Мемлекеттік сыйлықтың өзі (әдебиеттегі) жең ұшынан жалғасып берілетіні жөнінде жиі айтылып жатады. Мәселен марқұм Герольд БЕЛЬГЕР (жазушы, аудармашы) осы жөнінде кезіндегі бір сұхбатында былай деген екен:
«Мемлекеттік сыйлық әділ беріледі» дегенге, менің үлкен күмәнім бар. Өйткені осы сыйлықты жұртқа беретін комиссияда мен біраз жыл, яғни он-он бес жыл жұмыс істедім. Ол жерде өзімді де екі рет ұсындым. Сосын ол жердегі тірліктен әбден түңілгеннен кейін, мақала жазып, онда комиссия дегеннің маңайына қайтып жоламайтынымды, өзімді түбінде ешуақытта сыйлыққа ұсынбайтынымды ашық айттым. Неге түңілдім дейсіз ғой, бұл коммисия өте формалды түрде ғана жұмыс істейді. Алғаш кезде менің таң қалғаным, жұрт ұсынылған шығармалардың бәрін оқып келіп, отырыста егжей-тегжейін шығарып талдап, бағалап лайықтысын көрсетеді екен десем, олай емес екен.
Комиссия жиналады екен де, «ал дауыс берейік» деген әңгімеден бастайды екен. Алғашында мен жан-жақты даярланып келген едім, сол кезде марқұм Қадырдың айтқаны бар: «Ау, Герольд сен немене шығармаларды талдау үшін келдің бе? Жоқ олай болмайды. Сен не десең де, қалай талқыласаң да қалыптасқан жүйені өзгерте алмайсың. Осы бағытпен жүреміз» деген соң, ойланып қалдым. Расында, солай екен. Ол жерде ешқандай талқылау жоқ. Қазір де солай. Демек мен бұл Мемлекеттік комиссиядан әбден түңілдім. Әділ қорытындыға келіп, сыйлықты әділ береді дегенге сенгім жоқ. Барлығы күні бұрын белгіленеді екен де, соның ыңғайымен кетеді екен. Сен дауыс бердің бе, бермедің бе, мәселе онда емес. Мәселе жоғарыда отырғандардың шешіміне байланысты. Айтарым осы».