Home Қоғам ТОЙ – ӨМІРДІҢ БАЗАРЫ, АСАБА – ТОЙДЫҢ АЖАРЫ

ТОЙ – ӨМІРДІҢ БАЗАРЫ, АСАБА – ТОЙДЫҢ АЖАРЫ

27

Аудандық «Асабалар сайысы – 2020» байқауынан кейінгі ой

 

      Жыраулар поэзиясының алыбы Бұқар Қалқаманұлы:

«Ел бастау қиын емес,

Қонатын жерден көл табылады.

Қол бастау қиын емес,

Шабатын жерден ел табылады.

Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» депті. Екі адамның басы қосылған жерде ебін тауып, еңсесін тіктейтін есті сөз айтуға хал-қадіріңіз жеткенмен, дүйім жұрттың алдында елді елен еткізіп, аузыңа қаратып, айрандай ұйытып, мәнді сөздердің майын тамызып, су төгілмес  жорғадай көсіліп, жібек жіптей есіліп сөйлеу қайдан оңай болсын.  Ұлы жыраудың сөз өнеріне, сөйлеу мәдениетіне берген бағасының астарында терең сыр жатыр.

Осы қазақ «Өнер алды – қызыл тіл» дейді.  Оны азсыңсаңыз «Сөз өнері – дертпен тең» дейтіні тағы бар. Сөйлей білу де үлкен өнер.  Таза ұлттық тілімізде  мәдениетті, нақышты, жүйелі сөйленген сөз тыңдаушысын ешқашан да жалықтырмайды. Сыпайы,  келісті сөз сөйлеушінің абыройын арттырады, тыңдаушының ықыласына бөленеді.  Сондай-ақ ол туралы  жақсы пікірлердің қалыптасуына септігін тигізіп, тыңдаушының тіл мәдениетіне деген ықыласының артуына игі ықпал етеді. Ұлы Абайдың өзі:

«Өткірдің жүзі, кестенің бізі,

Өрнегін сендей таба алмас», — деп, өз ана тіліне  таңырқап тағзым еткені белгілі. Оны аз десеңіз, тілді құрметтеген әрбір адамға қойылар талапты да Абай айқындап кеткен:  Сөзі тәтті, мағынасы түзу келсе,

Оған кімнің ұласар таласуы, — дейді.

Ана тіліміздің әдеби, лексикалық және орфоэпиялық нормалары қатаң сақталғанда, құлаққа жағымды, көңілге қонымды, буын жігі, екпіні бұзылмай, сөздің әуені мен ырғағына мән берген адамның сөзі әсерлі болады.  Біз осы орайда сөз өнерін жанына серік еткен асабалар туралы аз-кем ойымызды ортаға салуды жөн көрдік.

Тойдың түрі көп. «Тою» деген сөзден шыққан той қуанышын бөліскенге не жетсін.  Бәсекелестікден де қара жаяу емеспіз.  Бірінен бірі асып түсуге, тасып төгілуге дайын тұрады. Осыдан  келіп ысырапшылдыққа, даңғойлыққа, даңғазалыққа жол беріп жатамыз.  Ешкімнің қолын қағуға  құқығымыз жоқ. Міне осы тұста той асабаларына  артылар жүктің ауыр екенін аңғаруға болады. Өйткені, асаба – бірінші кезекте той-жиынды өткізуді ұйымдастырушы. Асаба  — тойдың ажары деп отырғанымыздың себебі осында жатыр. Асабаның мәдениеті, шешендігі, тапқырлығы, сыпайлығы, жаңашылдығы, жасампаздығы, тойдың көркін келтіріп, абыройын асқақтатады. Бір сөзбен айтқанда, асаба қандай болса, той да солай өтеді. Көп тойларды асаба той берушінің жетегінде кетіп, айтқанына көніп, айдағанына жүріп той мәдениетін бұзып алады.  Той ұйымдастырушы – асабаның өз идеясы, талап-тілегі, мақсат-мұраты, алдың ала дайындалған  сценариі болуы керек.  Той дегеніңіз де шебер тілмен жазылған көркем шығармаға ұқсайды. Оның кіріспесі, дамуы, шарықтау шегі және эпилогы болады. Асан қайғы бабамыз айтпақшы:    Қазаққа сөз дарыған,

Бір сөз үшін семіріп,

Бір сөз үшін ауырған, — қазақпыз ғой. Халқымыз дәрежеге емес, дәстүрге бағынған.  Ана тілі мен ата дәстүрі адамды мұратқа жеткізетінің білген.  Қазақ әуелі құдайдан, одан кейін дәстүр бұзушылықтан қорыққан.  Қазір  ата дәстүріміздің дидарына дақ түсіріп жатқан тойлар көп. Жат жұрттың қаңсығын таңсық көріп,  жиын-тойларымызға жапсырып жібермесек көңіліміз көншімейді.  Осындайда «қылыштан май тамызған» асабаларымыз қайда қарап отырады екен деген ой туады.  Жарасымын таппай тұрған, әдептен озатын, адамдардың көңіл күйін бұзатын әсерсіз той көріністеріне куә болып жүрміз.  Тойлардың  2-3 сағатқа кешігіп басталуы,  құлақты жаратын музыка, таусылып бітпейтін жарыс сөздер,  у-шу, ерсілі-қарсылы жүрген адамдар, ретті-ретсіз дастархан үстіне қойылған ас мәзірі, асба мен сөйлеушілердің сөзіне құлақ аспауы,  тым ұзаққа созылатын би т.б.  Осыдан кейін той мәдениеті туралы айтудың өзі артық болар еді.  Той болған сон көңіл көтеріп  күлкенде дұрыс шығар-ау. Бірақ ол дарақылықты ақтап ала алмайды.  Той салтанатын ашуға шапаның сүйретіп  шал-шауқандар шығады да, әбден жауыр болған сөздермен бірін  бірі қайталап, болар-болмас тілектерін айтып, тойдың төрін бермей тұрып алады.  Той асабаларының құлағына алтын сырға, айтайын дегеніміз:

