Кешегі өткен Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде президент Қасым- Жомарт Тоқаев ел экономикасын дамыту һәм халықтың әл-ауқатын көтеру үшін «не істеу керек?» жөнінде өз ұсыныстарымен бөлісті әрі Үкімет тапсырма берді. Әсіресе мемлекет басының; «Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет» дегені көңілге сенім ұялатты. Неге десең, осы мәселені «Байтақ» партиясы біраздан бері көтеріп келеді. Нақты айтатын болсақ, тәуелсіздіктің елең-алаң тұсында Қазақстан билігі мемлекет үшін стартегиялық маңызы бар көптеген кен орындарымен өнеркәсіп кешендерін шет елдіктерге арзымайтын тиын-тебенген беріп жіберді. Себебі 1990 жылдары елдегі жағдай тым ауыр еді. Сондықтан сырттан келетін инвесторлардың барлығына Қазақстан жағы кеңдік жасады.Тек «ақша әкелсе, кеніштерді игерсе болды» деген ұстанымда болды. Қысқасы, кеніштерден түсетін пайданың басым бөлігі инвесторлардың қалтасында кететіндей келісімшартарға баруға мәжбүр болған еді. Ал, қазір жағдай өзгерді. Қазақстан аяғынан тік тұрды. Алтын және Ұлттық қоры бар. Қаржы жеткілікті. Демек, тәуелсіздіктің елең-алаңында жасалған келісімшарттардың барлығын қайта қарап, ұлттық мүддеге сай құрылымдау керек-ақ. Мәселе, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кеніштеріндегі келісімшарттар жөнінде болып отыр. Өткен жылы еліміз 87,8 миллион тонна мұнай өндірді. Нақтылайтын болсақ, Қазақстанда өндірілетін мұнаймен газдың 80 пайызы жоғарыда аталған кеніштер береді. Алайда, біз – мұнай кеніштерінен түсетін үлкен пайдадан Қазақстанның қағылып отырғанын көріп отырмыз. Шет елдік компаниялар жылына осы кеніштерден 30 миллиард доллар пайда көріп, мұртын майлап отыр. Жылына 30 миллиард доллар! Аз ақша емес! Ал, қазынаның иесі Қазақстанға осы кеніштерден жылына 16 миллиард доллар кіріс кіруі тиіс еді. Өкінішке орай, олақ жасалған келісімшарттардың кесірінен соқыр тиында көрмей отырмыз. Мәселен, мұнай экспортынан түсетін салықтан 6 миллиард, ал, үлесіміз 50 пайыз болса 10 миллиард доллар Қазақстанның қамбасына құйылуы тиіс болатын. Бірақ ондай пайдадан біз қағылып отырмыз. Өйткені шет елдік компаниялармен біздің билік келісімшарт жасасқанда, шетелдіктердің мүддесіне сай, солардың ыңғайына орай келісімдерге қол қойылған. Соның арқасында шетелдік компаниялар еліміздің байлығын «заңды» түрде тонап отыр деуге болады. Мұны қарапайым халық түсіне бермеуі мүмкін. Неге десең, жасалған келісімшарт – құжаттардың бәрі құпия. Ашықтық жоқ. Осының бәрін қазір қайта қарап, халықтың мүддесіне сай жаңа келісімдер жасалғаны жөн. Өкініштісі, осы кеніштерге байланысты жасалған келісімдерде Қазақстанның үлесі не бәрі 15 пайыздан аспайды.Масқара ғой. Осы мәселені «Байтақ» партиясы біраздан бері көтеріп келді. Дегенмен біздің ұсыныс билікке соның ішінде президентке жеткен секілді. Демек, президенттің «Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет» деуі «Байтақ» партиясының ұсынысын қолдаған деп ұққан жөн.
Азаматхан ӘМІРТАЙ