Қазақстан екі оттың ортасында қалды. Бірі жаһанды айдап өргізіп, иіріп жусатып отырған АҚШ болса, екіншісі өзге әлемді қайдам, алайда кешегі КСРО-ның шекпенінен шықан ТМД жұртын қақпақыл қылып ойнатып отырған Ресей. Жаңбыр жаңбырдың арасынан құрғақ шығу яғни өгізді де өлтірмей, арбаныда сындырмай екі алпауыттың кәрінен аман қалу, енді қиын-ау. Қысқасы, Ресейдің көңілін жықпай, Батыс әлемінің алдында «екіжақты» тірлік жасап келген Қазақстанның ойыны осылып қала жаздады. Тарқатып айтар болсақ, болған жайдың мән-маңызы былай. Ресей Украинаға басқыншылық соғыс жасап, басып кіргелі бері, АҚШ бастап, Еуропа қостап санкция жариялады, құрсауға алды. Ал, құрсауды айналып өтіп Мәскеуге көмектескісі келетіндерде жазадан құр қалмайтынын Батыс ескертті. Санкция діңкелеткен әрі соғыстан титықтаған Ресей тал қармауға көшті. Діні бір, тегі бір «совхоз директоры» басқарған Беларустен пайда жоқ. Өйткені Ресейге одақтас болам деп жарамсақтанған Лукашенко да, мемлекеті де Батыстың санкциясына іліккен. Ал, жеті жарым мың ортақ шекарасы бар һәм көп тармақты саясат ұстанып отырған әрі Ресейге «ілтиаты» ерекше Қазақстанның жөні бөлек. Содан ба, санкцияның құрсауында қалған Ресей компаниялары күн көрістің күйін күйттеп, қысқа уақытта дүрк көтеріліп Қазақстанға көшіп келіп, тірлігін жалғастырған. Әрине мұның артында Мәскеудің жымысқы саясаты жатыр деуге болады. Әлгі компаниялар арқылы әскери техникаға қажет аса қат құралдарды санкцияны айналып, Қазақстан арқылы ала бастаған. Бұл АҚШ пен Еуропаның назарынан тыс қалмағанға ұқсайды. Жыл басында Астанаға арнайы ат басын тіреген АҚШ Мемхатшысы Энтон Блинкен «Әй қазақ баласы, жұрттың көзін ала бере Ресейге көмектескенді қой. Бүйрегің бұрып тұрса, не сол елмен бірге бол, не өркениеттің ошағы болып отырған Батысқа бетіңді бұр! Енді гәрі, көп векторлы ұстанымның мәнісі бола қоймас. Не Ресей, не Батыс. Бірін таңда. Әгәрәки таңдауың Мәскеуге түссе, ойының осылады. Жақсылық күтпе!» деген рәуіште қатаң ескерту жасаған еді. Бірақ ресми Астана АҚШ Мемхатшысының сөзін жүре тыңдады ма, әлде Кремльдің сұсты қабағынан қаймықта ма, астарлы «ойын» өрнегін баяғыша өрбіте берген. Алайда көпке созылмады. Өткен аптада екпіні өрт сөндіредей болып жеткен АҚШ, Еуроодақ, Ұлыбританияның өкілдері әңгімені қысқа қайырды. Дөң айбат көрсетті. Олардың айтуынша Ресейге бармауы тиіс таулар, үшінші елдер арқылы барып жатқан көрінеді. Бұл елдердің қатарында Қазақстанда кіреді-мыс. Санкцияға енгізілген тауарларды Қазақстан көп мөлшерде сатып алып, артынша Ресейге экспорттап отырыпты. Мұның бәрін Батыс моншақтай етіп тізіп берді. Ескертті. Талап етті. Ендігі сөз ресми Астанада. Осы тұста, былтырғы ресми дерекке қарасақ, Қазақстанмен Еуроодақ арасындағы сауда -саттық 2 млрд. долларға артып, 8 млрд $. болыпты. Қазақстанның Ресейге экспорты 25 пайызға ұлғайыпты. Наурыз айында шетелдік Bloomber былтыр Қазақстаннан Ресейге әскери техникаларға аса қажетті микрошиптермен жартылай өткізгіштер экспорты 300 еседен асқанын жария еткен еді. Батысты түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырған осы мәселе екен. АҚШ Қаржы министрінің қаржылық қылмыстарға қарсы күрес жөніндегі көмекшісі Элизабет Розенберг «Ресейге қарсы қойылған шектеулерді айналып өтіп, көмек беріп жатқан қазақстандық компаниялармен банктерге қайталама санкциялары салынуы мүмкін» дегенді бекер айтқан жоқ. Демек Батыста Қазақстанғада санкция салу мәселесі көтеріле бастағанға ұқсайды. Бұл жақсылықты нышаны болмаса керек-ті. Осы жерде РесейдіңУкраинаға соғыс ашқан кезден бастап,Қазақстанмен екі арада экономикалық қарым-қатынасы қалай өрбіді дегенге тоқтала кетейік. Мәселен, 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Ресейдің қатысуымен тіркелген заңды тұлғалар мен Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындарының саны өткен жылғы көрсеткіштен 41,7% – ға асып, 23 179 компанияны құраған. Бұдан тыс, соғыс басталғалы тағыда сол Ресеймен Беларустың 5 мың жүк таситын көлігі тіркеліп, қазақстандық квотаның арқасында санкцияны айналып өтіп Еуропадан жүк тасуды іске асыра берген. Мұның бәрін Батыс барлап, жіпке тізіп отырса керек. Енді келіп соны Қазақстанның бетіне салық ретінде басып отыр. Онсызда «шикізат