Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ, Dodanews.kz

Режеп Тайып Ердоған туралы пікір екі түрлі. Біреулер оны қазіргі Түркияның архитекторына теңесе, екіншілері — демократияны әлсіретіп, мемлекетті бір адамның жүйесіне айналдырды деп кінәлайды. Бірақ бір нәрсе анық: соңғы жиырма жылдан астам уақытта Түркияны әлемге қайта танытқан адамның аты — Ердоған. Бұл шығар күннің көзіндей шындық!
2002 жылы ол билікке келген кезде Түркия қазіргі Түркия емес еді. Экономика күйреп жатқан. Инфляция аспандаған. Банктер құлаған. Саясат ескі элитаның қолында қалған. Әскер саясатқа араласатын. Халық шаршаған. Дәл сол кезде Стамбұлдың бұрынғы мэрі Ердоған өзін “қарапайым халықтың адамы” ретінде көрсетті. Оның Әділет және даму партиясы сайлауда жеңіп шығуы Түркиядағы жаңа дәуірдің басы болды.
Ердоған алғашқы он жылда Түркияны расымен өзгертті. Бұл — оның қарсыластары да жоққа шығара алмайтын факт. Түркияда бұрын болмаған құрылыс бумы басталды. Елдің әр аймағына жол тартылды. Жаңа әуежайлар, көпірлер, тоннельдер, ауруханалар салынды. Бүгінгі Стамбұл әуежайы — сол дәуірдің символы. Түркия инфрақұрылым жағынан Еуропадағы көптеген елден озып кетті.
2002 жылы Түркияның экономикасы шамамен 230 миллиард доллар шамасында болса, кейін бұл көрсеткіш 900 миллиард долларға дейін жетті. Түрік компаниялары Африкаға, Балқанға, Кавказға, Таяу Шығысқа кірді. Turkish Airlines әлемдегі ең үлкен әуе желілерінің біріне айналды. Түркия туризмде де алып күш болды. Жыл сайын елге ондаған миллион турист келе бастады.
Бірақ Ердоғанның ең үлкен жетістігі экономикадан да бұрын басқа салада болуы мүмкін. Ол — қорғаныс және әскери өндіріс.
Бұрын Түркия Батысқа тәуелді ел болатын. Қару керек болса — АҚШ-қа қарайтын. Ұшақ керек болса — Германияға жалтақтайтын. Ал қазір Түркия өз дронын, өз ракетасын, өз бронетехникасын шығаратын мемлекетке айналды. Baykar жасаған Bayraktar TB2 дрондары бүкіл әлемге танылды. Қарабақ соғысында бұл дрондар Арменияның техникасын жойып, соғыстың бағытын өзгертті. Украинада да аты шықты. Африка елдері, араб мемлекеттері, Орталық Азия елдері түрік қаруына қызыға бастады.
Қазір Түркия тек дрон емес, әскери кеме, зымыран, танк, тіпті бесінші буын жойғыш ұшақ жасауға кіріскен мемлекет. Түркия Қарулы Күштері НАТО-дағы ең үлкен армиялардың бірі саналады. Ердоған әскерді толық азаматтық билікке бағындырды. Бұрын Түркияда генералдар үкіметті құлатып тастайтын. Қазір ондай жүйе жоқ. 2016 жылғы төңкеріс әрекетінен кейін Ердоған мемлекетті толық өз бақылауына алды. Мыңдаған офицер, судья, прокурор қызметтен қуылды. Сол кезден бастап Түркиядағы жүйе қатты өзгерді.
Батыс дәл осы кезеңнен бастап Ердоғанды “авторитар лидер” деп атай бастады. Өйткені Түркияда БАҚ-қа қысым күшейді. Оппозицияға қарсы істер көбейді. Әсіресе Экрем Имамоғлу сияқты танымал саясаткерлерге қысым арта түсті. Бірақ Ердоғанның жақтастары бұған басқаша қарайды. Олар “мемлекетті құлатқысы келген күштерге қарсы күрес жүрді” дейді.
