көрсетуге тырысқандар да жеткілікті. Олар ақша беріп, қаламы жүйрік журналистерді, жазушыларды жалдап, қойыртпақ дүниелер жасауға көшіп алды. Мағанда бірнеше қалталылар келді. Бір дорба ата-басының, әулетінің суреті бар, шежіресі, анасы-мынасы бар. «Сіз тарихты жетік білетін, қаламы ұшқыр халық жаушысысыз, жазып бере қойыңыз» деп қарап тұр. Онымен қоймай «қазір жазушылар қаржыдан тарығып жүрген заман ғой, нәпақа болады» деп үстелдің бір шетіне 10-15 мың доларды тастай салысты. Ақша жақсы ғой. Бірақ келісім бермедім. Ертең ол кітаптың мұқабасында менің аты –жөнім тұрады ғой. Ұят емес пе? Халық жазушысы, кім-көрінгенің ата-бабасын жазып кетті деген сөз қандай жаман. «Ренжімеңдер, мен бүгінге дейін тапсырыспен шығарма жазып көрген жоқпын. Не жазсам да өз қалауыммен көкейімдегі дүниені ақ қағазға түсірдім. Тек осындайға бейімделген жазғыштар көп қой, соларға барыңдар» деп шығарып салдым. Өзгелер жазсын, жазбасын демейсің. Бірақ бір әулеттің сойылын соғамын деп, халықты адастыратын дүниелерге жол беруге болмайды. Өйткені тарих өте кірпияз дүние. Болмағанды болды деп тықпалай беруге болмас. Қазір тарихта аты қалмаған белгісіз батырлар, билер жөнінде жазылған дүниелерден аяқ алып жүргізсіз заманға тап болдық. Әрине жоңғар шапқыншылығы кезінде халықтан көптеген батырлар шықты. Оған дау айта алмайсын. Он басы болған шығар, жүз басы болған шығар. Бірақ бәрін бірдей қол бастады, сардар болды деп атауға болмайды. Қатталған тарихта белгілі ғой, кімдердің хан болғаны, кімдердің қайқы қылышын қолына ала сала елім, жерім деп жоңғарға тап бергені. Бәрі жұртқа мәлім. Бірақ жоқ жерден данышпан, қолбасшы, батыр жасау кімге керек? Кезінде осындай жалған тарих жасауға ұмтылғандармен дауға да араластым. Онда да жеке басым үшін емес, иісі қазақтың тарихы үшін. Естеріңде болар, «Түп тұқиянымнан өзіме дейін» деген кітап болды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1993 жылы. Қағаздың қат кезі. Мен сол кезде қазақтың атақты қолбасшысы болған Қара керей Қабанбай сардар жөнінде жазылған «Дарабоз» атты шығарманның бірінші томын шығартумен жүргенмін. Қағаз жоқ. Әреңде дегенде кітап емес, газет басатын қағазбен әупірімдеп бес мың данамен жарық көрді. Ал іші қып-қызыл өтірікке құрылған, қазақтың тарихын бұрмалаған әлгі «Тұп-тұқянымнан өзіме шейін» деген кітап үш жүз мың данамен жарық көрді.Үкіметтен үлкен қолдау көрді. Әйтпесе ол кезде ешкім де үш жүз мың данамен шыға алмайды. Оқып жіберсем, сұмдық. Мен де «Дарабозда» сол он сегізінші ғасырда болған оқиғаларды жазып отырмын. Қаншама дүние ақтардым, қаншама уақытты сарп етіп, мұрағатта отырдым. Мендегі оқиға басқа, әлгі кітаптағы оқиға мүлде басқа. Қаным басыма тепті. Сонда да оқып шықтым. Сосын жағамды ұстадым. Өйткені кітапты жарыққа шығарғандар, халықтан сүйінші сұрады ғой. «Бәленбайыншы ғасырда Қазібек бек Тауасар ұлы деген дана кітап жазып, ол бәленбай жыл жер астында көмулі жатыпты. Соны тауып алдық. Міне, сендерге керек тарих осында қаттаулы тұр» деп. Сұмдық-ай деуімнің себебі бар, әлгі кітаптағы жазу мәнеріне, стильіне қарасам, он сегізінші ғасыр тұрмақ он тоғызыншы ғасырдағы Абай мен Ыбырай Алтынсариннің