Испания кубогының қарымта ойынында «Барселона» футболшылары мадридтік «Реалды» ойсырата жеңіп, жарыс финалына шықты, – деп хабарлайды Vesti.kz.
Барселонада өткен бірінші ойын 1:1 есебімен аяқталған еді. Қарымта ойын 27 ақпанда Мадридтің «Сантьяго Бернабеу» стадионында болды, есеп 3:0.
Барлық гол екінші таймда соғылды. «Барса» сапындағы Луис Суарес дубль авторы атанды: Уругвай құрамасының сұрмергені 50-минутта және 73-минутта «Реал» қақпасынан саңылау таба білді. Ал 69-минутта «Реал» қорғаушысы Рафаэль Варан өз қақпасына гол салып алды.
«Валенсия» және «Бетис» жұбының мықтысы «Барселонамен» финалда кездеседі. Севильяда өткен бірінші ойын 2:2 есебімен аяқталған еді, ал жауапты ойын 28 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Астана уақыты бойынша түнгі 2:00-де өтеді. Кубок финалы 25 мамырда өтеді.
Наурыздың 3-не қараған түні «Реал» мен «Барселона» тағы да «Сантьяго Бернабеу» стандионында кездеседі. Бұл Испания чемпионатының 26-айналымы аясында, Астана уақыты бойынша 1:45-те басталады. 57 ұпаймен каталондық команда көш бастап келеді, ал мадридтіктер 48 ұпаймен үшінші орында.
[ad_2]
Дереккөз: kaz.tengrinews.kz