Home Руханият ЕТБАУЫР (Оралхан Бөкей)

ЕТБАУЫР (Оралхан Бөкей)

216

Адамға адам етбауырындай боп бауыр басып өмір сүруі мүмкін дегенге  кексе тартқан түйсік пен суық тартқан бауыр сендіре қоймас.  Бірақ оның тірі кезіндегі менің оған деген ессіз ықыласым сондай риясыз, алғаулы сезімге толы еді. Соның сартабы мен татынан, сол бір беймезгіл зауал таңда Несіпбек жарықшақ дауысымен: «Ағаңнан айырылып қалыппыз», – деген шақтағы өтім жарылып кеткендей боп тұла бойымды жайлаған ащы уыттан жиырма жыл өткен соң да арыла алмай, қаламды енді ғана қолыма алып отырмын. Мұндай сутыт та суық естіруді естігенде тыныс ала алмай, булығып қалдым. Жұтқан ауа түйнектей түйіліп, өңешіме тығындалып, жұтынған сайын кеудеме батып, денемді буды. Бір кезде құрғақ ауа өксікпен қоса парлаған жас   араласа сыртқа төгілді. Сол өксік болмаса … шарасыздықтың қыстыққан уыты жайылған денемді құрғақ ауа жарып жіберетін бе еді, кім білсін.  Зады, тосыннан айтылған суыт хабарды естіген сәтте талып қалатын адам осындай күйді басынан кешетін болуы керек. Іле Қалихан (Ысқақов) ағаның: «Естідің ғой, тез одаққа кел. Мәйітті жөнелтудің қамына кірісуіміз керек», – деген абдыраған дауысын естігенде барып есімді жидым.

Сонда ғана барып оның бұл сапарға тосын әрі сүлесоқтау күйде  ықылассыз аттанғаны көз алдыма келді. Соңғы уақытта оның мінезінен оған  жат шарасыз салғырттық  аңғарылып қалатын. Өзін бұрынғыдан да оңаша, тұйық ұстады. Ұшыраса қалғанда кеудесін сәл шалқақ ұстап, көзін аспанға қадап, бейне бір суретке түсетін адамдай сұлық тұрып қалатын. Ешқандай жауапсыз үнсіздікпен сөзіңді тыңдап, бір сөзбен жауап беріп,  басын бір шайқап қойып жүріп кететін. Кейде, одақта, театрда, не қонақта болсын, терезеден сыртқа ұзақ қарап, кілт бұрылып жүріп кететінін жиі байқап жүрдім. Біріне бірі ұласқан, айналасы екі-үш жылдың ішінде әкеден, шешеден, апайдан, қарындастан, жарынан айырылып, жалғыз басы сопиып қалған, кеудесіне толған шерді төгіп алатындай өзін-өзі ауырлап, адымын ауырлап басқан зауалды шақта да  мұндай мінезі байқалмаған. Ол мұндай зауалды өзінің жалғыздығын көңіл аңсарына айналдырып алғанынан көріп: «Сен балаңнан да айырылып көрдің. Менде ол да жоқ. Мұңға әуейі болмау керек екен. Ол бұлт сияқты, мұңға мұң шақырады екен. Мен, міне, енді шын шерменде болдым», – деп жұмыстағы жазу столының үстіндегі әйнегінің  астындағы Айманның суретіне мұңая қараған. Әйнектің қалтарыстау бір бұрышынан мінезі де, түрі де өзінен аумайтын, еркешора  қарындасы марқұм Мәншүктің ауылда түсірілген шағын суретін байқап қалдым. Кеудені сазытқан ондай аянды сары мұңды дүниеге келген шикіөкпелер – Айхан мен Айжан сейілтетін шығар деп ойлағамын: «Зарығып көргендіктен шығар, күндіз-түні көз алдымнан кетпейді. Құмарым қанбай жылап тұрып иіскей беремін. Көз алдымда тұрмаса көз жазып қалатындай үрейленемін. Бұл сезімнен арылу керек шығар. Әзірше, ұзақ күттім ғой, құмарымды баса тұрайын деп жүрмін», – дейтін ақталғандай боп. Оның санасына ұялаған мұндай табиғи қарама-қайшы ойлардың еш ерсілігі жоқ сияқты еді.  Мен оны басқаға, яғни, өзгерген ошақтың райына жорығамын.

Соңғы жылдары тек жұмыста ғана тіл қатысып жүрдік. Бұрынғы елжіреп, өзімсініп тұратын жан жылуы салқын тартқандай еді. Бірақ, осыдан жиырма күндей бұрын Қалихан ағамыздың үйіндегі қонақта өзінің бауырлары Әлібек пен Дидахметті емес, мені туған бауыры деп есептейтінін айтып, бұрынғыдай жақын тартып, жанына отырғызған кезде, елжіреген есіл күндер қайтып келгендей болды. Өзінің сыныптасы Нұрсара апайға ара-тұра әзілдеп қойып, көңілін көтергендей боп отырды да, күтпеген жерден менің ата-тегімді қаузай жөнелгені. Оқыс та таң қалатын сұрақты қоюының себебін: «Осы отырғандардың барлығының тұқым-тұянын, заузатын білемін. Мен көргенде Дидахмет пен Әлібек шөметейін жаппай, жалаңбұт жүгіріп жүрген… Қал-ағаң менің нағашым. Осылар сені үйіріне қосып алсын, бұл кім еді – деп жүрмесін деп сұрадым. Тұрсын менің бауырым. Енді сендер қатарыңнан мұны тастамаңдар. Қатонқарағайды мен өзіммен ертіп барып аралатамын деп уәде беріп ем бала кезінде. Ұзақ уақыт визасы құрғыр пәле боп, реті келмеді. Оны мына Әлібек орындап қойыпты. Шыңғыстайдағы біздің үйге барған. Менің шешемнің батасын алған. Мәншүк жақсы көріп қалжыңдасатын. Айман марқұм мақтайтын. Ал, Тұрсын, біліп қой, менің шешем болмаса мына Нұрсара күйеусіз қалатын еді», – деп біраз еркін ой айтты. Оны Қал-ағаң жалғастырып, шұбатылған хикаяға айналып кетті.

Сол жолы мені таң қалдырған Гүлия шешеміздің тағы бір ерлігін естідім (Кейін Ғалия қарындасым жаңғыртып айтып берді). Сөйтсем, Нұрсараның жолдасы Алтыбай ағамыздың әкесін халық жауы деп ұстап әкетіпті. Енді әйелі мен шиттей жалғыз ұлды тұтқынға алмақ болғанда, олар кержақтардың «алапестерге» («для прокаженных») арналған  моншасының ішіндегі жертөлеге тығылыпты. Күлия шешеміз түн ішінде оларға тамақ апарып беріп тұрыпты. Содан жасырын жолға салыпты… Екі мұңлық жаяу-жалпылап Алматыға келіп, аман қалыпты. Алтыбай мен Нұрсараның тағдыры осында қосылыпты. Алтыбай ағаның бұл әңгімесіне Ор-ағаң масаттанып, жауырынын қойқаңдатып, Ардақ жеңгейге қарап-қарап қойып отырды. Алтыбай аға да ел жайынан тым хабарсыз өспепті: «Ол рас, Гүлия шешей батыр, тәуекелшіл жан еді. Қатонқарағайда әйгілі жүйрік ат болды (атын ұмыттым, қатирамдағы жазуды таба алмадым). Соғыс жылдарында той қайда. Өзі қыста шанаға, жазда арбаға жегіліп, ығыры шыққан бәйгені көктемде соқаға салады. Содан жеңіс күні жетіп, ел мейрамдайды. Бір уақытта ел шуласа жөнеледі. Сөйтсе, жұрттың абыр-дабырын естіген бәйгенің баяғы думанды күні есіне түсіп, мына даурығысуға елеңдеп,  Бәйгетөбені шыр айналып өзімен өзі жарысып жүр екен. Гүлия шешей де сондай, арқалы адам еді. Кезі келсе күресіп те кетеді. Ол кісінің жақсылығын ұмытпаймыз», –  деді.  «Менің жауырыным шешеме тартқан. Қарашы…», – деп Ор-ағаң кеудесін кере қойды.

Өзгесі өзге, Ор-ағаң, шындығында да, қай жағынан алғанда кеуделі еді.  Жеңшеміз кіріге қоймаған ортаның сөзіне килікпеді. Ор-ағаңа сыбыр ете қалып орынынан көтерілді… Олар балаларға – Айхан мен Айжаннға алаңдап ертерек қайтты. Мен дәлізге ере шығып ем, баспалдақтан түсе бере кілт тоқтап Ардақ жеңешемізге: «Есіңде болсын мына ұл, шынында да менің туған бауырымдай. Сен біліп қой. Кейінгі жылдары алыстап кетті. Үйге арнайы шақырамын», – деді, маған көзі жасаурап тұрғандай көрінді. Екі-үш жылдай қарасын көрмеген шаңырақтың жылуы бетімді шалғандай сезіндім. Жеңгеміздің қас-қабағынан еш жауап әсер байқалмады. Соған қысылғандай, Түркияға баратын сапарынан бас тартқанын айтып: «Түркия өзіміз ғой. Реті сан рет келер. Тәжімахалды бір көрсем деуші ем… және қазір ол жақтың ауа райы салқын болса керек… Жеңгең қазақшаға шорқақ. Түсіндіремін ғой», – деп баспалдақпен төмендей берді.  Алдыңғы сөз бен соңғы сөздің дауыс ырғағы, жотасын беріп тұрып айтқандықтан ба, тым басыңқы естілді.  Дегенмен де ықыласы, бауыры суымаған екен деп, жеңілдеп қалдым…

