Мен жетекшілік ететін «Байтақ Болашақ» экологиялық альянсы» Қоғамдық бірлестігі III-ші экологиялық конгресін шақыратынын мәлімдейді. Конгресс 2019 жылдың сәуірінде, не мамыр айында еліміздің астанасында өтеді деп жоспарлап отырмыз. Күн тәртібінде – Қазақстанның су проблемасы және оны шешу жолдары.
Жер бетіндегі су қорының 3 пайызы ғана ішуге жарамды. Ал Қазақстан ауыз су жағынан Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға тікелей тәуелді. Біздің суларымыздың барлығы дерлік көрші елдерден бастау алады. Жер халқының көбеюімен суды тұтыну артып келеді, бұрын бір шаршы шақырымдағы үш адам 100 литр су тұтынса, қазір бір шаршы шақырымда он адам тұрады, әрі олар 1 тоннаға жуық су тұтынатын болды. Көрші елдердің су тұтынуы артқан сайын біздің елімізге келетін су азаюда. Шындығында, Қазақстан су проблемасын шешуде барған сайын үлкен қиындықтарға тап болуда.
Қапшағай мен Балқаштың суы азайды. Оған құятын Іле өзені Қытайдан келеді, әсіресе СУАР-да соңғы жылдары түрлі себептермен халық саны күрт артып келеді. Олардың егіс алқаптары суды барған сайын көптеп тұтынатын болды. Бізде су азайды. Бұл проблеманы көтермесек, бізді Арал қасіреті сияқты тағы бір жаһандық апат күтіп тұр. Аралдың қазіргі жайы да біздің форумымыздың көкейкесті мәселесі болмақ.
Конгресс сұрақтарының бірі Жайық проблемасына да арналады. Балық неге қырылды? Не істеу керек?
Теңіз суын ауыз суға жарату технологиясындағы ең озық, тиімді шешімдерді әлемдік, индустриялық деңгейге шығару қажет, әсіресе көрші Қытай үшін. Мысалы, біздегі «МАЭК – Қазатомөнеркәсіп» ұйымы Маңғыстау өңіріне ауыз су зәрулігінің 70% қамтамасыз етуде. Біздер, барша әлемнің экологтері осы салаға баса мән беріп, оның дамуы мен ілгерілеуіне күш салуымыз қажет.
Судың қадірін білмейміз. Тіпті көлік жуатын орындарда қаншама таза су текке ысырап болып жатыр. Бұл мәселені үкіметтік деңгейге көтеру керек, ондай орындар тек арнайы техникалық су пайдалануы тиіс. Бізде бірақ техникалық су шығаратын технология да жоқ. Су – біздің ең басты байлығымыздың бірі екенін ұмытпайық.
III-ші экологиялық конгресс өткізу көптен бері жоспарда бар еді. Оған көрші елдерден әріптестерімізді шақырмақпыз. Ұсыныстарыңыз болып жатса, әлеуметтік желілердегі менің парақшама, электронды поштама жазыңыздар, қызықты ұсыныстар болып жатса, оны да күн тәртібіне бірге шығарамыз. Бар жаңалықтарымызды өз посттарымызда жариялап отырамыз.
Құрметпен, Азаматхан Әміртай.