Home Жаңалықтар Адамзатты не күтіп тұр?

Адамзатты не күтіп тұр?

74

Футурологтар – әлемнің дамуын ғылыммен байланыстыра отырып болжам жасайтындар. Рас, бұл сала бүгінгі заманның жемісі емес. Ертеден бар. Қысқасы, болашақты болжау футурология ғылымының еншісінде (болашақ, сөз, ілім). Қазіргі ғылымда болашақты болжаудың бірнеше әдістері пайдаланылады. Мәселен, оған жататындар экстраполяция (латынша-extra- сырттай, poli- өзгерту, бастау). Экстраполяция – бір нәрсенің құбылысына қарап басқа нәрсені болжау, оның келешегін, даму жолын кесіп айту. Айтқымыз келгені бұл саланы тереңдеп зерттеу емес. Тілге тиек еткелі тұрғанымыз жасаған болжамдары белгілі бір уақыттан кейін дөп келген бірді-екілі аты-шулы футурологтар жайлы сыр тарту.

18 ғасырда өмір сүрген белгілі ғалым, футуролог Карл Ален 19-20 ғасырларда адамзат басынан қандай оқиғаларды кешетінін, қандай жетістіктерге жететінін болжап кеткен. Оның айтқандарының бәрі болмаса да 80 пайызы жүзеге асқан көрінеді. Мәселен, 19 ғасырдың ортасында адамдар бумен жүретін көлікке мінеді деген. Шындығы сол, көп уақыт өтпей бумен жүретін паравоздар дүниеге келді. Сол ғасырдың соңына қарай бір атқанда аузынан ондаған оқ шығатын қаһарлы қару пайда болады депті. 1873 жылы америкалық өнертапқыш Хайрем Стивенс Максим пулеметті ойлап тапты. Оны Максим деп атады. Сол атышулы пулемет әлі күнге кейбір елдердің армиясында қолданылып жүр.

Сондай-ақ, Карл Ален ХХ ғасырдың ортасында ғарышқа ұшатын кемелердің, теледидарлардың пайда болатынын нақты болжаған. Әрине оның қағазға қаттап кеткендерінің бәрін тізіп жаза беру міндет емес. Оның осы айтқандары да жеткілікті. Бүгінгі күнге келетін болсақ, аты төрткіл дүниеге мәшһүр футурологтар жеткілікті. Олардың адамзаттың болашағы туралы айтқан болжамдары әрқилы. Бірі адамзатты жарқын болашақ, ғажап өмір күтіп тұр десе, екіншісі үрейлі кезеңдерді алға тартады. Кім не десе де, әр нәрсені өз уақытында көре жатармыз. Десек те, әлемнің 10 мықты футурологтарының біріне жататын Рэй Курцвейл (Google-дің техникалық директоры, әлемге танымал футуролог және технологияның маманы) жөнінде айтпай кету мүмкін емес. «Бұл кісіге сенуге болады» деседі. Жасанды интеллекттің қазіргі жетістігі осы маманның зерттеулеріне негізделген. Курцвейл 1990 жылдан бері технологиялық болжамдар жасаумен де айналысып келеді, оның көптеген болжамдары дәл келген, деп жазады Inventure басылымы.

Бірақ оның болжамдарын жоққа шығаратын басқа да футурологтар бар. Біз осы мақаланы жазу барысында Курцвейлдің болжамына қарсы дау айтқандардың да пікірлерін бере кеткенді жөн көріп отырмыз. Енді Рэйдің болашақ жайлы айтқандарына келелік. Қысқасы, ол бұрын өз болжамдарында 2030-жылдары, 2040-жылдары деп ұзақ мерзімдерді сөз етсе, енді нақты жылдарға қатысты болжам жасайтын болыпты. Футуролог ғалымның мұндай дәлдікпен болжам жасауына оның соңғы жұмыс орны әсер етсе керек: ол әлемдегі ең ірі интернет-компанияда инновациялық бағыттарда жұмыс істеген. Сонымен Курцвейлдің адамзатқа болжап берген болашағы қандай? Оның соңғы 20 жыл ішінде жасаған барлық болжамдарын саралай келгенде 2019 жылдан 2099 жылдар арасында бізді мынадай технологиялық жаңалықтар күтіп тұр.

