Әлбетте, адамның кім екенін танып-білу үшін оның айтқан сөзіне ғана емес, жылдар бойы ұстанған бағытына, өмірлік мұратына, сол жолда атқарған ісіне қарау керек. Өйткені уақыт адамның шынайы болмысын танытатын ең әділ өлшем. Бір күндік таныстықта кез келген адам жақсы әсер қалдыруы мүмкін. Ал жылдар бойы араласып, бірге жұмыс істеп, талай мәселені талқылап, азаматтың қоғамдық қызметіне куә болған соң ғана ол туралы байыпты пікір қалыптасады. Мен Азаматхан Әміртаймен 2017 жылдан бері араласып келемін. Осы жылдар ішінде оның қоғамдық қызметіне, көзқарасына, ел ішіндегі түрлі мәселелерге деген ұстанымына куә болдым. Алғаш танысқан кезіміз әлі есімде. Әңгімеміздің негізгі арқауы еліміздің экологиясы, табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығы болды. Азаматхан сол кезде-ақ Қазақстанның экологиялық ахуалына алаңдайтынын, бұл мәселені қоғамның назарынан тыс қалдырмау керектігін айтып жүрді. Оның әңгімесінен табиғатты қорғауды жай ғана қоғамдық науқан емес, азаматтық жауапкершілік деп қабылдайтынын аңғарған едім. Сол алғашқы кездесулерден кейін екеуіміз бірлесіп «Таза ел» атты ақпараттық сайт аштық. Сайттың негізгі бағыты Қазақстанның экологиялық мәселелерін жариялау болды. Сонымен қатар еліміздің саяси өмірі, қоғамдағы түйткілді мәселелер, экономика, қаржы саласына қатысты сараптамалық материалдар да жарық көре бастады. Жарияланған мақалалардың басым бөлігінің авторы Азаматханның өзі еді. Ол бір тақырыпты қозғап қана қоймай, мәселенің мәніне үңіліп, оның себеп-салдарын талдауға тырысатын. Экологияны экономикадан, табиғатты қорғауды саясаттан бөлек қарауға болмайтынын сол кезде-ақ түсінетін. Шын мәнінде, экология дегеніміз тек ағаш отырғызу, көшеге қоқыс тастамау немесе сенбілік ұйымдастыру емес. Ол — халықтың денсаулығы, ұлттың болашағы, елдің экономикалық қауіпсіздігі, келер ұрпақтың алдындағы жауапкершілік. Таза ауа мен таза су — адамның ең қарапайым әрі ең басты қажеттілігі. Сондықтан экологиялық мәселе көтеру дегеніміз — халықтың өмір сүру сапасы мен елдің ертеңін сөз ету.
Азаматханның өмір жолына үңілсек, оның білімге ден қойған, ізденіске бейім азамат екенін байқаймыз. Ол 1978 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ауылда өсіп, кейін Алматыға қоныс аударып, республикалық физика-математика мектебін, академик Өмірбек Жәутіков атындағы білім ордасын тәмамдаған. Одан кейін Алматы энергетика және байланыс институтында білім алып, инженер мамандығын меңгерген. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде мемлекеттік және жергілікті басқару саласын оқыған. Мәскеудегі «Сколково» басқару мектебінде Executive MBA бағдарламасы бойынша білімін жетілдірген. Мұны жай ғана өмірбаяндық дерек ретінде келтіріп отырған жоқпын. Өйткені қоғамдық қызметке араласқан адамның білімі мен дүниетанымы оның көтеретін мәселелерінің ауқымына тікелей әсер етеді. Азаматханның экологиядан бастап экономикаға, мемлекеттік басқарудан халықаралық қатынастарға дейінгі тақырыптарға араласуының бір себебі де осында болса керек.
Ол бастапқыда кәсіпкерлік және ақпараттық технологиялар саласында еңбек еткен. Кейін қоғамдық жұмысқа бет бұрып, экологиялық қозғалыстың қалыптасуына күш салды. 2015-2016 жылдары басталған «Байтақ болашақ» экологиялық қозғалысының жұмысы біртіндеп кеңейіп, табиғатты қорғау мәселесін қоғамдық деңгейде көтеруге ұмтылған азаматтардың басын қосты. Қозғалыстың жұмысына белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің де қолдау білдіруі бұл бастаманың қоғамдық маңызын арттырған еді.
