Home Саясат Ұлттық қордың 5 триллионы: ел игілігіне жұмсала ма, әлде тағы да талан-таражға...

Ұлттық қордың 5 триллионы: ел игілігіне жұмсала ма, әлде тағы да талан-таражға түсе ме?

17

Қазақстанда алдағы үш жылда үлкен құрылыс науқаны басталғалы тұр. Президенттің тапсырмасымен 2027 жыл «Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы» болмақ. Бұл бастамаға қыруар қаржы қарастырылған. Атап айтқанда, Ұлттық қордан 2027 жылы 2 триллион теңге, ал 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1,5 триллион теңгеден бөлінеді. Үш жылда – 5 триллион теңге! Аз ақша емес. Бұл – елдің болашағына салынатын инвестиция ма, әлде бюджетке түсетін кезекті ауыр салмақ па? Мәселенің мәні осында.

Ertenmedia мен ресми ақпарат көздерінде жарияланған мәліметтерге сүйенсек, қаражат бірнеше негізгі бағытқа жұмсалмақ. Оның 999,3 миллиард теңгесі көлік және логистика инфрақұрылымына, 529,5 миллиард теңгесі энергетика саласына, 251,1 миллиард теңгесі әлеуметтік нысандар құрылысы мен жөндеуіне, 123,7 миллиард теңгесі су ресурстарын басқаруға бағытталады. Бұдан бөлек, қорғаныс, қоғамдық қауіпсіздік және ғарыш саласына да қаржы қарастырылған. Жалпы, 347 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Әрине, мұның бәрі қажет. Жол керек, мектеп керек, аурухана керек, электр энергиясы мен таза ауызсу керек. Ауылдардағы тозған инфрақұрылымды жаңарту да – уақыт күттірмейтін мәселе. Президенттің құрылысқа басымдық беруінің астарында осындай қажеттілік жатыр. Бірақ бір нәрсені ұмытпауымыз керек: Ұлттық қор – біреудің жеке ақшасы емес, бүгінгі және келешек ұрпақтың ортақ байлығы.

Сондықтан басты мәселе – бөлінген қаржыны игеру емес, оның нәтижесін көру. Бізде бюджеттен миллиардтар бөлініп, құрылыс басталып, кейін нысанның сапасына қатысты дау туындайтын жағдайлар аз болған жоқ. Кейбір жолдар жөндеуден өткен соң қайта бұзылады, кейбір әлеуметтік нысандардың құрылысы созылып кетеді. Құжатта бәрі әдемі, ал іс жүзінде нәтиже көңіл көншітпейді. Осындай тәжірибе қайталанбауы тиіс.

Бірінші кезекте мемлекеттік сатып алу жүйесі ашық болуы керек. Қай жобаны кім салады, қанша ақша алады, құрылыс қашан аяқталады – осының бәрі қоғамға қолжетімді болғаны жөн. Мердігер компаниялардың құрылтайшылары мен нақты иелері де ашық көрсетілгені дұрыс. Бір компания тендерді ұтып алып, жұмысты басқаға өткізіп, жауапкершіліктен жалтармауы керек. Құрылыс сапасына техникалық қадағалау ғана емес, тәуелсіз қоғамдық бақылау да қажет.

Екіншіден, әрбір жоба бойынша нақты есеп жариялануы тиіс. Мысалы, бөлінген 100 миллиард теңгеге қанша шақырым жол салынды? Қанша ауыл таза ауызсуға қол жеткізді? Қанша мектеп пен аурухана пайдалануға берілді? Құрылыс аяқталғаннан кейін оның сапасына кім жауап береді? Мұндай сұрақтарға мемлекеттік органдар нақты жауап беруге міндетті.

Үшіншіден, Ұлттық қор қаражаты отандық өндірісті дамытуға да қызмет етуі керек. Құрылысқа қажетті материалдар мен жабдықтардың мүмкіндігінше өз елімізде өндірілгені маңызды. Сонда қаржының бір бөлігі отандық кәсіпорындарға, жұмыс орындарына және салық түсімдеріне айналады. Әйтпесе, миллиардтаған теңге бөлініп, оның едәуір бөлігі импортқа кетсе, экономикалық қайтарымы шектеулі болмақ.

Әрине, Ұлттық қордан қаржы алудың өзі қателік емес. Егер ол елге қажетті инфрақұрылым салып, экономиканың дамуына жол ашса, мұндай инвестицияның маңызы зор. Бірақ қорды кез келген мәселені шешетін дайын әмиянға айналдыруға болмайды. Мұнайдан түсетін табыс мәңгі емес. Сондықтан бүгін жұмсалған әр теңге ертең елге нақты пайда әкелуі керек.

Меніңше, алдағы үш жылдағы үлкен құрылыстың басты өлшемі – қанша триллион теңге игерілгені емес, қанша сапалы нысан салынғаны болуы тиіс. Үкімет пен жауапты мекемелер қаржының жұмсалуына ғана емес, түпкі нәтижесіне жауап беруі қажет. Ал Парламент, аудит органдары, журналистер мен қоғам бұл процесті тұрақты бақылауда ұстағаны жөн.

Бес триллион теңге – үлкен мүмкіндік. Бірақ бақылаусыз қалған үлкен қаржы үлкен тәуекелге де айналады. Ұлттық қордың ақшасы шенеуніктердің, мердігерлердің немесе делдалдардың емес, халықтың игілігіне жұмсалуы керек. Құрылыс жылының шын нәтижесі осыдан көрінбек.

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, dodanews.kz

Алдыңғы жазбаАзаматхан Әміртай: Табиғаттың тағдыры үшін күрескен азамат