Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
роман
(жалғасы)
Күн көкжиектен арқан бойы көтерілген кезде, Суырлы таудың етігіндегі Қусақ өзенінің оңтүстік беткейіндегі кең жазық далада көшпелі екі елдің қосындары бірі-біріне қарсы кеп, шеп құрды. Көк аспан асты қарақұрым әскер. Рұғила батыр атын ойнатып ортаға шықты. Алмас қылышын қалқанына ұрып, түркеш жағын жекпе-жекке шақырды. Түркеш жағы үнсіз. Кешегіндей еліріп, қылыш үйіріп, найзаларын білемдеп тұрған ешкім жоқ. Қара бұлттай түнеріп, түксие қалған түрік қолына жасқана қарайтындай. Түн ішінде Ежелдің майдан даласын тастап, қашып кеткені туралы сыбыс желдей есіп, бәріне белгілі болған еді. Әскердің айбары, тірегі болар Қарахан қолбасшының кешегі айқаста Күлтегеннің қолынан қаза болуы, қағанның бүкіл қолды тағдырдың тәлкегіне тастап шегініп кетуі, түркештерге кері әсер бергені рас-ты, тіпті мыңдық, жүздік басыларының арасында: «Қағанға керек болмаған соғыс, бізге керек пе? Не үшін кеше ғана қойы қоралас, ағайын аралас отырған елмен текетіресеміз? Бітімге келіп, тарқасайық. Бітпес дау болса, қағандар өздері шешсін. Малын баққан қара халыққа Қапағанның, не болмаса Ежелдің қол астында өмір сүрді не, бәрібір емес пе, тек тыныштық болса болғаны» деген күңкіл сөз де шығып қалған.
Бұл жалпы қосындарға әсер етті. Түркештердің ұрысқа деген жанығып тұрған жігерін жасытты. Қағаны қашып кеткен әскердің жеңіске жетеміз деген үміттін өшірді.
Түркеш қолының үздік-создық келіп, шеп құруына қарап тұрған Тоныкөк: – Кешегі жекпе-жектен кейін түркештердің сағы сынып, қайраты мұқалып қалған секілді. Тіпті ұрысқа шыққысы келмей тұр ма, қалай? –деді қасында тұрған Күлтегінге.
– Жігері құм болғандарды, бір соқымен-ақ күлін көкке ұшыруға болады. Жекпе-жектің енді мәнісі болмас, жаппай шабуылға шығайық, –деген Күлтегін екі қолдың ортасында ат ойнатып, жекпе-жекке шақырып жүрген Рұғиланы кері шақырды.
Ишленби сәл болмаса кейбір қосындардың ат басын бұрып, майдан даласын тастап кетуге шақ тұрғанын байқап, ұзын сапысын жарқ еткізіп, қынабынан суырып, ұрандап әскердің алдына шықты.
– Уа, түркештің сайыпқыран өрендері, батырымыз өлді, қағанымыз қашты деп ұнжырғыларың түспесін, біз көппіз, күш біздің жақта. Бөрідей шуласқандарды бүріп-бүріп алайық, Алтын таудан асыра қуып, ордасына барайық. Қағанының басын шабайық, ерін құл, қыздарын күң етейік!
Сапысының жүзі күнмен шағылысқан Ишленби түріктерге қарсы шапты. Соңынан үздік-создық әскері ілесті. Атын секіртіп қол алдына шыққан Ақшарқат шауып келе жатқан Ишленбиге қарай садақ тартты. Ұшы болаттан құйылған, төрт қырлы көбебұзар жебе ысылдап келіп, сауытты жарып, өкпесіне қадалғанда, Ишленби ерден ауып түсті. Аяғы үзеңгіден шықпай қалып, аты сүйрей жөнелді. Мұны жаман ырымға балаған түркеш әскерінің арыны басылып қалғандай болды. Күлтегіннің күндей күрікірген дауысы естіліп, түрік қолы лап қойды. Түркеш қолы қақырап сала берді.
***
Майдан даласын тастап шыққан Ежелдің шағын қолы Қусақ өзенін жағалап, Итішпес көліне бет алған.
«Өздерінен үш есе аз түріктерді Ишленби талқандауы тиіс. Талай соғыста жеңіспен шыққан жырынды емес пе, бұл жолы да ентіккен түріктердің екпінін басып тастары хақ. Тіпті ит жығыс түскеннің өзінде оларды бөгеп, бері жібермесі анық».
