Біз өзі қызық халықпыз. Көп дүниенің тереңіне мән бермей, бергі бетіне көз салып, даурығып жатамыз. Басқасын былай қойғанда өз тарихымызға келгенде де, оның тамырына үңілмей әмбеге аян бергі бетін қалқып алып дүрлігіп жүрміз. Мәселен, 2015 жылы «Қазақ хандығына 550 жыл толды» деп ұлы жіңгір той жасап тастадық. Жарайды, дұрыс делік. Керей мен Жәнібек өзіне тиселі руларды Әбілхайырдан бөліп алып, 1465 жылы жеке хандық құрды. Сол кезден алсақ, дұрыс секілді.
Алайда, оның алдында яғни 2000 жылдардың басында Тараз қаласының 2000 мың жылдығын, Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлап тастаған едік. Сонда қалай, қазақтың қазақ болғанына 550 жылда, оның жерінде тұрған Таразбен Түркістанның 2000 жылдық тарихы бар. Бұл логикаға қалай сияды? Сол Түркістанмен Таразда да өзге емес, қазақтың ата-бабасы өмір сүрді емес пе? Олай болса неге біз қазақтың тарихын 1465 жылдан бастауымыз керек? Әлбетте, көрші Қытайды алайық. Олар «біз 5 мың жылдық тарихы бар халықпыз» деп жатады. Дұрыс-ақ. Солай-ақ болсын. Бірақ сол 5 мың жылдың ішінде олар неше түрлі атпен аталды ғой. Солай бола тұрса да қытайлар оларды терістемей «біздің жұрт, біздің тарих» деп атайды. Ендіше, осы Қазақстан территориясында өмір сүрген сақтарды, ғұндарды, түркі жұртын біз неге «біздің тарих, бір халықпыз» деп атап, ата тарихымызды Б.з.д.1 мың жылдықта өмір сүрген сақтармен ғұндардан батамасқа. Кешегі көк түріктердің тасқа қашап жазған жазуларыда қазақтың төл жазбалары емес пе еді? Демек, біз өз тарихымызды 1465 жылдан ары жылжытып, сақтардың одан кейінгі ғұндардың кезеңіне жеткізсек, қайсы біреулер айтып жүргендей «қазақтың мемлекеті болмаған» деген желбуаз әңгіме ешуақытта айтылмас еді. Қысқасы, өзінің мың жылдық тарихы бар шаһар – кенттері,сына жазуы, мәдениеті, өзіндік жарғы-заңдары, мекен еткен өзіндік әкімшілдік –территориясы бар халық болғанымыз анық қой. Олай болса, неге 550 жыл ғана тарихымыз бар деп өзімізді сүмірейтеміз. Бұл қателік. Демек, сол қателікті түзейтін кез жетті!
Азаматхан ӘМІРТАЙ