жазғандарына жақын келмейді. Ол бүгінгі, соның ішінде «Социалистік Қазақстанның» қасаң тілімен жазылған. Өте бір шалағай дүние, өз аталарын мақтау, өзгелерді төмендету. Сондай қойыртпақ. Сол кітапта «өткенде жазып берген өлеңдеріңді жоғалтып алдым, тағы бір өлеңдер жазып берші» деп Бұхар жырау Қазыбек бек Тауасарұлына жалынып жүрген бір сорлы. Ау, Бұхар жырау сондай деңгейдегі адам ба, еді? Оның өзі көл-көсір дүние шығарған жырау емес пе? Мұндай да масқара бола ма? Қабанбай батыр, өз інісімен бір түйеге таласып жүрген, дүние қоңыз біреу. Аты шулы Бөгенбай батыр – қолтоқпақтай жан. Көкесі-ау, өз тұқымыңды дәріпте, бірақ тарихи тұлғаларды солардың көңкесінде қалатындай етіп, қорламау керек қой. Абылай бір күңнен туған құл екен. Оны Төле би ұрлап алып, Көркем Уәлидің баласы болмағандықтан соған беріпті. Атақты Қаздауысты Қазыбек биде бір баланы ұрлап алып,Абдолаға береді. Ол болашақ Жолбарыс хан еді. Ойлары төреден емес, ханды қарадан шығару керек екен. Бірақ әлгілер төренің бауырында өсуі керек. Қызығын қарасаңшы, бірі күңнен туған, бірі жылқышының баласы, олар өскен соң ержүрек, батыр, ел бастаған данышпан хан боларын әлгі билер алдын ала қалай біліп қойған десеңші. Сол мақалада айтқаным барды, «Бала ұрлау Еурпалда емес, орыстардан емес, бізден шығыпты. Оған атақты билеріміз жол салып беріпті» деп. Бұхар жыраудан басқа, Қаз дауысты Қазыбек, Қабанбай, Бөгенбайлар «бізді де қағазыңа жазып, тауарихта қалдырсайшы» деп Тауасарұлына жалынып жүреді… Демек осының жалған екенін айту керек болды. Шындықты айтайық, талқылайық десем ешкім үндемейді. Жазушылар одағына бардым. Ол кезде Қалдарбек Найманбайұлы одақтың төрағасы. «Ойбай бұл тарих қой, анау-мынау» деп ат- тонын ала қаштып, ақыры «тарих институтына барсаңшы, солар жөнін айтар» деп шығарып салды. Ертесінде Манаш Қозыбаев басқарып отырған мекемеге бардым. Кітапты ала барғам. «Мынаны оқыдыңыз ба?» дедім амандық-саулықтан кейін. «Оқыдым. Қазір осындай өтірік дүниелер көбейіп кетті, не істерімізді білмейміз» деп шағына сөйледі. «Одақпен бірігіп талқылайық. Одақтан баяндамашы мен болайын, сіз біреуді шығарыңыз. Бұл – тарих алдындағы, халық алдындағы масақара іс. Соның алдын алайық» десем, «Осындайлардың бәрін жинап, үлкен конференция жасайық деп отырмыз. Шыдаңыз» деп шығарып салды. Сүйтсек ол кісі де бұл кітапты талқылауға тісі батпай отыр екен. Кітап артында азулы топ барын білетін Манаш аға содан қаймығады екен. Содан амалсыз, көлемді мақала жазуға отырдым. Отыз беттік мақала даяр болды, «Қуыршақ хандар мен алдамшы билер туралы немесе бір шежіренің құпиясы» деген. 1993 жылы 5 қараша күнгі «Қазақ әдебиетінің» үш бетіне жарияланды. Оған дейін әлгі кітапты біреулер тарихи құжатқа айналдыра бастаған. Осы маңайдағы мектептерге оқыта бастады. Бұл жалған тарих қой. Сол мақаламда «Мына кітап он сегізінші ғасырда жазылса, онда қазақ романы сол кезде туды деу керек. Үлкен сенсация осы. Неге сүйінші сұрамайсыңдар» дедім. Жалған кітап екені бесенеден белгілі. Өйтіп тарихқа қиянат жасауға болмайды. Халық мені қолдады. Ақыры әлгі кітапты жарнамалау тоқтады. Үлкен бір өтіріктің жолын кескеніме разымын. Қазірде