Өз ойына өзі малданып, үмітін желкен етіп келе жатқан Ежелдің көңілін алдарынан шыға келген қарақұрым әскер бұзды.
– Түріктер алдымыздан шықты. Енді қайттік?! – деді жанында келе жатқан нөкері шошына. Атының басын тартып, алдына үрке қараған Ежел; — Алдымызда да, артымызда да түрік қолы. Тоныкөк айласын асырып кетті-ау, бізден! – түкірігін шаша сөйледі. – Біздің шолғыншылар ай қарап жүрген бе, сонда!
Бұл түркештердің ту желкесінен соққы беруге Тоныкөк жіберген Бөгінің қолы еді. Қиқулап, алыстан садақ тартып шауып келе жатқан әскерге төтеп бере алмайтынын білген Ежел атының басын бұра берген «Әттеген-ай! – деді іштей күйзеліп. – Қарсақтай қуалап жүріп, соғып алатын болды-ау бізді. Майдан даласында қалып, Тоныкөкке неге қарсы шаппадым? Қолда тұрған жеңіс еді ғой. Уысымнан шығып кеткенін қарашы!»
Жазық далада аттың басын еркін жіберген Бөгінің қолы қашқан жауды қуып жетіп, айқаса кетті. Құтыла алмасын білген Ежел қылышын жалаңдатып қарсы шапты. Бұл оның соңғы тұяқ серпуі еді. Шайқастың тағдыры лезде шешілді. Түрік сарбазының кеудесіне қадаған найзасынан төңкеріліп құлап бара жатқан Ежел: «Дүние-ай, түбіңе жетем деп жүріп, қапы кеттім-ау!» – деуге ғана шамасы жетті…
***
Тамағына жабысқан қол қышқастай қысып, дем алдырмай тұншықтырып барады. Қимылдайын десе бойда күш жоқ. Жаны кетіп қалғандай, дел-сал. Айқайлайын десе дауысы шықпайды. «Тәңірім-ау, маған не болған? Атан түйе көтерер күшім қайда кетті?» Жанталасып жатыр. Әрең дегенде қырылдап: «Сен кімсің?» – деді.
«Кімсің дейсің бе? Мен сенің – ажалыңмын!» Ысылдай сөйлеген адамның дауысы тым таныс сияқты.
«Таныдың ба? – шиқылдап күлгендей болды.Онысы тым зәрлі еді. –
Мен сенің ажалыңды болжап берген Өгілеймін ғой».
«Не керек саған?!»
«Маған сенің басың керек? Табғаш билеушісі У-хыңның сенің «басыңды кесіп әкелгенге ат басындай алтын беремін» дегенді естімем пе едің?»
«Мен саған оданда үлкен атақ беремін.Түркеш билеушісі жасаймын! Жібер мені!»
«Енді бәрі кеш, Қапаған! Маған ешқандай атақ та, байлық та керек емес. Мен жұрттың бүгіні мен ертеңін болжап, ауруы мен сырқауын емдеп жүрген қарапайым бақсы едім. Сен менің өміріме балта шаптың. Ендігі кезек менікі. Қазір қара қаныңды ағызып, басыңды кесетін боламын…»
Өгілей жарқ еткізіп, қойнынан кездік суырып алып, мұның кеңірдігінен орып жіберуге тақалды.
«Апыр-ай, жас кезімде аспанға атылып тулаған асауды тырп еткізбеуші едім, он бес жасымда бәстесіп, өгізді тік көтеріп алып, тастай салғанмын.Сол қуатым қайда? Мына қалақтай ғана Өгілейге қайрат көрсете алмай, аш күзендей бүгіліп жатқаным не?» Өгілейдің бес тал сақалынан ұстап алайын десе, қолы көтерілмейді. Жаны кетіп қалған тәрізді, кенет Өгілей алмас кездікпен тамағынан осып жіберді. Қырылдап өліп барады. Қара түнекке шым батты. Бір уақытта көзін ашқан. Жез табақтың үстінде тұрған өзінің денесіз басын көрді.
Алтын сарай. Алтын тақ. Тақта У-хың ханым отыр.
– Қош келдің! – ханым кекете күлді. – Міне, аңсаған арманыңа жеттің! Алтын сарайға келіп қалдың!
Бұл біраз уақыт тілсіз қалған. Сосын барып әлгінде Өгілейдің өзін бауыздап жатқаны есіне түсті.
«Бәсе, менің басымды осында алып келген сол болды ғой».