Жол жүретін күні кеңсесіне бардым. Кірімді-шығымды кісі боп,  тереңдеп кете алмадық. Тек, тәуелсіздіктің берген тәуекеліне орай алғаш президенттік сайлау қарсаңында жазылған «Несіне жетісеміз?..» атты мақаламды ұсынғанымда: «Мен мұны баспаймын. Газетке керек. Бірақ сен жазғандықтан да баспаймын. Арандап қаласың. Әлі адымың ашылған жоқ. Қайтып мұндай нәрсеге уақытыңды шығындама. Қолжазбаны қайтармаймын», – деген мақаланы Ұлықбек жариялап жіберген. Соны есіне ала отырып: «Сен оған өкпелеме. Сенің қамың үшін істегем. Ел –  ақын бола алмай жүргенде, ақыннан жазушы болдың, Ел журналистен жазушы бола алмай жүргенде, енді саясатшы журналист болғың келеді. Уақытыңды алады. Қадірің кетеді андағыларға… Ақылға көн. Көнбесең маған бәрібір», – деген жанашырлық пікір айтты. Қалай ұмытпаған, студент кезімде әңгіме апарып бергенімде: «Сен бізде ақын ретінде танылдың. Мына әңгімеңді оқымаймын. Қайтып маған көрсетпе», – деп қайырып берген. Ор-ағаңның сол сақтандырғаны  дұрыс екен. Өмірдің екшеуімен бүгіндері соның бәрі ұмытылып, ғалым деген сөз ғана сопиып қалды. Екінтіге орай Делиге ұшуы керек. Барға барып кофе іштік.   Түстікке үйіне бармай қолжүгін жүргізушісі  Махмұдқа алдырды  да, иығына асып жалғыз өзі әдеттегідей басын көтере ұстап көлікке беттеді. Ешкім шығарып салмады, оған өзінің де ықыласы болмаған сияқты. Аэровокзалдан Талғат (Кеңесбаев) күтіп алмақ көрінеді … Жазушылар одағының есігінің алдына тұрып көзіммен шығарып салдым. Әдетте бір-екі ауыз емеуіріні болушы еді. Ол да жоқ.  Ұзын шашы иығын жапқан жотасын беріп теріс қарап жүріп кетті. Қайтып оның беті бері қарағанын көру маған бұйырмапты.

Одақтың іші тым-тырыс, үрпиіскен жазушылар, көзін бұлаған қызметтес әйелдер. Қал-ағаңмен көрістім. Сүйекті әкелумен Қазақстан мен Индияның елшілігі айналысып жатыр екен. Ертең келмек екен. Бізге үй-ішін дайындау жүктеліпті.  Сол баяғы Айман жеңешем дүниеден қайтқанда   иен үйдің есігін ашқан Қал-ағаң, Әлібек, Дидахмет, газеттен Әмірхан, Талаптан, Жаңабек бар, бәріміз  үйіне беттедік. Есік алды сапырылыс. Үй-іші тым-тырыс. Жұрт үнсіз кіріп, көңіл айтып, үнсіз шығып жатыр. Тек қаршығадай ғана Ғалияның жалғыз дауысы тұншығып шығады… Қуанышбай (Құрманғалиев) ағамыз жаутаң-жаутаң қарап, көзінен тоқтамай аққан жасын қолорамалымен сүрте береді. Сайымжан аға (Еркебаев) мен сол үйдегі апайымыз, Мараттың жары Сәуле жүр. Шынын айтайын, сонда ғана Ор-ағаңның жалғыздығы есіме оралды. Өлу үшін де етбауыр ағайын керек екен. Ал өзі айтқан етбауыры мен емес пе едім ғой деген оймен Әлібек пен Талаптанға жөн айта бастадым. Олар да абдыраған. Осындай бір торығуда тұрғанымда Алтыбай ағамыз бен Нұрсара апай бастаған, Рамазан қостаған  қатонқарағайлықтар сау ете қалды. Нұрсара апай дауыс салды. Сонда ғана қаралы үйдің жамылғысын жамылды…

Мен сол Ор-ағаңды жөнелту рәсімі тұсындағы Нұрсара апайдың еңбегін еш ұмыта алмаймын. Әлі де көз алдымда. Ол кісі асүйді қолына алғанда бәрі де үйлесіп жүре берді. Барлық ресмиятты жазушылар одағы мойнына алғанымен де үй-ішілік күйбең тіршіліктің қам-қаракеті, оның үстіне Ор-ағаң сияқты ағайынның арты жинақталмай қалған адамның жөнелту рәсімі өте шетін еді. Ашығын айтайын, Айман жеңгемнің бауыры Кенжехан кіммен көріседі, кімге көңіл айтады? Екі көзі қызарып көз жасын тия алмай жүрген Ғалияның тізгінді қолына алып кететіндей өмір тәжірибесі жоқ еді. Кісі аяғы басылмады. Аулаға киіз үй тігіліп, қазан көтерілді… Есімде қатты сақталып қалғаны: сонау Делиден жөнелтілген табытты үйге кіргізіп, оңаша бөлмеге қойылғане соң шақырылған дәрігер екеуміз бетін аштық. Сол қалпы. Қонақүйдің бөлмесінде жалғыз жатқан. Түнде жүрегі қысқан шақта … қасында ешкімнің болмағанын,  сәл жымырылып, тістеніңкіреген еріні  білдіріп тұр. «Айман жеңешем болса ғой!..», – деген әзәзіл ой сумаң ете түсті. Ол ойым күпірлік еді. Бұл – Ор-ағаңның өзі көңіл ауаны етіп алған, барлық туындыларының аңсарына айналған Жалғыздық деген сұмның жазмышы еді. Мен: ажалдың емес, жалбыздың иісі шығып тұрсын. Дәстүр солай – деп жедел жәрдемнің дәрігеріне түсіндіре отырып, Әлібек пен Талаптан алып келген екі уыс жалбызды табыттың екі бүйіріне қойдым. Өйткені жалбыз жылуды бойына тартатын. Бір түйір тасты кеудесіне қойдым. Ол тынысты тарылтатын… Ал жанымды түршіктірген нәрсе: сыртқа шыға бергенде қаға-соға ентелеген біреудің: «Табыты қызыл сандал ағашынан жасалыпты дейді. Рас па? Ауыр шығар, ә?», – деген құзғын дауысы. Иә, Ор-ағаңның сүйегі де, табыты да қызыл сандал ағашындай асыл еді. Турасын айтайын, естіген кезде қатты булығып алғандықтан ба, білмеймін, мені сол күндердегі жөнелту рәсімінде сондай бір өзім сенгісіз сабырлық билеп алды…

… Қас қарая ел аяғы басылды. Айман жеңешеміздің бауыры – Кенжахан, Талаптан (Ахметжан), Әмірхан (Меңдібек), Жаңабек (Шағатай) бесеуміз есік алдындағы киіз үйді күзетуге қалдық. Ошақтың отын демдеп отырып, сол таңды ұйқысыз атырдық. Кенжехан ашылып тіс жармады. Ал қалғандарымыз әрқайсымыздың өзімізге тиесілі Ор-ағаң туралы айттық…

Жоқтау айтып тұрып еске алатындай Ор-ағаңның жан жылуы әлі жүрегімізде қоздап тұр еді.

 

І.

 

Ол  – өмірден көрі әдебиет кеңістігіндегі қиял әлемі  көбірек баурап,  көркем сөздің буына елітіп жүрген бұла шағым еді. Сезім шоғы  қозданып, үп еткен леп тисе болды, лау ете түсетінін өзім де күтіп жүргендей едім.  Ұнамайтын, әсерлендірмейтін шығарма жоқ еді. «Абай жолынан» ашылған тынысым бәрін сіңіре беретін. Тіпті жаныма жат сықақ жанры да өзіне тартты. Құбылысты көркем қабылдау мен көркем талдау түйсігі қалыптаспағандықтан да, сезімнің өткір қызуынан  кеуде балқып тұр, бірақ құятын арна жоқ. «Менің жазатын өмірімнің бәрін жазып қойыпты», – деп Бердібек ағамызға өкпелеп жүрген кезім. Алақандай қатирамдағы шимайға көзі түсіп жүретін парталас Алтын деген қыз бір күні: «Мынау сен оқитын кітап», – деп «Жәмиланы» ұсынды. Оған жүрек қылын шертетін Қалиханның «Қоңыр күз едісі», Насреддиннің «Аққайыңы», Қабдештің «Құрбылары», Қалдарбектің «Қоштасқым келмейдісі», Тұрдыбектің «№14 кілті», ең соңында оған Экзюперидің «Кішкентай шаһзадасы» қосылды. Жанымды баурайтын, сезім мен қиял әлемін байланыстырған бір нәзік саңлау ашылғандай болды. Тұманың тұнығына түскен бейнеңе ұзақ қарап отырып, соңында судың бетін  шайқап-шайқап жіберетін балалық  тентектік сияқты, мен да алабұртқан   көңілі әсерін шайқап-шайқап жібергім келеді.

Сондай бір алабұртқан шағымда «Лениншіл жастың» төртінші бетінің соңына берілген, екі адамның ошақ басында отырған суреті сызылған «От басындағы екеу» деген суртеттеме көзіме түсе қалды. Тез оқыдым. Жүрегім дір еткендей болды. Кәдімгі суреттеме. Бірақ  сезім талшығын инеменен іліп алғандай шым еткізіп өзіне баурап алды. Есіме Бесқарағайдағы «Башкөл» мектебіндегі сыныптасым «Бөкеев» түсті. Бірақ ол емес. «Қазақ әдебиетіне» шыққан «Ғайни» атты әңгімесін оқығаннан кейін бұл есім менің санамды жиі мазалайтын болды. «Жұлдыздағы» «Сарыарқаның жаңбырындағы»:

Қонағаны ауылымның Құрымбай саз,

Жайлаған алты ай ай жаздай сарыала қаз.

