Home Басты жазба Дос Көшім: Халықты көшеге шығаратын алғышарттар өзгерген жоқ!

Дос Көшім: Халықты көшеге шығаратын алғышарттар өзгерген жоқ!

401

Елімізді қан қақсатқан Қаңтар оқиғасынада екі  жыл толды.   Елімізде не  өзгерді? Ақиқат айтылды  ма,  шындық  шешілді ме?Әлде қоғамдағы  түйткілдер  сол күйі  «баяғы жартас, сол  жартас  қалпында»  қалды  ма? Осы  мәселе  бойынша  белгілі қоғам қайраткері Дос Көшіммен dodanews.kz тілшісі   тілдескен  еді.

– Қаңтар  оқиғасы, оқиға  ма,  көтеріліс  пе, әлде әділетсіздікке қарсы  әлеуметтік жарылыс  па?
–  Меніңше, әділетсіздікке қарсы, ұйымдаспаған түрде басталған, табиғи әлеуметтік жарылыс. Мүмкін, ол дәл осындай қанды қырғынға ұласатын әлеуметтік жарылыс деңгейіне жетпес те еді, егер билік, өздерінің арандату әрекеттерімен отты қаузап жібермесе…
– Қаңтар  оқиғасынан  қандай  қортынды  жасауға болады?

– Қаңтар оқиғасынан «Билік бұндай қанды қырғыннан ешқандай сабақ алмайды екен» деген қорытынды жасар едім. Бұның да қорытындысы (егер қорытынды жасалды деп ойласақ, қабылдасақ) бұрынғы Желтоқсан, Шаңырақ, Жаңаөзендегідей қалыпта қалды. Жазаға тартылғандар – бар, жазалаушылар – жоқ, көшеге шыққандар – бар, бірақ көшеге шығуға алып келген әділетсіз қоғамды жасаушылар жоқ, халықтың «азамат» деп танығандары – бар, бірақ билік – оларды танығысы да келмейді. Соттар – бар, бірақ сол сотта не болғанын – қоғам білмейді… «Мемлекеттік төңкеріс жасаушы», ең күшті құрылым – бар (бұл – биліктің гипотезасы), бірақ әуежайды мектеп мұғалімі мен журналист қыз «басып алдыпты-мыс». Билік дәл осындай, бір-бірімен үйлеспейтін «шындықтарды» Жаңаөзенде де, Шаңырақ шайқасында да алдымызға тартқан. Осы уақытқа дейін саналы оппозициясы қалыптаспаған, демократиялық институттарының аты бар да заты жоқ, бұрынғы коммунистік партияның әкімшілік-әміршілдік жүйесі өзгермеген (ол қалай өзгерсін, егер билікте сол компартияның белсенді өкілдері отырса…) мемлекет бұндай трагедиялардан ешқашан сабақ алмайды. Олар үшін ең бастысы – билікті сақтап қалу. Ол үшін Мәсімовті де, экс-президенттің туысқандарын да құрбандыққа шалуға болады.

– Қаңтар  дүрбелеңін  ұйымдастырғандар кімдер,  олар  алға  қандай  мақсат  қойды? Сіздің  болжамыңыз?

– «Дүрбелең» деген сөздің өзі – оны нақты ұйымдастырушы саяси бір күштің болмағанын көрсетеді. Халық әділетсіз биліктен, шексіз жемқорлықтан, жасанды сайлаудан,  ұлттық мәселенің, онық ішінде, қазақ тілі мәселесінің шешілмегендігінен, т.т шаршады.  Әрине, «Жаңаөзенді қолдау» – халықтың ашу-ызасын шығарудың бір түрткісі болды. Халықтың, көшеге, алаңға шыққан азаматтардың ащы айқайы шектен шығатын деңгейге жеткенде талай жыл дайындықтан өткен арнайы арандатушылар араласты деп ойлаймын. Олар саяси талапты айтқызбай, жастардың басым тобын бүліншілікке бұрып жіберді. Бірін-бірі тыңдамайтын дүрбелеңнің басты әрекеті – өртеу, тонау, қирату болды. Билікке де керегі осы болатын-ды. Олар бесінші қаңтарда бұл мәселелерге әдейі жол беріп (естеріңде болса, сол күні ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері «ешнәрсеге араласпай, үйлеріңе барыңдар» деген бұйрық та алған), арандатушылардың арқасында бейбіт жолмен басталған жиынды «тонаушылар тобыры» деңгейіне алып келген соң ғана «ескертусіз ату» деңгейіне келді. Меніңше, әуежайды қорғап тұрған әскерилердің «дер кезінде» кетіп қалуы да осының айғағы.

– Қаңтардағыдай  жағдайдың  алдағы  уақытта  қайталануы мүмкін  бе?

  – Әбден мүмкін. Себебі – ешнәрсе өзгерген жоқ. Не саяси реформа жасалған жоқ (сайлау заңына «барлық үміткерлерге қарсымын» деген графаның енуі мен «саяси партиялардың тізімінде 30 пайыз әйлердер болуы керек» деген ең ақымақ талапты «түбегейлі, терең реформа деп қателіктер талданып, сараланып, кінәлі жандар жазаға тартылған жоқ, немесе ұлттық құндылықтар – тіліміз, дініміз, мәдениетіміз жаңа бір деңгейге көтерілген жоқ. Бұрынғы адамдар – жаңа ұран («әділетті қазақстан», «жаңа қазақстан», «еститін үкімет», т.т.). Ұран биліктің өзіне керек. Олар биік мінбелерден сөйлегенде, осы ұрандарды қайталаудан жалықпайды. Өздерінің бес-алты жыл бұрын басқа ұрандарды айтқандарын («рухани жаңғыру», «мәңгілік ел», «30 елдің қатарына қосыламыз», «елбасының арқасында», т.т.) ұмытып та кетеді. «Жаңа Қазақстанбыз» деп жүрген жандардың барлығы, президенттен бастап, бұрынғы Қазақстанның өкілдері. Кімді алдаймыз? Қоғам өзгерген жоқ, демек,  халықты көшеге шығаратын саяси-экономикалық, әлеуметтік алғы шарттар да өзгермеді.

 

Әңгімелескен

Қайрат Болатұлы

Алдыңғы жазбаҚайдасың, қарымды қыл қалам иесі?
Келесі жазбаАлаш ардақтысы Сәкеннің видеосы табылды