Home Сұхбат «Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс»

«Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары тұруы тиіс»

153

Дипломат, мемлекет қайраткері, тәуелсіз Қазақстанның халықаралық экономикалық байланыстарының негізін қалаған Сәкен СЕЙДУАЛИЕВ Мәскеуде сыртқы сауда маманы ретінде білім алған. Кеңес заманында Нигерияда зауыттар салды, Қазақстан Парламентінің сенаторы болды. Таиландтағы цунами кезінде азаматтарымызды құтқаруға, елге аман оралуына орасан зор еңбек сіңірді. Вена мен Братиславадағы халықаралық ұйымдарда жұмыс істеген. Сұқбатта ұлт тағдырының түйткіл мәселелері қозғалды.

– Батыр Бауыржан Момышұлы: «Ана тілін сүймегендік, білмегендік, ұлт сезімін жоя отырып, ұлт безерлік тудырады» – деп кеңестік заманда-ақ жазып қалдырған. Ана тілінің сарқылмас күш-қуаты мемлекетті жарқын болашаққа жетелейтіні сияқты тілдің мемлекет үшін алатын орны мен басты құндылығына тоқталсаңыз.

– Алда тұрған қиын мәселенің бәрін айтуымыз керек. Қазақтың тілі болмаса, қазақ деген ұлт та болмайды. Тіл – ұлттың басты идентикаторы. Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, тіл Құдайдың әмірімен, ата-бабамыздың маңдай тер еңбегімен келген құндылық. Оны көзіміздің қарашығымыздай сақтап, мәпелеуіміз тиіс. Аманатқа қиянат жасамақ – ұлтқа жасалған қастандық.

Еліміздің басынан небір қым-қуыт трагедиялар өтті. Әртүрлі тарихи жағдайлар орын алды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін орыстану үрдісі басталып кетті. Қазақша сөйлемегеннен кейін, егемендігімізден айырылып бара жатырмыз дегенге саюға болады. Кеңес үкіметі кезінде 9 қазақ тұрып, орысша сөйлейтінбіз. Бостандық ұғымы атымен жоқ болды. Орыс ұлтының озбырлығын көріп-өстім. Мұның бәрі өмірде болған, ешкім ойдан шығарып отырған жоқ оқиғалар. Түріктердің өздері түркітілдес тілдердің ішіндегі ең таза тіл деп қазақ тілін тапқан. Менің арманым – ЖИ-ді қазақша сөйлету, кирилл әліпбиін латын әліпбиіне көшіру. Жасанды интеллекті қазақша ойлана алудың шыңына шығуы тиіс. Әруақтарға қарсы іс жасамау керек. Тілдің өзінің қасиетті аурасы бар. Ол ана тілдің адамға беретін күші. Кейбір депутат қазақ тілін үйренуді бастап жатыр. Кейбірі әлі күнге шейін қазақ тілінде ойын жеткізе алмайтыны анық. Шала-жансар болуға болмайды. Әр сөздің өз мәнісі, киесі бар. Сол сияқты баяндаманы оқып тұрғанда сөздің мәні басқа болады, оқымай жүректен айтқанда ол сөздің мәні мүлде бөлек деңгейге көтеріледі. Тілді сүю керек. Сол тілде сөйлегенде оны жан-тәнімен түсініп, ұғыну керек. Зобалаң зұлмат жылдары ауыл шаруашылығын басқарған Елтай Ерназаров атты кісі баласына: «Балам, удай ащы болма, халық түкіріп тастайды. Балдай тәтті болма, жеп қояды» деген екен. Осы сөздің асыл ортасын табу оңай емес, қиын.

Адамның идентикасы ана тілінде жатыр. Ұлттың реңі де осында. Әлдебір сөзді қағыс естіп қалған біздің қазақтың зерек, тапқыр, қағілез қыздары «сөзі біреу, құлағы екеу» деген сөздерді орайын тауып айтатын. Қазақ тілінің әспеттілігін, әсемділігін қарасаңызшы. Осындай нәрселерден қалып бара жатырмыз ғой. Астарлатып сөйлегенде, сөздің кереметтелігі, сөздің өткірлігі бөлек әңгіме. Қазақ тілімен ауырсаң ғана, оның құдіретімен таныс боласың. Осы тұста филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының «Тіл эпопеясы немесе рухани жаңғырудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы» еңбегіндегі мына бір сөзге назар аудартқым келіп отыр: «Тіл – ұлттың жаны. Тіл – кез келген ұлттық мемлекеттің тұғыры; оның тағдыры сол мемлекетте тұратын адамдардың қай тілде ойлап, қай тілде сөйлеуіне тікелей байланысты; тіл шұбарланса, ұлт та шұбарланады, яғни ұлттық болмысы бұзылады; тіл жойылса, сол тілде сөйлеген ұлт та жойылады. Қазақтар құрған қазақ мемлекетінің тұғыры – қазақ тілі. Қазақстанда қазақ тілі салтанат құрмай, біз «Мәңгілік ел» бола алмаймыз».

1985 жыл болуы керек. Нигерияда істеп жүргенімде, жолдасым ауылдан келгенде өзімен бірге қазақ публицистикасының бастауында тұpған журналдардың ізбасары – «Жұлдыз» журналын ала келді. Сол кезде менен асқан бақытты адам болмаған шығар, сірә. Мұздай сыраны бірақ сіміріп, әр әріптің үстін қолыммен басып, әр сөзінен ләззат алып шымырқанып оқығанмын. Бұндай сезім, туған жерге деген ыстық ықылас бұрын-соңды өмірімде болмаған. Ностальгия дерсің.

Анам мен әкемнің апа-әжелерінің қолында өскендіктен, қазақ және қарашай (қарашай-малқар тілі — қарашайлар мен малқарлар сөйлейтін, түркі тілдері жанұясына жататын қыпшақ тілдерінің бірі) тілдеріне жақын болдым. Менің қанымда, әрбір қазақтың қанында ұлттық код жатыр. Ол код қасиетті де дара – ана тілі арқылы келеді.

– Ұлт мектебінің басты қағидасы – мемлекеттік ана тілге негізделген ілім мен білімді оқушының санасына құю. Ана тілін құрметтеуге, сүюге, көзінің қарашығындай сақтауға үйреткен һәм тәрбиелеген мектеп ордаларында білім алдыңыз.

–  Құдайдың қалауымен 1-сыныптан бастап қазақша оқыдым.

Адамның саналылығы, ұқыптылығы, бойына дарыған қасиеті өміріне тікелей әсер етеді . Мектептің аты – мектеп. Мектепте математика, физика, химия пәндерін жақсы оқыдық. Сыныптың бір қатарында бірінші сыныптар отырса, екінші қатарында төртінші сынып оқушылары отыратын. Мектеп жүйесі бірізділікке түспеген кез. Мұғалім алдымен бірінші сынып оқушыларына сабақ берген соң, кейін кезекте тұрған бізге, төртінші сынып оқушыларына сабақ үйрететін. Үйге берілген тапсырманы киіз текеметтің үстіне жатып ап, орындайтынмын. Бұл да бір өзіміздің мәдениетініміздің нышаны. Ағайымыз мынадай бір мысал келтірген. Әлі күнге дейін есімде: «Тоғайбайдың 6 түйесі бар еді, екеуі жоғалып кетті. Нешеуі қалды?» – деген. Сонда бәріміз бір ауыздан қуана «төрт» деп жауап беретінбіз. Бала білім деген кеннің алғашқы баспалдағын осы мектептен қазып бастайды. Баланың тұлға болып қалыптасу жолында мектеп мұғалімдерінің еңбегі өте зор. 1944 жылы Сырдария жағасында Сүткент совхозы құрылды. Шаруашылық ерекше асыл тұқымды қойларды өсірді, олардың жүні алтынмен бағаланды.1944 жылдың ақпан айының 23-і күні Сталиннің бұйрығымен Кавказдағы шешен, болғар, кабардин сынды ұлттарды қазақ жеріне жер аударған. Менің шешем де осы жер аударылғандармен бірге Сүткент ауылына келген. Сол кезде Анам Нәзият Хапаева қазақ Спахан Сейдуалиевпен танысады. Анам марқұм 10 бала дүниеге әкелген. 10 баланың 4-еуі бақилыққа аттанды, қазір 6 баласы қалды. Ауылда үйде жүргенімде, өзіме өзім сұрақ қойып, көп ойланып, толғанатынмын. Өздігімнен аяғыма тұрғым келді. Ішкеніміз алдымызда, ішпегеніміз артымызда болды. Адам болу мәселесі жоқтықтан тумады. 6-7 сынып оқып жүргенімізде мақта теруге баратынбыз. Мақтаны жинау нормасы – 60-80кг арақатынасында болатын. Алматыдан Мәскеу жаққа бірегей көк түсті вагондармен Мәскеуден Ташкентке қарай пойыздар ұзап кетіп бара жататын. Ішімнен «пойыздағы кетіп бара жатқан бақытты жандар кімдер екен?» деп ойланып, ұзақ қарап тұрып қалатынмын. Сонда бақылаушылар: «Мақтаны термейсің бе? Неге тұрып қалдың?» – дейтін. Жас келгеннен кейін бәрі есіме еріксіз түсіп жатыр. 1954 жылы Арыс қаласындағы мектепке бардым. Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін базаға жұмысшы болып орналастым, бұған қоса Шоқан Уәлиханов атындағы кешкі мектепте білім алдым. Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте 10-сыныпты кешкі уақытта оқып жүріп тәмамдадым. Локомотивтің іштен жанатын қозғалтқыш орнатылған түрін тепловоз дейміз. 8-сыныптан кейін тепловозда темір ұстасы болып жұмыс істедім. Сондағы 16 жасар бала кезім. Кешкұрым үйге барып сабақ оқысам, түсте жұмысымды істейтінмін. Әке-шешем болса, Сырдың бойынан 100 шақырым жерде тұрды. Алла Тағала берген қасиет болар, бала кезімнен арманшыл, қиялшыл болдым. Көп армандайтынмын. Әр заттың қайдан шыққанын, рөлі мен маңызын ынтызар болып білуге ынтық болып тұратынмын.

