– Өзіңмен қатарлас ақын қыз-жігіттерге қарағанда, оқырман сені көбірек таниды, көбірек оқиды. Мұның сыры неде? Қаламыңның қарымдылығы ма әлде бойдағы дарынның сұңғылалығы ма?
– Мені өзгелерден даралап тұратын өлеңдегі шынайылық шығар. Не көрдің, жандүниеңмен не сезіндің соны қаз-қалпында, артық әсірелемей жеткізе алсаң – ұтқаның. Өлеңді оқырманың оқып отырып, «түу, мына сезім менің де басымда болып еді ғой» деп ойласа, онда өлеңдегі жетістігің. Жүрекке жеткені. Өлеңнің техникасын меңгеріп, қолдан қиюластыру – мен үшін жат. Мен – сезімнің адамымын. Мені біреу тек «сезім, жастық, махаббатты» ғана жырлайтын жылауық, қияли ақын дер. Бірақ менің өлеңімде менің болмысым бар. Адамның жас кезінде айналаның бәрі мөлдір, бәрі кіршіксіз таза болып көрінетіні рас. Өмірдің көлеңкесінен гөрі, күнгейін сезінуге, кісіге өкпелемеуге, кек сақтамауға тырысамын. Қыз баланың, жалпы әйел ақынның өлеңі тек тазалықтан тұрғаны жөн деп ойлаймын. Жұп-жұмыр, іші үлпілдеген сезімге толы өлең қашан да ақынды айшықтап тұрары даусыз.
– Бәлкім сені өлеңіңмен қатар танымал етіп тұрған, бойыңа біткен сымбаттылық пен сұлу бейнеңнің де әсері болар? Өйткені әлеуметтік желілерде жарияланған өлеңдерінің соңына жазылған жұрттың пікіріне қарасақ, «өлеңің де әдемі, өзің де әдемісің» дегенді көбірек оқимыз.
– Мүмкін. Сұлулық – Алланың сыйы. Танымаған ортада жан сұлулығынан гөрі тән сұлулығының бәсі басымдау. Оны жоққа шығаруға болмас. Фейсбукта не болмаса өзге әлеуметтік желілерде жарияланып тұратын өлеңдерімді жұрт сонда тұрған суретіме қарап қана бағалай салуы да мүмкін. Сұлулыққа кез келген жан көз тоқтатады. Ажарыңнан ақылың үстем болып тұрса ғажап емес пе? Дегенмен өзімді ажарлымын деп, иә ажарсызбын деп айта алмаймын. Ең бастысы, үйдегі ұлдарыма жақсы ана бола алсам, өз сұлулығым сол дер едім. Әйелдің ажары таяды, базары тарқайды. Ең бастысы, бойыңда қалатын тазалық пен адалдығыңды сақтай алсаң, сұлулығыңа сұлулықпен жауап бергенің сол дер едім.
– Сенің өлеңдерің тек махаббат, аңсау, сағыну, сүю, жақсы көру, ұнатудан тұрады. Үнемі сезімді шиырлай беру түбі бір тоқырауға алып келеді деп ойламайсың ба?
– Махаббат тақырыбы – мәңгілік тақырып. Ақындар ол тақырыпты айналып өте алмайды. «Махаббатсыз дүние бос…» деген. Абай атамыз. Алла ғұмыр берсе, елу-алпысқа жасымыз жеткенде «сүйем-күйем» деп жазу ұят болар. Ал жас кезіміздің сәулелі сәті болсын деп сезімге бой алдырып, қалам тербеп жатсақ, несі әбес. «Махаббат жайында жазайыншы» деп әдейілеп отырмаймын. Шындығында айналаның өзі, өмірдің өзі махаббат. Күннен бұрын күліп оянып, ыстық шайыңды ықыласпен ішсең оның өзі де махаббат ғой.. Жақсы көрсем, ұнатып тұрсам, онда сезімді қалай ішке қамап қоямын. Ондайда ыстық сезім, ақ қағазға жыр болып өздігінен құйыла қалады.
– Қолына қалам ұстаған ақын апаларың, өзінің тұстастарың тіпті сіңлілерің жеткілікті. Дегенмен солардың арасында жаныңа жақын тұтатындар бар ма?
