Home Жаңалықтар «…Жырына жолдың құрбан қып, басымды тіктім әйтеуір…» немесе жоғалып кеткен ақындар

«…Жырына жолдың құрбан қып, басымды тіктім әйтеуір…» немесе жоғалып кеткен ақындар

42

Кезінде Төлеген  Айбергенов:

«Ақын боп  өмір  кешіру  оңай  деймісің,  қарағым,

Аузында  болу  бұл  өзі   сыздаған  барлық  жараның.

Көкірегіне  құйып  ап  әлемнің  асқақ  бар   әнін,

Қосудың  арпалысы  бұл –тоғыспас   жолдар  торабын.

Нахақтан күйіп   баратса  нұрлы  күн үшін   бір  тұтқын,

Кес-кестен   барып  кеудеңді   оғына  тосу  мылтықтың.

Қалдырмау  үшін ұятқа    күнәсіз  мынау  дүниені,

Жамау  қып  басу  өзіңді   аузына  барлық  жыртықтың»  деген  еді. Рас,  ақын  болу, Алланың  сыйлаған  дарынына  ие  болу –  кез келген  жұмыр  бастының   маңдайына жазылмаған  бақ. Шындығы  сол,  ақын  болу –  жұрттың  көрмегенін  көре  білу,  сезіне  білу,  жан-дүниеңе  әсер  еткен  жайды жұп-жұмыр  жыр ғып  ақ  қағаз  бетіне  түсіре  білу, кездейсоқ жанның  пешенесіне  жазылмаған  дүние. Ақынның  құдіреттілігі де  сонда  болар-ау. Жыр  жолына  бас  тігіп, сол  жолда өлеңнің  отына   өртеніп кеткендер  де  көп.

«Алысты  барам  арман  қып,

ауырың  болса  арт  өмір!

Жолына Жырдың құрбан  қып,

басымды  тіктім  әйтеуір»  деп   еді Төлеген  ақын. Қаламын  жанына  серік еткен  ақын  сол  жолда  өзін  құрбан  етті. Ерте кетті,  амал  нешік? Егер  ол    бар  болса, ерекше  дарын  иесінің өлеңдерін  оқып, бүгінгі  «ақынбыз»  деп  жүргендердің   күлдібадам    шатпақтарын  күресінге  атып  ұрып,   Төлегеннің  жырларына шөлімізді  қандырар  ма едік,  әттең. Жыр  жолында   басын  бәйге  етіп, өмірде   ерте кеткен  жан  тек  Төлеген  бе  еді?! Әлем әдебиетін  былай  қойғанда, өзіміздің  қазақ  әдебиетінде   де   поэзия  көгінде  жасындай жалт  етіп,  артына  өшпес  із  қалдырып,   дүниеден  ерте  өткен ақындар  көп.  Өткен  ғасырдың  басында   не  бәрі  жиырма  үш  жасында қыршыннан кеткен,   бірақ  артына «Менің  құрдастарым»  деген  өлмес туындысын  қалдырған  Саттар  Ерубаев, жиырма  жеті  жасында   өмірді  талақ  етіп, бұ  пәниден  бақиға  аттанған,  «қараңғы  қазақ  көгіне  өрмелеп  шығып  күн»  болам  деген, исі  қазақ  ұлы  ақын  ретінде танитын Сұлтанмахмұт  Торайғыров,  бұлар  тым  ары  дейтін  болсақ,  алпысыншы  жылдардан  бері қарай  тарамдасақ Төлеген  Айбергенов,  Марат  Отаралиев, Жұматай  Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков, Бауыржан  Үсенов, Артығали   Ыбраевтар… Бұл  тізім  осылай  тізбектеліп  кете  береді.  Бұларға  кеше  ғана  дүниеден  өткен,  көктей  жұлынған   Қайрат  Әлімбеков, Бейбіт  Құсанбек  секілді дарынды  ақындарды  қосуға  болады.

