«Эйр Астана» әуекомпаниясының ұшағы Алматы – Дели – Алматы бағыты бойынша Оман корольдігіне ұшып шығып, содан кейін Қазақстанға қайта оралады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі әуекомпанияның Facebook желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап.
«27 ақпандағы КС 908 рейсі Дели-Алматы бағыты бойынша қазіргі уақытта ұшып кетті және Оман Королдігі астанасының Маскат әуежайына жанармай құю үшін барады, одан әрі ұшақ Алматыға ұшып шығады. Алматыда жергілікті уақыт бойынша 17.22-де келуі керек», – делінген парақшада.
Әуекомпания өкілдері «Эйр Астананың» 28 ақпанға дейін жоспарланған Делиге ұшатын рейстердің барлығы 2019 жылдың 1 наурызына дейін Пәкістанның әуе кеңістігінің жабылуына байланысты тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Эйр Астананың» колл-орталығы шұғыл түрде тоқтатылған рейстердің барлық жолаушыларын тасымалдаудың ықтимал нұсқаларын, соның ішінде форс-мажорлық жағдайларды реттейтін ИАТА ережелеріне сәйкес басқа тасымалдаушылардың қызметтері арқылы қарастырып жатыр», – деді «Эйр Астана» өкілдері.
Еске салайық, мұның алдында Пәкістанның Үндістан әскерінің екі ұшағын құлатқаны жайлы хабарланған болатын. Пәкістан әскері Үндістан әскери-әуе күштерінің екі ұшқышын тұтқындап, сәрсенбі күні таңғы уақытта елдің әуе кеңістігі ережесін бұзды деген айыппен олардың ұшақтарын атып түсірген еді. Қазақстан Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери-саяси жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіретінін жеткізді.
[ad_2]
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz