Home Басты жазба Ұлы Жібек жолының жаңа дәуірі

Ұлы Жібек жолының жаңа дәуірі

23

Кейде мемлекеттің болашағын бір ғана шешім айқындап жатады. Оның нәтижесі бір күнде байқалмайды. Бірақ арада жылдар өткенде сол шешімнің қаншалықты маңызды болғанын бәрі түсінеді. Меніңше, дәл сондай тарихи қадамдардың бірі – «Бейнеу – Сексеуіл», «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» автожолдарының құрылысының басталуы.

Қазақстанда жол туралы көп айтылады. Бірақ біз көбіне жолды бір елді мекеннен екіншісіне жетудің құралы ретінде қабылдаймыз. Ал бүгінде әлемде жолдың бағасы мүлде басқа. Кім логистиканы басқарады, сол сауданы басқарады. Кім сауданы басқарады, сол экономиканы күшейтеді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабына айналдыру туралы ұстанымы жай ғана инфрақұрылымдық саясат емес. Бұл – елдің алдағы ондаған жылдағы экономикалық бағытын айқындайтын стратегиялық таңдау.

Қазақ даласы ешқашан тұйық кеңістік болған емес. Ұлы Жібек жолы дәл осы жермен өтті. Қытайдың жібегі мен Еуропаның тауары қазақ жері арқылы тасымалданды. Сол жолдың бойында Түркістан, Тараз, Отырар сияқты шаһарлар гүлденді. Сауда жүрген жерде қала өсті, кәсіп дамыды. Бүгінгі бастамалардың мәні де – сол тарихи артықшылықты жаңа заман талабына сай қайта пайдалану.

Қазір әлем құрлықтық тасымалға бұрынғыдан көбірек көңіл бөліп отыр. Осындай кезеңде Қазақстан өзінің географиялық артықшылығын нақты экономикалық табысқа айналдыруға кірісті.

Бұл жобалардың ішіндегі ең маңыздысының бірі – ұзындығы 800 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл» жаңа жолы. Ол Қытай шекарасын Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның арқасында Қытайдан Еуропаға дейінгі бағыт шамамен 1000 шақырымға қысқарып, жүк жеткізу мерзімі үш тәулікке дейін азаяды. Логистика саласында уақыттың өзі – ақша. Сондықтан бұл өзгеріс халықаралық тасымалдаушылар үшін Қазақстан бағытын әлдеқайда тартымды етеді.

Президент келтірген мәліметтер де жобаның ауқымын айқын көрсетеді. Соңғы бес жылда елімізде автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе өсті. Былтыр бұл саланың табысы 1,5 триллион теңгеге жетті. Қазақстан арқылы өтетін сегіз халықаралық дәлізбен күн сайын 35 мыңға жуық жүк көлігі қозғалады. Ал жаңа жолдар толық пайдалануға берілгеннен кейін жүк тасымалы 2,5 есе өсіп, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Құрылысқа 10 мыңнан астам адам тартылады. Бұл – жаңа жұмыс орындары, жаңа бизнес пен жаңа мүмкіндіктер.

Тағы бір маңызды мәселе – еліміздің көлік картасы өзгеріп жатыр. Бұрын негізгі бағыттар солтүстіктен оңтүстікке қарай тартылса, енді шығыс пен батысты байланыстыратын жаңа дәліз қалыптасуда. Бұрын шеткері саналатын Арал маңы мен Бейнеу сияқты өңірлер халықаралық транзиттің маңызды нүктесіне айналады. Ал жол барған жерге инвестиция келеді, кәсіп ашылады, халықтың тұрмысы жақсарады.

Президент бұл бағытты «Арал – Каспий магистралі» деп атауды ұсынды. Бұл өте сәтті атау деп ойлаймын. Өйткені бұл жол Арал өңірін Каспий арқылы әлемдік нарықпен байланыстырады. Бір жағында – Қытай, екінші жағында – Кавказ, Түркия және Еуропа. Қазақстан осы алып экономикалық кеңістіктің дәл ортасында тұр. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті толық пайдалану.

Ұлы Жібек жолын бұрынғы күйінде қайта жаңғырту мүмкін емес. Бірақ оның экономикалық мәнін жаңғыртуға болады. Яғни Қазақстанды Еуропа мен Азияны жалғайтын сенімді құрлықтық көпірге айналдыруға болады. Кеше басталған жол құрылыстары – осы мақсатқа бастайтын нақты қадам.

Біз көбіне жер қойнауындағы байлықты айтамыз. Бірақ ХХІ ғасырда ең қымбат капиталдың бірі – жол. Өйткені жол инвестиция әкеледі, өндіріс әкеледі, туризмді дамытады, елді жақындастырады.

Сондықтан кеше басталған құрылысқа жай ғана кезекті инфрақұрылымдық жоба ретінде қарауға болмайды. Бұл – Қазақстанның болашақ экономикалық келбетін қалыптастыратын стратегиялық бастама. Егер бұл жобалар жоспарланған мерзімде аяқталса, Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын ең маңызды логистикалық орталықтардың біріне айналары сөзсіз.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ, «Байтақ»  жасылдар партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаМұнай тоқтаса, ақша да тоқтайды