Home Жаңалықтар Иманын сатқан «имамдар»

Иманын сатқан «имамдар»

34

Алматыдағы «Кеңсай» мазаратын білмейтін жан жоқ. Өлілердің «вип-қалашығы». Мұнда «мола салу өнері» қатты өркендеген. Барокко мен классицизм, модерн мен эклектика, функционализм мен ар-деко керек пе, бәрі осында!

Қайсыбір қабірдің төбесін платина металымен жауып, айналасына бақылайтын видеокамералар орнатқан. Тап бір сақ заманындағы патшалардың қорымы іспетті!

Марқұмдардың көзі тірісінде дәулетті молынан жиғаны көрініп тұр.

Ал енді осы «Кеңсай» тек өлілердің ғана мекені емес. Қырдың басында шағын елді-мекен орналасқан. Қазір қаланың құрамына енген болуы керек. «Осы елді-мекеннің тұрғындары немен айналысады?» деп ойлаушы едім. Жақында ғана сол жердің бір тұрғынымен тілдесудің сәті түсті. Алған ақпаратымның қаншалықты рас-өтірік екенін білмеймін. Бірақ мен үшін қызық, күтпеген нәрсе болғаны рас. Енді сол әңгімені сіздерге баяндап бергенді жөн деп таптым. Сонымен… «Кеңсай» тұрғындарының басым көпшілігі осы зиратқа ағылған елге «қызмет көрсетумен» жан бағады екен. Марқұмдардың басына қоятын гүл сатады, көр қазады, қаланың әліпті таяқ деп білмейтін тұрғындарының ата-бабасы, туған-туыстарының басына бірге барып, Құран оқып береді.

 «Құран оқып беру қызметі» 100 доллардан кем емес. Ал одан да бай «клиентке» кез келсеңіз — 500 тіпті, 1000 доллар алады екенсіз!

Күн сайын Кеңсайдың еркек қауымы таңертең зиратқа кіре берісіндегі қақпа алдындағы орындыққа жайғасады. Сырттай қарасаң — бәрі «діндар».

Тіпті, кейбіреуі қалпелер секілді ұзын ақ шапан жамылып, басына сәлде орайды. Шын мәнінде бұл «имамдардың» басым бөлігі Фатихамен қосып, екі-үш сүре ғана жаттап алған дилетанттар. Не намаз оқымайды, не Шариғаттың шешімдерін білмейді. Әйтеуір, «нан табудың» жолын осылай игергендер.Олардың «жұмысы» жұма, сенбі және жексенбі күндері қайнап кетеді. Өйткені, марқұмның туыстары осы күндері зиратқа көптеп келеді. Келесі әңгімені әлгі кездейсоқ танысымның аузына салайын:

«Бірде, мемлекеттік қызметте №2 екінші лауазымға дейін көтерілген, кейін бизнеске кеткен бір кісінің әкесі қайтыс болды. (Этикалық жағдайды ескере отырып, ешкімнің атын атамауды дұрыс деп таптым). Менің көршім сол марқұмды жерлеуге қатысыпты. Бизнесмен жігіт сүйекке кірген, жаназа шығарған, жерлеу рәсіміне қатысқан, Құран оқыған, көрге түскендерге аямай ақша шашыпты. Содан, бір күні «имам»-көршім әлгі бизнесменге хабарласып, «әкеңізді түсімде көрдім. Көрдің ішінде теріс қарап аударылып қалыпты. Енді оны қайтадан орнына қарату үшін бір ай бойы Құран түсіруім керек» дейді. Марқұм болған туысы жайлы жағымсыз әңгіме кімге жақсын? Бизнесмен жігіттің зәресі кетеді. Дереу әлгі «имамға» жалына бастайды. Не керек, «имам» бұл істі біраз «қиындатып» барып, Құран аударуға келіседі. Бір ай өткесін, «Құран аударып біттім. Әкеңіз қайтадан өз орнына аударылып түсті» деп хабарлайды. Бизнесменнің қуанғаны соншалықты, Әл Фараби көшесінің бойынан жаңадан салынған зәулім үйден әлгі «имамға» атшаптырым пәтер сыйға тартыпты…», — деп аяқтады әңгімесін кездейсоқ таныс.

Мен ойланып кетіппін…

Тоқтар Жақаштың Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Алдыңғы жазбаАлдағы дағдарыстың саяси бояуы басым
Келесі жазбаБілім министрлігі шетелден 67 млн доллар қарыз алмақшы