Home Басты жазба Меккедегі жаңа одақ: «Исламдық НАТО» ма, әлде АҚШ-сыз қауіпсіздік іздеген үштік пе?

Меккедегі жаңа одақ: «Исламдық НАТО» ма, әлде АҚШ-сыз қауіпсіздік іздеген үштік пе?

9

 

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Кеше ғана Меккеде Түркия, Сауд Арабиясы және Пәкістан маңызды әскери келісімге қол қойды. Құжат бойынша үш елдің біріне жасалған қарулы шабуыл үшеуіне де жасалған шабуыл ретінде қаралады. Яғни, тараптар бір-бірінің қауіпсіздігін қорғауға міндеттеме алып отыр. Келісімнің толық әскери тетіктері әзірге ашық жарияланған жоқ. Соған қарамастан, бұл құжаттың саяси салмағы өте үлкен.

Сондықтан қазірдің өзінде әлемдік ақпарат құралдарында бұл бірлестікті «Исламдық НАТО» деп атай бастағандар бар. Алайда бұл атауға абай болған жөн. Өйткені НАТО деген жай ғана «біреуіне шабуыл жасалса, бәрі бірігеді» деген қағида емес. Оның артында ондаған жыл бойы қалыптасқан ортақ әскери жоспарлау, басқару жүйесі, тұрақты жаттығулар, бірлескен күштер және нақты саяси институттар тұр. НАТО-ның өзінде де бесінші бап бойынша әр мемлекет шабуылға ұшыраған одақтасына қандай көмек көрсететінін өзі анықтайды.

Ал Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясы құрған жаңа құрылым әзірге үш мемлекеттің өзара қорғаныс келісімі. Оның үстіне бұл елдердің қауіпсіздікке деген көзқарасы бірдей емес. Сауд Арабиясына ең алдымен Парсы шығанағы, мұнай нысандары мен теңіз жолдарының қауіпсіздігі маңызды. Түркия үшін Сирия, Ирак, Жерорта теңізі және күрд мәселесі алдыңғы орында. Ал Пәкістанның негізгі стратегиялық қарсыласы әлі де Үндістан болып қала береді. Сондықтан «үш елдің бір ортақ жауы бар» деп айту қиын.

Дегенмен бұл одақтың күшті жағы да бар. Сауд Арабиясында орасан зор қаржы мен энергетикалық ресурс бар. Түркияның әскери тәжірибесі мен қорғаныс өнеркәсібі соңғы жылдары айтарлықтай күшейді. Ал Пәкістанның жүздеген мың әскери қызметкері және ядролық қаруы бар. Осы үш мүмкіндікті бір жерге жинаудың өзі аймақтағы күштер тепе-теңдігіне әсер етпей қоймайды. Reuters те үш мемлекеттің әскери және экономикалық мүмкіндіктерінің бір-бірін толықтыратынын атап өтеді.

Бірақ ең үлкен мәселе — бұл одақтың кімге қарсы құрылғаны. Құжатта нақты бір мемлекет жау ретінде көрсетілмеген. Түркия билігі де келісімнің ешбір елге қарсы бағытталмағанын айтып отыр.

Дегенмен геосаясатта сөзден гөрі жағдайға қараған жөн. Қазір Таяу Шығыста Сауд Арабиясына қауіп Ираннан да, Иранмен байланысты қарулы топтардан да келуі мүмкін. Израильдің аймақтағы әскери әрекеттері де Түркия мен Сауд Арабиясын алаңдатады. Сондықтан бұл үштікке ортақ қауіп бір ғана мемлекет емес, жалпы тұрақсыздық болуы ықтимал.

Ең қызығы — бұл жерде Иранның өзі ерекше орын алады. Түркия үшін Иранды толықтай жау деп қарау тиімсіз. Анкара мен Тегеранның арасында бәсекелестік болғанымен, сауда, энергетика және қауіпсіздік мәселелерінде байланыс бар. Пәкістан да Иранмен көрші және екі елдің арасында шекаралық, экономикалық әрі қауіпсіздік мәселелері бар. Ал Сауд Арабиясы Иранмен бір жағынан бәсекелес болса, екінші жағынан соңғы жылдары қарым-қатынасты реттеуге тырысып келеді.

Сондықтан ертең Иранмен үлкен соғыс басталса, үш елдің бір мезетте бір бағытта соғысуы міндетті түрде оңай болмайды. Әскери одақтың қағаз жүзіндегі күші бір басқа, соғыс кезінде саяси шешім қабылдау бір басқа. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, әр мемлекеттің өзінің ұлттық мүддесі бірінші орынға шығады.

Израиль мәселесі де дәл сондай. Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары қатты нашарлады. Бірақ Сауд Арабиясы үшін Израильдімен тікелей соғысу мүлде басқа мәселе. Оның үстіне Израильдің әскери және технологиялық мүмкіндігі өте жоғары әрі ядролық қаруы бар деп есептеледі. Сондықтан жаңа одақтың бірден Израильге қарсы соғысатын блокқа айналуы әзірге қисынсыз.