Шолпандай таң алдында туып батқан,

Қайтейін, о, дарға-ай, ғұмырым аз, –

деген сарынды «Бір мысқалдың» әуеніне салып ыңылдай беретінді шығардым. Қазір де күрсіне сыбырлаймын. Өйткені Сұлтанмахұттың келте тағдырын жазушыға да, маған да қатысты сияқты сезіндім. Іле… «Бура», «Ардақ», «Қамшыгер», «Мария» атты әңгімелері «Лениншіл жасқа» лекіте жарияланғаннан кейін «Оралхан Бөкеев» деген есім  менің жандүниемді баурап алды. «Мариядағы» ерсілі-қарсылы ойлар, аспанға ұшып бара жатып кілт жерге құлап түсетін кейіпкер ойы, «Терісаққан» Есілге құяды. Есіл неге құяды… Әттең, Терісаққанға Есіл құйса ғой!..» – деген  сілтей салды сөйлемдер, асқақ емеуірін көңілімнің құлакүйіне айналды. Әсіресе, «Мария» (кейін аты өзгерді) жарияланған беттегі суреті көзіме оттай басылды. Сол сурет  пен Бұқтырманың сарыны, көккөз қыздың сең бұзылған жағадағы жан шымыры, бозбаланың беймаза булығуының арасында нәзік байланыс бардай сезілді.

Бұл – әдебиет кеңістігіндегі Оралханның дәурені басталған кез еді. Сол сәттен бастап мен ең аяғы мектептегі шығармаға дейін Оралханның мәнерімен жазатын болдым. Қиял жібін оңды-солды лақтыра берсем керек, оқиғаның желісі шырма-шатуланып кететін. Екі көзімді қысып алып, басымды сәл кекжитіп, аспанға қарап жүретін әдет те сол кезде қылаң берді. Шындығын айтқанда, мен бұл жазушыға көзсіз аңсарым ауды… Газеттегі очеркінің өзін де көркем шығарма сияқты қабылдадым. Бұл – еліктеу емес, кәдімгі, «жазылмайтын дерт» болып жабысты.  Оралханның көңіл ауаны мен  сарыны қияли өмірімді билеп алды.

Алматыға оқуға түсуге келдім. Құжаттарымды өткізе салысымен ауылдан көшіріп әкелген өлеңдерімді «Лениншіл жас» газетіне ұсыну үшін редакцияға беттедім. Көңіл күпті, дәме зор. Қазіргі Абылайхан мен Жібек жолының қиылысындағы екінші қабатқа көтерілдім. Абдырап тұрғанымды сезген қиық мұртты жас жігіт жөнімді сұрап: «Мен Кәдірбек Сегізбаев деген ағаңмын… Әдебиет бөлімі мұнда. Ораш саған бір жас ақын келіп тұр. Түріне қарағанда болатын бала сияқты», – деп кең, бірақ столдары сығылысып қойылған бөлмеген кіргізіп жіберді. Кіре бере оң қапталдағы төрдегі орындықта шалқая отырған,   елестеткеннен де  ұзын қаба шашы иығын жапқан, иықты, беті атжақты, көзін тіксіне қадайтын Оралхан Бөкеевті бірден таныдым. Сол отырысымен де мысымды басып жіберді. Бірден:«Бізде не көп, өлең көп. Оқып үлгере алмай жатамыз. Міне, үйіліп жатыр. Мұның ішіне түсіп кетсе, бітті, шөмелеге түскен ине сияқты қайтып көзге түспейді. Сондықтан көңіліңе келмесін, көзіңше оқимын да қайтарамын. Қане, әкел…»,– деп қолын созды. Шалқайыңқырап отырып үнсіз оқи бастады. Мен түрегеп тұрмын. Кенет: «Ей, Теңізбай, мына бала сенен көрі ақын екен. Әйтеуір кітап шығарғандардан тәуір. Сен суретіңді әкел. «Тұсаукесерге» береміз… Ал, енді кімсің өзің? Е, Айпараның бауыры екенсің ғой. Менің әңгімемді оқыдың ба? Айдосты шатастырдың деп хат жазыпты бір шал. Сол дұрыс па. Неге тұрсың, суретіңді алып кел. Тез», – деді. Сөз айтуға демім жетпей дәлізге шықсам Кәдірбек ағамыз есігін жауы жатыр екен: «Тез шықтың ғой, бала. Жазып жүрген баласың-ау, сірә. Атың кім. Ораш не деді. Қалай? Өй, сен өзің мықты болдың ғой онда. Глянцевый қағазға шығаратын фотоға түс. Пәлен жерде. Тездет. Ұмытылып кетесің», – деп жөн-жобасын айтты. Күнаралатып суретті апарып бергенімде саусағының ұшымен столды көрсеткен Оралхан ағамыз сәлемді алмастан бұрылып шыға берді. Үмітсізденіп, салым суға кетіп мен де соңына ала шықтым. Сонда ған артына жалт қарап бұрылмастан: «Алғысөз жазып, теруге жіберттім. Бас редактор (Ш.Мұртаза) ұнатты», – деп басын шалқақ ұстап жүріп кетті. Қиялымда соншама бауыр басып, аялаған адамымның іштартқаны қайсы, сыртқа тепкені қайсы, мінезі ішіме қонбады.

Күндер өтті… Бірінші тамыз күні таңертең емтихан тапсыруға барсам…  абитуриенттер мені көрсетіп гу-гу етеді. Шашы тікірейген Несіпбек: «Өлеңің шығыпты», – деді. Расында да, Оралханның өзі шағын түсінік жазған бір топ өлеңім суретіммен «Тұсаукесерге» жарияланыпты! Бұл, шын мәніндегі қуаныш еді. Ол кезде «Тұсаукесер» айдарымен бір жинағы шыққан жас ақындардың өзі таңдалып басылатын. Рахмет айтуға барғанымда: «Жол жүріп барам. Рымғали деген ағаң телефон шалып сені іздеді. Тауып ал. Оқуға түссең де, түспесең де бір соғып кет…», –  деді.

Міне, менің әдебиет әлеміндегі «Тұсаукесерім» осылай өтті. Бұл басылымның абыройы менің жаныма біраз азық болды. Септігін де тигізді. Енді бұрынғы бұрынғы ма,  өзін көргеннен кейін  еліктеу жайына  қалып, енді Оралханша елітіп өмір сүруге ұмтылдым… Қалай дегенмен де, менің сол бір бозбалалық ықыласымды аңғармауы мүмкін емес еді. Бауырына баса, іштарта бастады. Көбінесе сабақтан кейін, бесін ауа жұмыс саябырлағанда барамын. Тұңғыш жинағы баспаға дайындалып жатқанда: «Терісаққан неге теріс ағады? Кеңес заманына емеуірін танытып отырған жоқсың ба? Орыс кейіпкер: бұл сендердің жерлерің. Біз жатпыз, – деп неге Волга бойына көшіп кетеді. Ол ұлымен төбелескенде неге: арашалама. Бұл біздің ұлттық мінезіміз – дейді. Бура неге поезға соғылады? Аспан неге үнемі бұлыңғыр? Нені меңзеп отырсың?, – деп  өзінен астарлы саяси  қате іздейтінін айтып, содан кейін: «Біздің Алтайда…», –  деп әңгіменің бетін бұрып әкететін. Әдебиет бөліміне Сағат Әшімбаев келген соң пікір аясы көбіне әдебиетке қарай ойысып кетіп жүрді.  Редакцияға өзімсіп кіремін, бөлмелерінде ұзақ отырып, әңгіме тыңдаймын. Кейде Сағат келген хаттарға жауап жаздырады. Бұл мен үшін үлкен құрмет, кеудемді сондай бір мақтаныш кернейтін…

Қарашаның бір кешінде театрға бардым. Спектакльден соң Ор-ағаңды көріп қап, сәлем беріп ем, жанына сымбатты, аялы жанарлы, шашын түйген ажары ашық келіншек келіп, қолтығынан ала берді: «Мына сұлу келіншек менің әйелім. Аты – Айман. Көзін қарашы, көрдің бе, қандай аялы, жуылған мойыл сияқты. Мұндай аялы көз Алматының келіншектерінде жоқ. Ал мынау менің бауырым…», – деді сондай бір масаттанып. Бірінші Алматыда, Сейфуллиннің бойында пәтерде тұратын кездері. Аялдамаға шығарып салдым. Сөйтіп, аяулы Айман жеңешеммен де таныстым. Мұның өзі арамыздағы жылылықты бұрынғыдан да мейірлендіріп жібергендей болды.

Желтоқсанның екінші жартысында университетте М.Әуезов үйірмесінің дәстүрлі әдеби кеші өтті. Бес жүз адамдық мәжіліс залында ине шаншар орын жоқ. Мұқағали мен Тұманбайдан соң жастарға кезек берілді. Кеңшілік өзінің әйгілі «Көк өгізін» оқыды. Бір уақытта Бекділда   шығып: «Арамызда шашы ұзын шала Шекспир, толмаған Толстой пайда болыпты. Алтай қазақтарының тілі деп, Сәбит Мұқанов айтқандай, қытай қазақтарының тілімен қайдағы бір қияли кейіпкерлерді суреттейді. Бурамен поезды соғып, рельстен шығарғысы келеді. Көнені аңсап, қамшыгерді жазады. Мына дүниеауи құбылыстан хабарсыз көл жағасында жалғыз мекендеген, өзінің абыройын төгіп алғанын сезінбейтін қызды суреттейді. Дафнис пен Хлояны, «Қорғансыздың күнін» жаңғыртқысы келеді…», – деп өрекпи сөйледі. Ол кезде Бекділданың да бас асауы басылмаған шағы еді. Зал дуылдап кетті. Шешен мінбеден түсер түспестен Ор-ағаң орынынан көтерілді. Сұлтанғали Садырбаев ағамыз: «Оралхан! Ораш! Сабыр! Сабыр!», – дегеніне қарамастан сұқ саусағын шошайтқан күйі мінбеге шықты да: «Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов: ит қапты деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады – деген екен. Мен де аузымды былғағым келмейді», – деп мінбеден түсті де, басын шалқайта ұстап қайқая адымдап сыртқа шығып кетті. Зал үнсіз тынып, Ор-ағаңның соңынан көзімен ұзатып салды. Ол сол мінезімен шешеннің де, кешті жүргізушінің де, тыңдаушылардың да мысын басты.  Бұл – әдеби ортадағы айтысты тұңғыш көруім еді, дымым шықпай қалды. Сөйтсем, ол өзі кәдімгі пікір алысудың қалыптасқан желісі сияқты үйреншікті жай екен. Алайда содан бастап Ор-ағаң туралы Сәбең қоздатып берген әлгі білтелі сөз бықсымайтын болды.