отаны» деген атауға ие болып, тек мұнаймен газға ғана арқа сүйеп отырған Қазақстанға санкция енгізілсе, ел экономикасы төтеп бере ала ма? Демек, «қара алтынмен» «көгілдір отын» саласы құрсауда қалса, нағыз күйзеліс сонда басталуы мүмкін екендігі айтпасада түсінікті. Өйткені ел бюджетінің 80 пайызы осы мұнаймен газды сатудан түсіп отыр. Енді, Қазақстанға қазіргі геосаясатты таразыға тарта отырып, бір жаққа шығу ғана қалды. Олай болмағанда, «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кебін кигелі тұр. Қайтпек керек? Тағыда мысалға жүгінетін болсақ, былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналым 26,1 млрд долларға жетіпті. Қазақстанның Ресейге экспорты 25 пайызға (8,8 млрд$) өскен. Ресейдікі 1,5 пайызға (17,3 млрд.$) төмендеген. Ал, Қазақстанмен Еуроодақ (ЕО) арасындағы тауар айнылым 2022 жылы 2021 жылға қарағанда 26,6 пайызға өсіп, 40 млрд. долларға жеткен. Жалпы ЕО -ның Қазақстанға салған инвестициясы 160 млрд. доллар. Ал Ресейдің соңғы 17 жылда Қазақстанға құйған инвестициясы не бәрі 19 млрд. доллар ғана. Сонда кім тиімді? Еуроодақ әлде Ресей? Осы тұрғыдан келгенде ресми Астана кімнің сойылын соғарын мықтап безбенге салуға тиіс. Әрине, Қазақстан экономикасы негізінен Ресейге тәуелді (Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындамыз) болғандықтан, Мәскеумен бет жыртысу бізге қиынға соғары хақ. Амалсыз, екі үстелге бірден отырып, «сен жақсысың және сенде жақсысың» деген екіұшты саяси ойынды жалғастыра беруге тура келетіндей. Айтпақшы, Элизабет Розенберг бастаған Батыс өкілдерінің ескертуінен кейін, Қазақстан ресейліктермен беларустарға қаржы операциясын шектейтінін мәлім етті. Еске сала кетсек, елімізде осы екі елдің 162 мың азаматының есепшоты бар көрінеді. Әрине қаржылық шектеу талаптың бір қыры ғана. Ең бастысы Батыс Қазақстаннан азаматтық және әскери мақсатта қолданылатын екі жақты мүмкіндікке ие құралдарды Ресейге бермеуді, өз жерінен тасымалдамауды, экспорттық бақылауды күшейтуді қатаң ескертті. Әйтпесе Ресейге салынған қылбұрау Қазақстанныңда мойнына ілінбек екенін қадап айтты. Алдағы уақытта, Қазақстан тарапы бұрынғыдай Ресейдің санкцияны айналып өтуіне көмектеспейтінін айтып, жалпақшешей тірлігін жалғастыра бере ме, әлде санкцияға байланысты нақты істерге иек арта ма? Белгісіз…
Әңгімеге тұздық
Қайырбек Арыстанбеков, Экономикалық саясат институтының директоры:
Ресейдің айтағы, Батыстың қылбұрауы…
Ресей Украинадан Қырымды тартып алған 2014 жылдан бастап есептесек АҚШпен Еуропа елдері Мәскеуге қарсы 10 санкциялар пакетін қабылдаған екен. Бұл өте қуатты, зардабы күшті санкциялық пакеттер. Ресейдің қаржы, экономика салалары, жеке және заңды тұлғалары бәрі осы санкцияның шеңгеліне ілікті. Алдағы мамыр айының соңында Ресейге қарсы 11 санкция пакеті қабылданбақ көрінеді. Егер ол жүзеге асса Ресейдің жағдайы тіпті қиындап кетпек. Осы жерде анықтап айта кететін бір жайт, бұл 11 санкциялық пакет тек Ресейге ғана арналмаған. Бұл осыдан бұрын қабылданған санкцияларды айналып өтіп, Мәскеуге көмектесіп келген мемлекеттерге жәнеде нақты заңды тұлға-компания, банктерге арналған. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей масқара болғанда бұл тізімге Қазақстанда кіріп кеткен сықылды. Содан болар өткен аптада Қазақстанға ат басын тіреген Батыс елдерінің өкілдері ресми Астанаға «егерде мамырдың соңына дейін Ресейге көмектескендеріңді тоқтатпасаңдар, бізге өкпелемеңдер» деген кейіпте ескерту жасады. Бұдан біз жедел түрде қортынды жасауға тиіспіз. Әйтпесе жағдай белгілі… Тағы бір мәселе, Ресей мен Украина қақтығысынан бұрын Қазақстан импортының 40 пайызы Ресейге тиселі еді. Сондықтан біздің валютаның бағамыда Ресейге тәуелді болды. Рубль құласа, теңге теңселді дегендей… 2014-15 жылдары Ресейдің кесірінен валютамыздың бағамын ұстап тұрамыз деп Ұлтық қордағы 27 миллиард доллардан айрылып қалдық. Мұны ұмытпауымыз керек. Сондықтан Қазақстан Батыстың ескертуінен қортынды шығаруы тиіс. Олай болмаған жағдайда Батыстың санкциясы Қазақстанды айналып өтеді деу бос сөз. Нағыз қаржылық һәм экономикалық апат сонда болмақ. Егерде, Мемлекеттің, ұлттың мүддесін көздесек, біз Ресейдің айтағына ілесіп, Батыстың қылбұрауын мойнымызға ілмеуіміз керек!
Күлтегін БЕК