Сосын барып У-хың қатынға тіл қатты. – Арманым алтын тақ емес. Көшпелі жұртқа бүйідей тиіп жүрген табғаш елін қойдай иіріп, қозыдай көгендеу еді. Әттең, ол ойым орындалмады… – Қапаған күрсінді. – Бәлкім, қол жеткізер ме едім, егер де төрт құбыламды қоршаған ру-тайпалар жауықпай, жолыма бөгет болмағанда. Бар күшімді, алтынға айырбастамас уақытымды солар алды. Табғашпен түпкілікті айналысуға мойын бұрғызбады. Әлбетте, табанымның астына салған жұртты ердің үстінде отырып емес, алтын тақтың үстінде отырып әмірімді жүргізсем деген ішкі арманым болған, жасыра алмаймын. Сол үшін Табғашты шаппақ болдым, халқын билемек болдым, – деді Алтынмен апталып, күміспен күптелген сарай ішіне таңырқай көз тігіп, – бірақ мына төрт қабырғаның іші қанша жақұтқа толы болса да, іш пыстырарлық екен. Сірә, көндіге алмаспын. Көкжиегінде сағым көшкен, боз жусанның иісі бұрқыраған, көк шалғыны жұпар шашқан, көгілдір таулары қол бұлғаған, өзен-сулары сарқырап аққан кең далама еш нәрсе жетпейтінін, енді сезіп тұрмын.
– Иә, сен секілді сайын даланың желдей жүйіткіп жүрген оғыланына тас кірпіштен қаланған, аядай сарай, мекен болмасы хақ. Бірақ алтын сарай, алтын тақ қызықтырғаны рас емес пе?
– Сол үшін Орхон өзенінің бойында Орда Балық шаһарын тұрғыздырдым. Сарай салдырдым. Отыратын тағыма дейін алтынмен аптатып, күміспен күптеттім, бірақ оным өзімді алдау екен. Бір күн де онда түнемедім. Киіз үйімді тіккізіп, шаһардан аулақта отырдым. Жанымның қалауы, дүние-мүлікке сықиған сарай емес, іргедегі кермеде арғымағым кісінеген, шаңырағынан жұлдыз бен ай сығалаған, түрулі іргесінен боз жусанның иісі бұрқыраған киіз үй екен. Соны түсіндім.Салдырған шаһар да, жақұтқа толы сарай да мазарға ұқсап әлі тұр. Жазиралы сахарам аман болсын. Сол ұлан-ғайыр далада, атынан ат үркетін Ұлы Түрік қағанатын қайта құра алдым. Сол мен құраған қағанат сені өңіңде де, түсіңде де жай таптырмай жатқанын білемін.
– Иә, оның рас, алайда соншалықты іргелі елге айнала тұрып, табғашпен жауаласуға неге құмар болдың? Әлде қағанаттың жері тақияңа тар келдеі ме? – деді У-хың ханым бұған өшпенділік толы көзбен қарап. – Мәселе тереңде. Сары өзеннің терістікке сұғынып барып, кері бұрылған жері Ордос ежелден түрік жұртының мекені еді. Жанға жайлы, мал ұстағанға қолайлы жер жәннаты Ордос деп білдік. Біз содан айырылып қалдық. Табғашқа қайта-қайта шүйліккенім, сол атамекенді қайтару болды.
У-хың ханым мырс етті. – Қадалған жерінен қан жұтпай кетпейтін көкжал болсаңдар да, ол жер енді сендерге жоқ! Қапаған бірдеңе дегісі келіп еді, У-хың қол сілтеп шаңқ етті.
– Мынаның басын итке тастаңдар!
Жүгіріп келген нөкер жез табақты көтеріп ала жөнелді. – Мен ұлы қағанаттың ұлы қағанымын тоқта деймін! Алтын басымды елге қайтарыңдар!..
Қапаған ұйқысынан айқайлап оянды. Басын көтеріп алып еді, ешқандай сарай емес, өзінің он екі қанат ақ ордасында жатқанын көрді. Киізі түрілген шаңырақтан түнгі жұлдыздар жымыңдайды.
– Әміршім, жаман түс көрдіңіз бе, дауысыңыз қатты шықты ғой? – қойнында жатқан қыз басын көтерді. Шым-шытырық түстен айыға алмаған Қапаған өң мен түстің арасында біраз сұлқ жатты…
«Сол қақпас бақсыны бекер-ақ өлтірдім-ау. Міне, нешеме рет түсіме енді. Үнемі жағама жармасып, кездігін көстеңдетіп жүреді. Айтқанын тыңдап, жібере салсамшы. Қызбалығым басым-ау. Ағам Құтылық та Өгілейді талай шақырған, бірақ ол не айтса да бір тал шашына тиіспей қоя беруші еді».