– «Өмірімде әлдекімді басқару туралы ой болмаған» дедіңіз. Жүрек қалауыңыз бен саналы таңдауыңыздың арасында қарама-қайшылық орнаған жағдайлар болды ма? Таңдаған мамандығыңызда жасаған алғашқы қадамдарыңыз қандай болды?

– Бірде, әжем әжептәуір қатты ауырып қалды. Арыс қаласында болған оқиға. Үйге мені басында ақ орамалы, үстінде ақ халаты бар жедел-жәрдем қызметкері шақырып алды. Сонда менің ойыма сап етіп түсе қалған мына бір ой болды: адам деген осы ақ халаттағы абзал жандай болуы керек екен, өлім алдында жатқан адамды айықтырып алатын, қайғырған жанды жұбататын. Үйдің тұңғышы болғандықтан ақ әжемнің қолында өстім. Өзімді әжемнің баласымын деп ойлайтынмын. Осы оқиғадан кейін әжеме жаным ашып, өскенде дәрігер болғым келді. Өмірімде санама сілкініс жасаған осынау жайттан кейін медициналық институтқа түсемін. Студент деген көп. Алматыға менен бұрын келген жолдасым мединститутты көрсетіп аралатқанда, дәрігерлік өмірдің шындығын, кішкентай балалардың құтыға салынған денесін көргенде, дәрігер бола алмайтынымды түсіндім. Осылайша, тағдырдың жазуымен, 1964 жылы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіне оқуға түстім. Емтиханды өте жақсы тапсырған студент ретінде маған Кеңес Одағының орталық қалаларындағы жоғары оқу орындарына ауысуға ұсыныс жасады. Емтиханды сәтті аяқтағаныммен, комиссияға қартайған ата-анамның барын айтып, осы жерде қалуым керегін түсіндірдім.

Ең бірінші мақсатым – үлкен-үлкен электростансыларға бару болды. Себебі, ең алдыңғы қатарлы технологиялар осындай стансыларда болды. Күшіне, қуатына қарай, екі-үш қабатты үй тұрғыларын араладық. Ол жерде ешқандай қазақи заттар болмады. Орысша өмір сүрдік десем де болады. Қазандықтың төбесінен су өтеді. Ортасында лапылдаған от, көмір деген лапылдап жанып жатыр. Судың буға айналуы, будың трубина жолына өтіп, электр энергиясын беруі – тұтас бір термодинамикалық ғылым. Термодинамика ғылым мен техниканың энергетика, қозғалтқыштар, фазалық ауысу, химиялық реакциялар сынды көптеген салаларында қолданылады. Термодинамиканың физика мен химияның бірқатар салаларында, химиялық технология, аэроғарыштық технология, машина жасау, жасушалық биология, биомедициналық инженерия секілді алуан түрлі салаларда алатын орны ерекше. Ол физика мен математика сынды пәндердің қосындысы. Өте терең ғылым. Осындағы жұмысты атқарып жүріп, Мәскеуге аспирантаруға түскенімде, Қазақстанның барлық электростансасын ретке келтіретінбіз, энергияның үнемдеу жолын іздейтінбіз.

