Home Басты жазба Түркі әлеміне Нобельге балама халықаралық сыйлық қажет

Түркі әлеміне Нобельге балама халықаралық сыйлық қажет

19

Сейсен  ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді қазақ. Бірақ сол жақсының атын кім шығарады? Ғалымның еңбегін кім бағалайды? Жазушының сөзін кім төрге сүйрейді? Әлбетте, кез келген өркениеттің ұлылығы оның ұлы тұлғаларын қалай ұлықтайтынымен өлшенеді.

Бүгінгі әлемде сондай ұлық марапаттың символына айналған сыйлық – Нобель. Жүз жылдан астам уақыт ішінде ол ғылымның, әдебиеттің және бейбітшілік жолындағы еңбектің ең беделді марапаты болып қалыптасты. 1901 жылдан бері Нобель сыйлығы 633 рет табысталып, мыңнан астам адам мен ұйым лауреат атанды. Әдебиет саласының өзінде ғана 122 қаламгер Нобель сыйлығын иеленді. Бұл – адамзат тарихындағы ең ықпалды марапаттардың бірі. Сондықтан Нобель сыйлығының беделін жоққа шығару – шындыққа қиянат болар еді.                                                           Осы орайда,  көкейге, «неге екі жүз миллионнан астам халқы бар түркі әлемінің өзінің халықаралық деңгейдегі ғылыми әрі әдеби сыйлығы жоқ?» деген  ой келеді.  Рас, бұл  мәселе ара тұра көтеріліп жүр. Алдағы уақытта да  айтыла жатар. Біздікі де сондай ұсыныстың бірі.

