Бүгін футболдан ел біріншілігі жалауын көтереді. Еліміздің үш қаласында алғашқы турдың үш ойыны басталса, ертең тағы да үш кездесу өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Биыл әдеттегідей 12 команда ел біріншілігіне қатысады. Олардың қатарында «Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы», «Қайсар», «Жетісу», «Шахтер», «Атырау», «Ақтөбе», «Ертіс», «Оқжетпес» және «Тараз» командалары бар. Олардың арасында «Ертіс» пен «Шахтер» 26, «Қайрат», «Тараз» бен «Тобыл» 24, «Ақтөбе» 23, «Қайсар» мен «Жетісу» 20, «Ордабасы» мен «Оқжетпес» 18, «Атырау» 17, «Астана» 9 мәрте Премьер-лигада ойын көрсетті. Жалпы, алғанда Премьер-лигада «Ертіс» ең көп ойын көрсеткен команда болып табылады. Павлодарлық клуб бүгінгі күнге дейін 850 кездесу өткізген. Одан кейінгі орындарда «Шахтер» 847, «Қайрат» 820, «Тобыл» 792, «Ақтөбе» 762, «Тараз» 755, «Жетісу» 670, «Қайсар» 666, «Оқжетпес» 609, «Атырау» 562, «Ордабасы» 543, «Астана» 310 ойында жасыл алаңға шыққан. Бүгінгі күнге дейін Премьер-лигада 9 команда алтыннан алқа тақты. Атап айтқанда, «Астана», «Ертіс», «Ақтөбе» 5, «Жеңіс» («Астана») пен «Елімай» 3, «Қайрат» пен «Шахтер» 2, «Тобыл» мен «Тараз» 1 мәрте чемпион атанып үлгерді. Жүлдегерлер қатарынан көріну жөнінен «Ертіс» командасы көш бастап тұр. Олар барлығы 15 мәрте жүлдеге ілігіп, 5 алтын, 4 күміс, 6 қола медаль алды. Келесі кезекте «Ақтөбе» 5 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді, олардың еншісінде барлығы 11 медаль бар. Ал Алматының «Қайраты» 11 (2 алтын, 4 күміс, 5 қола), «Тобыл» 9 (1 алтын, 4 күміс, 4 қола), «Астана» 7 (5 алтын, 2 күміс), «Шахтер» 5 (2 алтын, 3 қола), «Елімай» 4 (3 алтын, 1 қола), «Жеңіс» 4 (3 алтын, 1 қола), «Тараз» 3 (1 алтын, 2 күміс), «Қызылжар» 3 (2 күміс, 1 қола) алды. Ал «Екібастұз» бен «Атырау» 2 күмістен, СКИФ-«Ордабасы» мен «Жетісу» бір-бір күміс алса, «Горняк», «Жігер» пен «Ордабасы» бір-бірден қола медальге қол созған. Жалпы алғанда, биыл Премьер-лигада сынға түсетін «Қайсар» мен «Оқжетпес» ғана жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ. Ел біріншілігі бүгінге дейін үш мәрте атын өзгертті. Ол 1992-2001 жылдар аралығында жоғары лига, 2002-2007 жылдарда суперлига атауын иеленсе, 2008 жылдан бері қазіргі атауымен өткізіліп келеді. 2012 жылдан бері Премьер-лигада 12 команда бақ сынайды. Биыл қай командалар жүлдегерлер қатарынан көрінеді? Бұл жөнінде мамандар түрліше жорамал жасап отыр. Жаңа маусымға дайындық барысында фтбол клубтары жаңа ойыншыларды қатарға қосты. Сондай-ақ, жергілікті басшылық тарапынан олардың алдына үлкен міндеттер қойылғаы бар. Мамандар биыл «Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы», «Қайсар» командалары жүлдегерлер қатарынан көрінуі мүмкін екенін айтады. Кімнің жеңімпаздар қатарынан көрінетінін күзде сараптайтын боламыз. Бүгін, 9 наурызда «Ордабасы» мен «Шахтер», «Жетісу» мен «Оқжетпес», «Тобыл» мен «Ертіс», 10 наурызда «Қайрат» пен «Тараз», «Қайсар» мен «Атырау», «Астана» мен «Ақтөбе» командалары кездесетін болады.