– Шынымды айтайын, маған Күләш Ахметова апамыздың адамның ішкі иірімдеріне тереңдей түскен өлеңдері ұнайды. Ол кісінің өлеңдерінде қазақ әйелінің ішкі сезімі бар. Жібектей есіліп тұрады, нәзік. Жан дүниеме дем берді, шабыттандырды. Ол өлеңдерден өзімнің қандай екенімді тауып алғандай болып тұратынмын. Соның әсері ме, Күләш апамның өлеңдерін жас кезімнен іздеп жүріп оқыдым десем, өтірік айтпағаным. Өзге де ақын апаларымызды шет көре алмаймын. Бірақ Күләш апамның өлеңдері өзгеше болады да тұрады. Бұл тізімге Қанипа Бұғыбаеваны да қосар едім. Ол кісінің жырларынан кеңдікті, дархандықты, көремін. Ер мінезділікті білдім. Күләштән жып-жылы әйел табиғатын тапсам, Қанипадан қазақ әйелінің кеңдігін, жомарттығын таптым. Өз қатарластарыма келетін болсам, бөліп-жаратындай ешкім жоқ. Бәрін де сыйлаймын, көзім шалған өлеңдерді қалт жібермеймін.
– Исі қазақтың үлкен жазушысы Оралхан Бөкей: «Мен шығарманы сары күзде мұңға батып отырып жазғанды жақсы көремін» дегені бар. Өлең қай кезде туады?
– Мен белгілі бір мезгілде жазамын деп айта алмаймын. Көңіл-күйіме байланысты. Қар жауып тұр ма, жаңбыр жауып тұр ма, әлде дауыл ма көңіл-күйіме өзгеріс әкелмейді. Өйткені сүю деген, оны сезіну деген белгілі бір уақытқа, мезгілге тірелмейді. Дегенмен күзді – сағыныш символы, қарды тазалық деп танимыз. Табиғаттың әр мезгілі, әр сәті шығармашыл жандардың жүрегінен өтері анық. Ең бастысы, жүрегің ізгілікке ұмтылып тұрса, шабыт сенен шатқаяқтап кетпейді.
– Дегенмен жастар поэзиясында «интимдік» сәттерді суреттейтін өлеңдер баршылық. Тіпті осы тақырыпқа жазып жүрген ақын қыздарымызда жоқ емес… Десек те, құмарлық пен ғашықтық екеуі екі дүние емес пе?
– Неге екені қайдам, өлеңдерде «бел», «ерін», «құшақ» деген сөз тіркестері кездесер болса, «мынау «интимдік» өлеңдер жазып жүр» деген қаңқу сөздер айтылып қалады. Ең бастысы, «интимдік өлең» дегеннің мәнін білу керек секілді. Мысалы менде:
Ыстық ернім, от ерніңе табысып,
сезіміміз жатса шіркін алысып.
Өрт деміме өмір кетсе өртеніп,
жалғандықтың жағы қалса қарысып, – деген жыр жолдары бар. Бұл жерде сорақы ештеңе жоқ. Кез келген пенденің өмірінің рахатты сәттері ол-шынымен де біреуді жақсы көру, біреуге еркелеу, соның қасында бақытты сезіну ғой. Одан неге үркуге болады?
Деміңменен өртедің де бір демде,
нөсер болып шашылдың.
Жауыныңның жауратпасын білдім де,
қауыз болып ашылдым.
Әппақ бұлтты бесік етіп тербеттің,
аспаныңа асылып.
Шөліркеген шөл далаға мен кеттім,
құмға ізімді жасырып.
Бұл жерден интимдік нәрсе көріп тұрсыз ба? Бірақ ішіңіз біліп отыр. Сондықтан бәрін жалаңаштап жазу керек емес. Өлеңнің жан-дүниесінде жұмбақтық жасырынып жатса керемет емес пе? Оның үстіне әйел адамның жыры болса… Әйел поэзиясында қылық, еркелік, наздық жетіспейтіндей көрінеді. Өрлік, ермінезділік дегенді көбінесе қолдан жасап аламыз. Сүйіктісін қарғап-сілеп, өшігіп отырған қыз-келіншектерді елестетеді. Өлеңде сүйгеніңнен бір саты төмен тұрып, еркелігіңді сездірсең, ашуыңды ақылға жеңдірсең оқырманыңды да іштей сүйсінтесің деп ойлаймын.
– Өлеңдеріңді жатқа білесің бе?
– Тоқсан пайыз жатқа білемін. Жалпы, бала кезімнен есте сақтау қабілетім жақсы. Өлеңімді жазып бола сала ішімнен қайталап оқып жүремін. Көпшіліктің алдына шығып өлең оқымағаныма көп болды. Себебі, менің өлеңдерім сахнаға шығып, қолды сермеп тұрып оқитын өлеңдердің қатарына жатпайды. Өзіңмен өзің қалғанда, оңашада іштей оқитын өлеңдер. Фариза апамыз «теріс қарап төсекте оқитындар, солар менің жақындау тағдырыма» деуші ме еді… Бірақ менің өлеңдерім сахнаға, сауық-кештерге арналмаған. Әйел әлемін барынша жырлағым келеді. Әйелдің ішкі арманы, ішкі сезімі, аңсау мен сағынудан тұратын жылдарын жеткізгім келеді.
