Өткен жазабамызда алаштың аяулы ұлы Тұрар Рысқұловтың жұрттың көзінен таса қалып бара жатқанын сөз еткен едік. Бүгін тағыда сондай бір абадан азаматымыздың яғни иісі қазақтың шекарасын бекітіп беруге жанын салған ақиық азаматы жөнінде тілге тиек етуді жөн көріп отырмын. Ол алаш арыстарының бірі Әлімхан Ермеков.
Ол жөнінде сөз толғамас бұрын, бірер ауыз тарихтан сөз келтіре кетейік. Кезінде бірінші президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Тұңғыш рет тарихта біздің мемлекет халықаралық дәрежеде танылған нақты шекарасын белгіледі. 14 мың шақырым мемлекеттік шекара межеленді» дегені бар еді. Иа, оған дау жоқ. Уәж айта алмамыз. Назарбаевтың ұлт алдындағы ең бір үлкен еңбегі осы. Десек те, бұған дейінде қазақтың шекарасы болды. Тәуелсіздікке қол жеткізген еліміз тарихи мұрагерлік құқығы бойынша Кеңес Одағының құрамындағы Қазақ КСР-інің аумағы мен шекарасына иелік еткені белгілі. Ал ол шекараны бекіту үшін үлкен айқас болғанын тарихтан білеміз. Ең бастысы, алаш арыстары иісі қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу үшін жан беріп, жан алысты. Енді, осы мәселеге келейік. 1920 жылдың 26 тамызында Қазақ автономиясын құру және оның жер көлемін белгілеу жөнінде декрет дүниеге келді. Дәл осы жерде империялық көзқарастағы большевиктермен тартысып, сөзін өткізіп, алаш жерін алып қалған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Әлімхан Ермековты жеке дара атап өткен жөн. Кремльде өткен ұзақ тартыстан соң, қызыл пролетариаттың көсемі – Ленин арнайы қаулыға қол қойды. Бұл – жеке азат ел болуды аңсаған Алаш арыстарының жанқиярлық еңбегінің арқасы еді. Сол тартысы мол алқалы мәжілісте болашақта құралатын Қазақ мемлекетінің шекарасы межеленді. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков Қазақ мемлекеті алдындағы тарихи миссиясын осылайша орындап шықты. Сол кезде бар-жоғы 29 жастағы Әлімхан Ермеков Әлихан мен Ахметтің дем беруінің арқасында азулы топтың алдында Қазақ жерінің шекарасы жайында баяндама жасады. Әлімхан Ермеков өзгені де, Ленинді де өз дегеніне көндірді. Алаш баласы мекен еткен ұлан-ғайыр даланың шекарасы осылайша бекітілген.
Сондықтан Иісі қазақ баласы үшін 26 тамыз – айтулы даталардың бірі болуы тиіс еді. Алайда, ол күннің маңызын дәл қазір бірі білсе, бірі білмейтіні өкінішті.Тек сол күн жақындағанда әлеуметтік желілерде бірен-саран жазбалар жылт етіп көрініп, артынша жоқ болады. Ал, мемлекеттік деңгейде ештеңе айтылмайды. Өкініштісі осы.
Айтқымыз келгені, осы 26 тамыз мемлекеттік деңгейде аталып өтетін күн ретінде белгіленсе һәм Астананың дәл ортасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермековқа арналған ескерткіш- композиция орнатылғаны жөн. Оған 26 тамыздың алаш баласы үшін қандай күн екені жазылса дұрыс болар. Өзімізде, елімізге келетін өзге жұртта біле жүрмек. Ал, Алаш көсемдерімен иық тірестіріп қатар жүрген Әлімхан Ермеков кім дегенге келетін болсақ, ол 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Беріктас деген жерде өмірге келген. 1917 жылдан бастап Алаш ұлдарымен бірігіп, автономия құрысты.Тар жол тайғақ кешуді бірге өткізді. Өмірінің 18 жылын түрмеде өтті. Кейінен математика саласына бірнеше кітап жазды. Қазақтың тұңғыш профессор-математигі атанды. Атаусыз қалды дей алмаймыз, Ермеков атында көше бар, мектеп бар, Дегенмен иісі қазақтың шекарасын бекітуде аса үлкен еңбек сіңірген тұлға үшін бұл аздық етеді. Әлімхан Ермеков үлкен құрметтерге лайық алаштың алып тұлғасы. Соны ұмытпайық!
Азаматхан Әміртай