NASA мен Еуропалық ғарыш агенттігі Каспий теңізінің жыл өткен сайын жылдам тартылып бара жатқаны жөнінде жаңа деректер таратты. Осыған қарағанда, көп ұзамай Каспий теңізі Аралдың кебін киюі мүмкін екені белгілі болып қалды. NASA таратқан спутниктік фотосуреттерді сараптайтын болсақ, соңғы он жылда теңіз ондаған мың шаршы шақырымға қысқарғанын көруге болады.
Әсіресе Ресей мен Түркіменстан жағалаулары тез тартылып кеткен. Жалпы, Каспий теңізінің тартылып,таязданып бара жатқанын өзіміздің Ақтау қаласына барғанда да байқауға болады. Теңіз қаладан азда болса шегіне бастаған. Мәселен, Communications Earth & Environment зерттеу орталығының дерегіне сүйенсек, осы ғасырдың соңына қарай теңіз кем дегенде 18 метрге дейін кері шегінбек екен. Бұл дегеніміз жағалаудағы көптеген елдімекен, қалалар теңізден алыстап қалмақ. Бір сөзбен айтқанда Аралдың тағдыры деуге болады. Бұның себебі неде? Теңізді сумен толтырып отырған Еділ өзенінің бойына Ресей жағынан көптеген тоспалар салыну Каспийге келетін мол суды азайтып отыр. Басты себептің бірі осы. Егерде осы жағыдай осылай тұра берсе, түбі, теңіздің биоқоры құрып кетуі ықтимал.Балық қоры кемімек. Бұл құстардың көшу жолдарынада кері әсер бермек. Мұнай-газ инфрақұрылымдарына қауіп төнумен қатар, логистикалық мәселер туындайды. Суы тартылған аймақта тұбен шаң борайды. Мұның бәрі сол өңірдің экожүйесіне әсер беріп, жергілікті тұрғындардың денсаулығына қатер төндірмек. Қысқасы, Каспий теңізінің тартылуы, теңізді жағалай отырған бес мемлекетке үлкен мәселелер тудырмақ. Мұны қалай шешуге болады? Әрине жағалаудағы бес мемлекет бірлесе шешуі керек. Бұл жөнінде Қазақстан тарапы талай рет айтты, мәселе көтерді. Бірақ әзірге нақты қортынды жоқ. Егер жағдай осылай кете берсе, келер ғасырда Каспий Арал теңізінің жағдайын құшып қалуы әбден мүмкн. Сондықтан, «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» демей, Каспий мәселесін қазір қолға алған жөн.
Азаматхан ӘМІРТАЙ