Соңғы кездері иісі қазақ баласының қамы үшін жанын құрбан еткен Алаш арыстары жөнінде зерттеулермен кинолар түсіріліп, олардың өнегелі өмірлерін жұртқа кеңінен таныту, жас ұрпақтың жадына сіңіру үрдісі пайда болды. Әлбетте, бұл жақсылықтың нышаны. Құптау керек. Жас ұрпақ ел үшін, жер үшін жан беріп, жан алысқан кешегі арыстарымызды білгені жөн.
Алаш арыстарын дәріптеу, мадақтау, насихаттау өте керек. Дегенмен кемшіліктерде жоқ емес. айтқымыз келгені Алматы қаласындағы көше атаулары. «Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде…» қазақ баласына әділеттің жолын сілтеп, теңдік алып беруге, өзге жұртпен иық тірестіріп тең тұруға күш салып күрескен алаш арыстарына Алматы қаласында көше атаулары қалай берілген? Енді соған келейік. Құдайға шүкір, Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлына қаланың қақ ортасынан көше бұйырды. Ал Ұлт көсемі атанған Әлихан Бөкейхановқа қаланың шет жағындағы бұрынғы Аэродромная деген көшенің атауын өзгертіп, берген. Бұған не дерсің! Иісі Алаш баласының көсеміне шет жақтағы елеусіз бір көше бұйырыпты. Бөкейханов бұған лайықпа еді? Әттең! Ал «Оян қазақ» деп жар салған алаштың тағы бір көсемі Міржақып Дулатовқада қаланың бір бұрышынан (Түрксіб ауданы) бір тұтам көше бұйырыпты. Бұған не дейсіз? Күлесіз бе, жылайсыз ба? Тіпті қазақтың соңғы ханы, елінің тәуелсіздігі үшін Патшалық Ресеймен он жыл соғысқан атақты Кенесары ханға да сонау қаланың бір шеті Қарғалы жақтан көше бұйырыпты. Атай берсек, қазақ үшін құрбан болған абадан, арда боздақтарымыз жетеді. Біз соның бір – екеуі жөнінде ғана айтып отырмыз. Онда да иісі алаш баласының бірегей ұлдары жөнінде. Өкініштісі қазақ ұлты үшін түк істемеген, керісінше кешегі қанды қол кеңес елі құрылған кезде солардың саясатын қолдап, «қызыл сұңқар» атанғандарға қаланың ортасынан көше аттары берілген. Мәселен, Абдолла Розыбакиев, Маңғазы Масаншы тб. Тіпті Қазақстанға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Ресейдің табиғат зерттеушісі Климе́нт Тимиря́зевтіңде атында қаланың ортасында үлкен көше бар. Меніңше осының бәрін қайта қарап, мәселен, бұрынғы Ленин қазіргі Достық деп аталатын проспектіге Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың, Тимирязев көшесіне Міржақып Дулатовтың атын берген жөн секілді. Сонда әділеттілік орнайды. Ұлт көсемдерін шетке тепкеннен ештеңе ұтпаймыз. Әлбетте шет елден келген қонақтарға, туристерге «Мына көше мынадай қазақ көсемінің атында» деп мақтанышпен айтқанның өзі үлкен ғанибет болмақ. Сондай-ақ , Гагарин көшесінің жартысын өзгертіп, Ермек Серкебаев атына берген сияқты, Розыбакиев көшесінің де жартысын, онда да, Тимирязев көшесінің жоғарғы жағы, яғни Әл – Фараби даңғылына дейінгі бөлігін Кенесары хан деп атаса дұрыс болар ма еді. Әрине біздікі ұсыныс. Ел боламыз десек, сол ел болу үшін күресіп, құрбан болған арыстарымызды дәріптеуден, ұлықтаудан қашпайық.
Азаматхан Әміртай «Байтақ» Жасылдар партиясының төрағасы