2021 жыл – жер бетінің 85 пайызы сымсыз интернетпен қамтылады.

2022 жыл – АҚШ пен Еуропада адам мен роботтар арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін заңдар қабылдана бастайды. Роботтардың іс-әрекеті, құқығы мен міндеттері де заңдарға енеді.

Рэй Курцвейлдің дәл осы айтқанына әлемдегі ең мықты деп саналатын он футурологтың бірі Элвин Тоффлер мынадай уәж айтады: «2022 жыл иек астында. Солай бола тұрса да Рэй ұшқары болжам жасаған. Роботтар дәуірі бізге 2030 жылдары келеді. Бәлкім, адамдар мен роботтар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін заңдар сол кезде керек болар. Ал дәл 2022 жылы роботтар ол деңгейге жете қоймайды. Өйткені бұл салада біз жекелеген жетістіктерге жеткенмен, үлкен нәтижелерге қол жеткізе алған жоқпыз. Бірақ, роботтың іс-қимылы, ойлау жүйесін саналы адамның деңгейіне жеткізуге күш салып жатырмыз» дейді. Бұл пікірмен келісуге болатын сияқты.

2024 жыл – компьютерлік интеллект автокөліктер үшін міндетті болады. Адамдарға компьютерлік көмекші орнатылмаған көліктерді басқаруға тыйым салына бастайды.

2025 жыл – адамның денесіне орнатылатын имплантат-гаджеттер жаппай қолданысқа енеді.

2026 жыл – ғылыми үдерістің арқасында адамдардың өмірі біртіндеп ұзара бастайды.

2027 жыл – аса күрделі тапсырмаларды оңай орындайтын жеке роботтар қазіргі тоңазытқыш пен шаңсорғыш сияқты қалыпты дүниеге айналады.

2028 жыл – күн энергиясы өте арзан болып, кеңінен таралады. Адамның бар қажетіне күн қуаты толық жететін болады.

 

«Рэйдің күн энергиясы жөнінде айқаны қазірдің өзінде жүзеге асып жатыр. Бүгінгі ғылым күн энергиясын пайдаланудың жолдарын тауып қойған. Әсіресе, күннен алынатын энергия ауыл шаруашылығы саласында қазір кеңінен қолданылуда» дейді белгілі футуролог Мичио Каку.

Дәл осы футуролог жасанды адам ағзалары осы ғасырдың ортасында пайда болатынын, ал 2100 жылы әлемде нәсілге бөліну жойылып, біртұтас өркениетке адам баласы аяқ басады дегенді айтқан еді.

2029 жыл – компьютерлер Тьюринг тестінен оңай өтетін болады. Адамның миы мен компьютердің миын ажырату мүмкін емес болады. Ал адамның миы әбден зерттеліп болады.

2030 жыл – өнеркәсіпте жаппай нанотехнология пайдаланылады, барлық өнім жаппай арзандай бастайды.

2031 жыл – кез келген ауруханада адам органдарын басып шығаратын 3D-принтерлер тұрады.

2032 жыл – нанороботтар медициналық мақсатта пайдаланылады. Олар адамның жасушаларына қорек жеткізіп, қалдықты шығара алады. Адамның қыр-сырын түсіну үшін миды тексереді.

2033 жыл – жолдарда өздігінен жүретін көліктер ғана қалады.

2034 жыл – адам алғаш рет жасанды интеллектпен кездеседі. Сағынған ғашығыңыздың виртуалды көшірмесімен кез келген уақытта бірге бола аласыз.

2035 жыл – ғарыштық техника одан сайын дамып, жерді астероидтардан үнемі қорғап тұрады.

2036 жыл – ауру емдейтін арнайы клеткалар пайда болады, 3D-принтерлер адамдарға арналған жаңа органдар өсіре алатын болады.

2037 жыл – адам миын түсінуде тағы бір үлкен жетістік жасалады. Мидағы арнайы фунциялары бар жүздеген аймақтар мен субаймақтар табылады. Солардың алгоритмдері компьютерлердің нейронды желілеріне енгізіледі.