неше түрлі сорақы дүниелер шығып жатыр. Бірақ қайсысымен алысасың, қайсысының жолын бөгейсін. Мәселен Райымбек батырдың да туған жылы қате көрсетіліп жүр. Әдейі. Қалайда оны «Ақтабан шұбырынды кезінде ерлікпен соғысты, елін қорғады» деп дәріптеу үшін. Оның батырлығына дау жоқ. Елін, жерін қорғаған батыр. Бірақ ол дәл сол тұста өмірге келген жоқ. «Ақтабан шұбырынды» кезінде оның атасы Ханкелді Қабанбайлармен тізе түйісіп жоңғарға қарсы аттанған. Немересі атасынан кем дегенде 40-50 жас кіші болмай ма? Кесене басындағы жазуда керісінше Райымбек атасы Ханкелдіден 16-17 жас қана кіші болып жүр. Бұл ақылға сыйа ма? Тізе берсек жетеді…
– Біразға келдіңіз. Әр адамның өмірде бір өкініші, бір үміті болады. Сізде ше? Неге қол жеткізе алмадым деп ойлайсыз?
– Егерде шығармашылық жағымнан келетін болсам, сан соғым қалатындай, бармағымды шайнайтындай өкінішім жоқ. О баста ойыма алған, мақсат еткен шығармаларымды жазған сияқтымын. Әрине жазатын дүние әлі де бар. Болдым, толдым, қаламды бұрышқа жинап қойдым деп айта алмаймын. Бірақ бір қате жолға түсіп, немесе әдебиетті біреулердің, я болмаса мәнсәбтің, биліктегілердің табанының астына салған кезім, өз фамилиямды былғаған кезім болмаған екен. Бірақ мысал айтайын, «Соңғы көш» романы 70-ші жылдары жазылды. Ол қиын кез еді. Советпен Қытай арасы ушығып тұрған, екі ел араз болатын. Ол жақтағы қазақтардың өмірін бұл жақтағылар білмейді. Содан ба, кітапты жазғаннан, оны бастыру қиын болды. «Мынау жөн екен, басуға болады» деген сарапшы адамды таппай қиналдым ғой. Төрт дана етіп, машинкаға бастырғанмын, соның үш данасын КГБ, ЦК және академияға жібердік. Бірақ бірде біреуі жарытып ештеңе айтпады. Айтатындары «Оқиғасына, көркемдігіне дауымыз жоқ, бірақ ол жақтағы тірлік бізге бимәлім. Сондықтан басуға жіберуге болады деген нұсқау бере алмаймыз» деген рәуішті. Дегенмен қауіпсіздік комитетттің қызметкерлері, «мұны бір білсе Мәскеудегі Қиыр Шығыс институты біледі. Сол жерде қытай танушылар бар. Соларға орысша нұсқасын жолдасын» депті. Амалсыз жедел орысшаға аудартып, сол жаққа салып жібердім. Арада бес-алты ай өткенде жауап келді. «Өте жақсы, керек кітап. Көркем шығарманы басуға болады» депті. Содан кейін ғана «Соңғы көштің» жолы болды. Алғашында «Жұлдыз» журналының үш нөмерінде басылды. Ол кезде тираж қандай дейсің ғой, журнал 196 мың данамен тарайды екен. Керемет емес пе! Сол «Соңғы көш» мені жұртқа бірден танымал етіп кетті. Кейін тәуелсіздіктен кейін сол «Соңғы көшті» қайта бастырып шығаруға тура келді. Баспаға кетерде, қолыма алып оқып шықтым. Мәселе, «Совет пен Қытай араз кезінде жазылып еді. Қазір доспыз, заман өзгерді. Сондықтан артық кеткен я болмаса кем айтылған жерім бар ма, түзейін» деген ой ғой. Бірақ бір сөзіне тиісе алмадым. Артықта айтпаппын, кем де айтпаппын. Бәрі қаз қалпында жазылған. Бір нәрсе, сонау жетпісінші жылдары алғаш кітап шыққанда, 32 жылғы аштық кезінде Қытайға ауып барған қазақтар жөнінде жазылған тараулар бар еді, цензура сол жерлерді кесіп алып қалған. Соның бәрі үйде сақтаулы еді. Соны ғана қосып жібердім. Басқа өзгеріс жасамадым. Жалпы қай шығармамды да екінші рет қайта қараған емеспін.