  • той салтанатын ата дәстүрімізде бар ақын, жырау, термешілер ашқаны жөн;
  • сөзге шығушыларды мейілінше ықшамдап, екшеп, қысқартып азайту керек;
  • музыканың дауысын күшейткен сайын адамдар даурығысып, шулап, қатты сөйлеп, тойдың берекесін алатындықтан, музыка екпіні жай және әсерлі болуы керек;
  • той барысында дәстүрлі ән-күйлерімізге орын беріп, кілең эстрадалық әндердің орындалуынан бас тартса қанеки;
  • салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат-жұрттық той элементтерін мүлдем кіріктірмеу керек;
  • «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деп Абай айтқандай, асабаның білімсіз бейшара болғанынан Құдай сақтасын;
  • ең бастысы, тойды шақырылған уақытында бастап, той соңында адамдар бірден көтеріліп кететіндей жағдай туғызу керек. Мұның бәрі ұсыныс,

ал іс жүзіне асыру асабалардың тапқырлығына, ақыл мен парасатына, шешендігіне ғана  сын емес, той мәдениетін қалыптастырудағы азаматтық бейнесінде  айқындап береді.

Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде асабалар сайысы болып өтті. Сайдың тасындай іріктелген кілең мықтылар – 13 үміткер,  сен тұр мен атайын дейтін сөз өнерінің талантты өкілдері көрерменге көңіл күй, тыңдарманға тәтті сөздер тарту етті. Байқау барысы төрт шарттан тұрды:  өзін-өзі таныстыру, «Дана Абай, дара Абай», той ұйымдастырудың тәртібі және өз өнері  сарапқа салынды.  Байқаудың бірінші бөлімі  соншалықты тартысқа толы болды деп айта алмаймыз. Жеңіл желпі,  жаттанды, ұйқасы шала, буыны бос сөздер көп болды. Бір үміткер «Құдайдын құлымын, пәлен рудың ұлымын» деп те жіберді.  Руын айтпай-ақ қойса да ешкім ренжімес еді.  Енді біреулері тым ұзақ сөйлеп, тыңдаушыларды мезі етті десе де болады.  Екінші бөлім  Абай шығармашылығына арналғандықтан, ақынның әндері мен қара сөздері орындалды.  Ұлы ақынның он жетінші қара сөзін нәшіне келтіріп, образға еніп мәнерлеп жатқа айтқан Нұрғиса Ескендіровтың өнері есте қаларлықтай болды. Абай әндерін орындаған асабалар арасында тәп-тәуір әншілердің барына тәнті болдық. Өлеңдерді жатқа айтуда жаңылысып, мүлдем жақ аша алмай қалған  үміткерлерге ұят болды-ау дедік. Үшінші бөлімде  асабалар тойды ұйымдастырудың тиімді әрі әсерлі сценарилерімен таныстырды.  Ең бастысы идея бар.  Енді сол идея мен ұсыныстарды іс жүзіне асырып жатса құба-құп болар еді.  Өз өнерлерін көрсеткен төртінші бөлімінде  үміткерлер тау суындай тасып,  төңірекке шуақ шашып  тыңдарманға шаттық сыйлады.  Байқауға қатысушы Дүйсенбек Адамбеков орындаған «Попури», Ерубай Сәбденовтың «Қобыланды» жырынан үзінді айтқаны, Майра Құралованың «Наз» әнің орындағаны,  Нұрғиса Ескендіровтың «Қазақстан», Кеңғали Әбуовтың «Ақтоты» әндері ерекше әсерге бөледі.  Сахна мәдениетін сақтап, бағы жанып, бабы келіп тұрған талантты асабалар биік өнердің берекесін кіргізді.  Қазылар алқасының қызу талқылап, табанды ұйғарымымен І орын  — Нұрғиса Ескендіровке, ІІ орын – Дүйсенбек Адамбековке, екі ІІІ орын – Майра Құралова мен Абай Оралбековке берілді.  Одан басқа номинациялар бойынша:  «Ең үздік той үйлестіруші»  — Қалмырза Мұстафаев, «Дана Абай, дара Абай»  — Ерубай Сәбденов,  «Рухани жаңғыру»  — Жарқынбек Қалмұратов марапатталды.  Оза шауып олжа салғандардан бөлек, барлық үміткерлерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Өнер атаулының ішіндегі өресі биік, өрісі кең асабалар сайсын ұйымдастырып, оны аса талғампаздықпен өткізуге мұрындық болған Мәдениет үйінің директоры Перизат Тәжібаева мен мәдени ұйымдастырушы Бақытжан Оралбековке  өнер жанашырлары  ретінде алғыс айтамыз.  Асабалық  өнер асқақтай берсін дегіміз келеді.

 

 

 

Махамбет САПАРМҰРАТОВ,

қазылар алқасының төрағасы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Алдыңғы жазбаАбайды Абай еткен мал ма?