Астанада Қазақстан Ұлттық музейінің бұрынғы директоры, мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты кезекті сот процесі өтіп жатыр. Сот отырысы барысында прокурор Мұхамедиұлына 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев Мұхамедиұлын Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Олардың ішінде қылмысты ұйымдастыру, сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету, ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілетті ктерді теріс пайдалану, қылмысқа оқталу және рейдерлік әрекеттер бар.
«Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтелсін», – деді Хайруллаев.
Сонымен қатар, прокурор Мұхамедиұлының серіктестері үшін түрлі жаза тағайындауын сұрады. Экс-шенеуніктен басқа алты адам жауапқа тартылып жатыр.
Еске салайық, 13 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстан Ұлттық музейінің бұрынғы директоры, мәдениет және спорт экс-министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына үкім шығарды. Ол аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.