- Шыңғыс хан түрік тайпасының қай руынан шыққан?
– Қият руынан шыққан. Қияттар уақыт оза келе қарасыны молығып, жеке-жеке атаға бөлінеді, әйткенмен, қият түбірін сақтайды: қият-жұрқын, қият-шаншығұт, қият-жасар, қият-қоралас, қият-бөржіген. Шыңғыс хан қият-бөржіген ұрқына жатады. Бөржіген сөзінің мағынасы – «бөрі нәсілі, бөрі текті ханзада», таратып айтсақ, «бөрі» және «тегін» атауынан туындаған: бөрітегін немесе бөржіген (түрік нәсілі, тіпті берідегі Қабұл-хан әулетінде шаңырақ иесі кенже ұл «отшыген» – от тегін, яғни от иесі, шаңырақ иесі ханзада атанғаны белгілі). Шыңғыс ханның билігі және оған жалғас заманда күрт көбейген қият тайпасы бүкіл империя шегіне таралады. Әсіресе Алтын Ордада айрықша күшке жетеді. Ұлыс бектері, қолбасылар шығарады, хандық өкіметтің сенімді тіректерінің біріне айналады. Тоқты ханнан соңғы бұлғыр кезеңде төңкеріс жасап, заңды мұрагер, Бату хан нәсілі Өзбекті таққа отырғызған – осы қият бектері болатын. Алтын Орда ыдырағаннан соңғы кезеңде де қарашы қият өз орнын табады. ХV-ХVІ ғасырларға қатысты жазба тауарихта қият – «тоқсан екі баулы өзбек», яғни киіз туырлықты көшпенді түрік тайпаларының бел ортасында көрінеді. Уақыт оза келе тілі бір, қонысы орайлас туысқан халықтардың арасына сіңісіп кеткені байқалады. Ал қият-бөржіген, яғни Шыңғыс ханның тікелей тұқымы билік басында қала берген. И. Березин, Н. Аристов сияқты зерделі орыс ғалымдары қазақтағы қазіргі шанышқылы руын сол кездегі шаншығұттың (қият-шаншығұттың) тікелей жалғасы деп есептейді. Қазақ ұғымы, қазақ халық әдебиетінде ежелгі қият – қыпшақпен туыстас және одақтас ру ретінде жүреді. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов өзінің тарихи шығарма, әдеби зерттеулерінде «қият-қыпшақ елі» деп жазады. Қазақ арасында қият өзінің жалпы атымен шанышқылы руының құрамына енген. Бүгінгі шанышқылы – бағзыдағы қият-шаншығұттың тікелей жалғасыдеп білсек, мұндай ауыс – азайған үлкен ата мен өскен кіші атаның орын алмасуы – түсінікті жағдай. Сондай-ақ адай келімберді мұңал ішіндегі бір бұтақ – ежелгі қият есімінде. Мұндағы «мұңал» – «моғұл», «мұғал» атауының басқашарақ дыбысталған нұсқасы. Яғни, бүкіл мұңал осы қияттың төңірегінен табылады деген сөз. Қият-бөржіген (бөржегін, бөржігіт) яғни Шыңғыс хан әулеті «төре» атанды, Алтын Ордаға жалғас Қазақ Ордасының барлық ханы – Жәнібек пен Керейден бастап, Кенесарыға дейінгі аралықтағы, Алаш жұртының аруағын көтерген ұлы тұлғалар: Бұрындық хан, Қасым хан, Тоғым хан, Хақ-Назар хан, Тәуекел хан, Еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан, Әз-Тәуке хан, Абылай хан, кейінгі, Ішкі Орданы негіздеген Бөкей хан – түгелімен осы тұқымнан. Ел қорғаған, қол бастаған атақты батыр сұлтандар: Қамбар, Еренші, Жаныш, Таныш, Ұзын Оқты Ондан, Шах-Мұхамед, Көшек, Қанішер Абылай, Көкжал Барақ, Наурызбай, Сыздық… өз алдына бір төбе. Беріге келсек, ХІХ ғасырдағы ұлы ғалым Шоқан, күйші Дәулеткерей, әнші Мұхит, ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлттық көсем Әлихан Бөкейхан, күні кешегі, қазақ тарихы үшін жапа шеккен Сәнжар Аспандияров пен Ермұхан Бекмаханов, бүгінгі белгілі архитектор Шота Уәлихановқа дейінгі қаншама ірілер түгелдей осы қият-бөржігіт әулетінен тарайды.
