Бүгін Оралда өңірлік Jaiq Hub-тың қолдауымен ауыл мектептеріндегі оқушыларға арналған Beginit by inDrive бағдарламасы басталды, деп хабарлайды Kazinform.
Өңірдегі жоғары сыныптың жүздеген оқушысы IT-компания грантын алу үшін бақ сынап жатыр.
Қазақстан өңірлерінің жастарына арналған тегін көшбасшылық бағдарлама БҚО-дағы ауыл балаларына әлеуметтік көшбасшылық бойынша білім беру курсынан өтуге және Алматыда ашылатын инновациялық университеттің грант иегері атануға мүмкіндік береді.
«Оралдан біз оң өзгерістер жасайтын жаңа тұлғаларды таба алатынымызға сенімдіміз. Бұл мекеннен танымал тұлғалар шыққаны бәрімізге аян. Бағдарлама аясында мықты жастарды күтеміз», – деді Beginit InDrive жобасының жетекшісі Ерсайын Қабдрашев баспасөз мәслихатында.
Осыған дейін Жамбыл облысында іріктеу болған. Қазақстан аймақтарындағы әлеуметтік көшбасшыларды анықтауға және қолдауға бағытталған Beginit тегін жастар бағдарламасы жақын арада Қостанай, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында да басталмақ.

«Jaiq Hub және InDrive серіктестігі жастарға жаңа мүмкіндіктер беруде. Біз бірге өңіріміздегі білім саласын дамытуға және жас таланттарды қолдауға үлкен қадам жасап жатырмыз. Жыл бойы ауыл мектептерінің 100-ге жуық оқушысы өңіріміздегі әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өз жобаларын жасап, жүзеге асырады», – деп бөлісті Astana Hub-тың Батыс Қазақстан облысындағы өңірлік менеджері Омарбек Тәшім.
Баспасөз мәслихатынан кейін Jaiq Hub, AspanDrone және Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті арасында өзара ынтымақтастық және стартап мәдениетін бірлесіп дамыту туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.
Дәл қазір қаладағы іріктеу кезеңі басталды.
Айта өтейік, Astana Hub – 2018 жылдың 6 қарашасында құрылған Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартаптар технопаркі. Astana Hub қызметі ІТ-бизнес үшін экожүйе құруға, осы саладағы таланттарды оқытуға және стартап-жобаларды дамытуға бағытталған.

Бүгінгі таңда 1 317 IT-компания Astana Hub-тың қатысушысы саналады, оның ішіндегі 365-інің шетелдік үлесі бар.
Ал жоғарыда аталған inDrive платформасы – АҚШ-тың Калифорния штаты Маунтин-Вью өңірінде орналасқан көлік саласындағы қызметтерді көрсететін жаһандық платформа. InDrive қосымшасын 175 миллионнан астам қолданушы жүктеген.