Қыс айларында «Ұйқым келмейді» атты ұзақ әңгімесі жарияланды. Кәнігі оқырмандар: Оралхан өзінің басындағы уайымын жазған – десті. Қандай уайым? Үй алды. Құттықтап барып ем: «Балам болғанда ғой мен де үш бөлмелі пәтер алар едім», – дегені. Жүрегім шым ете қалды. Айман жеңешемнің аялы жанары мұңға толып тұратыны елестеді. Терезеге көзі жасаурай қарайды. Менің көзімнен де бір тамшы жас мөлт ете қалды. Орнымнан күбірлей қоштасып, сыртқа шыға бердім… Жазғы демалысқа шығарда бөлмесіне кірсем, көңілді екен: «О, мен де Алтайға барамын. Маралдардың дауысын сағындым. Шалғымен шөп шабамын. Аңғарды қуалап қана шөп бітеді. Күзгі жасаңды алшын дейді. Алатау сұлу болғанымен жасандылық бар. Арқыраған өзен, сарқыраған дариясы жоқ тау – тау ма. Алатайдың қиясынан тағалы аттың өзі жүре алмайды. Саған міндетті түрде көру керек. Ауылға барған соң шақыру жіберемін. Смағұл (Елубаев) өмір көремін деп Зайсанға жолдама алыпты. Ол құмның адамы. Тау оны менсіне ме? Көресің, сыймай қайтып келеді», – деді. Жаз бойы шақыру күттім. Шақыру келмеді. Сөйтсем, шекаралық аймаққа рұқсат алу қиынның қиыны екен.

Қазан айында дидарластық. Өте көңілді, жинақы, жүзі тау ауасына тотығып, қоңыр тартқан. Сол сәтін пайдаланып тұңғыш жинағы «Қамшыгерді» алдына қойдым. Қасын керіп, басын бір былғап қойып: «Тұрсын! Тәй-тәй бастың… Лайым бұғанаң бекіп, қанатың қатаюына тілектес – автор» – деп жазып берді де (күнін қоймапты), тартпасынан «Қамшыгердің» тағы бір данасын алып: «Мынаны саған сақтап отыр едім… Шақыра алмағаным үшін… Әй, әлгі апайыңның аты кім еді… Ай… Ай… Айымхан! Адам болғанымыз сол қыздардың арқасы. Соған жазып берейін», – деді. Кітапқа: «Айымхан! Өз бақытыңды тап!», – деп жазып берді де: «Сендерді жетімдіктен шығарды, енді өз бақытын ойлауы керек», – деді. Сол кітапты апайым Айымхан сандықтың түбінде сақтаушы еді марқұм (Міне, сырты тысталған сол кітаптың мұқабасын сипап қойып осы естелікті жазып отырмын. Іші толы сызық, леп белгісі, сұрақ белгісі екен). Қарашада өзіміздің журналистика факультетінде «Қамшыгер» бойынша студенттердің конференциясын өткізіп, мен баяндама жасадым… Өзі де шабыттана сөйледі. Бейімбеттің «Шұғасын» жатқа оқыды. Сол жолы «Толқын» атты әдеби журнал шығаруға уағдаластық. Алғысөзін Ор-ағаң жазды. Кейін ол  «Тасқын» деген атпен газетте жарияланды. Біз, студенттер, оны өзіміздің көкеміз (кумир) ретінде қабылдадық. Оның дене тұрқы да, тұлғасы да, киімі де, мінезі де, жазуы да  соған лайықты, еліктеуге тұрарлық тұлға еді. Сондай шағымды күндерде өзіне еліктеп жазған әңгімемді ұсына беріп ем, оқымастан: «Ақын боп танылдың. Ақын боп өмір сүр. Оқымаймын. Ендігіәрі көрсетпе маған», – деп  қайтарып берді.

Сонымен, шәкірттік кез де аяқталды, өмірдің ағысы еркіне бағындырып, тіршілік күйбеңіне алаңдатты. Өлеңге мүлдем бетбұрғандай едім, бірақ ішкі ділім қақпайлап әкеп, қара сөзді қаламның ұшына иіре бергенін өзім де аңғармай қалдым. Екі өлеңдер жинағын шығарсам да өрісім тарылып жүргендей сезіндім. Қара сөз бауырымды жаздырмай баурай берді. Оны Ор-ағаңа қалай айтамын… Ол «Жұлдызға» ауысып, проза бөлімін басқарды. Қалайда алдынан өтуім керек. «Бесқарагер», «Аэродром» хикаяттарым республикалық конкурстарда бәйге алды. Бірақ баспасөзге ұсынбадым. Ақыры «Шилі өзен қамыс-ай…» деген хикаятымды өзі жоқта тапсырып кеттім. Сөйтіп жүргенде қарындасым Төлеу, ұлым Алмастың қазасы килікті де өз күйімді өзім жоқтаумен әуре боп кеттім. Қаладан сырт Әлмеректе тұрғандықтан кешкі әдеби жиналыстардан қағыс қала бердім. Хикаятымды бас редакторға ұсынған екен, жақсы, бірақ табиғаттың апатын қасіретті мұңмен жоқтапты – деп қайырып беріпті. Мұның түпкі себебін әдебиет ауылынан алыста жүргенімнен көріп,  қоңылтақси бастадым. Анда-санда барып Сағат екеуінің әңгімесін тыңдаймын. Әдеби ортаның қызығы өзіне баурайды. Бірақ…

Өмір кіл мұңнан тұрмайды ғой. Көңілді, күншуақ сәттер де көп болды. Алайда сондай шақтарда Ор-ағаңның дауысын шығарып қарқылдап күлгенін естімеппін. Ақырын ғана мырс етіп, ішінен күледі екен. Соның бір-екеуіне тоқталайын. Бірде, Әлмеректегі көршім жазушы Тұрдыбек Алшынбаев таң атпай оятты. Қолында жеделхат: «Не істерімді білмеймін. Аякөздегі қайнағам, досым Ерғазы Рахимов: «Бірінші май күні таңертең поезбен барамын. Қалиханды, Оралханды, Қажытайды сағат он бірге қонаққа шақырып, күтіп отыр», – депті. Не істеймін. Сенімен ақылдасайын деп келдім», – деді. Несіне менімен ақылдасады? Жағдай жоқ па, әлде біреу қарсы ма? Бәрі орнында. Сонда не бөгет? Ештеңе. Енді не? Түсінбедім. Алшынбай ата: «Не істесеңдер де өздерің біліңдер. Құдама қойым дайын. Өз шаруаларыңды өздерің біліңдер», – деп бұрылып жүре берді. Қарындасы Кабира да екіойлы. Қойшы, сонымен қонақтарды шақыратын болды. Бірінші мамыр. Сағат он бірде Қал-ағаң, Ор-ағаң, Қаж-ағаң таксимен келіп түсті. Батасын күтіп қой тұр. Дастархан қайысып ол тұр. Бәрі дайын. Тек жеделхатпен қонақ шақырған адамның өзі жоқ.

Басында поезд кешіктіге санап, анда-санда Ерағаңды қағытып қойып жеңіл шәй ішілді. Сағат екі, үш болды. Алшынбай ата сыртта тұрып: «Ал, қонақтар бата беріңдер. Құдасыз да әр қайсың бір-бір қойға татисыңдар. Малға обал болды», – деді. «Бұл шынымен атасына тартқан болды. Аякөздегі сыбағамызды Алматыдағы Тұрдыбектің есебінен беріп, бізді бір жырғап тастамақ болған ғой. Мына, Оралханның досының бәрі өзіне тартқан шайқылау болып келеді», – деп Қала-ағаң нағашылана өзімсіп бата берді. Таңертеңнен қаңтарулы тұрған күтуші қыз-келіншектер әп-сәтте қуырдақты дайындап үлгерді. Әзіл аралас әңгіме барған сайын қызды. Бір уақытта нағашылы-жиенді екеуінің жекпе-жегі басталды да кетті. Қалихан ағаның сұқ саусағы шошая бастаса бітті, тоқтамайтыны белгілі. «Алтайда …», – деп бастап «кержақтарды» қосып, қайыңның тозынан күміс тостаған жасатып тынады.   Оралхан ағаның тақырбын «тартып» алғанымен қоймай: «Оралхан сен білмейсің, әлгі қайыңның тозынан жасалған күміс тостағанмен кержақтар балшарап  ішкен соң оны міндетті түрде бұтаққа іліп қояды. Өйткені…», – деп басып тастайды. Бір кезде шыдамы таусылған Оралхан: «Нағашы осы сіз Алтайда соңғы рет қашан бардыңыз?», – деді. «Мен елуінші жылдың аяғында ма, жоқ, алпысыншы жылдың басында ма екен. Ағайын қалмады. Сенің әкең шақырғанды білмейді…», – деп тосылып қалды. Сол-сол-ақ екен, Оралхан күдірейіп шыға келді, бәйгеден қалып, қыстығып тұрған аттай ытырыла: «Қалекең Алтайдан кеткен соң ол былай өзгерген», – деп әлгі айтылған әңгімелердің тонын аударыа айта жөнелгені бар емес пе… Қалекең ауызын аша берсе, не сұқ саусағын шошайта берсе болды: «Қалеке, сіз Алтайдан кеткен соң… Қалеке, сіз жоқта… Соғыстан кейігі жылдары емес, Қалекең білмейді, осы күні кеше… Қалекең кеткен соң туған балалар», – деп сөзін қағып алып,  актерлік мінезіне басып неше түрлі хикаяларды бірінен соң бірін ағыта берді. Екінті ауып кеткен кезде маған: «Әлгіден хабар бар ма? Аякөзден шығып па өзі», – деді. Сөйтсем, досының кешіккенін білдіргісі келмей, әлі де үмітін үзбей қонақтарды алдарқатып отыр екен ғой. Енді жасыра алмасын біліп: «Солай, Қалеке!..», – деп жан-жағына қарады. Дымы құрыған Қалекең: «Әй, мына жаман Бөкейдің жақсы ұлы апайыма тартқан екен. Ер жігіттің жақсы болмағы нағашыдан. Қой, әлгі әлі жоқ па. Келмесе қойсын. Бел жазып алайық», – деді. Ауылдың сыртына шығып, қара жолмен біраз жүріп, алыстан анық көрінетін аспанмен тілдескен Алатаудың қарлы басына қарап тұрып: «Біздің Мұзтау… анау шыңның басындағы ақша бұлт бар ғой, тура сол сияқты биік», – деді. Бой жазылды. Қонақтан күдер үзілді. Қойдың басы да мүжілді. Тағы бір үзілстен соң қас қарая шайға отырғанда сырыттан дабыр естілді. Іле ерініне тістеген «Беламордың» тұқылын тілімен талғап Ерғазы ағамыз кіріп келді. Еш нәрсе қаперінде жоқ, түк болмағандай   Қал-ағаңмен, Қаж-ағаңмен қаумаласып, қауқылдасып қойып Ор-ағаңның қасына отырып жайбарақат қана санын қағып: «Қалың қалай?», – деді де қалжыңға араласа  берді. Ор-ағаң үнсіз. Екеуі анда-санда бір тіл қатысып қалады. Сөйтсе, таңертеңгі жетіде Алматыға келетін поезға билет аламын деп, кешкі жетіге келетін поезға билет алған екен. Аякөздің вокзалының директоры досы, тіпті, орыс кассир де жоқ. «Е, атаңа тартқан екенсің ғой», – десті күлісіп.