Есіне Құтылықтың тоғыз оғызды шабар алдында Өгілейді алдырғаны түсті. Өгілей ол жолы ұзақты күн тылсым дүниемен сөйлесіп, жынын шақырып айналаны даңғазаға бөлеген жоқ. Жауырынға қарап бал ашты:
– Тоғыз оғыз бір соққыңа шыдамайды. Жалпасынан түседі. Алдыңа келеді. Басын иеді, – деді. Бір күрсініп қойып, сөзін жалғады. – Төрт құбылаң жау. Бостандықтың жолы ауыр. Тар жерде тайғақ кешіп жүріп жол салуыңа тура келеді. Бар ғұмырың көк түрікті ел етемін деумен өтеді. Оған да жетесің. Ат тұяғы жетер жердің бәрі әміріңе құлдық ұратын айбарлы түрік қағанатын да құрасың. Құтылық деген атың сахараны мекендеген елдің есінде мәңгі қалады, – деген бақсының сөзін Құтылық бөліп:
– Менің атымның қалуы міндет емес. Менің елім ше? Менің елім мәңгі ел болып қала ма? Мені сол толғандырады, – деді.
– Мәңгілік ел… –
Өгілей жауырынға қарап ұзақ отырды. Сосын барып:
– Орхон мен Хазар теңізінің ортасында шаңырақ көтерген жұртың, сол ұлан-ғайыр даланы мекендеп, уақыттың ағымына бір батып, бір шығып жүріп өмірін жалғастыра берері хақ. Мың өліп, мың тірілер, бірақ елдігін сақтап қалады. Сол халықтың есінде сен де, сенің ұлдарың да мәңгі қалмақ. Жауырын солай дейді, – деді.
Көкжиеке көз салған Құтылық бір сәт, әңгіме ауанын өзгертіп:
– Ақ білектің күшімен, көк сүңгінің ұшымен құрып жатқан, бірақ әлі де кемеліне келе қоймаған елдің, құдіретті қағанатқа айналғанын көре аламын ба? – деген.
Бұл жолы қолындағы жауырынға емес, Құтылықтың бетіне тарғыл көздерімен үңіле қарап сөйлеген Өгілей:
– Жоқ, – деді, – күрмеуге келмейтіндей өмірің қалды.
Түрі күреңітіп кеткенімен, Құтылық сыр бермеді. Жеңілдеу бір күрсінді де жанында отырған Қапағанға «естідің бе?» дегендей бір қарап қойды. Сосын, бақсыны сый-сияпатын беріп жолға шығарып салған еді.
Ал бұл ше? Өз өлімін естіген сәтте қылыш ала жүгірді. Тәңірісі аян беріп, соны жеткізген бақсыны өлтірді. Кінәсі не еді, оның? Енді, міне, түсіне еніп, мазасын алып жүргені.
«Ағам, Құтылықтай байсалдылық жоқ-ау, менде».
Бір сәт Қапағанның денесі түршігіп кетті. «Өгілейдің айтқаны ақиқатқа айналып, ағам ұзақ өмір сүрмеді емес пе, ат үстінде жүріп дүниені тәрк етіп кетті де қалды».
Есіне Өгілейдің айтқаны мен түсінде көргені түсті. «Алтын сарай. Алтын тақ. У-хың ханым. Жез табақтағы өзінің кесілген басы… Апырай, ә, Өгілейдің айтқаны мен көрген түсім ұштасып жатыр ма, қалай?»
Жүрегі атқалақтай соқты. Маңдайынан суық тер бұрқ етті. – Қымыз әкелші, – деді қойнында бұратылып жатқан сұлуға суық қарап. Еш лыпасыз тыржалаңаш жатқан қыз лып етіп орнынан тұрып, кіреберістегі үлдіріктің үстінде тұрған мүйіз торсықтан ағаш зереңге толтырып алып келді. Қараңғыда аппақ денесі жарқыраған уыздай қызды осыдан бір ай бұрын табғаш билеушісі У-хың сыйлаған.
(жалғасы бар)

