– Оралхан Бөкей күнделігінде «әр бір шығармамды жазуға отырған сайын, бұл менің соңғы дүнием емес пе?» деп үркектеп отырамын депті. Сізде ондай сезім бола ма?
– Оралхандағы көңіл-күй барлық жазушыларда болады. Мәселен, Ілияс Есерберлин шығарма жазғанда керемет асығатын. Оның көптеген кітаптарына редактор болдым. Бір байқағаным ол кісі әр бір шығармасы жазып болған соң, ол жарыққа шыққанын көрмей кетем бе, деп, асығып жүретін. «Ілеке-ау сонша неге асығасыз?» деп сұрап қалсам, «Оу, Қабдеш мен сен секілді қылшылдаған жас емеспін. Жасым біразға келді. Көкіректе ой-арман көп, соның бәрін ақ қағазға түсіріп қалсам ба, деймін. Оның үстіне мен сырқатпын ғой, бір күні қисайып қалсам ба, кім білсін?» деп отыратын. Қолжазбасын бірден орысшаға аударта беретін. Әрине, асығатын жалғыз Ілияс па еді, жасы біразға келіп қалған кез-келген ақын-жазушы осындай ойда жүреді. Ол сезім меніңде басымда бар. Міне, алдымда қолжазба жатыр. Компьютрмен тергенде 400 беттен астам. Мен де осы кітап тезірек жарық көрсе, көріп кетсем деген бір сақтық қылаң береді. Енді адамбыз ғой… Жасым жетпіс жетіге шықты дегендей…
– Егерде Әуезов 1932 жылы «жаздым, жаңылдым, Кеңес билігін, мойындаймын» деп Алаш идеясынан сырттай болса да бас тартпағанда өзге арыстар секілді атылып кетері белгілі болатын. Әуезов, Әлихандардың, Ахметтердің, Міржақыптардың, Смағұлдардың ізімен мерт болғанда қазақ әдебиеті бүгінгі жеткен деңгейге көтеріле аларма еді?