Қас қарайып кеткен. Бір уақытта Алшынбай ақсақал кіріп: «Әй, батырлар! Қазақ құдасына басқа бата жасатпай, жамбас мүжітпей жатқызбайды. Ерғазы құда, бата жасап жібер!», – деп тағы бір қойдың басын есіктен қылтитты. Ер-ағаң асып-саспай, бір күнде екі қой сойғызғанына қысылып-қымтырылмастан елеусіздеу «аллауәкпарын» айтты. Өзгелер тосылып қалып еді, Ор-ағаң: «Қал-аға, менің жаман достарымның өзі бір күнде екі қой сойғызады. Ал сіздің достарыңыз ғой, екі рюмке коньяк алып берсең, атан түйе сойғандай болады», – деп жондана қалды. Қойшы, сол түннің әңгімемен қалай өткенін білмеймін. Қонақтар таң ата демалып, сәскеде Алматыға қайту үшін сыртқа шықты.  Ерғазы аға досымен бірге қалаға ілесе кетуі керек еді. Сыртқа шықпай айналсоқтап қалды. Есік алдында шүйіркелесіп жарты сағат тұрдық. Ер-ағаң шықпайды. Тұрдыбек пен Кабираш жүгіріп жүр еді, бір уақытта есік ерсілі-қарсылы ашылып, сол үйдің бар баласы зырыл қағуға кірісті. Тағы да жарты сағат өтті. Шыдамсызданған Ор-ағаң маған белгі берді. Үйге кірсем, ауыз үй мен төргі үйдің еденінің ортасына үйілмеген зат жоқ, әр  төсектің астында бір-бір бала. Темекісін тісіне жайбарақат тістеп Ерғазы ағамыз тұр. Бәрінің айтатыны: «Жоқ!» – деген бір сөз. «Әйтеуір құданың жалаңаяқ келмегені анық», – дейді Алшынбай ата. Сөйтсем, ағамыздың аякиімі таптырмай жатыр екен. Еденде сатала-сатала сарыла жалқақ қатқан, табанына бір елі қи қатқан  сақманшының бұзау бас бәтіңкесі тұр. Бір сағат іздегенде тапқандары осы екен. Енді бұл Ерғазы ағаныкі емесі анық, бірақ… кешегі оқиға есіме түсіп кетіп: «Осы сіз малтүгел емессіз бе, өзі?», – дегенімде – «Иә, малтүгелміз…» –  дей беріп ағамыз санын бір-ақ соғып, бұзаубасты бассалғаны: «Менің аяқкиімім осы болды. Мен үйден шығып бара жатқанда ауылдан сақман алып жүрген зоотехник досым кіріп келе жатқан. Мынау соның пәтіңкесі болды, соны байқамай киіп кеткен екенмін-ғой», – деп аяғын сұға бастады.

Ал, күлесің бе, ыза боласың ба, сол қозының шаранасы қатқан «пәтіңкені» кигізіп жіберетін емес, жууын жуасың-ау, бірақ иісі қалай кетсін. Осыны сырттағыларға айтып барғанымда ішек-сілесі қатқанша күлген қонақтар қалаға емес үйге бет бұрып, тағы бір шәй ішіп аттанды. Ор-ағаң ештеңе болмағандай досының арқасынан қағып қойып, неше түрлі күлдіргі әңгімелерді айта берді. Түс әлетінде Ер-ағаң досымен бірге қалаға кетті. Ой, алла, мұндай да аңғалдық, мұндай да малтүгелдік болады екен-ау деп таңғалып біз қалдық. Тұрдыбек ағаның менен жөн сұрап жүргені, аға-достарының «атасына тартып жүрмесін» деп жүргені, Ерғазы ағаның малтүгелдік сырына толық қанық болғандығында екен. Зады, бұл олардың бірінші көрген «құқайы» болмаса керек. Шындығында да, Ер-ағаң сол малтүгелдігінен арыла алмай кетті, марқұм. Келесі жолы бір келгенінде әйелінің сулығын киіп келіп, еркектің сулығын іздеткені бар. Бірақ ол «қылмысты» тез әшкереледік.

Бір нәрсесін ұмытпай жүретін адам – Ерғазы аға емес. Сол ұмытқан затын апарып беру үшін Оралхан ағаның үйіне келдім. Есікті Мәншүк апай ашып: «Е, екі туып бір қалған ағаңды іздеп келдің бе? Екі ғашық оңаша сырласып отыр», – деді. Залға кіріп барсам, екеуінің аяғы диванның екі басында, арқаларын түйістіріп алған, әңгімені соғып отыр… Жо-жоқ, бетін терезеге қаратқан Ерғазы темекісін сорып қойып әңгіме соғып отыр, бетін есікке қаратқан Оралханның екі көзі төбеге қадалып, тыңдап отыр… Сәл тосаңсып қалып, асүйге Мәншүк апайдың қасына бардым. Апайым күле қалжыңдап шәй жасады. Айман жеңгей келгенде ғана екеуі бастарын көтерді.  Екеуінің достығына  қатты сүйсіндім.  Кейін сол көрініс есіме түсіп, тура сол диванда менің де бір Ор-ағаңа арқа сүйеп отырғанымда Айман жеңешемнің: «Немене, Ерғазыны сағынып отырсыңдар ма?», – дегені бар. Осы Ерғазы ағаның «арқатүйістіріп» отырып айтқан әңгімесінің нәтижесінде «Өз отыңды өшірме» атты роман өмірге келді. Сөйтсем, «Түрксибке» қатысты деректер мен темір жол бойындағы тағдыр тартыстарын Ерғазы аға Аякөздің архивінен, елден жинастырып келіп, оны досына айтып береді екен. Әңгімелерінің желісін үзбейтіні де сол болып шықты. Сол роман жарыққа шыққан соң ешкім пікір білдірмеді. Ақыры: Оралханның қолы – әңгіме, повесть. Романға оның стилі келмейді – деген сыбыстар естіліп, ашық айтыла бастады. Бір әлетте маған: «Мені қорғайтын кезің келді», – деп емеуірін білдірді. Өзім сүйсініп оқыған роман туралы жазылған «Түрксибте тоғысқан тағдырлар» атты пікірім «Социалистік Қазақстанға» жарияланғанда: «Бүгінгі газет жақсы шығыпты. Кәрі-аға (Кәрібай Ахметбеков), Қажығали (Мұханбетқалиев), тым болмаса соны оқыңдаршы», – деп бір бөлмеде отыратын достарының алдында қоқиланып алғаны бар. Қалай дегенмен де, Ор-ағаң мен Ер-ағаңның арқа тірестіріп диванда жатқан кейіптері осы күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Қарындасы Мәншүк апай  айтса – айтқандай, екеуінің бір-біріне деген ықыласында қылау жоқ, сондай табиғи жарасым тауып тұрушы еді.

