Home Жаңалықтар ІШКІ «СҮЗГІҢ» БОЛМАСА…

ІШКІ «СҮЗГІҢ» БОЛМАСА…

63

Өкінішке орай соңғы жылдары елімізде экстремизм-терроризм дертіне шалдыққандардың қатары көбеюде. Құзырлы органдардың мәліметіне сүйенетін болсақ, елімізде бүгінгі таңда 1000-ға жуық азамат экстремизм-терроризм бабы бойынша темір торға тоғытылған. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын 100 адамға көбейіп отыр. Бұл  жағдаймен бірге санасы уланып отанын тастап Сирияға кетіп қалған отандастарымыз да бар.

Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау орталығының» жұмысы өз нәтижесін беруде. 2018 жылы науырыз айында бекітілген «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» бойынша халық арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатын ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жылына орталық тарапынан 600- ден аса кездесулер өткізілуде.

Осы орайда,  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек. Ішкі сүзгі сыртқы ықпалдардан сақтанудағы жүрек таразысына жүгінудің маңызын көрсетеді» деген сөзі еске түседі. Жоғарыда аталған экстремизм-терроризм бабы бойынша бас бостандығынан айрылған отандастарымыз интернет арқылы жалған идеологияның құрбаны болғандарын мойындап отыр.

Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясының қолға алынғаны бәрімізге белгілі. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы Бақытбек Рахымбердиевтің айтуынша, «Жусан-1» операциясы бірнеше ай бойы жүргізіліп, оны ұйымдастыруда талай қиындықтар орын алған. Жалпы, «Жусан-1» операциясы аясында елге 6 ер адам, 11 әйел және 30 бала қайтарылды.

Сондай-ақ Сирияда әлі де еліміздің 380-ге тарта азаматы қалғандығын және олардың үштен екісі әйелдер екендігін, сонымен қатар олармен бірге қосақтасып 400-500 балалардың жүргендігі анықталған.

Мамырдың жетісі мен тоғызы аралығында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жусан-2» операциясы жүзеге асырылды. Сириядан тағы отандастарымыз елге жеткізілді. Туған еліне оралғандардың саны –231 адам. Оның 59-ы әйел, 156-сы  балалар. Соның ішінде 18-і – жетім балалар. Қазақстан азаматтарын Сириядан қайтару «Жусан» арнайы операциясының үшінші кезінде Сириядан 67 әйел адам, 171 бала қайтарылды. ҰҚК өкілі Сирия мен басқа да қақтығыс аймақтарына кеткендердің көпшілігі интернет арқылы шетелдік «жалған уағызшылардың» арбауына түсіп қалғандығын айтады.

Бұл кезекте Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың мақаласында айтылған «ішкі сүзгінің» адам өмірінде қаншалықты маңызды рөл атқаратынын байқауға болады. Және де Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бастаған «Жусан» операциясын, мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың жалғастыруында үлкен сабақтастық жатыр. Жалпы елімізде биліктің транзиті болып жатқаны белгілі. Міне, осы процесте бұрынғы саяси және рухани үдерістегі жақсы дүниелер сабақтастығын жалғастырған орынды.

Сонымен қорыта келе төмендегілерді айтуға болады:

еліміздің өсіп өркендеуін, қоғам дамуын, елдің бірлігін, қоғам тыныштығын қамтамасыз ететін басты фактор – қоғамның мәдени және әлеуметтік тұрақтылығы. Қоғам тұрақтылығына бәріміз өз үлесімізді қосып келеміз және ол жалғасын табатынына сенімдіміз.

Шағырбай АЛМАСБЕК,

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты

Дінтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, PhD доктор

 

Алдыңғы жазбаҚасым-Жомарт Тоқаев жазушы Смағұл Елубайды қабылдады
Келесі жазбаДосаев теңге бағамының тұрақсыздығы себебін атады