«Мен  бүгін  сонау  көгілдір  көлге  сағынып  ұшып  барамын,

Бірге  қақ  қанат қасымнан  қалмай  сағынып   көрген  қарағым.

Жалғасын  сен  айт  бұл  асқақ  әннің, жабылып кетсем  егер  мен,

Ғұлама  жылдар  судырлатқанда  парағын» деп еді  Төлеген ақын. Құдіреті  күшті  Алла  Тағала қатардағы  жай  тіршілік  иесі емес,  дауылпаз  дарын  иелеріне,  соның  ішінде  ақындарға дүниеден  тым  ерте  өтетіндерін  сездіре  ме, кім  білсін? Сол  ерте  кеткен  ақындардың  өлеңдерін  оқып  отырып, олардың  өз  тағдырларының  алды-артын  алдын ала  өлшеп-пішіп  қойғанын  сезгендей  боласың.

«Қамықпа  досым,  қамықпа,

Келер  күн  көктем  сыйлайды…

Адамдар  сияр  табытқа,

Ақындар  бірақ  сыймайды»  (Артығали  Ыбраев)  дегендей, өз  шеңберіне  сыймай  кеткендер  қазақ  әдебиетінде  кө-ө-п. Қайсы  бірін айтасың. Бірақ  бұл  басқа  әңгіме. Поэзия  көгінде құйрықты  жұлдыздай  жарқ  етіп,  соңына  із  қалдырып,  із-түссіз кеткен  ақындар да  бар.   Өкінішке  қарай  олар  жайлы   аз  жазылды.  Сондықтан  болар жарқылдап  жүріп  жоқ  болып,  жоғалып кеткен  ақындарды көпшілік  біле  бермейді. Енді сол  жоғалған,  дерегі  білінбей  кеткен бірнеше  ақын  жөнінде сөз  қозғасақ.  Жоғалған  ақындар  дегенде алдымен  еске  оралатын – Танабай  Нарманов, Әділ  Ботпанов, Сағат  Әбдуғалиевтар. Бұлардың  үшеуі де жыр  көрігін  қыздырып  жүріп  із-түссіз  кеткендер. Бұл  жарық  дүниеде  олар  бар  ма,  жоқ  па, ешкім  білмейді.   Тек артында  қаламдас  достарының,   жақындарының  олар  жөнінде айтқан жарқын  естеліктері  қалды. Белгілі  ақын  Исраил   Сапарбай ақын  інісі Танабай  Нармановты былайша еске  алады: «Әлі есімде … Облыстық «Оңтүстік  Қазақстан» газетінің   әдебиет   және өнер  бөлімінде  істеп  жүрген  кезім. Бір  күні  түс  әлетінде,  қасында өзі  құралпы   досы  бар,  Танабай  кіріп  келді. Сол  аға  сыйлап  өскен  ізетті  қалпы. Өзінің   осы  бетте университетті  бітіріп келгенін, ауылда  бірер  күн аунап-қунап,  енді  қызметке  кірісер  алдында   дос-жораларымен кездесіп,  бір  сәт  мауқын  басуға шыққанын,  өлеңдерін   талай  мәрте  жариялатқан   қара  шаңыраққа сәлем беріп, бас  сұғып  шығуды парыз  санағанын  айтып, не керек  соңында  жарық  көрмеген  жаңа  өлеңдерін  оқып  берді.Мен  оларды  алып  қалдым. Реті  келгенде  суретке  түсіп, әкеп  тастауын  өтіндім.   Ол  бірер  күн Шымкентте  болатынын,  осындағы оқу  орындарында   мектептес  достары   бар екендігін, солардың жатақханасына   кіріп  шығатынын,  мүмкіндігінше   хабарласып, қайта  соғатынын  айтып, жылы  қоштасты. … Ажал  айтып   келмейді  ғой.    Сол  екі-үш күн  ішінде   Танабайдан  айрылып  қалдық.  Технология   институтының  жатақханасында   достарымен  бірге  болып, көшеге  шыққан жас  ақынның   сол күйі  дерегі  болмады. Перизатқа   ғашық  болып  жүретін   пері  ақынды ,  кім  білсін періштелер  қанатына  мінгізіп, әлдеқайда  алып  кетті  ме…  Әйтеуір  әлі  күнге   «көрдім,  білдім»  деген   адам  жоқ…».  Танабайдың  жеке жыр жинағы  шықпаған.