Содан, сын бөлімінің меңгерушісі Сағат Әшімбаев авторлық құқықты қорғау агенттігіне ауысты да, Ғафу, Бекежан, Ахат, Маршал, Оралхан, Софы, Кәрібай, Қажығали, Жарасқан, Шөмішбай, Марат сияқты «Жұлдыздың» жұлдыздарының»  үйіріне қосылып,   жазушылар одағының қасиетті шаңырағының табалдырығынан аттадым. Бұл өзі күнде ертегіге бергісіз өмір құбылыстары өтіп тұратын,   жақсылардың жанына жанасуға мүмкіндік беретін, жаншуағы мол да қызулы, өзіне ғана тән бас асауы мен  еркіндігі бар орта. Сүйенішім, демеушім сияқты Ор-ағаңды ықтай жүремін. Бұрынғыдан да етене тартып, қамқорлықпен қарайтын. Түстікте «Қаламгерге» барамыз, сонда   мені   қақпайлаңқырап апарып қасына отырғызатын да, есепті өзі айырысатын. Қалтама қол сала берсем: «Мен отырғанда шыбжыңдамай тыныш отыр. Ағайынды екен десін жұрт», – деп қоятын. «Шыбжыңдама» дегеннен шығады, Ор-ағаң анда-санда, ұл-қыз деп қарамай, осындай бір сөзді айта салатын. Қарындасым Төлеу қыршынынан солып, көңіл қаяуы басылмаған кез еді, «Жұлдыздағы» алғашқы айда бір оқыс иірімге тап болып, Рымғали, Сағат, Жәнібек, Несіпбек тал қарматты. Оны Ор-ағаң да естіпті. Бетімді жасқамай, көңілімді көтеріп қойды. Сонымен, маусым айында «Жұлдыздың» Жаңарқа ауданындағы күндерін ұйымдастыру үшін мені іссапарға жіберді. Ұйытқы болған Кәр-ағаң – Кәрібай Ахметбеков, ауданның бірінші хатшысы Мұхаметқасым Шәкенов досы екен және ол кісінің ата-баба қорымы сонда көрінеді. Ақселеу ағамыздың да ауылы осында. Жақсы қарсы алды, Бетпақтың ішін аралап, атақты әнші Игілік Омаровтың дауысын тыңдап, сапардың жобасын келісіп қайттым. Он бес күннен кейін Ахат Жақсыбаев, Кәрібай Ахметбеков, Оралхан Бөкеев, Жарасқан Әбдірәшев  бесеуміз Атасуға келдік. Одан Карл Маркс атындағы кеңшарда кездесу өткізе салып Кәр-ағаңның ата қорымына бет алып, жылқышылардың ауылына екінті ауа келдік. Құлынды көзімізше сойып, асауды көзімізше үйретіп, сөйте жүріп дастарханды сыртқа жайып үлгеріп, біз қағынып-сілкініп алғанша буы бұрқыраған қуырдақ пен жаужұмырды алдымызға тарта қойды. «Жортуылға жаратылған адамдар екен», – деп маған сыбырлап үлгергенше: «Иә, мына Өзаман деген жылқышымыздың әкесі елуінші жылдардың ортасына дейін кеңес өкіметіне бағынбай, Бетпақта өмір сүрген. Кешірім жасалған соң да көпке қосылмай жылқы бақты. Өзаманымыз күрестен Қазақстанның чемпионы», – деп түсіндіріп үлгерді аудандық үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Әліп Жайлыбаев ағамыз. Сонда да таң қалмағандай сыңай танытып: «Біздің Алтайда кеңес өкіметінің орнағанын елуінші жылдары естіген кержақтар бар», – деп қалды Ор-ағаң. Жаңарқаның жігіттерінің бітімі бөлек, шетінен ер көңіл, қайсы біріне таң қала бересің. Қымыз бойға жайылып, кешкі шапақ қызыл арайлана бастағанда шаруашылық директоры Кәрібай Қоңырбаев ағамыз  жылқышы Өзаманды шақырып, ән салуға пәрмен берді. Шынашақтай шымыр жігіт малдасын құра салып, бір білегінің жеңін сілкіп жіберіп, … шолтаң ете қалған молақ білегімен домбыраны қағып-қағып жіберіп, ән айта жөнелгенде бәріміз де селк ете қалдық. Тұла бойымыз шымырлап кетті. Қолы шынтағына дейін жоқ. Молақ. Сол сәттен бастап Ор-ағаңның бойы еріп сала берді… Жас кезінде оқыс оқиғадан соң білегіне дейін кесіп тастапты. Соған қарамастан Өзаман күрестен чемпион атанып, молтақ шынтағымен күй тартып, ән айтады екен! Бұл, шындығында да, ерлік! Көңілденгеніміз сондай, таң жарығы жерге толық жайылғанда ғана көз шырымын алуға киіз үйге кірдік. Көз ұйқыға бейім, көңіл ояу. Ор-ағаң мені жанына жатқызды, енді жастыққа  бас қоя бергенде: «Ал, жолдастар жатайық, қылға қылды матайық. Қызарғанды өшіріп, қызығына батайық», – деп қалғаным. «Өй, мынауың баланың жұмбағы…», – деп Ор-ағаң одан да қызықты «жұмбақ» айтты. Кәр-ағаң да құр алақан емес екен, әншейінде сөзге сабырлы Ахаң – Ахат Жақсыбаев: «Біздің бала кезіміздегі жаңылтпашымыз былай болатын…», – деді. Жарасқан да қосыла кетті. Қыза-қыза жаңылтпашқа, одан өтірік айтысқа, одан шын айтысқа көштік. Қойшы, дастарханға шақырғанда … сыртқа    шықсақ, киіз үйді айнала жантая жатқан адамдар, жазушылардың сөзін естиміз деп, бәрі құлақ түріп жатыр екен. Бәріміз, оның ішінде, әңгіменің қоламтасын қыздыратын Ор-ағаң мұны көріп: «Сөз түсінетін ел екен… Біздің Алтайдағылар: жазушы дегенің бір қырт ел болады екен. Таң атқанша ұйқы бермеді, әкіри – дер еді», – деп желпініп алып Бетпақ дала және оның адамдары туралы публцистикалық пафоспен сөйлеп: «Ақселеу сендердің көбіктеріңді ғана қалқып жүр екен ғой. Біздің ауыл – кержақтардың ауылы. Мынадай қазақы жерде өссем ғой, бар емес пе, әкіри», – деп жайлаудағы жылқышыларды риза етіп, көңілді аттанды.

Қойшы, сонымен жаңағы өтірік-шыны аралас әңгіме айтысы үш күнге созылды. Бір шаруашылықтан екінші шаруашылыққа: әңгіме тыңдаймыз – деп ілесе келгендердің өзі бір қонақысылық адам болды. Нұрғали деген жігіт басқарған шаруашылықтың мәдениетіне қатты разы болды. Екі қондырып аттандырды. Ең соңында Терісаққанға қарай ойысқан түпкі бір жайлаудағы бақташының үйіне қоналқаға алып келді. Жол шаршатқан. Ұйқылы-ояумыз. Шам жарығы күңгірт. Бір уақытта үлкен тайтабаққа салынған   қарақоңырлау бір дөңкиген нәрсені  ірікілдете алдымызға тарта қойғанда, бәріміз де қабанның бітеу еті екен деп шошып шалқалай бергенімізде: «Жігіттер, мұны біздің Арқада үйтілген бұзаудың еті дейді…», – деп Ор-ағаң ілгерлей берді. Кейін сұрасам, Ор-ағаң да мұндайды бұрын көрмеген, сол сөзді өзі де байқамай айтып қалыпты. Қойшы, келесі күні Манақтың бауырында Сәкен Сейфуллиннің жыр кешін өткізіп, Атасуға келіп «көже ішіп» қунап қалдық. Екеуміз таңатқанша биллиярд ойнадық. Кешке … Мұхаметқасым ағамыз үйіне шақырды. Айтыстың төртінші не бесінші күнге ауысқан мерзімі. Жазушылар да, жолдан қосылғандар да бар, бірте-бірте бәрі шеттеп шыға берді. Іріктеліп қана қалдық. Түнгі онға таман Ор-ағаң: «Біздің ауылда екі аяғы молақ, беліне дейін белгі жоқ Қайырды деген адам бар. Соны шөп піскен кезде әйелі ағаштың шөркесін қойып, атқа мінгізіп жібереді. Содан таудың басына шығады да, өзінің жылдағы шөркесіне домалаңдап түсіп, ұзын арқанды беліне орап, бір ұшын қарағайға байлайды. Өткір ғып қайрап алған шалғысын қолына алады да, бір жағына томпаң етіп жантая қалып, еңіске қарай домалай жөнеледі. Молтақ дене шыр айналғанда қолындағы шалғысы шөпті жапыра орып сайға бір-ақ түседі. Арқанды қолымен тартып тағы да төбеге шығып, тағы да домалаңдай жөнеледі. Сөйтіп жүріп қыстық шөбін шауып алады», – дегенде бес күн бойы өздері де өтірік әңгімеден дес бермей келгендер жағасын ұстап,   Ор-ағаңның алдында бастарын иіп еді. Кейін: Ақселеу мен Кәдірбек ағаны да осылай тосылдырған екен-мыс десіп жүрді. Онысын білмеймін, ал мына бес күндегі «шабысы» нағыз  тайбурылдың шабысы еді. Арасында: «Ахай, ахо-хоу» деген алтайлықтардың әуенімен ән де салып қоятын. Әңгіме айтқанда түсін бермей, күлмей, салмақты қалыпта, шындықты баяндап отырғандай салмақпен айтатын. Ол – бәсеке күшейген сайын адымы ашыла, бауыры жазыла түсетін бәйге аты сияқты еді. Бұған таң қалмау мүмкін емес болатын.  Талантты адам – қай қырынан көрінсе де – талантты. Сол сапарда менің бұған көзім анық жетті. Жыл сайын «Жұлдыздың» жұлдыздары жаңа жылды Алматы қонақүйінің мейрамханасында қарсы алады. Бұл өзі бір жыл сайын аңсап күтетін күн еді. Үй-ішілеріміз де араласып, бір-бірін танып, жақын араласуға негіз қалады. Сол күні Бекежан Тілегеновтен басқа ән айтып, өнер көрсетпейтін адам болмайтын. Тек қана Ғафакеңнің өзі ғана айтатын Қасымның «Дариға сол қыз» әні қандай еді. Ор-ағаң«Алтайдың әні былай…» – деп «Ахой, аха-хоуға» салатын. Айман жеңешемізбен де етене бауырласып кеттік: «Иә, біздің Ораш айтқандай», – деп қостап қоятын.

