Батыс Қазақстан облысында 106 935 оқушы немесе 1-10 сынып шәкірттерінің 94,7 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарлануда.
БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның мәлім еткеніндей, барлық мүдделі ұйымдарды шақыра отырып, жазғы демалысты ұйымдастыру, балаларды сауықтыру және жұмыспен қамту мәселелері бойынша білім бөлімдерінің жауапты мамандары мен қала сыртындағы лагерь басшыларының қатысуымен семинар-кеңес өткізілді.
Айгүл Әділгерейқызының сөзіне қарағанда, сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларымен бірге лагерьлерде зерделеу жұмыстары жүргізілді. Жазғы лагерьлердің күнтізбелік жоспарлары мен бағдарламалары әзірленді.
«Өңірде түрлі бағыттағы 619 лагерь жұмыс жасамақшы. Соның ішінде 18-і – қала сыртындағы, 268-і – мектеп жанындағы тамақтануы ұйымдастырылатын лагерьлер. 327-сі – мектеп жанындағы тамақ ұйымдастырылмайтын лагерьлер мен бейіндік алаңдар, алтауы – шатырлы лагерьлер. Облыс бойынша әлеуметтік қорғалмағандардың ішінен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасылар балаларын түгелдей, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің 94 пайызын, девиантты мінез-құлықты (мектеп есебінде тұрған, қолайсыз отбасындағылар және полиция бөлімдерінде есепте тұрғандар) оқушылардың 98,2 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарлануда», дейді А.Мыңбаева.
Басқарма басшысының айтуынша, 109 494 оқушы немесе 96,6 пайызы жазғы кезеңде жұмыспен қамтылмақшы. Соның ішінде 15 640-ы немесе 14 пайызы еңбекпен, 6 101-і (5,7 пайызы) туристік қызметпен, 53 851-і (49,2 пайызы) шығармашылықпен, 33 163-і (30,4 пайызы) интеллектуалдық, 739-ы (0,7 пайызы) халықаралық іс-шаралармен қамтылады.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры дарынды ауыл балаларының интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және қолдау көрсету мақсатында «QH Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы бойынша 5-8 сыныптың ауыл балаларын сауықтыру үшін 829 оқушыға квота берді, бүгінгі таңда дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Тағы бір айта кететін жайт, төтенше жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың 183 баласы сәуір айында сауықтыру лагерьлерінде демалса, мамырда 160 оқушы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жіберілді. Бұдан басқа, су тасқынынан зардап шеккен отбасылар балалары аудандық, қалалық қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлермен қамтамасыз етіледі және басқа өңірлердегі (Бурабай) лагерьлерге және экскурсияларға (Астана, Түркістан) барады. 2023 жылы жазғы демалыспен қамтылған балалар саны Бәйтерек, Шыңғырлау аудандарында және Орал қаласында облыстық көрсеткіштен төмен болған еді. Биыл Бөкей ордасы, Сырым аудандары мен Орал қаласы бойынша қамту төмен болып отыр. Ең бастысы, балалардың жазғы демалысын қауіпсіз және тиімді ұйымдастыруға баса көңіл бөлінуде», деді басқарма басшысы.