– Ей, қыз тіске басар нең бар? – деген оқыс шыққан дөрекі дауысқа басымды көтеріп алдым. Көл жағасындағы ыстық құмда жатып көзім ілініп кетіпті. Әлгі дауыстың иесі таяқ тастам жерде сыраға қызып, қызара бөртіп жатқан жуан қара жігіт екен. Көл жағасы ығы-жығы адам. Күннің ыстығы денені күйдіріп барады. – Кепкен балық бар ма? – тағы әлгі жігіт. «Көршім кіммен сөйлесіп жатыр» деп басымды көтердім. Орта бойлы ақ құба келген сүйкімді қыз екен. Қолында дәм салынған дорбасы бар. Жігіттің сұрағанын ұсынып, саудаласып жатыр. – Өзің қанша тұрасың, – Дөрекілеу сұрақ қойған жігіт, іле қарқылдай күлді. Ашаң жүзі қызарып кеткен қыз, жігіттің анайылау сұрағына жауап қатпастан кілт бұрылып, шапшаң басып ары кетіп қалды. Менің өзіне ұнатпай қарағанымды байқаған жігіт «әдемі қыз екен. Әттең, мына жерде анау-мынау сатып қор болып жүр» деп басын шайқап, кепкен балықты жұлмалай тістеп, сырасын сыңғыта жұтты. Неге екені қайдам, әлгі өрімдей қыздың соңынан ұзағырақ қарап ойланып қалдым. Сосын көлге бірер рет сүңгіп, қайтадан орныма келіп отырдым. Жанарыммен әлгі сауда жасап жүрген қызды іздедім. Таптым. Көл жағалай демалып жатқандарға сатып жүрген заттарын ұсынып, бері беттеп келеді екен. Тұсымнан өте бергенде: – Қарындасым, қара балшықты қайдан табуға болды, – дедім. Сәл кідірген ол: «қазір аға, алып келемін», – деп ары кетті. Сәлден соң қайтып келді. Қолында сусын құятын шөлмекке толтырылған қара балшығы бар. Ақшарқатпен таныстығым осылай басталды. Көлге жақын жатқан Қарабұлақ деген ауылдан екен. Өзінің айтуы бойынша күнделікті осында келіп, үйден даярлап алып келген азық-түлікті сатумен айналысады. Ақшарқатпен ертеңінде кешікілік көл жағасында кездестім. Онда да оның келгісі келмеген. Түрлі сылтау айтты. Өтініп тұрып алған соң, һәм жөні түзу адам екеніме көзі жеткен соң келісім берді. Күн ұясына батып кеткен. Көл бетінде толқын бар. Қолтықтасып әңгіме айтып аяңдап бара жатқан, көлге қарап құшақтасып сырласып отырған бірен-саран жастар болмаса, жағада адам аяғы сирек. Менің алғашқы сұрағыма; «Күн көрістің қамы ғой, аға» деген Ақшарқат бір сөзінде. «Інім қара балшық сатады, мен оны-мұны дегендей. Күндіз тапқанымызды үйге алып барамыз. Әкем жоқ. Шешем аурушаң. Сол кісіге дәрі-дәрмек, үйге азық-түлік аламыз. Жазда көл жағасында сауда жасап күн көруге болады. Тек қыста қиналыңқырап қаламыз. Ауылда өзіңіз білесіз жұмыс жоқ». Осыны айтқан қыз мұңайғандай болды. «Есімің қызық екен?» «Атам қойыпты. Ақшарқат пен Бағлан жайындағы аңызды естімеп пе едіңіз? Сол аңыздағы қыздың аты ғой». «Жоқ». «Баяғыда, білмеймін қай ғасырда екенін»- Ақшарқат өзі білетін аңызды бастап кетті. «Осы көлдің жағасын Боранбай деген бай мекендепті. Оның Ақшарқат есімді жалғыз қызы болыпты. Ақшарқат қыз біткеннің көріктісі һәм ақылдысы болған екен. Байдың жаз жайлауы Тарбағатай болса керек-ті. Бірде жайлауда үлкен той болып, сол жерде Ақшарқат Бағлан деген сал-сері жігітпен танысқан көрінеді. Бағлан Тарбағатайдың ар жағын мекен еткен Сыбан руының суырып салма ақыны. Бірақ кедей отбасынан шықса керек. Жігіт қыздың сұлулығына, бай қызында бола бермейтін ақылдылығына ғашық болады. Ал қыз жігіттің мәрттігіне, ақындығына тәнті болыпты. Алайда олардың жұп болуына бай қарсы болып, қызының кедей тұқымнан шыққан жігітке қосылуын қаламапты. Бірде сөз байласқан қос ғашық қол ұстасып, елден қашып кетсе керек. Алайда артынан шыққан қуғыншылар қыз бен жігітті Ұялының қалың қамысына тығылған жерінен ұстапты. Ашуға мінген бай, «ел-жұртқа абыройымды төктің» деген желеумен қызы мен оның сүйген жігітін көлге тұншықтырып өлтіріпті. Алакөлдің Сасықкөлге қараған жағында Ақшарқат және Бағлан деген жер атаулары бар. Сол қос ғашық тығылған жер көрінеді». Қыз әңгімесін мана аяқтаған. Үнсіз көлге қарап отырмыз. Ақшарқаттың жанарынан жасты байқағандай болдым. Бәлкім әлгінде өзі айтқан аңыздағы қосыла алмаған қос ғашықтың аянышты тағдырларын ойлап отыр ма екен? «Ол аңыз ғой, болған болмағанын кім білген?» Қызға үңіле қарадым. Ол үнсіз. Сәлден соң «Егер сіз ол аңыз дейтін болсаңыз, осы көлге байланысты тағы бір әңгіме айтып берейін. Біздің ауылдың бірін-бірі сүйген қыз бен жігіті көлдің ортасына қайықпен жүзіп барып, құшақтасқан күйі суға батып өлген. Себебі екеуінің қосылуына әке-шешелері қарсы болған екен. Бұл өмірден опа таппасын білген қос ғашық көлге кеткенді жөн деп тапса керек. Аға, бұл ешқандай аңыз емес. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болған оқиға. Бұны осы маңның кез-келген адамы біледі». Аспан шүпірлеген жұлдыға толы. Аралтөбе жақтан салқын жел еседі. Көл толқынданып жатыр. «Аға біраз уақыт болды. Мен қайтайын, үйдегілер іздеп қалар». Орнымыздан тұрдық. Қарабұлақ көлден алыс емес. Шамалағанда жеті-сегіз шақырым болып қалар. Ақшарқат үйіне қарай ағылып жатқан көліктердің біріне отырып жетіп алмақшы болды. Көлікке отырғалы жатқан ол «Аға, сүйгеніңзбен бірге жан қия аларма едіңіз?» деп тосын сұрақ қойды. Қыз менің жауабымды күтпестен: «Жоқ. Ол сіздің қолыңыздан келмейді. Шын ғашық болған адам ғана ондайға барады» деді. Қыз менің ойымды дөп басты. Сәлден соң, ол мінген көлік ұзап кете барды. Қыздың бейнесін көз алдыма әкеліп әрі-сәрі күйде тұрып қалдым. Қарқошқылданып жатқан көлге қарадым. Есіме Ақшарқат айтқан аңыздағы Бағлан ақынның «Алакөл, жерің шалғай, суың керім, Келім ем, аямастан аттың терін. Қалқамен өтер едім, қажет етсе, пәниде таусылғанша соңғы демім», – деген бір шумақ өлеңі оралды. Алакөл толқып жатыр. Ертең Үржарға үйге, одан әрі Алматыға қайтатынымды ойладым. Өйткені мен бәр-жоғы көлге келіп демалатын көп жанның бірі едім. Дегенмен Ақшарқат айтқан бір үзік сырды қағаз бетіне түсіруді жөн деп санадым…
Алакөлдің қасиетін білеміз бе?
Алакөл – иісі қазақтың маңдайына біткен қасиетті көл. Көрікті көл жайлы ресми деректер былайша сыр шертеді: Алакөл – Қазақстанның оңтүстік шығыс бөлігінде орналасқан. Солтүстігінде – Тарбағатай, Оңтүстігінде – Жоғар Алатауы жатыр. Жалаңашкөл, Сасықкөл, Ұялы көлдерімен қосылып, тізбектеле отырып Алакөл жүйесін құрайды. Көлдің ұзындығы – 104, ені – 52 шақырым. Орташа тереңдігі – 22 метр, ең терең жері – 54 метрге дейін барады. Ал жағалауының ұзындығы – 384 шақырым. Жалпы көл аралды, түбекті, қайырлы шығанақты, мүйісті келеді. Үлкен және Кішкене Аралтөбе, Белқұдық т.б. аралдары бар. Алакөлге 15-тен астам шағын өзен құяды. Үржар, Еміл, Қатынсу, Жаманты, Жаманөткел, Тасты т.б.
Химиялық құрамы жөнінен көл суы – хлоридті-натрийлі келеді.
Алакөл фитопланктоны құрамында балдырдың 58 түрі, зоопланктонның 80 түрі бар. Балыққа бай (алабұға, шармай, көксерке, көкбас, сазан т.б.). Аққу, қаз, үйрек, балықшы, бірқазан т.б. құстар, қамыс арасында теңбіл мысық, өзен сағаларында ондатр кездеседі. Жағалауы – шабындық және жайылым. Алакөл – ағынсыз тұзды көл. Жоңғар Алатауы мен Тарбағатай тауларының арасында тербеліп жатқан Алакөл суының емдік қасиеті туралы көпшілік біле бермейді.
Судың тұздылығы өз алдына, жеті пайызын йод құрайды. Денедегі қотыр, жарақаттардың аузы тез тартылып, екі-үш күн шомылғаннан кейін жоқ болып кететіні сондықтан болса керек. Алакөлдің суы ғана емес, қара балшығы да ем. Оны тізеге, белге және басқа да буындарға жағып, сүйекті сырқырататын суықты алады. Алакөлдің жағалауынан мамонттармен бірге өмір сүріп, бүгінгі күнге дейін жеткен реликт шағаласын көруге болады. Бұл қарабас шағалалар тек осы Алакөлде ғана сақталып қалған. Латынша «Relіct» деген сөздің мағынасы, ежелден бері тіршілік етіп, бүгінге дейін жеткен, табиғатта кездесетін жануарлар мен өсімдіктер дегенді білдіреді. Демек, ең ежелгі құстың тұқымын сақтап қалған Алакөлдің суында ерекше қасиет бар.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