«…  Жұлдыздың  сонау  көктегі,

Жұмылып кетсе  бірі егер.

Кеудемнің  сезім  ішектері

Кеткенін  толқып   біле  бер!..»  деген  Танабайдың  өз  көгі,  өзіндік  көгілдір  әлемі  бар  еді. Сол  Танабай:

« …Шұғыла  жайып  құшағын, шұбатылып  сонау  күмбезден…

Қызғалдақ   сайын  көк  кешіп, қызғалдақ  сайын  қыр  кезгем.

Алқынып  саған  қарағам,   арманда  көзбен-нұр  көзбен,

Үзідігіп  барып  құлағам,   құмарым  қанбай  бір кезде… – деп  өз  тағдырының   алды-артын алдын ала  өлшеп,  болжам  қойған екен. Төлеген  сарындас, Мұқағали  мұңдас Танабай  ақын  артына   таңғы  шықтай  кәусәр  жырларын  қалдырып,  жоғалып  кете  барды… Сондай, артына  балауса жырларын  қалдырып,  ғайып  боп  кеткен  ақындардың  екіншісі,  Әділ  Ботпанов.  «Әділ ҚазМУ-ға  келгенде даяр  ақын  ретінде келді. Аңқылдақ  жігіт еді. Дос,  жора-жолдас  десе, барын  беретін, елпілдеген  елгезек-тұғын. Ақындығы  мықты болды. Өз  деңгейлестері  оған  қызыға,  қызғана   қарайтын. Бірақ  жеке жыр  жинағын  шығарып  үлгермеді.  Тек «Қарлығаш»  деген  топтамаға  біраз  өлеңдері енді. Дүрілдеп  жүрген  ақын  бірде ізім-қайым  жоқ  болды. Қайда кетті,  әлі  күнге  ешкім  білмейді»  дейді    досын  есіне алған талантты  ақын Әмірхан Балқыбек.

«Дертті  жандай зәру  болған  дәріге,

Ми  құрғатып  мәңгіліктің  жолында.

Жанның  кірін  қанмен  жуып  сәріде

Мен  көшермін  құрсағымнан   қорымға.

Бірақ  маған мөп-мөлдір  мұң  сыйлар кім?

Арманыма  алқа  қылып  тағуға.

Жансыз  қолым  жетпей  неге  қиналдым?!

Тәңірімнің  терезесін  қағуға…»  дейді  Әділ  «Соңғы  ән»  деген  өлеңінде.

«Ием  болсаң  көкірекке  салған жол,

Жатырқамай  жылытсаңшы  боп  пана.

Өз-өзіңе  тең  таппаған  жалғаннан

Сен емес  қой  тек  қана…

тәңірім-ау…  деп  тәңірімен  тілдескен  Әділ бұл  жалғаннан  өзіне  тең  таппай,  жан-дүниесін  ұғынар  қара  көрмей,  өзге  әлемнің   қойнына кіріп  кете  барды  ма екен, кім білсін? Егер де  Әділ  бар  болса,  бүгінгі  күні талай жыр  жинақтардың авторы  атанып, өлең  сүйер  қауымның кумиріне айналар  ма  еді?  Бірақ  жазмыш   оған  жазбапты.