– Империя кезінде қазақ әдебиеті екі бағыттта дамыды. Бірі солақай саясаттың сойылын соғушы да, екіншісі халықтық бағытта. Осы халықтық бағыттың туын ұстап қалған жазушы Әуезов болды. 1930 жылдан 32 жылға дейін Мұхтар Алматының түрмесінде отырды. Содан «мен советтік платформаны қабылдаймын» деп Жоғарыға хат жазды. Сүйтіп түрмеден босады. Әйтпесе ол да, алдыңғы толқын ағаларының жолын құшып, жоқ болып кетер еді. Мұқаңның хат жазуы өте дұрыс жүріс болды. Тактика деп жатады ғой. Сол тұста алаш көсемінің бірі Ахмет Байтұрсынов Мұқаң түрмеде жатқанда «Сен жассың әлі. Бізге енді кері қайту жоқ. Қалған тірлікті сеніп саған тапсырамызд. Сенің қазақ мәдениетімен әдебиетін көтеруге қабілетің, дарының жетеді. Біз секілді аранға түспей басыңды сақтап қал» деп ақыл берген деседі. Оны Мұқаң құп алған. Бұдан қазақ ұтылған жоқ. Қазақ әдебиетін қол жетпес биікке көтерді. Алаш арыстарының аманатын абыроймен орындады. Қазақ халқының бағы болды. Егерде Мұқаң атылып кеткенде, дәл сол уақытта халықтық жолға түрен салатын ондай адам шығуы неғайбыл еді. Ол серке еді. Қалғандары соған еліктеді, соның ізімен жүрді. Өткенде Жазушылардың құрылтайында одақ басшылары «біздің тұсымызда бұрын соңды болмаған дәрежеде жазушылардың саны өсті» деп мақтанды. Бұл мақтанатын нәрсе емес, жалпы әдебиетті сан шешпейді. Сапа шешеді. Әрине әлгі келтірілген жеті жүз жетпіс жазушы әйтеуір әдебиеттің маңайында жүреді, күн көріп. Бірақ әдебиетті биікке көтеретін, қара нардай жүгін тартатын жеті жүз жетпіс жазушы емес, жеті-ақ жазушы болуы мүмкін. Әуезовтың соңынан Мүсірепов, Мұстафин Есенберлин, Ақтанов, Мағауин т.б ерді. Бәз біреулер «Шерханның шекпенінен шықтық» деп жүр ғой. Бірақ Шерханның шекпені қанша адамға жететінін білмеймін. Шынтуайтында Әуезовтың макентошы бәрімізге пана болды. Былтыр Қадыр Мырзалиев қайтқанда, қырқына барғанда сөз сөйледім. Сонда «Қадырмен бірге әдебиеттің бір дәуірі кетті. Ол жәй дәуір емес, әдебиетттің алтын дәуірі. Ол Қадырмен, оның буынымен (жетпіске келгендер) аяқталады» деп едім. Ол одан кейін әдебиет болмайды деген сөз емес. Әдебиет болады, бірақ ол басқа әдебиет. Мәселен, бір жылда қырық екі «Алаш» сыйлығын беретін әдебиет басталады… Сөз қадірі кетеді, сөз сиқыры жоғалады, талғам ортаяды… Осындай әдебиет болады. Бір Әуезовтың өзі қазақ әдебиетін биік қырқаға шығарып еді. Әдебиетте «Абай жолы» тәрізді, «Әуезов жолы» тәрізді тыңнан жол салатын тұлғалар туа ма. Кесіп айту қиын.
– Сіз 1962 жылы қысқа мерзімде Қытайдан атамекенге оралған көштің бас бұйдасын ұстаған адамсыз. Сол көш еліміз тәуелсіздік алған жылдары жалғасын қайта тапқан. Өкінішке орай «Нұрлы көш» деп айдар таққан сол көшіміз қандай себеппен екені белгісіз, тоқтап тұр. Сыртта қалған қазақтардың тағдыры қаншалықты сізді толғантады?