Меніңше, осы тұста Азаматханның өміріндегі маңызды бетбұрыс басталды. Өйткені экологиялық мәселелерді жеке азамат немесе қоғамдық ұйым деңгейінде көтерудің белгілі бір шегі бар. Ал сол мәселелерді заң шығару, мемлекеттік саясат, қоғамдық бақылау деңгейіне жеткізу үшін саяси институт қажет еді. Осыдан кейін ол Қазақстанда жасылдар партиясын құру идеясын жүзеге асыруға кірісті. Әрине, партия құру оңай шаруа болған жоқ. Құжат жинау, бастамашыл топ қалыптастыру, аймақтардан қолдаушылар табу, заң талаптарын орындау мұның бәрі уақытты да, табандылықты да талап етті. Партияның ресми тарихында оны тіркеу үшін құжаттардың 18 рет тапсырылғаны айтылады. Ақыры 2022 жылғы 28 қарашада Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы ресми тіркеуден өтті. Осылайша елімізде экологиялық бағыттағы саяси партия пайда болды.
Бұл бір адамның ғана бастамасы емес, ортақ идеяға сенген көптеген азаматтың еңбегі. Дегенмен сол бастаманы бастап, ұйымдастыру жұмыстарының басында жүрген адамдардың бірі ретінде Азаматханның атқарған еңбегін атап өткен жөн. Қандай да бір қоғамдық қозғалысты саяси ұйым деңгейіне жеткізу үшін идеяның болуы жеткіліксіз. Оған ұйымдастырушылық қабілет, табандылық, адамдармен жұмыс істей білу және ұзақ мерзімді мақсатқа адалдық қажет. «Байтақ» партиясы құрылғаннан кейін Азаматханның қызмет аясы да кеңейді. Ол Қазақстанның өзге өңірлеріндегі экологиялық проблемаларға ғана емес, халықаралық тәжірибеге де назар аудара бастады. Өзбекстан, Моңғолия, Ресей және басқа елдердегі экологиялық бағыттағы ұйымдармен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға күш салды. Мұның өзіндік мәні бар. Өйткені қоршаған ортаны қорғау шекараға бағынбайды. Бір елдің ауасындағы, суындағы немесе табиғатындағы өзгеріс көрші мемлекеттерге де әсер етуі мүмкін. Әсіресе трансшекаралық өзендер мәселесі, Орталық Азия үшін аса маңызды тақырып. Қазақстанның су қауіпсіздігі, көрші мемлекеттермен су ресурстарын әділ пайдалану, халықаралық келісімдердің орындалуы, мұның бәрі елдің болашағына тікелей қатысты. Азаматхан осы мәселелерді де жиі көтеріп келеді. Оның пікірінше, су ресурстарына қатысты келісімдер қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты орындалуы керек. Су — бір мемлекеттің ғана емес, тұтас аймақтың ортақ стратегиялық байлығы. Мен білетін Азаматханның бір ерекшелігі, экологиялық мәселелерді тек кабинетте отырып талқылаумен шектелмеуі. Ол еліміздің табиғаты зардап шеккен аймақтарына барып, жергілікті тұрғындардың жағдайымен танысуға, қордаланған проблемаларды көтеруге тырысты. Әсіресе Батыс Қазақстан облыстарындағы мұнай-газ өндірісімен байланысты экологиялық мәселелерге назар аударды. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан өңірлері, еліміздің экономикалық әлеуетін қалыптастырып отырған маңызды аймақтар. Мұнда мұнай мен газ өндіріледі, ірі өндіріс орындары жұмыс істейді. Бұл салалар мемлекет бюджетіне қомақты кіріс әкеліп, мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отырғаны белгілі. Алайда өндірістің экономикалық пайдасымен бірге экологиялық жауапкершілігі де болуы керек. Ауаға тарайтын зиянды қалдықтар, жер мен судың ластануы, өндірістік қалдықтарды сақтау және кәдеге жарату мәселелері, жергілікті тұрғындарды алаңдатып отырған тақырыптар. Осы түйткілдерге байланысты «Байтақ» партиясы өндірістік кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, табиғатқа келтірілген залалды өтеу, қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін нақты жауапкершілік белгілеу мәселелерін көтеріп жүр. Азаматханның бұл бағыттағы ұстанымы түсінікті: кәсіпорын пайда тапса, сол кәсіпорын орналасқан өңірдің халқы да қауіпсіз ортада өмір сүруге тиіс.