2038 жыл – роботталған адамдар, трансгуманистік технологияның өнімдері пайда бола бастайды. (Мысалы, көз-камера, қосымша қол-протездер)

2039 жыл – наномашиналар тікелей адам миына орналастырылып, адам виртуалды шындыққа толығымен беріле алатын болады.

2040 жыл – іздеу жүйелері адам азғасының ішіне-ақ орнатылатын болады, адамның ойына келген нәрсенің бәрі линза немесе көзілдірік арқылы көз алдыңызға келеді.

2041 жыл – Интернеттің жылдамдығы қазіргіден 500 миллион есеге артады.

2042 жыл – өлмейтін адамдар пайда болады. Нанороботтар иммун жүйесін жаңартып, адамдардың барлық ауруларын жойып отырады.

Әлемдегі ең мықты футурологтың бірі саналатын Уильям Гибсон Рэйдің дәл осы айтқанын жоққа шығарады. «Адам әлімсақтан бері өлмейтін, мәңгілік өмір сүретін кезді армандап келеді. Бірақ, ондай технологияны меңгеру ХХІ ғасырда бола қоймас. Адамның бүкіл ағзасын, мүшесін 3D-принтерлер арқылы жасауға мүмкіндік болғанмен, миллиондаған, миллиардтаған қылдан тұратын жүйке талшықтарын жасау, оларға жан бітіру бұл ғасырда іске асатын шаруа емес. Ол алдағы басқа ғасырларда да жүзеге асуы неғайбыл шаруа. Адам өте күрделі және өте саналы тіршілік иесі» дейді Уильям Гибсон.

2043 жыл – нанороботтардың арқасында адам денесі өз формасын өзгерте алатын қабілетке ие болады. Адамның ішкі органдарының орнына одан әлдеқайда сапалы кибернетикалық құрылғылар тұрады.

2044 жыл – биологиялық емес интеллект қазіргі биологиялық интеллекттен миллиардтаған есеге ақылды болады.

2045 жыл – таза технологиялық өмір ғана қалады. Жер – үлкен компьютерге айналады.

2099 жыл – компьютерлер жерді қойып, бар ғаламға тарай бастайды.

Әрине, мұндай болжамға сену қиындау. Тіпті, Рэй Курцвейлдің кейбір айтқандарына мықты ғалым, сұңғыла футуролог болмай-ақ, дау айтуға болады. Мәселен оның «2031 жыл – кез келген ауруханада адам органдарын басып шығаратын 3D-принтерлер тұрады» деуі артық екені көзге ұрып тұр. Бәлкім, дамыған, алпауыт елдердегі мүмкіндік сондай болуы ықтимал. Ал екінші, үшінші сортқа жататын мешеу елдерде ондай болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ. Сол секілді «2033 жыл – жолдарда өздігінен жүретін көліктер ғана қалады» дейді. Бұл да әсіре болжам деуге болады. Рэй бұл жерде тағы да әлем дамыған, озық технологияға қол жеткізген мемлекеттерден ғана тұрмайтындығын ескермесе керек. Африка, Латын Америкасы, Азиядағы көптеген мемлекеттерде көлік міну ол кезде де арман болып қала бермек. Өйткені аталмыш құрлықтағы кейбір елдердегі саяси жағдай: соғыс, қақтығыс, ұлтаралық жанжалдар, экономикалық тоқыраулар дамуды тежейді. Ал даму тығырыққа тірелген жерде, өркендеуге жол жоқ. Яғни Рэйдің «2033 жыл – жолдарда өздігінен жүретін көліктер ғана қалады» деуі әсіре әңгіме болып қалмақ. Десек те, қоғамның қазіргі даму қарқынына байыппен қарасаңыз, алдағы уақытта мұндай нәрселердің болуы мүмкін екенін түсінесіз. Не дейміз? Көре жатармыз!

Алдыңғы жазбаҚасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнес өкілдерінің үндеуіне қатысты пікір білдірді
Келесі жазбаРасул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы: Ұлт болып ұйитын идея керек