«Қазақстанда киіктерді аулау тоқтатылды». ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Байтақ» жасыл партиясының бірлесе атқарған жұмысының нәтижесінде киік аулау уақытша тоқтатылды. Министр Ерлан Нысанбаев мұндай шешімнің отандық ғалымдармен және халықаралық сарапшылармен кеңесіп, талқылаудан кейін қабылданғанын айтты.
«Қыста қозғалыс қиын. Сондықтан 10 ақпаннан бастап біз ақбөкендердің санын реттеу процесін тоқтаттық. Былтырғы жылды ескере отырып, биыл мамыр айында егжей-тегжейлі есеп жүргізіледі», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі.
Экология министрінің болжамы бойынша көктемде ақбөкендер саны 40%-ға артуы мүмкін. Былтырғы популяцияны есептей келе олардың саны 2,5-2,6 млн бас болады.
Жалпы осы мәселе бойынша «БАЙТАҚ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай былай дейді:
«Киіктер ықылым заманнан осы қазақтың сайын даласын мекендеген. Ары бері өткен шапқыншыларда осы далада аң аулап ақбөкен етімен коректеген деуге болады. Мәселен Шыңғыс қағанның ұлы Жошыда осы киік аулап жұріп мерт болды емес пе? Тіпті Ақсақ Темірдің өзі Тоқтамыс ханды шабуға бара жатып Ұлытау маңына тоқтап, осы жерде киік аулайтыны бар. Жалпы мысал көп. Киіктер ежелден қазақ даласының байлығы. Бұл арғы тарих. Бергіге келетін болсақ, 2003 жылғы санақта киік саны не бәрі 21 мыңға әрең жететін. Сондықтан киік атуға тыйым салынған. Алайда соңғы 20 жылда олардың саны 2 миллионнан асып түсті. Нақтылайтын болсақ 2 миллион 600 мыңның үстінде деуге болады. Негізі киіктерді үш популяцияға бөлінеді. Орал, Үстірт және Бетпақдала. Мәселен, Үстірте 40 мың, Бетпақлада 800 мың, ал Оралда 1,13 миллион киік бар. Соңғы кезде шаруалар егістікті бүлдірді, үлкен зиян келтірді дегенді жиі айтты. Тіпті Ауыл шаруашылық министрлігі киіктер 12 миллиард теңгенің зиянын тиізді дегенді айтады. Бұл қаншалықты рас. Дәйек, дәлел бар ма? Белгісіз. Осыдан келіп кем дегенді 300 мың киік ату керек деген пәрмен берілді. Өкініштісі, киіктерді атып, далаға тастап кеткендер көп. Соның ішінде ішінде төлі бар қанша киік кетті.
Бұл жөнінде көп жазылды. Киіктерді қырып тастап кеткені жөнінде әлеуметтік желіде нақты видеолар пайда болды. «Байтақ» партиясыда киіктерді оңды –солды қыруға, ысырап жасауға болмайтынын айтты. Әр нәрсенің обалы туралы жаздық. Әрине мұның бәрні ескерусіз қалған жоқ. Содан болар киік ату мәселесі әзірге тоқтады. Алдағы жағдай қалай болады? Бұл мәселені әліде зерделеу керек деп ойлаймын».
Бұған енді біздің алып – қосарымыз жоқ.