– Қазіргі таңда елімізде «энергетик» маманның көп екенін байқаймыз. Қайғылы жағдай орын алып қойғаннан кейін сараптамалық талдау жасап, әлдебір нәрселерді жүзеге асыруға «білек сыбана» кірісіп кететін мамандар туралы не айтар едіңіз? Өз салаңыздың сауатты маманы ретінде отандық энергетика саласында болып жатқан келеңсіз оқиғалар туралы ойыңызды білгіміз келеді.

– Басшылыққа адамгершілік қасиеті бар, сөйлегенінен-ақ қазаққа деген жақсы қатынасы білініп тұратындай азаматтар келуі тиіс. Мемлекеттік қызметке білгір де білімдар адам болу жеткіліксіз. Ең алдымен ондай қызметтегі адамның тұлғасынан қазақ дүниетанымының лебі есіп тұрса жақсы болғаны. Сөйлеген сөзі ісіне сай болатындай бекзада болмыс болуы қажет.

ЕАЭО-дағы мемлекет қызметкерлерінің ұлттық шеңберде ойлауы төмен екенін айта өткенім жөн. Бұл ұйымды басқарып отырған тұлғалар біліксіздеу. Сыртқы сауда өте нәзік нәрсе. Бұл тұста ұтылмауымыз да, артық кетпеуіміз де керек. Келіссөзді елімізге пайда әкелетіндей, оң әсерін беретіндей етіп жұргізетін мықты мамандар қажет. Өзіңнің елінің намысын ту етіп, экономикалық жағдайын реттеу үшін ұлтжандылық бірінші орында тұруы керек, одан кейін барып білімнің кезегі тұрады.

Мәселен, 1 киловаттқа 240г көмір жануы керек, одан көп болса, шығын еселенеді. Осындай ретсіздікке жол бермес үшін, жөнге келтіру үшін жұмыстарын істейтінбіз. Сол сияқты есептеулер дәл, нақты жүргізілгенде 2022 жылғы Екібастұздағыдай апат орын алмас еді. Ол кездегі апат оқиға желісі бойынша жылу тораптарындағы зақымданулардан көп көлемде су жоғалған. Бұлар жартылай ғылыми, жартылай тәжірибелік жұмыстар ғой. Бірінші іссапар бойынша Теміртауға жолға шықтым. Аты шулы болған «Кармет» сол кезде Мәскеуге қарайтын. Жер астындағы пайдалы қазбаларды өндіру арқылы елдің өндіріс саласының, экономикасының дамуына үлес қосып отырған еңбек адамдарының, әр отбасының асыраушыларының бірінен соң бірі қаза тапқаны да халқымызға жығылғанның үстіне жұдырық болып, қабырғамызды қайыстырып кетті. Жұмысқа сол зауыттың қажырлы да қайратты адамдарымен бір қонақүйден баратын едік. Бұл кәсіпорын адамдарымен іс жүргізу өзіме үлкен тәжірибе болып келді.

– Қиын жағдайларда оңтайлы шешім қабылдауға не көмектеседі?

– Білім жолындағы үзеңгілес достарыммен қазақ әдебиетімен шөлімізді қандырғаннан кейін, шетелдік әдебиеттерді құлшына оқитын едік: Фредерик Стендаль, Оноре де Бальзак, Виктор Гюголар… Британ жазушысы Джона Голсуорсидің «Сага о Форсайтах» деген кітабы бар. Соны кітап сөресінен алмасым бар ма. Менің айтпағым, бүкіл әлемді даналығымен бағындырған қазақтың Абайы айтқанындай. Елімізде білім мен ғылымның өркендеуі, қанат жаюы үшін бірікпек керек. Ғылым – адамзат үшін өте қажетті игілік. Қоғамда ғылымды тарату жолында барынша күш салуымыз керек. Шетел әдебиетінен біздің қазақы өмірді таба алмағанымызбен, жақсысын алып, жаманын қалдыруды үйренуіміз керек. Қазақ «жақсыдан үйренудің маңызын, жаманнан жиренудің» қажетін айтып кеткен ғой. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат болуға ұмтылып, халықтың қамын ойлап, халықтың жағдайын жасауды жас кезден ойлап бастау керек.

– Мамандықты игеру жолында білім алуыңызға құлшынысыңызды оятқан һәм бойыңызға сенім қанатын бітірген ұстаздарыңыз болған шығар?

– Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіндегі оқуды тәмамдағаннан кейін, республикалық «Казэнергоналадка» кәсіпорнының инженері атандым. Қазақстан бойынша ұзақ мерзімді іссапарлар кешегі студент болған мені мықты маманға, энергетикке айналдырды. Одан кейін Алматы энергетика институтының экономика және энергетиканы ұйымдастыру кафедрасында ассистент болып жұмыс істеп, Мәскеудің Серго Орджоникидзе атындағы басқару институтында аспирантурада оқып, кеңестік басқару гранттарынан білім алдым. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінен кейін екінші орында болатын. Бізге сабақ берген оқытушылар біз оқыған, оқып жүрген әлемдік деңгейдегі кітаптардың авторы болды. Ғылыми жетекшім Евгений Асқарович деген кісі болды. Әрқайсысының өз алдына бір-бір мектебі болатын. Бір сөзбен айтқанда, жақсы мектептен өттім. Маған оқытушым докторантураға қалуым керегін айтты. «Аға, мұнда тек 3 жылға келген едім білім алуға, еңбек ету керек», – деп өмірлік жолымды оқыған мамандығым бойынша жалғастырып кете бардым. Сол жылдары институтты КСРО-да басқару білімінің негізін салушы болып саналатын, республикаға әйгілі олимпиада Васильевна Козлова басқарды. Кандидаттық диссертациямды жақсы қорғағаннан кейін Алматы энергетика институтының экономика және энергетиканы ұйымдастыру кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалдым. Диссертациямның тақырыбы Екібастұз бассейнін электр станцияларында пайдаланудың экономикалық тиімділігін арттыруға арналды.

Мәскеудегі Бүкіолодақтық сыртқы сауда академиясында білім алған кезеңдерде қандай тақырыптарды игергеніңіз жайлы айта өтсеңіз.

– Мәскеуде Бүкіолодақтық сыртқы сауда академиясы болатын. Академияда халықаралық құқық пен халықаралық экономиканы оқыдық. Оқуда озат болдым. Мұны Қазақ КСР Сыртқы істер министрі Михаил Иванович Исиналиев байқаған болып шықты. Ол КСРО-ның Ғылым және техника жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшылығына – «Сейдуалиев жақсы халықаралық тәжірибе алуы керек» деген мәселені қойды. Осылайша мен Венаға, ЮНИДО халықаралық ұйымынан тағылымдама өтуге ұсыныс алдым. Энергетика мамандығы бойынша ағылшын тілінен біліктілік емтиханын сәтті тапсырдым, бұл маған БҰҰ-да жұмыс істеуге толықтай мүмкіндік берді. Еуропада БҰҰ-ның комиссиясы болатын. Сонда Қасым-Жомарт Кемелұлы сол Еуропадағы БҰҰ-ны ұйымды 2 жыл бойы (2011-2013жж) бас хатшының орынбасары болып қызмет атқарды. Ол қызмет аса жауапкершілікті жүктеді. Қарап отырсаңыз, ел басшысы Алла берген сан тарам жолды мүдірмей өткен.

– Жаңа бір сөзіңізде «оқуды тәмамдаған соң, энергетик екенімді анықтау жолында менен америкалық азамат емтихан алды» деп айтып қалдыңыз. Сынақтан мүдірмей өте алдыңыз ба?

– Энергетиканың саласы көп. Жел мен Күннен энергия алатын технологиялар бар. Дамушы елдерде «энергетиканы, өнеркәсіпті дамытушы ұйымдар болды. Сыртқы сауда академиясының 3-курсында білім алып жүргенімде, 3 ай тәжірибеден өттім. Айтқанымдай, білікті маман екенімді анықтау жолында менен америкалық азамат тест алды. Емтихан алушыға 1 сағат төңірегінде өз кәсібімнің барлық құрылымын баяндап бердім. Қолымды алып, нағыз энергетик екенімді айтып, жақсы баға қойып берді. Біз ол кезде егемендігін алмаған Қазақ Социалистік Кеңестік Республикасы болғанбыз.

– Келіссөздерде ұлттың игілігі үшін сіздің тарапыңыздан жасалған іс туралы айтып берсеңіз.

-1986 жылы жоғарыда Нигерияда қызмет істедім. Кеңес құрылысшылары металлургия зауытын салып жатқан Нигерияға арнайы іссапармен бардым. Дәл осы жерден бұрын алған дипломатиялық білімнің маңызды сынағы басталған еді. Біздің бас директор Сафонов пен Нигерия ұлттық компаниясының басшысы Инуваның кездесулеріне жиі қатыстым. Кейде күрделі мәселелерді шешу үшін қазақтың дәстүрлі қонақжайлылығын қолдануға да тура келетін жағдайлар аз болмады. Ұлттың қамы үшін бәріне де бару керек. Осының арқасында ұлттық тағамдардың бояуына таң қалған шетелдіктер миллиондаған долларлық келісім-шарттарға қуана қол қоятын.