Ендеше бұл одақ не үшін құрылды?

Меніңше, мұнда ең басты сөз — «сақтандыру». Үш мемлекет те бұрынғыдай қауіпсіздік мәселесінде тек Вашингтонға сүйеніп отыруға болмайтынын түсіне бастаған сияқты.

Сауд Арабиясы үшін бұл өте маңызды. Өйткені ондаған жыл бойы Эр-Риядтың басты қауіпсіздік тірегі АҚШ болды. Бірақ соңғы жылдардағы Таяу Шығыс қақтығыстары Сауд Арабиясына сыртқы кепілдіктердің қаншалықты сенімді екенін қайта ойлауға мәжбүр етті. Мұнай нысандарына, теңіз жолдарына және аймақтағы басқа да нысандарға жасалған шабуылдар бұл мәселені одан әрі күшейтті.

Сондықтан Сауд Арабиясы бір ғана Вашингтонға емес, Анкара мен Исламабадқа да арқа сүйеп көргісі келеді. Түркия да әскери қуатын экономикалық және саяси ықпалына айналдыруға мүдделі. Ал Пәкістан үшін Парсы шығанағындағы ықпалын күшейту, Сауд Арабиясымен байланысын тереңдету және өзіне жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашу маңызды.

Осы жерде Қазақстанға қатысты өте қызық сұрақ туындайды. Егер бұл одақ кеңейсе, оған Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан немесе Түрікменстан қосыла ала ма?

Әзербайжанның мүмкіндігі өзгелерге қарағанда жоғарырақ көрінеді. Біріншіден, Бакудің Түркиямен әскери-саяси байланысы өте тығыз. Екіншіден, Әзербайжан — Түркі мемлекеттері ұйымының толыққанды мүшесі. Қазір бұл ұйымға Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан мүше, ал Түрікменстан бақылаушы мәртебесінде.

Бірақ «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше болса, демек әскери одаққа да бірге кіреді» деген түсінік дұрыс емес. Түркі мемлекеттері ұйымы әскери НАТО емес. Оның негізгі бағыты — саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық.

Сондықтан Әзербайжанның жаңа әскери келісімге қосылуы теориялық тұрғыдан мүмкін болғанымен, Бакудің мұндай шешімге өте сақ қарайтыны анық. Өйткені Әзербайжан үшін Иранмен қарым-қатынас та маңызды. Оның үстіне Израильмен әскери-техникалық және саяси байланыстары бар. Демек Баку бірден қандай да бір «Иранға қарсы әскери блокқа» кірсе, өзінің сыртқы саясатындағы тепе-теңдікті бұзып алуы мүмкін.

Ал Қазақстан мәселесі одан да күрделі.

Қазақстан Түркиямен де, Әзербайжанмен де тығыз байланыста. Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының толыққанды мүшесі. Бірақ Қазақстанның сыртқы саясаты тек түркі әлемімен шектелмейді. Астана Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, АҚШ-пен, Еуропамен және ислам әлемімен қатар қарым-қатынасты сақтауға тырысады.

Сондықтан Қазақстанның дәл қазір бұл әскери одаққа толыққанды мүше болуы екіталай. Себебі бұл Астананың көпвекторлы сыртқы саясатына үлкен сынақ болар еді. Қазақстан үшін бір мемлекетке қарсы бағытталған немесе солай қабылдануы мүмкін әскери блокқа кіру Ресеймен де, Қытаймен де, Иранмен де қарым-қатынасқа әсер етуі ықтимал.

Өзбекстанның жағдайы да ұқсас. Ташкент соңғы жылдары өз армиясын күшейтіп, сыртқы саясаттағы дербестігін арттыруға тырысып келеді. Бірақ Өзбекстанның басты басымдығы — Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылық. Сондықтан Таяу Шығыстағы әскери блокқа бірден қосылу Ташкент үшін аса қажет қадам болмауы мүмкін.

Қырғызстанның әскери және экономикалық мүмкіндігі Қазақстан немесе Өзбекстанмен салыстырғанда әлдеқайда шектеулі. Сондықтан оның мұндай одаққа кіру ықтималдығы төменірек. Түрікменстан болса, дәстүрлі бейтараптық саясатына байланысты тіпті қиын жағдайға түседі. Оның үстіне Түрікменстан Түркі мемлекеттері ұйымында толық мүше емес, бақылаушы болып отыр.

Демек, егер бұл үштік кеңейетін болса, алдымен Парсы шығанағындағы және Таяу Шығыстағы мемлекеттерге назар аударуы мүмкін. Сомали секілді елдер де келісімді оң қабылдап үлгерді. Ал түркі мемлекеттерінің қосылуы — әлдеқайда күрделі геосаяси мәселе.

