Бізге Құдайдың өзі мүмкіндік сыйлап тұрғандай ма, қалай өзі?..Ресей Украинаға басып кіріп, Еуразия кеңістігінде ондаған жылдар бойы қалыптасқан тауар тасымал жолдары өзгеріске ұшырады.
Қытай ЕО-ға тауарын Ресей арқылы таситын, ЕО-да сөйтетін. Қазақстан да тауарын солай жөнелтіп, кері байланысты солай алып келді. Мұнай да солай ағып жатты. Бірақ 2022 жыл, 24-ақпан бәрін өзгертті. «Өзгеріс күнін» осы датадан бастасақ жөн болар.
Енді Ресей аумағынан өтетін керуендер басқа бағытты таңдап жатыр. Соның бірі Транскаспий бағыты. Ол әлбетте Әзербайжан-Каспий-Қазақстан деген үш ұғымнан тұрады. Ұзақ жылдар бойы мида жүрген, аз-маз тауар тасымалы болған бағытқа жан бітті. Қазақстан мұнайы мен тауарын осы бағытта көбірек жөнелтудің қамын жасай бастады. Мұнай тасымалдауды арттыру үшін бірнеше танкер сатып алып, Баку портына жөнелтіп жатыр. Онсыз болмайды. КТК құбырының бірнеше мәрте жұмысын «тоқтатуы» бізді басқа бағыттарды іздеуге мәжбүрледі. Сол сәтте ұмытылған ескі бағыт «Баку-Тбилиси-Жейханның» жадымызда жаңғырғаны бар. Енді Қазақстан Әзербайжан арқылы көбірек мұнай таси бастайды. Бүгінгі қос елдің президенті кездескен жиында да бұл айтылды. КТК-ны лезде алмастыру мүмкін емес. Дегенмен тамшы да тама-тама тас жарады.
Қытай тауарын Транскаспий арқылы тасып жатыр. Қытайдан шыққан тауар қазақ жеріне кіріп, мыңдаған шақырымды басып өтіп, Каспий арқылы Әзербайжанға барады. Бұл үлкен жоба. Әр өткен тауардан қаржы түседі. Транзит тегін емес. Ғасырлар бойғы қағида. Кім керуен жолында тұрады, соның қаржы табу мүмкіндігі артады. Түйе керуендерін жүйткіген пойыздар алмастырды, бірақ заңдылық өзгерген жоқ. 28-ақпанда Қытайдың Сиань қаласынан шыққан жүк бүгін Әзербайжанның Апшеронына келіп жетті. Екі ел басшысы ол шараны онлайн қарап отырды. Бұл «Транскаспий бағыты ашылды және ол қарқын алады» деген сөз.
Жоғарыда «Құдайдың мүмкіндігі» жайлы жазып қалдым ғой. Тағы бір соғысты мысалға келтіре салайын. Қызыл теңізде хуситтер қиғалақ салуда. Кемелерді атып, кабельдерді кесіп жатыр. Сөйтіп әлемнің тасымал жолының бірі саналатын Суэц каналының табысы азайып, уайымы көбейіп кетті. Тәәәк. Сіз бен біз әлемнің арғы бетінде біреудің компаниясы жабылса, бергі бетіндегі халық зардап шегуі мүмкін жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқандықтан, бізден 4100 шақырымда жатқан Қызыл теңіздегі жағдаяттар да әсер ететінін түсінуіміз керек. Әсер етті де. Енді әлемдік жүк тасушы компаниялар басқа бағытты таңдай бастады. Бірі ондаған мың шақырымға созылған Африка жағалауын айналып жатыр. Енді бірі…иа, дұрыс таптыңыз. Транскаспий бағытын байқап көрейік дейді. Әзірге олардың саны көп емес. Бірақ инфрақұрылым күшейген сайын олардың саны да арта түседі. Бізге керегі осы.
Кабель кесу жайлы бір сөз айтып өттік қой. Хуситтер Қызыл теңіз астындағы әлемдік желіні жалғап жатқан кабельдерге зақым келтіргені бар. Бұның енді бізге қатысы жоқ, бірақ сабақ аларлық жағдай десек те болады. Қысқасы Қазақстан-Әзербайжан Каспийдің астынан бекірелерге кедергі келтірмейтін ұқыптылықты сақтай отырып желі кабелін тартуды келіскен-ді. Бұл маңызды, тіпті мұнайдан да маңыздырақ. Себебі әзірге біз интернетке Ресей арқылы қосылып отырмыз. Оның үлесі сарапшылардың айтуыншан 80 пайыздан асып жығылады. Көп. 80 пайыз мұнайды Ресей арқылы тасымалдап, 80 пайыз интернетті Ресей арқылы алып отыру «қателік». Сондықтан бұл салада да әртараптандыру басталуы қажет. Сол себепті қазақтың Ақтауы мен әзербайжанның Сиазаны арасына ұзындығы 340 шақырымдық интернет кабелі салынбақ. Биыл. Осылайша Ресей аумағы арқылы транзиттеліп жатқан интернетке балама табылмақ.
Қазақ-әзербайжан қатынасы дамып келеді. «Құдайдың мүмкіндігі» деген сөз бәлки қате шығар. Бірақ әлемдегі қақтығыстар біреуге сор, біреуге мүмкіндік. Ендеше сол мүмкіндікті пайдалану керек.