Меніңше, бұл жерде бір маңызды қағиданы ұмытпауымыз керек. Инвестордың келуі, өндірістің дамуы, экономиканың өсуі, әрине, қажет. Бірақ олардың ешқайсысы халықтың денсаулығы мен табиғаттың қауіпсіздігінен жоғары тұрмауы тиіс. Шетелдік компания болсын, отандық кәсіпорын болсын, заң алдында бәрі бірдей жауапты болуы керек. Ел байлығын игеру мен ел табиғатын сақтау бір-біріне қайшы ұғымдар емес. Керісінше, екеуі қатар жүруі қажет. Осы ретте Азаматхан жиі көтеретін тағы бір мәселе, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелдік компаниялармен жасалған кейбір ірі келісімшарттарды қайта зерделеу қажеттігі. Оның пікірінше, сол кезеңдегі тәжірибенің аздығы мен келіссөз жүргізу мүмкіндіктерінің шектеулілігі салдарынан кейбір келісімдерде ұлттық мүдденің жеткілікті деңгейде қорғалмауы мүмкін. Сондықтан уақыт өте келе олардың экономикалық, экологиялық және құқықтық тиімділігін қайта бағалау қажет. Бұл оңай шешіле салатын мәселе емес. Өйткені халықаралық келісімшарттардың өз құқықтық тәртібі, міндеттемелері мен экономикалық салдары бар. Дегенмен ел мүддесіне қатысты мәселелерді сараптап, қажет болған жағдайда заң аясында қайта қарау туралы ұсыныс айту, қоғамдық пікірталастың заңды бөлігі. Табиғи ресурстар халықтың игілігіне қызмет етуі керек деген қағида ешқашан ескірмеуге тиіс. Азаматханның қоғамдық қызметі экологиямен ғана шектелмейді. Партия төрағасы ретінде ол елдің ішкі және сыртқы саясатына, экономикалық реформаларға, шағын және орта бизнесті дамытуға, кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қатысты мәселелерді де көтеріп жүр. Мұның өзі экологияның басқа салалардан оқшау тұрмайтынын тағы бір мәрте көрсетеді. Мәселен, шағын және орта бизнестің дамуы, жасыл технологияларды енгізу, қалдықтарды қайта өңдеу, суды үнемдеу, баламалы энергия көздерін пайдалану мұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Экологияны қорғау тек тыйым салу мен талап қою арқылы жүзеге аспайды. Ол үшін жаңа технология, инвестиция, кәсіпкерлік бастама және мемлекеттік қолдау қажет. Табиғатты қорғай отырып табыс табуға болатын экономикалық модель қалыптастыру маңызды. Дәл осы бағытта «Байтақ» партиясы жасыл экономиканы дамыту идеясын алға тартып келеді. Бұл әлемнің көптеген мемлекетінде назар аударылып отырған бағыт. Өйткені бүгінгі таңда дамыған елдер экономикалық өсімді табиғи ресурстарды шексіз пайдаланумен емес, оларды тиімді әрі ұқыпты игерумен байланыстыруға тырысады. Американдық жазушы, эколог Рейчел Карсонның: «Табиғатта ешбір нәрсе жеке-дара өмір сүрмейді» деген мағынадағы әйгілі сөзі бар. Шынында да, табиғаттағы әрбір құбылыс бір-бірімен байланысты. Ауаның ластануы суға әсер етеді, судың сапасы топыраққа ықпал етеді, ал мұның бәрі адамның денсаулығына келіп тіреледі. Сондықтан экологияны қорғау бір ғана саланың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген жақсы мақал бар. Мен бұл сөзді тек табиғатқа қатысты емес, қоғамдық өмірге де байланыстырар едім. Қандай да бір мәселенің шешімін тапқың келсе, алдымен оның көзін ашып, себебін анықтап, шешу жолын іздеуің керек. Азаматханның қоғамдық қызметінде де осындай ұстанымды байқаймын. Ол бір мәселені көтерсе, оның артында қандай себеп жатқанын, оны қалай шешуге болатынын сөз етуге тырысады. Осы тұста партияның еліміздегі, саяси дода- сайлауға қатысқанын айта кеткен жөн бе, деймін. Әрине, саяси партия құру мен оны қоғамға таныту бір басқа да, халықтың кең қолдауына ие болу бір басқа. «Байтақ» партиясы 2023 жылғы Мәжіліс сайлауына қатысып, 2,3 пайыз дауыс жинады. Бұл көрсеткіш партияның сол кездегі парламентке өтуіне жеткіліксіз болды. Ал 2026 жылғы 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауында партия 97 751 дауыс немесе 1,07 пайыз қолдауға ие болды. Демек, екі сайлау нәтижесі де партияның саяси өкілдікке жетуіне мүмкіндік бермеді. Бұл нәтижелерге біржақты баға беруге болмайды. Сайлау нәтижесіне партияның танымалдығы, бағдарламасының қоғамға жеткізілуі, ұйымдастырушылық жұмысы, саяси бәсекенің сипаты және сайлаушылардың таңдауы сияқты көптеген фактор әсер етуі мүмкін. Экологиялық мәселелерді жиі көтеруі, ірі кәсіпорындардың жауапкершілігі туралы айтуы кейбір мүдделі топтарға ұнамауы мүмкін деген пікір де айтылуы ықтимал. Бірақ мұны партияның сайлаудағы нәтижесінің нақты себебі деп дәлелсіз тұжырымдау дұрыс емес. Меніңше, бұл жерде ең маңыздысы, сайлау нәтижесі қандай болса да, экологиялық мәселелердің өзектілігі жойылмайтыны. Партия парламентке өтті ме, өтпеді ме, халықтың таза ауа мен таза суға деген қажеттілігі өзгермейді. Мұнай өндіретін өңірлердегі экологиялық ахуал, өзен-көлдердің тағдыры, өндірістік қалдықтар, су тапшылығы, қалалардың ауасының ластануы — бұлар күн тәртібінен түспеуге тиіс мәселелер. Саяси қызметтің бір өлшемі сайлауда алынған дауыс болса, екінші өлшемі қоғамға ұсынған идеяң мен сол идеяның айналасына топтастырған азаматтарың. Дегенмен сайлау нәтижесіне де байыппен қарап, оның себептерін саралау, кемшіліктерді мойындау, қоғаммен байланысты нығайту кез келген саяси ұйым үшін маңызды.