 ⁃ «Өзге тілдің бәрін біліп, өз тіліңді құрметте» дегенді ұстанатын халықпыз. Ағылшын тілін үйрену қиынға соққанын айта өттіңіз. Мәнін білсек деп едік.

– Апта сайын күніне 4 сағаттан ағылшын тілін оқитынбыз. Топта 5-6-ақ адам болдық. Бізді бұрындары Карл Маркстен басқаны экономист деп санамайтындай үйретті емес пе? Қарасаңыз, әлемде толып жатқан мамандар түгелдей дерлік экономист дерсіз. Ағылшын тілінің септігі көп тиді. Көп студент тілді жастайынан оқығандықтан, оларға бұл тіл оңай берілді. Ал мен тілді 37 жасымда үйрендім. Ағылшын тілінің синтаксистік, грамматикалық құрылымдарын да жаттау оңай болмады. 9 жасқа дейінгі үш кішкентай балалаларымды бірге алып жүріп, қатарынан 3 жыл оқыдым. Өзіме ең қиын сабақ осы ағылшын тілі болды. Бұл бөлімге 37 жасымда түсіп, 40 жасымда аяқтадым.  Барлық ауыртпашылықтарды бастан өткіздік. Сол сияқты Венада профессор ретінде студенттерге елдерде энергетика мен өндірісті тиімді түрде дамытудың жолдары туралы дәріс оқыдым.

– Нигериядан елге аман-есен оралғаннан кейін, сізге Алматы қалалық атқару комитетінің сыртқы экономикалық байланыстар бөлімін басқаруды ұсынылды. Қандай жобаларға баса мән бердіңіздер?

– Аз уақыттың ішінде жаңа бөлімнің жұмысын жолға қойдық. Алдымен, қаланың экспорттық әлеуеті монетизацияланды – алматылық кәсіпорындар валюталық кірістерінің бес пайызын қала бюджетіне аудара бастады. Дүние жүзінің ірі қалалары – американдық Тусон, Мароккодағы Мекнес, Итальядағы Модена, Франциядағы Ренн сияқты қалалармен халықаралық байланыстар орнатылды. Іле Алатауының етегінде кеңестік достық қоғамының шарасы өтті: Германиядан келген 42 бургомистр Қазақстан астанасының экономикалық мүмкіндіктерін бағалады. Қазақстанды әлем енді танып бастаған, біз әлемді енді көріп бастаған замат болды.

1988 жылы Қазақ КСР-де сыртқы экономикалық байланыстарға жауапты «Қазақинторг» кәсіпорны құрылды. Көп ұзамай елде шетелдік фирмалар мен ұйымдармен бірлескен кәсіпорындар құру тәртібі жеңілдетілді. Қазақинторгтың бірінші басшысы болып тұңғыш Президенттің серігі Сыздық Жұматайұлы болды. Осы қызметте оның орнына келіп мен орналастым.

– «Қазақинторгқа» басшылық жасаған жылдары қандай өзекті мәселелермен бетпе-бет келдіңіз?

– Жұмысшылардың 80%-ы ішкі саудадан шыққандықтан, кадр тапшылығына кез болдым. «Сауданың» өзіндік психологиясы бар. Бізге шетелдік серіктестермен жұмыс істеу үшін «менталитетті» қалпына келтіруге тура келді – әр келісімшарттың өзіндік құндылығы бар, бірде бір келеңсіздікке, сәтсіздікке жол берілмейді.

«Қазақинторг» жаңа мемлекеттің болашақ сыртқы экономикалық тұңғыш «машинасы» іспетті болды. Кейінірек Қазақ Республикалық салааралық іскерлік ынтымақтастық қауымдастығы, «Қазақстан-Коммерция» аймақтық сыртқы экономикалық қауымдастығы, алғашқы жеке компаниялар пайда бола бастады. Бәрінен де мемлекет мүддесін жоғары қойдым. ЕКПА қабырғасында жас мемлекеттің ұстанымын қорғаған кезім есіме түсіп отыр. Мемлекет қазынасына салық төлегісі келмейтін темекі компанияларымен сөзге келгенмін…

– Ұлтыңыз қазақ болғандықтан сыртқы тараптан жасалған қысымды бастан кешкен кездеріңіз болды ма?

