ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаментімен «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директорының бұрынғы орынбасары Е. Қарамырзаев (қазір «Қаражанбасмұнай» АҚ Бас директорының орынбасары) ұсталды.
«Ол «КЕЗБИ» ЖШС-нің және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланған деп күдіктеліп отыр. Қарамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле тұра, оларды тендерге қатыстырған. Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, ол «КЕЗБИ» ЖШС-ні компаниясы үшін ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша көрінеу қолайсыз шарт жасасуға мәжбүр етті», – делінген Қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында.
Өзінің заңсыз әрекеттерімен ол «КЕЗБИ» ЖШС-нің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірді және мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзды деп айыпталып отыр. Сонымен қатар мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырды.
ҚР ҚПК 201-бабының негізінде өзге ақпарат жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.