26 ақпанда Атырау-Орал тас жолындағы ірі жол-көлік апатынан үш адам қаза тауып, 20 шақты жолаушы жарақат алған деп хабарлайды Ақжайық басылымы.
Басылымының жазуынша, 14.24-те ТЖД пультіне Атырау-Орал трассасында ірі жол-көлік апаты туралы хабарлама түскен.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Оралдан Атырауға келе жатқан DAEWOO маршруттық автобусы Volvo маркалы жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан автобустың үш жолаушысы (екі әйел мен ер адам) қаза болып, 20 шақты жолаушы түрлі ауырлық деңгейінде жарақат алған.
Зардап шеккендер Атырау, Индер және Махамбеттегі медициналық мекемелерге жеткізілді.
Автобуста барлығы 43 жолаушы, соның ішінде Атырауға спорттық турнирге бара жатқан 15 бала болған.
Өңірлік коммуникациялар қызметіні мәліметінше, олар үшін ыстық тағам ұйымдастырылып, әрі қарай жеткізу үшін көлік әзірленген. Жолаушылар мен олардың жағдайы туралы қажет ақпарат алу үшін тәулік бойына 98 02 92, 8778 0072021 нөмірлері бойынша Call-центр жұмыс істейді.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты ҚР ҚК-нің 345-бабының 4-тармағы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.