2026 жылғы сайлау науқаны кезінде «Байтақ» партиясының ішінде де төрағалық пен ұйымның болашақ бағытына қатысты келіспеушіліктердің болғаны ақпарат құралдарында жарияланды. Бұл саяси ұйымның ішкі өміріне тән күрделі жағдайлардың бірі. Мұндай кезде партияның болашағы жеке адамдардың тартысымен емес, ортақ мақсат, жарғы, ішкі демократия және мүшелердің заңды шешімі арқылы айқындалуы керек деп есептеймін. Ал Азаматханның өзіне келсек, осы жылдар ішінде оның қоғамдық жұмыстан қол үзбей келе жатқанын көріп жүрмін. Сайлаудағы нәтиже оның бұған дейін көтерген экологиялық мәселелерін жоққа шығармайды. Бірақ алдағы уақытта партияның қоғаммен байланысын күшейтуі, өз ұсыныстарын нақты нәтижелермен дәлелдеуі, жастар мен өңірлердегі белсенді азаматтарды көбірек тартуы да маңызды. Бір нәрсені мойындау керек: қоғамдық іске араласқан адамның жолы үнемі тақтайдай тегіс бола бермейді. Әсіресе саяси қызметте түрлі пікір, сын, келіспеушілік, түсінбеушілік кездеседі. Біреу қолдайды, біреу сынайды, енді біреу мүлде басқа көзқараста болады. Бұл қоғамдық өмірдің табиғи көрінісі. Сондықтан мұндай жағдайда сабыр сақтап, өз ұстанымыңды дәлелмен қорғап, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну қажет. Азаматханмен арадағы көпжылдық таныстығымда байқаған тағы бір жайт, оның бір ғана тақырыппен шектеліп қалмайтыны. Елдегі саяси өзгерістерге де, экономикалық реформаларға да, халықаралық қатынастарға да, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге де назар аударады. Ұлы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзі бар. Бұл адамға деген жанашырлықтың, кең дүниетанымның үлгісі. Ал елге қызмет ету дегеніміз тек үлкен мінберден сөйлеу емес. Кейде бір ауылдың ауызсу мәселесін шешуге атсалысу, бір өңірдің экологиялық проблемасын қоғам назарына жеткізу, заңсыздыққа назар аударту немесе табиғатты қорғауға бірнеше азаматты жұмылдыру да үлкен істің бастауы болуы мүмкін. Азаматхан Әміртайдың қоғамдық қызметін осы тұрғыдан қарастырған жөн деп ойлаймын. Оның өмір жолында ізденіс те, талпыныс та, қиындық та, саяси сынақ та болды. Бір кезде ақпараттық сайт арқылы басталған ортақ әңгіме кейін қоғамдық қозғалысқа, одан саяси партия құру бастамасына ұласты. Бұл жолдың өзіне тән тарихы бар. Ал оның алдағы уақытта қандай нәтижеге жеткізетінін уақыт көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, мен білетін Азаматхан Әміртай елдің экологиялық мәселелеріне алаңдап, сол бағытта қоғамдық қызмет атқарып жүрген азамат. Оның көтерген мәселелерімен келісуге де, келіспеуге де болады. Бірақ табиғатты қорғау, су қауіпсіздігі, халықтың таза ауада өмір сүру құқығы, өндіріс орындарының жауапкершілігі сияқты тақырыптарды қоғам назарынан тыс қалдыруға болмайды. Елге қызмет етудің жолы көп. Біреу ғылыммен айналысады, біреу кәсіп ашады, біреу білім береді, енді біреу қоғамдық мәселелерді көтереді. Ең бастысы қай салада жүрсең де, еңбегіңнің елге пайдасы тисін. Меніңше, Азаматханның осы уақытқа дейінгі қоғамдық жолына баға берудің ең дұрыс өлшемі де осы. Алда әлі талай сын, талай белес бар. Ең бастысы, көтерген мәселелер нақты нәтижеге ұласып, табиғат пен халық мүддесіне қызмет етсе екен деймін.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, тәуелсіз журналист

