Артына өзіндік  өрнекті  өлеңдерін  қалдырып, жоғалып  кетіп, кейіннен мүрдесі  табылған ақындардың  бірі Сағат  Әбдуғалиев  болатын.  «Ол  Сағат  еді-ау…  Неткен ауыр  тағдыр. Небары  отыз  алты  жасында   қазақ  поэзиясынан   өзіндік  орын  тауып,  кенеттен  бәрін  лақтырып, артына  қарайламай  кете бару – адам  түсінбес  дүние.   Бірақ  өмір  кетпесіне  қойды  ма?!  Өлмесіне  рет  берді  ме?! Орал, Ақтөбе,  Жаңаөзен түрмелерінің   тақтай  төсегін   әлденеше  жамбастаған   Сағат   еліне өкпе  ауруын  жамап  қайтты. Ендігі  жерде  Сағат  ақынға   бұл  дүниені тәрк етпеске  жер  қалмап  еді.  1983 жылдың  желтоқсанының   соңғы  күндері. Калмыков  селосынан   кешкілік үлкен трасса  жолды  бетке  алып  шыққан  шайыр  екі  ортада   бір  сайдың  аңғарына  құлайды. Сол  түні  қатты  аяз  ұрып,  қалың  қар  жауған…

1984  жылдың  наурыз  айының  бір жайма-шуақ   күндерінде   мал-жандығын   ауыл  маңына  өріске  шығарған   екі  бала ақын  мүрдесін  таппағанда,  Сағатқа   сайлы  жерден   топырақ та  бұйырмаған  болар  еді…»  деп  Сағаттың  тұңғыш     әрі  соңғы  жыр  жинағына   алғы  сөз  жазған   жерлесі, белгілі сазгер, бард-ақын  Табыл Досымов осылайша ақынды  еске   алады. Сағат  поэзия  әлемінде  өзіндік  өрнек  қалдырған  ақын.

«О,тіршілік, жанардағы  жарық  күн,

Жарық  күннен  жарағанша  мән  ұқтым.

Ата-ананың  бүйрегінде  бүлк  етпей,

Жүрегінде  қалу  керек  халықтың!..»

Сағат  өлеңді  осылайша  өрнектейтін. Халықтың  бәрі  білмесе де  Сағатты  өлеңге  жақын  жүргендердің  көпшілігі білуі  керек.

Інілер  деген ағаның  ізіне  басқан  сұрау  сап,

Жортпаушыма еді  таң  алды  тырна  көз көлдер  қырау  шақ,

Арқамдағы  асқар  тауым  деп  таулардан  іздеуші  еді  ғой,

Кеудесіндегі  күдігін жаулардан  үзбеуші  еді  ғой.

Төбеден  бұлттар  көшкенде   шатырлап  аспан  жай  теңдеп,

Жазықтан  іздеуші  еді  ғой  жазым  боп  кетсе  қайтем  деп…  Қазақ поэзиясының көгіне  балапан жырларын   енді ұшыра  бастағанда қанаты  қырқылып, арманда өткен, жоғалып  кеткен Танабай,  Әділ  және  Сағаттың  өлеңдерін  оқып  отырып  тағы да  Төлеген  ақынның   осы  бір  жыр  жолдарын  есіме алдым. Сосын Мұқағалидың  «…  уақытым  келіп  кеткенде  келмес  сапарға, қалмасам екен іздеусіз,  ізсіз,  жоқтаусыз»  дегені есіме  оралды. Қазақ  поэзиясы  аман  тұрғанда,  өлең  сүйер  қауым  бар  кезде, ешқандай  ақын,  соның  ішінде Танабай,  Әділ,  Сағат  сынды  дарынды  ақындар  елеусіз,  ескерусіз,  іздеусіз   қалмасы  әмбеге  аян.

 

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ

Таза  Ел  кз

Алдыңғы жазбаАңыз бен ақиқат
Келесі жазба«Нұрлы жер» тұрғын үйлерін «7-20-25» арқылы алуға болады: Ай сайынғы төлем аталды – Ел жаңалықтары