– Сыртта қалған қазақтың жайын ойламайтын күнім жоқ. Былтыр 1962 жылы бір айдың ішінде бергі бетке өткен екі жүз мың қазаққа елу жыл толды. «Елу жыл толды» деп дабыл қақтым. Бұл ұлы оқиға ғой қазақ тарихындағы. Біз балшықтан қазақ жасай алмай жүргенде, бір ғана сәуір айында екі жүз мың қазақ бергі бетке өтті. Елдің санын көбейтті, қазақтың қарасы артты. Мұны үнсіз, елеусіз қалдырмай атап өту керек қой. Бірақ тырс еткен жан болмады. Шыдамай екі газетке мақала жаздым. Баспасөз бетінде жарық көрді. Ойым сол ұлы көшті жұрттың есіне салу еді. Сосын Ұлттық телеарнаға телефон шалдым. Ондағы ой, сол көш кезінде туған бала бүгінде елуде, көштің жүгін артысқан жігіт қазір жетпісте солардың құттықтайын және де сол көштің маңызын айтып берейін деп. Телефонды көтергендер «бастықпен ақылдасайық, сонан соң хабарласамыз» деді де жоқ болды. Елім дейтін Ұлттық каналдың тірлігі осы. Өзгеге не жорық? Жалпы сыртан келетін көшке неге екені қайдам, 2011 жылдан бастап қырын қараушылық байқалды. Атын «Нұрлы көш» деп атадық. Мәселе атауда емес қой. Тіпті өзі «Нұрлы» болса тұра, сол «Нұрлы көш» неге тоқтайды. Ақыры сиыр құйымшақтанған көш, 2012 жылы мүлде тоқтады. «Неге тоқтады» деп сұрастырсам, Үкіметтің арнайы қаулысы болыпты. Еш жерде жарияламаған, бірақ сондай пәрмен болған екен. Сүйтсек 2015 жылға дейін көшке мораторий жарияланыпты. Қысқасы, шеттен қазақ келтірмеу деген сөз ғой. Басында сенбедім. Жер-жерге телефон шалып көштің тоқталғанына көз жеткіздім. Меніңше бұл қазақ халқына жасалған қиянат. Тәуелсіздіктің бір жемісі осы көш емес пе? Сыртағы қазақты осы көк тудың астына жинау емес пе? Тәуелсіздікті неге алдық, неге қуандық? Оншақты адамды миллиардер қыламыз, жүз шақты адамды миллионер жасаймыз деп алдық па? Тәуелсіздікті қазақ халқының кеткен есесін толтырамыз, мерейін үстем етеміз, шетте жүрген қазақтың үштен бірін атамекенге әкеліп, көк тудың астына топтаймыз деп қуанбадық па? Сүйтсек, елде болған кейбір оғаш оқиғаларға оралмандар «кінәлі» екен. Оны билік маңында тізгін ұстап жүргендер беттері бүлк етпей жария етті. Бұл аздай, қазақ қауымдастығының басшысының орынбасары Талғат Мамашев деген: «Шеттегі қазақ келгісі келмейді, көш содан тоқтап тұр» деп соқты. Бұл да – қазаққа жасалған қиянат және жала. Менің білуімше, өзге жақты атпай-ақ қояйын, Қытайдағы қазақ Қазақстан дегенде ұшарға қанаты болмай, жете алмай отыр. Осыдан біраз бұрын президенттке «көшті қайтадан жандандырыңыз» деп хат жазып, он-он бес адам қол қойып, жөнелттік. Тәуелсіздік алған кезде, сырттағы қазаққа сауын айтып, «елге қайт» деген өзі ғой. Бір дұрыс шешімге келер деген ойдамын.
– «Сол 16-желтоқсанның аязды кеші қазірде көз алдымда… Теледидар алдында жаңалықтар тыңдап отыр едім, бір мезетте диктор әйел: -Бүгін республиканың Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның тәуелсіздігін жариялады деп хабарлады. …Бір уақытта қарасам, көзімнен тарам-тарам жас парлап отыр екен. Ағыл-тегіл қуаныш жасы…» деп жазыпсыз «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық романыңызда. Міне, содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Тәуелсіздіктің салмағын қаншалықты сезіне алдыңыз?
– Менің «тәуелсіздік» жарияладық» дегенде пора-пора болып жылайтын жөнім бар. Аңсаудан, сағыныштан, қуаныштан туған жас қой. Тәуелсіздік ата-бабадан келе жатқан арман еді, аңсар еді. Осы жолда қанша ма жан қан төкті. Құрбан болды. Кешегі алаш қайраткерлерін еске алсақ та жетеді. Сол ақан термен, төгілген қанның есесі ғой бұл – тәуелсіздік. Соны көздің қарашағындай сақтау керек. Басқа ой жоқ.
Әңгімелескен Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
«Айқын» газеті. 14,01. 2013 жыл