«Астана» Еуропа лигасының топтық кездесулерінің бесінші турын Киевтің «Динамосымен» өткізді. Аязды елордаға табан тіреген Украинаның бас командасы алаң иелерін 1:0 есебімен ұтты. Матчтың қалай өрбігені дәл қазір екінші кезекте. Біздер тоқсан минут бойы бас бапкер міндетін атқарушы Григорий Бабаянның тағдырына алаңдададық. Алаңдағанда, ойын алдында өткен баспасөз маслихатында қу тілді тілшінің бірі Бабаянға бәс жайында үн қатқан. «Егер «Астана» жеңіске жетсе не істей аласыз?», деді әлгі. «Қалауыңды айт», – деді бар. «Айтатын болсам, дамбалшаң жүргесіз». «Келістік», – деді Бабаян. Қылдырықтай Гришаның арқаның аязында дамбалшаң безіп бара жатқаны қалаға қандай көрік берер еді? Біз соны ойладық. Рас, ел біріншілігін қатарынан бес рет ұтқан команданың Еуропа жарысының көктемгі кезеңінде доп тепкенін де қаладық. Алайда, бас бапкердің тағдырына алаңдаумен болдық. Әлгі Роман Муртазаев ұрымтал сәтті мүлт жібергенде жадағай ой жыбыр ете қалды.. Роман да бізше алаңдап, жүрген жоқ па деген… Әншейінде тепкенін торға түсіретін ЛаслоКляйнхайслер қақпаны емес, торғайларды көздегенде де…
«Ойын ойдан шықты», – деп жатыр астаналық футболшылар. Бабаян да шәкірттерін барынша мақтапты. «Динамоны» жаттықтыратын Александр Хацкевичтің де сөзі жақсы. Алайда, ұпайда Киевтен келгендер ұстанды. Бірінші таймда Беньямин Вербич соққан гол матч тағдырын шешті. Украина командасы плей-офф жолдамасын қалтаға салды. Енді бірін «Ренн» мен «Астананың» бірі қалтаға салады. Екеуара ойын желтоқсан айының он үшіне белгіленген. Францияда. Француз командасы да қалт-құлт етіп жүр. Әсіресе, ұлттық біріншілікте. Еуропа лигасының бесінші турында «Яблонецті» жеңді. Есеп 1:0. Кімнің асығы алшысынан түсетінін уақыт көрсетеді…
Аман Сейітхан