– Вена қаласында орналасқан БҰҰ-ның өнеркәсіп және энергетика департаментінде еліміздің оң ілгерілуіне қызмет атқардым. Алайда, Венада мені өз елімізден қолдаушы азаматтар болмаған соң, Африкадағы металлургиялық зауытты салуға кірістім. Қазақта: «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» деген жақсы мақал-мәтел бар ғой. Тәжірибенің бәрі тұла бойыма тарады. Бюрократия деген ең жаман дүние. Премьер-министр кеңсесіндегі бір резюмемді қарап шыққан соң: «Сізде өнеркәсіптік тәжірибе аз ғой»,- деп үн қатты. Мен олай айтуына не себеп болғанын, Қазақстанның түгел электростансасын аралап шыққанымды, Африкадағы металлургиялық зауыты салғанымды баса айттым. Мені неге бірден жұмысқа алмағанын қазір ғана түсініп отырғандаймын. Оның мәнісі оқыған қазақ болғанымда жатқан екен ғой…

– Аға, тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, АҚШ-та қазақ тілінде тұңғыш рет баяндама жасаған Заманбек Нұрқаділов туралы баяндап беріңізші.

– Жолдасым әкімнің орынбасары болып тағайындалды. Әкім ол кезде Заманбек Нұрқаділов еді. Заманбек аға ағылшын тілінен қазақ тіліне және керісінше аударатын аудармашы іздеп жүрген кезі. Сонда жолдасым сол кездегі Алматы қаласының әкіміне менің еңбек жолымды тарқатып айтып берген екен. «Сыртқы экономикалық қатынастар бөлімін ашқалы жатыр екенбіз, ендеше, бұл маманның жақсы кандидат болары сөзсіз», – деп мені ұсынған. Осылайша, әріптес досыммен бірлесіп Сыртқы экономикалық қатынастар бөлімін аштық. Бөлімнің қызметінің мақсаты не болды? Елдің бір қиыры мен екінші қиырындағы елдермен ынтымақтастық қарым-қатынас құру. Осылайша, ең алғаш рет Америкадағы Туссон қаласымен байланыс орнаттық. Біз оларды Ташкенттен күтіп алдық. Келген бауырластарды қазақша ырыммен құшақ жая қарсы алдық. Келетін қонақтар арасында қаланың мэрі мен орынбасары және жетегінде 3 адам болатыны алдын ала ескертілген-ді. Оларды жақсы қарсы алғанымызды көрген Зәкең ерекше қуанып еді. Ол кісіге керекті деген құжаттарды жинап берген соң, қол қоюын күтетінмін. Сыртқы экономикалық қатынастар бөлімі арқылы Италия, Франциямен, Алжир сияқты мемлекеттермен жақсы қарым-қатынастар орнаттық.

Уағдаластықтар күшіне еніп, 1990 жылдың сәуір айының ортасында Америкадағы Аризона штатының астанасы Финикс қаласына  халықаралық конференцияға шақырту алдық. Ол жиын «Күрделі климаттық жағдайда орналасқан қала мэрлерінің дүниежүзілік конгресі» атты тақырыпта өтті. Сонда Заманбек Нұрқаділов сол үлкен халықаралық жиында жасайтын баяндамасын дайындауды маған тапсырды, осылайша мәлімдеменің қазақ және орыс тілдегі нұсқаларын дайындадым. Зәкеңнен елшіліктен аудармашы қажет пе деп сұрағанда ол бас тартты, ол кісі маған арқа сүйеп тұрғанын сездім.

Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қаланың мэрлері бас қосқан жиын басталып кетті. Әр басшы өз қалаларының тарихы, экологиялқ жағдайы, мәдениеті, әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында және күнбе-күн кездесетін қиындықтар туралы да ашып айтты. Австралия, Жапония, Индонезия, Израиль, Африка елдерінен келген қала басшыларының көбі әйел азаматы болып шықты. Баяндама кезегі Заманбек Қалабайұлына келгенде, ол мәтінді қазақ тілінде оқыды. Мен де сәйкесінше жедел түрде ағылшынға аударып отырдым. Шыны керек, баяндаманы қазақ тілінде оқиды деп ешкім де күтпеген. Кеңес үкіметінің уақыты ғой. Сол кезде санама сілкініс жасаған нигер әйелінің сөзі. Ол кезде нигерліктер франциялықтардың қол астында болғанын ескеріңіздер дегім келеді. Ол ханым: «Мен бұрын-соңды бұл тілді естімегенмін, тіліңіз қандай әуезді, керемет!» – деп жылы лебізін білдірді. Қазақ тілі мен француз тілінің арасында әріптерінде ұқсастық бар ғой. Екеуі де әуезді, құлаққа жағымды, бояуы бар.