– Өлеңдеріңе ән жазғандар болды ма?
– Иә деуге болады. Бес-алты өлеңнің әні бар. Белгілі бір әншілердің аузымен айтылмаған соң, хитке айналған жоқ. Белгісіздеу болып қалды. Жалпы, «әніме, өлең жазасыз ба?» дейтіндер көп. Бірақ мен бір қалыпқа салып өлең жазғанды ұнатпаймын. Өйткені «ақ құсым, бақ құсым, жан құсым» деп ұйқастыру өлең бе? Жоқ. Сондықтан ондай тапсырыстардан амалсыз бас тартамын. Егер де жазылған жырға ән жазылып жатса қарсы емеспін. Өйткені танылудың тиімді жолы, қазіргі заманға сай әндер. Бірақ құлақтан кіріп, бойды алатын әсем әндер сирек. Еркегі өксіп ән айтып, әйелі ерекшораланып кеткендер қаптап жүр. Бір кітаптың бетін ашпағандардың дәурені жүріп тұр.
– Қазіргі жастар поэзиясына көңілің тола ма?
– «Мына ақын мықты екен» деп таңғалатындай ешкімді көріп тұрған жоқпын. Желілерден аракідік оқып отырамын. Мерзімдік басылым беттеріне шықан өлеңдерді қолымнан келгенше жібермеймін. Бірақ оқыған дүниең есіңде қалмайды. Мәселен, бала кезде оқыған Тыныштықбек Әбдікәкімов, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Маралтай Райымбекұлының өлеңдері әлі көкірегіңде сайрап тұрады. Ал қазіргі өлеңдерді оқысаң, қары білезіксіз, сақина-жүзіксіз, бет-ұшында қызылы жоқ қалыңдық елестейді. Көбі белгілі бір кезең, уақытты жырлайтын өлеңдер. Өміршең емес. Кейбір жас ақындар «неғұрлым күрделі жазсам, соғұрлым классикпін» деп ойлайтын сияқты. Ондай өлеңдерді оқу, кейде орысшадан тікелей аударылғандай әсер қалдырады.
– Қазір жұрт газет-журнал, кітап оқуға құлықты емес. Қарайтыны, ақтаратыны әлеуметтік желілер. Осы желілерге өлеңдерді сала отырып, танымалдылықты артыруға бола ма?
– Мәселен, Фейсбукқа өлең салып, үш жүз лүпіл жинадың дейік. Оның ішінде мені небәрі оны ғана оқуы мүмкін. Қалғаны әдемі болсаң соған қарап, лүпіл басады. Газетке, журналға шығудың орны басқа. Қалай десең де тасқа басылған дүние тарихта қалады, мұрағаттарда қалады. Араға қанша жыл салып іздесең, тауып аласың. Ал Фейсбукқа шыққан өлең, жылт етіп бір көрінеді де, қаптаған ақпараттың астына көміледі. Өмірі қысқа.
– Кітап жинайсың ба?
– Иә, жинаймын. Бірақ сөрем кітапқа сіресіп тұр деп айта алмаймын. Өзіме керек-ау деген кітап үйімнен табылады. Алдағы уақытта да жинай бермекпін. Өкініштісі өзімнің бірде-бір кітабым сақталмапты….
– Бүгінгі күнге дейін «Не бітірдім, не істедім?» деген сауалға қалай жауап берер едің?
– Адам ғұмырында өзіне-өзі көңілі толмайды ғой… Бір жетістікке жетсең өзіңнен керемет кісі жоқтай сезінесің. Ал содан кейін, кешегі соған дейінгі көңіл толмаушылық кейіпке ораласың. Өзіңді іштей тілдейсің. Неге сонша аспандап кеттім, «не бітіріп едім», «не түйіп едім» деп өзіңді кеудесі қуыс жандай сезінесің. Көңіл толмаушылық, қанағатсыздық қайта оралады. Ең басты жетістігім – екі ұлым. Солардың көз алдымда құлдыраңдап жүргені. Бес кітабымның бес оқырманы болса, өзімді ақын ретінде танығаным. Сынаптай сырғып жатқан күндер мен, жылдар… «Не бітірдім?» деген сауалға тосылып отырғаным рас… Жанталасқан тірлікте бір-ақ ауыз сөз қалса өмірді текке сүрмегенім дер едім. Бір жақсылық жасауды күн сайын Алла нәсіп етсе, адам қатарында жүргенім ақиқат.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