Home Басты жазба Алаш арыстарына Қарағандының қошеметі қандай?

Алаш арыстарына Қарағандының қошеметі қандай?

93

Арқа атырабы Алаштың туын көтерген қос арыс – Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермековтің тал бесігі. Заманында қазақтың дала ережесін зайырлы мемлекеттің заңына бағыттаған тұңғыш заңгер -Жақып Ақбаев та аталмыш өңірдің тумасы. Халқына азаттық әперу жолында қазақтың азасын арқалаған арда азаматтарға шежірелі шаhардың қошеметі қандай?

Ұлт мүддесіне қызмет еткен ардақтылар есімі ел санасында тәуелсіздік мерекесі мен қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жаңғыртылады. Оның өзінде, көбіне ғылыми конференциялармен шектелуде. Алайда тағылымды шаралар жылт етіп, ағынды судай жұтылып кетеді. «Алашым» деп аласұрған ақтаңлақтардың бейнесін көрер көзге күнде жаңғыртып, ел жадында қалдыру үшін қазыналы Қарағандыда қандай құнды жәдігерлер бар?
-Орынды түйткіл қаузап отырсыздар. Қарағандыда Алаш қайраткерлері Ә. Бөкейхан, Ә.Ермековтің атын иемденген мектептер бар. Облыс орталығындағы Ж. Ақбаев бейнесі сомдалған ескерткіш орнатылған. Заңгердің бейнесі сомдалған тас мүсін экономикалық соттың ғимаратына қарсы бетте тұр. Көпшіліктің пікіріне құлақ салсақ, Әлихан, Әлімхан, Жақыпқа көшеден гөрі, одан зор құрметке лайық. Бұдан екі жыл бұрын қаланың ірі шағын ауданы – Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімі берілді. Үлкен олжа, зор қуаныш. Бұл күндері қайсыбіреулер Алаш арастарына көше беруді місе тұтпай, мешіт атын беруді қалайды. Өкінішіке орай, қисынсыз тенденция жақын маңда тоқтамайтынға ұқсайды, -дейді жазушы, этнограф Төрехан Майбас.

Қаладағы зиялы қауымның уәжіне құлақ салсақ, халқымыздың тәуелсіздігі үшін тағат таппаған аяулы ақтаңлақтарға жасалған құрмет аз.
-Әлиханның аты да көңілдегідей шықпай тұр. Арқа Әлиханның отаны ғой! Ал Әлихан болса Алашорданың көсемі емес пе? – дейді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлы.