Бұдан кейін Алтайға бармау, оны көрмеу мүмкін емес еді. Сарқаптал досым Әлібек сарыкүзде сарыжағалданған Алтайға алып барды. Алыстан мен мұндалаған Ақсөре – Мұзтау, Рахман бұлағы, Бұқтырма сарыны, Ақбұрқақ сарқырамасы, бұғылар мен теңбіл маралдар көзімнің аясын толтырып, жан сусынымды қандырғанын айтпай-ақ қояйын. Мені одан да бетер таңқалдырған Ор-ағаңның анасы – Гүлия апа болды. Әлібек жүрегінің түкпірін мұң шымшып жатқан азамат қой, туаған ауылының орысша сылдырлап жатқан бұлағының атына «Мұңлық» деп ат қойып, анасымен дидарласып, Шыңғыстайға – Оралханның үйіне бет бұрдық. Бұқтырманың сарынының өзі «Кішкентай» атты күйдің әуенімен жүректі орап-орап кеп, лақтырып жібергендей, иіріле бұратылып барып, лықсый арындайды екен. Әйтеуір Қатын аңғарын бір түрлі ширықтырып тұратын сарын есітіліп тұрады. Шыңғыстай – аңғардың батыс бетінде, Бұқтырмадан бір-екі шақырымдай бөктерде орналасыпты. Сұлтанмахмұт сабақ берген Әбдікәрім болыстың ағаш мектебін көріп, беткейге ала салынған еңселі ағаш үйге келдік. Бізді Мәншүк апайымыз қарсы алып: «Апа, балаңыздың бауыры іздеп келді. Тапсыратын кісі таба алмай отыр ең», – деп өзінің еркешора мінезімен қарсы алды. Әлібек те жөн-жобаны түсіндірді. Сол-ақ екен Гүлия шешей сондай бір аңсарлы сарынмен, біресе жанын үзе жалғыз ұлын аманатқа тапсыра отырып, біресе күліп қойып, біресе жылап алып, бейнелеп айтқанда, күншуағы, бұршағы, өткіншісі аралас ауа райы сияқты  өзгере отырып, әңгіме желісін үзбестен ағытыла жөнелді. Арасында сусын беріп қояды:

«Жалғызымның досы болған соң іздеп келдің ғой мені. Әуелі алла, содан соң өздеріңе тапсырдым. Әйтеуір, Айманым жақсы кездесті. Сендерге аманат. Алматыға барамын дегенде, әуелі аллаға, содан кейін адамдарға аманттап жібергем. Қалы қалай? Мен бір жүрегі ауызына біткен адаммын. Арсалаңдап жақсылардан жанымды аямаймын, жамандарын жақсылардың ішіне орап жіберемін. Осында Орашымның бала күнгі досы бар. Күн сайын келеді: «Ораштың қалың білейін деп келдім, апа», – дейді. Сыбағасын беремін. Мыналар мазақ қылады: Ол балаңның қалын сұрап келген жоқ, өзінің қалын түзетейін деп келді – деп. Мейлі. Менің жалғызымды аузына алды. Алланың құлағына шалынуы мүмкін ғой.

Қарағым мен, жасымнан осындай алкеуде, ашық, пейілім құласа бітті, тасып жатқан Бұқтырмадан да атпен өте беретін адаммын. Өрге қарай көтерілген аттың құйрығынан сыпырылып түсіп, еңіске қарай құлдилаған аттың мойнынан асып түсіп жүріп өмірімді өткіздім. Кейін етженді тартқан соң ғана екпінім басылып қалды. Баяғыда, әлгі «халық жауларын» ұстап жатқан кезде еліміздің бір сыйлы азаматын ұстап әкетті. Енді қатыны мен бала шағасын ұстайды екен дегенді естіп қалып, екеуін тау ішіндегі кержақтардың «алапестерге» (ескі сенімдегілер өздерінен басқалардың барлығын солай атаған) арналған моншасының жертөлесіне жасырып қойып, түн ішінде тамақ апарып беріп жүрдім. Бір күмістелген қайыңтоз тостағанды моншаның алдындағы ағаштың бұтағына іліп қоям. Бөгде адамның келгенін білсе, кержақтар жоламайды (Сірә, Қалихан ағамыздың күміс тостағаны осы болса керек). Содан әйтеуір аман-есен Алматы жаққа кетті. Сонда, жаспын, енкібідішінектерден де, кержақтардан да, аю, қасқырлардан да қорықпай түнде жүре беретінмін. Әйтеуір, адам үшін арсалаңдаған бір адам болдым. Өзім күшті едім. Күреске де түсіп кететінмін. Ал андай-мындай жүктеріңді атқа өзім өңгеріп сала беретінмін («Ғайнида» суреттелген). Жігіттер таң қалып, кейбіреуі кешірім сұрайтын. Сөйтіп жүріп, Орашымды көрдім. Аязды күнде де омырауымды ашып қойып Орашымды емізіп өсірдім.

Ой, қарағым, әйтеуір, Орашыма көз қырларыңды сала жүр. Бауыры дейсің бе, Мәншүк? Ой, онда тіпті тілеуіңді берсін. Егер сәл қабағына кірбің түсті деп естісем бітті, тура Бұқтырмаға тартамын. Айтпады деме. Сенбейсің бе, менен ол да шығады. Баяғыда, Орашым ержетіп қалған кезде осында бір Мәрусә деген орыстың қызы пайда бола қалды. Ол құрғырдың қай жерде жүріп қыз болып қылтия қалғанын білмеймін. Құлпырып шыға келіпті.   Құдай атқыр Шыңғыстайда нағып жүр деймін. Күдігім дәл шықты. Орашым әлгі қызға ғашық екен. Үйленіп қойса қайтемін. Зар жылап отырып Орашыма түсіндірдім. Әкесінің бір кекимесі бар еді. Бір қисайса көнбейтін. Бұл да соған тартыпты. Енді аңдығаным ұлым болды. Клубқа барып аңдимын, қайтқанда аңдимын. Бір күні түс әлетінде сәнденіңкіреп үйден шықты. Бір уақта қарасам Орашым Бұқтырманың жағасына қарай қарды омбылап қайқая басып кетіп барады. Мәрусәмен сол арада кездеспек қой. Енді аянып қалмайын деп соңынан айғайлап тұра жүгірдім. Қу жалғыз қарамайды. Үстімдегі киімдерімді бірінен соң бірін лақтырып тастап, өкпем күйіп жүгіріп келемін. Ол да қиналады ғой. Жүрісін баяулатты. Жанына жақындағанда көйлегімді де жыртып лақтырып жібердім. Булығып шыдай алар емеспін. Шошып кетті: «Ей, қу жалғыз! Қайт үйге. Осыдан кетсең сен мені қайтып көрмейсің. Тура Бұқтырмаға ағып өлемін», – дедім. Сәл бөгеліп еді, Бұқтырмаға тұра жүгірдім. «Тоқташы», – деді. Тоқтадым. «Қоштасайын» – деді. «Жоқ, не алдыма түсіп үйге қайтасың, не менің сүйегімді Бұқтырмадан іздеп таба алмайсың орыс қатының екеуің», – дедім. Амалсыз алдыма түсті. Шашылған киімдерімді жинап, үстіме кигізіп отырды. Ой, мен сондай алкеудемін. Орыс та болса адам ғой, Мәрусә де түсініп, бұл ауылдан кетті. Сөйтіп барып тынышталдым. Шіркін, Айманым, міне, қазір, екінші ұлым болып отыр. Әттең… Жә, менің жалғызыма көзіңді сала жүр. Сендерге тапсырдым. Әнеукүні Махмұтқа да қатты тапсырғамын (Ор-ағаңның көлігін жүргізетін ұйғыр жігіті). Оған да сәлем айт. Ұмытып кетпесін. Жә, әлгі қуырдағың дайын болды ма, Мәншүк? Жүріңдер, тошалаға барайық. Мына Мәншүк те мені күтумен жүр. Анауүрпиген сары – кенжем Ғалия. Қолғанат. Алматыға көш – дейді. Ойбай-ау, Бөкейдің түтін түтеткен шаңырағын қайтып қаңыратып кетемін. Әй, Әлібек, – деп Әлібекке мойынын бұрды.

– Біздің шешеміз қалай екен? Ағаң тартып ба, мен тартыппын ба? Әлі Оралханның қолбаласы бол дейді, – деді Мәншүк апай өзіне тән еркелікпен.

– Е, бола ғой, жаным.   Құдай тілеуіңді берсін, – деп әңгімесін жалғастыра берді.

Кеш қарая жолға шықтық. Гүлия шешейдің сол бір кейуаналық болмысы, әңгімені әзіл, мұң, жігер араластыра айтуы, шешендігі, ең бастысы ұлына деген мейірімі, ыстық табы араға отыз жылдан астам уақыт өтсе де әлі де кеудеме басылып тұрғандай. Мұндай мейірім мен қайырымнан жартылған табиғи аналық болмыстан өзімнің ерте ажырап қалғаным, сол арқылы қаншама адами сезімнен бимағлұм жетілгенім есіме түсіп, тәп-тәуір мұңайып аттандым. Бұл екі ортада Ор-ағаң «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторының орынбасарлығына ауысыпты. Келген соң бірден Ор-ағаңның кеңсесіне бардым.  Құттыбосынға жеткізбей: «Иә, шешем қандай адам екен?», – деді. «Сізге қамқор болып жүруді тапсырды. Егерде менің шешем осындай болса және тірі болса, мен сізден екі есе артық жазушы болар едім», – дедім. Сондай бір масаттанған пішінмен сәл күлімсіреп терезеге қарап: «Ол кісі палуан болған. Менің иығымды көрдің бе, кең. Шешеме тартқам. Баяғыда…», – деп Алтай туралы әңгімесіне көшті. Осыдан кейінгі әңгімелеріне: «Сен көрдің бе? Сен көрдің ғой. Мына Тұрсын біледі», – деген қосымша куәлік сөздер қосылатын болды.