Ердоғанның сыртқы саясаттағы ең үлкен ерекшелігі — ол Түркияны ешкімнің көлеңкесінде қалдырмады. Бұрын Анкара Вашингтон не десе, соны тыңдайтын ел сияқты көрінетін. Қазір олай емес. Ердоған Ресеймен де сөйлеседі, АҚШ-пен де тартысады, Қытаймен де байланыс орнатады. Владимир Путинмен бір жағынан газ жобаларын жүргізіп, атом станциясын салып жатыр. Екінші жағынан Украинаға дрон сатып отыр. НАТО мүшесі бола тұра Ресейден С-400 жүйесін алды. Бұл Вашингтонды ашуландырды. Бірақ Ердоған үшін басты нәрсе — Түркияның өз мүддесі. Өте дұрыс ұстаным!
Соңғы жылдары Түркия Сирияға бірнеше рет әскер кіргізді. Ливиядағы соғысқа араласты. Катарды қолдады. Әзербайжанға Қарабақта үлкен көмек көрсетті. Бүгін Кавказда Түркиясыз үлкен геосаяси мәселе шешілмейді. Африкада түрік әскери базалары пайда болды. Балқанда ықпалы күшейді. Таяу Шығыста Түркия қазір Иран, Израиль, Сауд Арабиясымен қатар үлкен ойыншы ретінде қаралады.
Ердоған өзін тек Түркия лидері ретінде емес, бүкіл түркі және мұсылман әлемінің саяси тұлғасы ретінде көрсеткісі келеді. Соңғы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымы белсенді күшейе бастады. Анкара Орталық Азияға қатты кіріп жатыр. Қазақстанмен, Өзбекстанмен, Әзербайжанмен әскери, экономикалық байланыс артты. Түрік дрондары мен әскери технологиясы түркі елдеріне экспортталуда. “Тұран” идеясы ресми түрде жарияланбаса да, Ердоғанның ұзақмерзімді армандарының бірі екені байқалады.
Бірақ Түркияның ішінде проблема да аз емес. Соңғы жылдары инфляция халықты қатты қысып жіберді. Түрік лирасы бірнеше есе құнсызданды. Халықтың тұрмысы қиындады. Пәтер бағасы шарықтап кетті. Экономистер Ердоғанның пайыздық мөлшерлемеге қарсы саясатын қатты сынайды. Бірақ қызығы — соған қарамастан Ердоған толық құлаған жоқ. Себебі Түркия қоғамының үлкен бөлігі оны әлі де “күшті лидер” деп көреді.
Қазір басты сұрақ — 2028 жылдан кейін не болады?
Ресми түрде Ердоған қайта сайлауға түсе алмайды. Бірақ Түркия саясатында заң өзгерту деген қиын нәрсе емес. Кезектен тыс сайлау жарияланса, қайта қатысу мүмкіндігі пайда болуы ықтимал. Сарапшылардың көбі Ердоған дәл осы жолды қарастырып отыр деп есептейді. Өйткені ол саясаттан толық кететін адамға ұқсамайды.
Ал оппозиция әзірге әлсіз көрінеді. Республикалық халық партиясы ішінде тартыс көбейді. Өзгүр Өзел, Кемал Кылычдароғлу және Имамоғлу лагерлері бір-бірімен күресіп жатыр. Ердоған дәл осыны жақсы пайдаланып отыр. Себебі ол бір нәрсені жақсы түсінеді: біріккен оппозиция қауіпті, бөлінген оппозиция әлсіз.
Батыс та қазір Ердоғаннан кейінгі Түркия туралы ойлана бастады. Оның орнына кім келеді деген сұрақ көп қойылады. Көп айтылатын есімдердің ішінде Хакан Фидан, Селчук Байрактар және Ердоғанның ұлы Билал бар. Бірақ қазіргі жағдайда Түркияда Ердоғансыз жүйені елестету қиын.
Себебі бүгінгі Түркия — оның қолымен жасалған мемлекет.
Қуатты.
Өршіл.
Қайшылыққа толы.
Бірақ әлем санасатын елге айналған мемлекет.

