«Алаш зиялылары даңғылы болуын сұраймыз»
-Бұл қомақты қаржыны қажет ететін жоба екенін түсінеміз. Әйткенмен, Алаштың көшбасшысы Әлихан Бөкейханға Қарағандыда көше аты берілуі керек. Одан кейін Ахмет Байтұрсыновтың есімін жаңғырту абзал. Ал келесі көшені Ж. Аймауыттың есім сойымен атасақ несі айып?! Тым құрғанда, қала орталығындағы даңғыл Алаш зиялыларының атына сұранып тұрғандай. Қазіргі таңда қаламызда М. Жұмабай, Ш. Құдайбердіұлының есімін иеленген мектептер бар,- дейді Алаштанушы, «Тұлға тану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарихшы ғалымы Нұрсахан Бейсенбекова.
Алаш партиясының көсемі Ә.Бөкейханның соңғы сөзі:
-«Маған Қазақстанды басқаруға енді 5 жыл бергенде, елді Жапония қылар едім…»
Қарағанды көне көше атауларынан арыла алмай отыр
Бүгінде Қарағандыда ұзын- ырғасы 100 астам көше бар. Бір білеріміз, егемендік алған жылдар аралығында ақтаңлақтардың арасынан қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым-Әлімхан Ермековке ғана көше аты берілген. Қалған Алаш арыстарына әлі күнге кенді қаладан көше бұйырмай тұр.
-Соңғы кезде тарихшылар өңірден шыққан айбоз Алаштықтартардың саны бұрынғыдан көп екенін айтып жүр. Біз болсақ, әлі ескі сүрлеуден аттай алмай, кежегемізді кері тартудамыз. Қазірдің өзінде «аға ұлт не дейді екен?» деп елеңдеп отырамыз. Нұрсахан Ахметқызы айтқандай, үлкен көшелерге Ахмет, Мағжан, Міржақыптың атын неге бермеске? Заңгер, тұңғыш құқықтау магистрі, жерлесіміз Жақып Ақбаевтың аты естілмейді. Қаладағы құлаққа түрпідей тиетін «Новая», «Западная», «Степеная», «Штурмансая», «Энтузиастов» деген көшелердің мағынасын қазақ балалары түсінбей өтетін шығар. Ономастикалық атауларды қайта қарастырғанда, шенділер мен бай- бағыландардың атасының атын тықпалай бергенше, аяулы арыстардың атын неге дәріптемеске? Мәселені сөзбұйдаға сала берсек, көзі ашық, көкірегі ояу келер ұрпақ кешірер ме екен ?-дейді журналист Жаңабек Нар.
Бүгінгі билікте еркіндік болғанмен, еңсеруге келгенде еңсе төмен. Қалалық мәслихаттың депутаттары осы күнге дейін аталмыш мәселені көтеріп жақ ашпаған. Ал Қарағанды қалалық ономастикалық комиссия «вето» қойып қабылдамай тастаған секілді.
-ҚР-ның «Тіл туралы» Заңның 25-5 бабының 3) тармағына сәйкес, ономастика жұмысының критерийлерін басшылыққа ала отырып «бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атауды бір мәрте ғана беру» көзделген.Сондықтан, қазіргі таңда қаладағы көше атауларына Әлихан Бөкейханның есімін беру мүмкін емес. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының аумағында орналасқан мектептеріне алаш зиялыларының есімі берілген,-деген жауап алдық қала әкімдігінен.
Одан әрі қалалық ішкі саясат басқармасы біздің сауладарымызға Алаш элитасын дәріптеуге арналған ғылыми шараларды тізбектей келе, биыл еңсерілетін шараны бір ауыз сөзбен түйіндеген.
-Қазіргі таңда «Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімінің аппараты» ММ Оңтүстік шығыстағы Сарыарқа көшесінде орналасқан скверді «Алаш аллеясы» деп атамақ. Бүгінде белгіленген аумақта абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр,-деген екен ресми хаттың соңында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.
Ұлт зиялылары ел мен жер мүддесін сақтап қана қоймай, әлемдік қауымдастықтың тең құқылы мүшесіне айналдыруға жол ашты. Алаш арыстарының осынау ұшан теңіз еңбегінің өтемін қайтару әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.
Уәлихан Танашев, Алаш қайраткері:
-«Туған отаным-Қазақстан республикасына не жақсылық жасадым? Республикамыздың шекарасын бекітерде Лениннің бір күнде екі мәрте қабылдауына кіріп,Свердловпен жаға жыртыса сауғыласқанымыз есімде. Свердлов болса: «Ордаң болса Гурьевке бір-ақ тарт!»-деп келісім бермеді. Өзара келісіп-пішіп қойған Әлімхан екеуміз әр сүйем жерді дәлелдеп, қазақша қойылған жер атауларын тілге тиек етеміз. Ноғай заманының жырларын, өлеңдерін жатқа оқимыз. Ақыры, В. Ильич «олай болса, бұл жер-қазақтікі!» -деп қызыл қарындашпен қиғаш Каспийге төте шықты. Осы күнге дейін Ресей территориясына кіріп келген екінші жағалау туған ауылымның Қазақстан құрамына енуі зор олжа еді. Қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Әлімхан екеуміздің көзіміз жасқа толды»
Отанды шексіз сүюдің үлгісін Алаш қайраткерлері осылайша көрсетті. Туған халқының киелі жерін кеңес одағының күн көсемі алдында қайтарып алған айбынды арыстар келешекте тегеурінді ұрпақтан әділ бағасын алып, лайықты құрметке бөленер деген сенімдеміз.
Айтбала Сүлейменқызы Қарағанды қаласы

Алдыңғы жазбаПрезидент Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеуді жіті бақылауында ұстап отыр
Келесі жазбаҚазақстандық журналист Айдос Садықов Киевте қайтыс болды