– Шыңғыс ханды түрік деп таныған зерттеушілер бар ма?
– Шыңғыс хан әу баста зерттеле бастағанда Дегин деген француз оқымыстысы Шыңғыс ханды түрік деп жазған. Кейін біздің империялық саясат үшін түрік болмау керек болды және Еуропа да түріктерді жақсы көрмейді, сонымен момын мал бағып жатқан моңғолдарға тели салған. Ал қазіргі қалқа моңғолдары бұл жерге Шыңғыс хан өлгеннен кейін, 1450 жылдары ғана келе бастаған.
– Осы еңбегіңізге моңғол ғалымдары қалай қарады?
– Олардың оқыған-оқымағанын білмеймін. Біреулер айтады: «Моңғолдар Шыңғыс ханды бермейді» деп. Бермейтін ол мүлік емес, жер емес. Бірақ, моңғолдарға риза болуымыз керек, олар өздерінің тарихын Шыңғыс хан негізінде түгендеді. Олар: «осы далада біздің бабамыз Шыңғыс хан өмір сүрді» деді. Бір ғана мысал айтайын, қазақта екінің біреуінің аты – Шыңғыс. Ал моңғолдарда ондай ат мүлде болмаған, енді қойып жатыр. Сонан кейін ХІХ ғасырдың соңында орыстар Моңғолияға өте ауқымды зерттеу жасаған. Орыстың ол кездегі империялық саясаты күшті болды. Моңғолияға Ресей үнемі саяхатшыларын жіберді, олар жер танып қайтады. Сол зерттеушілердің бәрі жазған: «моңғолда ру жоқ, қосын, аймақ қана бар» деп. Бірақ, не десек те моңғолдар Шыңғыс ханнан айныған жоқ. «Шыңғыс ханның 800 жылдығын тойлаймыз» деп Моңғолияның сол кездегі бірінші хатшысы өлімге ұшырады, басында орнынан түсірілді, кейіннен балталап өлтірілді. Ақыры олардың тарихшылары қисынын былай тапты: «Шыңғыс ханның әуел бастағы ісі дұрыс, өйткені ол моңғол мемлекетін құрды, ұлтты ұйыстырды, онан кейінгісі – қате, өйткені басқа жерлерді жауламақ болды» (күлді). Ал біздің қазақтарға таңғаламын, жүз рет «Шыңғыс хан – түрік, Шыңғыс хан – қазақ» деп айтсаң да миына қонбайды. Шыңғыс хан қазақта асыл нұрдан жаралған әулие саналды. Алтын Орданы есептемегенде, қазақты неше жүз жыл Шыңғыс ханның ұрпақтары биледі. «Алтын шежіренің» бір нұсқалары қазақтың арасында да сақталған. Оны кейін Г.И.Потанин жазып алған. Арыдан бастасақ, Мұрат ақынның, Мағжанның, Шәкәрімнің өлеңдері, Абайдың айтқандары бар. Ғұмар Қараш айтады: «Шыңғыс, Бату хандық құрып тұрған ел, Қарақыпшақ Қобыландылар туған ел» дейді. Ал Мұратта: «Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз, Қайран Саланың жатқан аңғары-ай, Ақ сәлделі пірлердің мешітке жаққан шамдары-ай, Кәпірден теңдік алуға қайтып та туар деймісің, Мұсылманның баласы Шыңғыстан туған хандар-ай», – дейді. Осылардың ішінде «Шыңғыс хан жаман» деген бір ауыз сөз жоқ. Совет өкіметі жамандап еді, сол әлі миларынан шықпай отыр.
– «Шыңғыс ханды» өзге тілге аудару ойыңызда бар ма?
– «Шыңғыс ханды» басқа тілге аударуға менің уақытым да, жағдайым да жоқ. Едіге ұлым айтып еді: «Төрт томнан бір том жасасаңыз, соны аудартайық», – деп, байқап қарасам болмайды екен. Енді қағазға түсті, ешқайда жоғалып кетпейді, 20-30 жылдан кейін осының біразын басқалар да аша бастайды. Бірақ мен айтқан дүниелерге жете алмайды деп ойлаймын. Ең бастысы, мен қазақ үшін жаздым.