Тағы бір маңызды сұрақ: Түркия НАТО-ның ішінде отырып, осындай жеке әскери одаққа қалай кіріп отыр?

Бұл жерде заңдық тұрғыдан бірден қайшылық бар деуге болмайды. НАТО-ның өз қағидалары мемлекеттердің басқа елдермен екіжақты немесе көпжақты қорғаныс келісімдерін жасауына тыйым салмайды. Оның үстіне Түркия НАТО-ның мүшесі болып қала береді. Тіпті 2026 жылғы шілдеде Анкарада өткен НАТО саммитінде альянс елдері бесінші бапқа адалдығын тағы да растады.

Бірақ саяси тұрғыдан бұл өте қызық жағдай. Түркия бір мезетте екі түрлі қауіпсіздік жүйесінің ішінде отыр: бір жағында АҚШ пен Еуропаға негізделген НАТО, екінші жағында Таяу Шығыстағы жаңа аймақтық әскери әріптестік.

Бұл — Анкараның сыртқы саясаттағы басты ерекшелігі. Түркия соңғы жылдары «бір ғана лагерьге байланбаймын» деген ұстанымды күшейтіп келеді.

Ал АҚШ бұған қалай қарайды?

Вашингтон үшін бұл жағдайды біржақты «АҚШ-қа қарсы одақ» деп бағалау әзірге ерте. Өйткені үш мемлекеттің үшеуі де АҚШ-пен әртүрлі деңгейде байланысын сақтауда.   Оның үстіне келісімнің өзі ешбір мемлекетке қарсы бағытталмағанын мәлімдеп отыр. Сондықтан Америка үшін бұл әзірге НАТО-ға қарсы құрылған жаңа әскери блоктан гөрі, аймақтық мемлекеттердің өз қауіпсіздігін өздері көбірек қамтамасыз етуге ұмтылысы ретінде көрінуі мүмкін. Сарапшылар да жаңа келісімді АҚШ-ты толық ығыстыру емес, американдық қауіпсіздік кепілдігін толықтыратын аймақтық механизм ретінде бағалап отыр.

Ал Ресей үшін жағдай одан да қызық. Мәскеу Таяу Шығыста АҚШ-тың ықпалы әлсіреп, аймақ елдерінің өзара қауіпсіздік жүйесін құруына жалпы алғанда қарсы болмауы мүмкін. Себебі бұл әлемдегі күш орталықтарының көбеюін білдіреді. Бірақ Ресей үшін Түркияның әскери және саяси ықпалының тым күшеюі де әрқашан жайлы жағдай емес. Әсіресе Кавказ бен Орталық Азияда түркі ықпалы артқан сайын Мәскеу мұны мұқият бақылайтыны анық.

Сондықтан бұл одақтың болашағына «ертең исламдық НАТО құрылып, оның құрамына он мемлекет кіреді» деп қарау асығыстық болады.

Қазір біз әлдеқайда маңызды нәрсенің басталғанын көріп отырмыз. Бұл — Таяу Шығыс мемлекеттерінің өз қауіпсіздігін сыртқы күштерге толық тапсырмай, өзара әскери байланыстарды күшейтуі.

Одақтың өміршеңдігі бір ғана нәрсеге байланысты болады: қиын сәт туған кезде үш мемлекет бір-бірі үшін шын мәнінде соғысқа бара ма, жоқ па?

Қағазға қол қою оңай. Бірақ соғыс басталған кезде саяси, экономикалық және адам шығынының есебін ешкім қағаздағыдай қарапайым жүргізбейді. Кеше ғана ортақ мүдде үшін қол алысып тұрған мемлекеттер ертең өздерінің ұлттық мүддесі үшін әртүрлі шешім қабылдауы мүмкін.

Сондықтан бұл жаңа одақты әзірге дайын әскери алып күштен гөрі, қалыптасып келе жатқан қауіпсіздік жүйесінің алғашқы қадамы деп бағалаған дұрыс.

Бірақ бір нәрсе анық: әлем өзгеріп жатыр. Бұрын Таяу Шығыстың қауіпсіздігін Вашингтон шешетін кезең біртіндеп әлсіреп келеді. Енді Анкара, Эр-Рияд, Исламабад сияқты мемлекеттер «өз қауіпсіздігімізді өзіміз қамтамасыз етуіміз керек» деген ойға көбірек келе бастады.

Ал ертең бұл қатарға Баку қосыла ма? Одан кейін Орталық Азия мемлекеттері ше? Әзірге жауап жоқ.

Бірақ геосаясатта бүгін мүмкін емес көрінген нәрсе ертең қалыпты жағдайға айналып кетуі мүмкін. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, әлемдегі мемлекеттер де жаңа қауіптер көбейген сайын жеке емес, топтасып қауіпсіздік іздей бастайды. Меккеде жасалған келісімнің ең үлкен маңызы да осында болуы мүмкін.

Алдыңғы жазбаҰлы Жібек жолының жаңа дәуірі