Қазақ тілінде сөйлеген Заманбек Нұрқаділов – жүрегінде қаны бар жігіт. Ол халықаралық конференцияда орысша сөйлесе де, ешкім ештеңе деп жатқан жоқ болатын. Сонда қайтар жолда мен: «Зәке, неге баяндаманы қазақша оқыдыңыз?» деп сұрағанымда ол: «Енді ЦРУ мен ФБР-дің кезегі қазақ тілін үйренетін», – деп жауап берді. Дәл сол күні қазақша мәтелдеп кеткенде, мен оның ағылшын тіліне аударылуындағы қиындықтардың кездесетінін айттым. Бірақ ол: «Баса бер, бастысы мәнін жеткізіп берсең болғаны», – деген еді.

Бұл – әлі де қаһарлы болып тұрған Кеңес үкiметiнiң жымысқы саясатын бекзадалықпен аттап кеткен ұлт адамының ісі еді. 1990 жыл.

Сондағы мэрлер арасында жігіт тұлғалы Зәкең еді. Министрлер Кеңесінің төрағасы Қазақстан Құрылысшылар одағының негізін салушы марқұм Ұзақбай Қараманов болды. Ол кісі менің құжатымды алып, сол кезде КОКП-нің бірінші хатшысы болған Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырған. Менің еңбек жолымды көріп, оң бағасын беріп, сараптап барып, депутаттыққа ұсынды. Осы кісінің басқаруымен Үрімшіге бардық. Бізде басында ұйым мемлекеттік болды. Кейін қызметкерлер жекеменшік «АҚ» аша бастаған соң, «ЖШС» да көп бола бастады. Тұғырында білімсіз адамдар болған соң, бұл кәсіпорындар сәйкесінше мақсатты түрде қүрылмағандықтан да, тек ақша табудың көзі ретінде ғана қала берді. Сыбайлас жемқорлықтың оты осы кезден тұтана бастады. Мен бұны өз көзіммен көрдім. Шыдамаған соң, қызметімнен өз қалауым бойынша кетіп қалдым. Қазақтар айтқан: «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деп. Тура жолдан айнымадым, ауытқымадым. Айлықтан айлыққа күні қараған қарапайым адамға өз-өзін ұстау қиын мұндай кезде.

Ұзақ болып көрінетін, бірақ қамшының сабындай ғана қысқа өмірде өзіңізді аманатқа қиянат жасамай, адам атауыңызды сақтап қалған қанатты сөз бар ма?

– Шешем өлер алдында «Балам, еш уақытта ала жіпті аттама. Таза жүр. Таза қалпыңды сақта. Сенің атаң сондай адам болған», – деп айтқаны мәңгі жадымда қалған. Әйтпегенде, Қазақстанның экспорт-импорты қолымда тұрды. Ақ анамның бір ауыз сөзі өмірлік дәріске татыды. Еліме адал қызмет атқардым. Лас істен жиіркенемін. Тура жолдан таймағаныма Аллаға мың да бір шүкір етемін. Ал менен кейін басшылықта болған адам ақша жымқарғаны белгілі болып, дарға асылған еді. Өлген адам туралы жаман айтуға болмайды. Арам жолмен келген ас арам жолмен кетеді. Іштегі тазалықты сақтау маңызды. Біздің ауылда Ораз-Қожа атты қажы болған. Қашан да аппақ киім киіп жүретін. Қасиетті Құран оқып отырып, жылайтын. Тазалығы сонда. Сырдария тасығанда, егіншілікке өте жақсы жағдай орнайтын. Көгалы жоқ адамдарға өз бақшасынан дарбыз, қауын алып беретін. Өз көзіммен көргенмін. Мен осындай жағдайды, адамның адамшылығын көріп өскен адаммын. Жүрек таза болмаса, бәрі де бекершілік. Маңыздысы алуда емес, беруде жатыр. Тереңдікті түсіну керек. Өмірге қалай келдік, солай өмірден таза күйде өтуіміз керек. Қазақта ең жаман қасиет – жағыну, жағымпаздық. Қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жеуі тиіс.

– Жауабыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен

Бағдат Сұлтанқызы

Алдыңғы жазбаБҚО әкімі өңірдегі су басқан жерлердегі жұмыспен танысты
Келесі жазбаПрезидент Тоқаев Қытайға барды