Шерхан Мұртаза:
«Біз неге қазақ халқы емес, Қазақстан халқымыз?»
Біздің Конституциямыздың Бісмілләсі «Біз Қазақстан Халқы» деп басталады. Кезінде, тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қабылданған Конституцияны талқылау кезінде депутаттар арасында осы екі сөзге бола қиян-кескі айтыс туғаны есімде.
Неге «Қазақстан халқы?». Қырғызстан халқы деген халық жоқ. Қырғыз халқы бар. Өзбекстан халқы деген халық жоқ. Өзбек халқы бар. Ал біз неге қазақ халқы емес, Қазақстан халқымыз?
Сөйтсек, Қазақстан көпұлтты мемлекет екен. «Қазақ халқы және Қазақстанды мекендеген басқа халықтар өкілдері…» деген біздің ұсынысымызды депуттардың көпшілігі қабылдамай тастады.
Жеңіліп қалғаныма өкіндім. Ренжідім. Сонда мені мұндай ренішке жетелеген не? Енді ойласам, ұлттық сана-сезім, жаратылыстан біткен түйсік екен.