Home Басты жазба Президент  теоретик емес,  практик  мамандарды  іздеп жатыр

Президент  теоретик емес,  практик  мамандарды  іздеп жатыр

23

Президент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  «Ана  тілі»  басылымына берген  сұхбатына  қарап  отырсақ,  Қазақстанның  экономикалық  дамуына   соншалықты  көңілі  толмайтынын  байқауға  болады. 

Мәселен,  « Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет» –  деуі   соның  айғағы.  Одан  ары:  «Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс» –  дейді  президент.  Рас, ел  экономикасының  қазіргі  жағдайына  назар  аударсақ,   ілгерілеу  бар  деп айту  қиын.  Әрине,  біріншіден  бұған  әлемдегі  ушығып  тұрған  геосаяси  мәселелердіңде  салқыны  тиіп  жатқаны анық.  Екіншіден,  қиын кезде  тығырықтан  алып  шағатын  Үкіметтің  жұмысында  да  іркіліс бар.  Президент   айтқандай  «тың тәсілдер» таба  алмай жатқаны  кәдік. Демек, осы  экономика  саласына  нақты  жауап  беретін  мамандардың  біліктілігі  шамалы болып  тұр. Содан  болар  Тоқаев: «экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын» деді.  Тіпті  министрліктің  тізгінін  қолына ала  салып,  «экономиканың  өсімін  6  пайызға  жеткіземін»  деп   кеудесіне «нан  піскен» Ұлтық экономика  министрі Нұрлан Байбазаров   не  бәрі  он  айдан кейін  орнын  босатуға  тура келді.  Ал,  экономикадағы  өсім  не  бәрі  4, 4  пайызды  ғана  құрады.   Бұл  нені  білдіреді?  Яғни  бұл  осы  салаға  жауап беретін  мамандардың  білімі  де,  біліктілігі  де  шамалы  деуге  болады. Әйтпегенде  президент: «Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет»  деп  таусыла  сөйлемес еді  ғой. Бұл  дегеніміз   елде  әлі де  болса кадрлық  саясат  дұрыс  реформаланбай жатыр деген сөз. Істің  жайын білетін,  аймақты алға  сүйреп,  қалай  дамыту керек  тетіктерін  білетін   тәжірибелі мамандар  жұмысқа  тартылмай  жатыр.  Керісінше,  теориямен қаруланған,   тек  кеңселерде  қағаз  істерімен  шектеліп  қалған  мамандар қазір министр,  әкім болып  отыр.   Ал, бұл  дегеніміз   ел  экономикасының  шектелуіне  әкеліп  соқтырып  жатқаны  бесенеден  белгілі. Экономикалық  іркіліс,  әлеуметтік  бағдарламалардың  орындалмауы,  халықтың  тұрмысының  төмендеуі, бағаның  өсуі бір сөзбен айтқанда  осының  бәрі экономикаға  жауап  беретін  менеджерлердің  біліксіздігі. Тіпті өңделмеген,  өндірілмеген,  өнімге айналмаған  шикізатының   орташа  құны  100  триллион  АҚШ  долларынан асып  түсетін Қазақстанда  ЖІӨ жан  басына  шаққанда не  бәрі 13136,62 АҚШ  долларының  көлемінде  қала беруі  ұятты  жағдай.  Тіпті  Африканың  кейбір  мемлекеттерінде бұл  көрсеткіш  әлдеқайда  жоғары. Бюджетің  60-65  пайызы   мұнайгаздан  түскен  кіріске тәуелді. Осының  өзі-ақ  әлі  күнге   экономиканың  әр тараптандырылмағанын  көрсетеді. Демек, президенттің  «экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын»  деген  сөзінің  жаны  бар. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысы  өтетіні  белгілі.  Бұл мәселе сол кезде  май  шаммен  қарағандай  қаралатыны  белгілі. Тіпті Үкімет  құрамында біраз  ауыс-түйіс   орын алатыныда анық. Мәселе  бұл  жерде, халықпен  тікелей  жұмыс  жасап жүрген,  кәсіпкерліктің  «майын ішкен» ,  әр  өңірді қалай  дамытудың  жай-күйін   біршама білетін  практик  мамандарды  тартқан  дұрыс-ау.

Алдыңғы жазбаСәкен аялаған арулар
Келесі жазбаҚазаққа  қай басқарылым тиімді?