Өйткені түркі жұрты – кешегі тарихтың ғана емес, бүгінгі өркениеттің де маңызды бөлшегі. Түркия, Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан және ондаған түркі халықтары тұтас бір мәдени кеңістік қалыптастырып отыр. Түркі мемлекеттері саяси ұйым құрды, экономикалық байланысын күшейтіп келеді, әскери ынтымақтастықты дамытып жатыр. Ал ғылым мен әдебиетті біріктіретін ортақ халықаралық институт қайда?                                                                                                                 Неге бізде әлемдік деңгейдегі беделді сыйлық жоқ?  Бұл сұрақты қоюдың өзі заңды. Әрине, біреу: «Нобель тұрғанда басқа марапаттың не керегі бар?» деуі мүмкін. Бірақ әлем тек Нобельмен ғана өмір сүріп отырған жоқ. Мәселен,  Америкада өз сыйлықтары бар. Жапонияда халықаралық ғылыми марапаттар бар. Испанияда, Францияда, Германияда беделді әдеби және ғылыми сыйлықтар жеткілікті. Араб мемлекеттерінің өз әдеби сыйлықтары бар.Қытай елі соңғы жылдары ғылымға миллиардтаған қаржы құйып, халықаралық деңгейдегі марапаттар жүйесін қалыптастырып келеді.                                                                                                       Ал түркі әлемі ше? Өткен тарихқа көз жүгіртейік. Жүсіп Баласағұни мемлекет философиясын жазды. Махмұд Қашқари тұтас түркі тілдерінің энциклопедиясын жасады. Қожа Ахмет Ясауи күллі түркі дүниесінің рухани ұстазына айналды. Әбу Насыр әл-Фараби әлем мойындаған ойшыл болды. Абай адамзаттық ой айтты. Шыңғыс Айтматовтың шығармалары жүзден астам тілге аударылды. Әзиз Санжар химия саласы бойынша Нобель сыйлығын алды. Бұл – түркі дүниесінің әлеуетінің бір ғана көрінісі. Сонда осындай өркениеттің өзінің халықаралық сыйлығы болмауы қалыпты жағдай ма?                                                                                                  Әлбетте, жоқ. Иә, Нобель төңірегінде дау да аз емес. Әлем әдебиетінің алыбы Лев Толстой өмір бойы Нобель алған жоқ. Хорхе Луис Борхес алған жоқ. Джеймс Джойс алған жоқ. Антон Чехов та Нобельсіз өтті. Бұл олардың ұлылығын кемітті ме? Әрине, жоқ.                                                                                                                         Керісінше, олардың шығармалары уақыттың сүзгісінен өтіп, адамзаттың ортақ қазынасына айналды. Өйткені кез келген марапат – адамдардың таңдауы. Ал уақыттың үкімі – ең әділ үкім. Сондықтан Нобель де абсолютті өлшем емес. Ол – беделді марапат.Бірақ жалғыз өлшем емес екені  белгілі. Әдебиетте де, ғылымда да талғам болады. Көзқарас болады. Кейде саясаттың ықпалы да сезіледі.                               Бұл туралы әлемдік баспасөзде де, ғылыми ортада да талай рет айтылған. Әлеуметтік желілерде де Нобель комитетінің кейбір шешімдері жөнінде қызу пікірталастар жиі өрбиді. Бірі комитетті еуропацентристік ұстанымда деп сынаса, енді бірі әдебиеттің өзі субъективті өнер болғандықтан, мұндай даулардың болуы заңды дейді.                                                                                                                             Бірақ біздің мақсатымыз – Нобельді сынау емес. Біздің мақсатымыз – түркі әлемінің өз болашағын ойлау. Қазақта «Өзгенің қаңсығы – таңсық» деген сөз бар. Біз жүз жылдан бері әлемнің марапатын күтіп келеміз. Енді өзіміздің әлемдік марапатымызды неге дүниеге әкелмеске?                                                                                               Бұл ешкімге қарсы жасалатын жоба емес. Ешкімнің  шамына тиетін  дүние емес. Керісінше, адамзат ғылымына, әдебиетіне және мәдениетіне қосылатын жаңа үлес болар еді.                                                                                                                  Шіркін-ай  десеңші, жыл сайын Түркі әлемінің халықаралық сыйлығы табысталса! Әдебиет. Физика. Химия. Медицина. Математика. Инженерия. Жасанды интеллект. Экология. Түркітану. Бейбітшілік пен адамзаттық құндылықтар.                                        Сондай –ақ, мұндай сыйлыққа тек түркі халықтарының өкілдері ғана емес, бүкіл әлемнің ғалымдары мен қаламгерлері қатысса ше? Расында, егер олардың еңбегі адамзатқа немесе түркі өркениетіне ерекше пайда әкелсе, неге марапатталмасқа? Сонда бұл сыйлық ұлттың емес, өркениеттің марапатына айналар еді. Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымы бар. Ортақ қор құруға мүмкіндік бар. Ортақ ғылым кеңістігін қалыптастыруға мүмкіндік бар. Ортақ университеттер ашылып жатыр. Ортақ әліпби мәселесі талқылануда. Ендеше ортақ халықаралық сыйлық та құрылуға тиіс деп  ойлаймын. Әлбетте, бұл – бүгін утопия болып көрінуі мүмкін. Бірақ Нобельдің өзі де кезінде бір адамның арманы болатын. Ұлы Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деді. Бұл сөздің астарында тек адамгершілік емес, өркениеттік көзқарас жатыр. Түркі әлеміне қажет сыйлық та дәл сондай биік ұстанымға негізделуі керек. Ұлтқа емес – адамзатқа қызмет ететін идеяларды марапаттайтын. Шекараға емес – ғылымға қызмет ететін. Тілге емес – талантқа құрмет көрсететін. Сонда ғана оның беделі өседі. Сонда ғана әлем оны мойындайды. Біз кейде әлемнің бізді бағаламағанына өкпелейміз. Алайда, өзіміз өз данышпандарымызды қаншалықты бағалап жүрміз? Өзіміз қандай халықаралық деңгейдегі рухани институт құрдық? Түркі әлемінің ендігі үлкен арманы жаңа жол, жаңа көпір немесе жаңа келісім ғана болмауы керек. Ол – жаңа интеллектуалдық кеңістік болуы тиіс. Өйткені ұлттың болашағын мұнай емес, ой сақтайды. Мемлекеттің ғұмырын қару емес, ғылым ұзартады. Ал өркениетті мәңгі ететін – оның руханияты. Осыны жадымыздан  шығармауымыз керек. Бәлкім, XXI ғасыр түркі әлемінің өз Нобелін дүниеге әкелетін ғасыры болар. Егер солай болса, бұл бір марапаттың ғана емес, тұтас өркениеттің жаңа дәуірге жасаған қадамы ретінде тарихта қалар еді.

Алдыңғы жазбаПартиялар неге жаппай басшыларын ауыстырып жатыр?
Келесі жазбаКҮЛТЕГІН