Бұдан кейінгі тіршілік ауаны қалыпты райға көшіп, өз ағысымен өте берді. Ол кісі – қырыққа, біз – отызға аяқ бастық. Сол тұста құрдастары да байырқаланып, «жеті жетімнің» үйіріне қосылды. Бір таң қалған мінезім мынадай. Ор-ағаңның «Біздің жақта қыс ұзақ» атты хикаялар жинағы шықты. Жыл қорытындысында жеңіл-желпі ғана аталды. Мемлекеттік сыйлыққа кезекті шығармалар ұсынылды. Ең соңында Ор-ағаң екпіндей мінбеге көтеріліп: «Жолдастар! Биыл Оралхан Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» атты хикаттар жинағы жарық көрді. Ұсынған шығармалардан бір артық-кемі жоқ. Қайта құрудың нақты тынысы бар. Мен сол дүниені ұсынамын. Ұсынысты хаттамаға қосып, дауысқа сауларыңызды өтінемін», – деді де түсіп кетті. Сол жинақ хаттамағаға кіргізілді, одақтағы талқылаудан өтті, мелекеттік сыйлық та алды. Міне, бұған ол кісінің актерлік қабілеті әсер еткені анық. Шығармалары Мәскеуде аударылып шыға бастады. А.Ким сияқты тәржімашы достарымен үйінде де, Мәскеуде де кезігіп жүрдік. Кейбіреуі біздің де үйден Ор-ағаңмен бірге дәм татып еді (А.Ким жиырма жыл өткен соң кездескенімізде мені танымады. Мен де өзеуреп жатпадым). Осыдан кейін…

Осыдан кейін Ор-ағаңның өміріндегі жаппай сәтсіздік кезеңі басталды.  Алғашында апайы Әймен дүниеден өтті. Содан кейін әкесі Бөкей, аяулы Мәншүк қарындасы … Содан кейін Гүлия шешеміз дүниеден өтті. Шыңғыстайдағы үй иесіз қалды. «Жалғыз қалды деген осы», – деп мұңайғаны әлі көз алдымда. Бұл екі-үш жылда жазу мәнері де ауырлады. Содан бір күні «Жұлдыздың» проза бөліміндегі өзінің орынында отырған маған келді де: «Мынаның жазылуы үш жылға созылып кетті. Қатаң қарап оқышы», – деп «Атау кере» хикаятын ұсынды. Алғашқы аты басқашалау болатын. Дереу оқуға отырдым. Анда-санда дәлізден ары-бері өтеді. Түскі үзіліске таяу оқып бітіріп, қолымды қойдым. Сол кезде өзі келе қалды: «Иә, қандай екен?», – деді. Бұл – бұрынғы Оралханның мәнерімен жазылған, бірақ, тереңдігі мен ой салмағы жаңа Оралханды танытатын шығарма екен. Ұрпақтың азуы, некелі-некесіз туған тұқымдардың қатыгездігі. Қазаққа тиген орыс қызының шау тартқандағы психологиясы. Менің ойыма Гүлия шешей үйлендірмеген Мәрусәнің тағдыры түсті. Бұл барынша қатыгез тағдырды барынша батыл жазған шығарма еді. Тек: «Ор-аға! Бір ұсынысым бар. Ана орыс кемпірі өлгенде жастығының астынан крест шықса қайтеді? Оқиға соны сұрап тұр», – дедім. «Ойланайын» – деді. Мені қарауылдап жүргендегі жоспары басқа болса да аялдамай бірден үйіне кетті. Айман жеңешеммен ақылдасқан шығар, кім біледі. Түс қайта келді де өзінің жаңадан қосқан үш сөйлемін көрсетті. «Атау керенің» жариялануы қазақ көркем ойына жаңа бетбұрыс әкелді. Әлгі үш сөйлемді кітаптағы басылымдарына кейін қосты ма, алып тастады ма, білмеймін. Шығарманың ауыр жазылуына бірінен кейін бірі  жалғасқан ауыр қазалардың зықысын шығаруы себеп болғаны анық. Мәншүк қандай өмірге құштар еді. Кейде тіксіне сөйлесе де еркешоралығы білініп тұратын. Ор-ағаңның өзінен айнымайтын. Сөйтсек, бұл үлкен қасіреттің басы екен.

Сол жылдары Ор-ағаңның кеудесіндегі дімкәсі белгі берді де алғашында үш ай, одан соң жарты жылдай емханалатып, ауруханалатып жүрді. Демалыс үйлеріне, соның ішінде «Түрксибке» алған жолдамасының мерзімі де әдеттегіден ұзағырақ созылып жүрді. Мен жазушылар одағынан ғылым академиясына ауысқандықтан да кездесу де сиреген кез. Қырымға кеткенін білемін. Әлдебір жұмыспен бірінші мамыр мерекесі қарсаңында одаққа кіріп бара жатқанымда қарсы алдымнан Айман жеңешем шыға келді. Қуана амандасып ем: «Мына кісі менің папам. Соны дәрігерге қаратып жүрмін. Кіре кетейінші деп келіп ем…» – деді де, кенет үлкен жанары жасқа емес, сондай бір өкінішті мұңға толып кетті. Үлкен кісінің жағдайы үмітсіз болды ма екен деген оймен: «Жазылып кетеді. Алаңдамаңыз. Аға келген соң бәрі де реттеледі», – дедім албырап. «Ағаңды енді көрмеймін… Қош», – деді де әкесін қолтықтап сыртқа беттеді. Төбе құйқам шымырлап кетті. Әлібектен, Дидахметтен мардымды жауап алмадым. Тек Қуанышба аға ғана: «Қиын боп тұрғаны рас. Оралхан ағаңның өзі демалысын бітірмей, мерекеден соң келеді. Соған дейін шыда…», – деді телефоннан. Шынымен, ақсақал үмітсіз бе, әлде… Бір тікеннің жүрекке қадалғаны рас еді.

Тағы да таңертең, тағы да сол дауыс: «Одаққа тез жет. Айман жеңешең оқыс қазаға ұшырапты», – деді. Қуанышбай ағаның: «Екі-үш күн болды, Айманның қасындамыз», – деген дауысы қатты алаңдатып еді. Мерекеден соң Айман жеңешем қызметке, ол кісі үйіне кеткен. Содан кейін Айман жеңешем пайғамбардың ақ жолынан адасып, ажал баспалдағын аттапты… Қалиқан ағаның бөлмесіне кірсем, Қал-ағаң, Әлібек, Дидахмет, Несіпбек төртеуі үрпиісіп отыр: «Үйдің есігі берік. Сені күтіп отырмыз інісі деп. Есігін ашайық…», – деді Қал-ағаң. Несіпбек одақта қалды. Төртеумізді көршісі Сайымжан Еркебаев қарсы алды. Кілтті менің қолыма берді. Бөлме сол қалпы. Жүгіріп Ор-ағаңның жазу бөлмесіне бардым. Ашық ақ қағаздың бетіне: «Ораш! Қош бол, Ораш! Бақыт тілеймін. Мен саған толық бақыт сыйлай алмадым. Ораш! Не істедің? Рас па? Қош, Ораш. Енді мен саған жоқпын. Қош. Айман», – деген мазмұндағы жазуды оқыдым. Қал-ағаңды, Әлібекті, Дидахметті сол бөлмеге шақырып оқып бердім де, хатты Қалихан ағаға ұсындым (Ол хат кейін прокурордың тергеу ісіне тіркеліпті). Төртеуіміз сол бетінде Ленинград көшесінің бойындағы №4 емхананың мәйітханасына бардық. Қайран аймаңдайлы Айман жеңеше! Кезекші хирургке жолығып едік: «Емханаға келгенде есі кірді. «Бәріне де өзім жазықтымын. Ешкімді кінәламаңдар», – депті. Аман алып қалудың мүмкіндігі болмапты. Ертеңінде еңіреп Оралхан ағаның өзі жетті. Мұны көріп, дауысын естіген адам, оны жеткізуге «ботадай боздады» деген сөздің аздық етерін мойындар еді. Айман апайдың бауыры Кенжехан да келді үнсіз жылап. Нұрсара апай бастатқан ауылдастары бар істі қолына алып, ауыртпалықты көтеріп әкетті… Жалбыз әкелдік… Күн, түн көз ілмедік: «Шын жалғыздық енді орнады. Айман менің шешем де, әкем де, апайым да, қарындасым да еді. Сендерсіз мен сол Айманды жерлей де алмас едім», – деп Нұрсара бастатқан ауылдастарына рахметін айтты. Жерлеген күннің ертеңінде мен де үйге қайттым. Айманның қазасын Одесса қаласында Анатолий Кимге айтқанымда, екі өкпесін ұстап дем ала алмай, көшеде отыра кетіп еді. Айманның қырқына мен бара алмадым… Ол бір тылсымдау күйде өтіпті.

Содан бастап Ор-ағаң  қабақ көтеріп қана амандасып, жақын сырласуға бармай, мені шеттете бергендей болды. Бастапқыда түсінбедім. Соңынан естідім. Үйленіпті. Айхан келді дүниеге, Айжан келді дүниеге… Кеңсесіне барғанымда әйнектің астынан Айман жеңешемнің суретін көретінмін. Шығармашылық туралы айтсақ та ашылып кетпей, тұйықталып жүрді. Сөйтіп жүргенде Қал-ағаңның үйіндегі қонақта қайтадан сондай бір ыстық бауырмалдықпен табысқандай болып едік.

Делиге ұшарда …көңілсіздеу күйде аттанып еді. Енді міне, табытын түнетіп отырмыз. От басындағылардың бәрі де көзіне шық тұнып, өз естеліктерін айтты. От өшті. Таң атты. Бұл енді қайтып Оралхан көрмейтін дүние жарығы еді.

 

ІІ.

 

Оралхан да өтті өмірден. Сол кезде  етбауырындай жабысып үйренген  жалғыз мен ғана емес,  бүкіл қазақ даласы өксіп тұрғандай сезілді. Екінші өмірі ешкімге салмақ түсірместен тілеулестерінің арқасында мәңгілік жолға түсті. Шындығын айтсам, Оралханның балалары Айхан мен Айжан бізді жатырқап өседі-ау деген ой ешкімнің қаперіне кірмеп еді. Сағыныш пен мұңға аңсары басылмаған ғұмырдың іңкәрінің нысанасындай болып олар да ер жетті. Ұзақ ғұмыр, толық бақыт берсін. Ғалия қарындасыммен жақын араласа бастағаннан кейін сол өксігім жеңілдегендей болды. Жиырма жыл бойы сан оқталып жаза алмаған естелікті де жаздырған да сол басылмаған өксік.

 

Тұрсын Жұртбай

9-24.09. 2012.

 

 

 

 

 

 

 

Алдыңғы жазбаАТТИЛА
Келесі жазбаҚұмда қала салғызған Фатима ханым