Home Қоғам Халыққа қызмет ету – ең абыройлы іс

Халыққа қызмет ету – ең абыройлы іс

48

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың күрт шиеленісуі әлем елдерін алаңдатып отырғаны рас. Өйткені АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциялары басталғаннан кейін аймақта қауіпсіздік жағдайы нашарлап, әуе кеңістігінің жабылуы мен көлік қатынасының шектелуі мыңдаған шетел азаматтарының түрлі мемлекеттерде қалып қоюына әкелді.

Осындай сын сағатта Қазақстан да өз азаматтарын тағдыр тәлкегіне тастамай, нақты әрі жедел әрекет етті. Қазақта «Ер басына күн туса, етігімен су кешер» деген сөз бар. Шын мәнінде, дәл осындай қиын кезеңде мемлекеттің жауапкершілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті айқын көрінеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен Таяу Шығыста жүрген отандастарды елге қайтару бойынша кең көлемді эвакуациялық жұмыс басталды. Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Дубай және аймақтағы өзге де мемлекеттерде еңбек етіп жүрген немесе сапармен барған қазақстандықтарды елге жеткізу үшін арнайы рейстер ұйымдастырылды. Қысқа уақыттың ішінде Қазақстан авиациясы мен мемлекеттік органдар үйлесімді жұмыс жүргізіп, ондаған эвакуациялық рейсті жүзеге асырды. Соның нәтижесінде шамамен 7 мыңға жуық қазақстандық туған жерге аман-есен оралды. Жалпы алғанда, Қазақстан ұшақтары 37 арнайы рейс жасап, соғыс қаупі күшейген аймақтардан азаматтарды қауіпсіз түрде елге жеткізді. Бұл – ұйымдастыруды, батыл шешімдерді және үлкен жауапкершілікті талап ететін ауқымды операция. Эвакуация жұмыстары бір ғана авиациялық тасымалмен шектелген жоқ. Қазақстанның дипломатиялық қызметі де тәулік бойы жұмыс істеп, шетелдегі отандастармен үздіксіз байланыс орнатты. Сыртқы істер министрлігі, консулдықтар мен елшіліктер азаматтарды тіркеп, олардың орналасқан жерін анықтап, қауіпсіз эвакуация бағыттарын белгіледі. Кей жағдайларда адамдарды алдымен қауіпсіз елдерге шығарып, кейін арнайы рейстер арқылы Қазақстанға жеткізу ұйымдастырылды.                                                                                                                Соғыс жағдайында мұндай операцияларды жүзеге асыру оңай емес. Әуе кеңістігінің жабылуы, қауіпсіздік тәуекелдері, логистикалық қиындықтар кез келген мемлекет үшін үлкен сынақ болып саналады. Соған қарамастан Қазақстан қысқа мерзім ішінде нақты шешім қабылдап, өз азаматтарын қорғау жолында нәтижелі жұмыс көрсетті. Бұл оқиға мемлекеттің басты құндылығы – адам екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қандай қиын жағдай болса да, Қазақстан өз азаматтарын назардан тыс қалдырмайтынын, олардың қауіпсіздігі мен өмірі мемлекет үшін ең жоғары құндылық екенін нақты іс арқылы көрсетті.

Қазақта «Ел аман болса, ер аман» дейді. Сондықтан мемлекет үшін ең басты міндет – өз халқының амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қасым  – Жомарт  Тоқаевтың  тапсырмасымен жүзеге асқан бұл эвакуациялық операция – елдің ұйымдастырушылық әлеуетін, дипломатиялық қызметтің кәсібилігін және мемлекеттік басқарудың тиімділігін айқын көрсеткен маңызды қадам. Бүгінгі тұрақсыз әлемде мемлекет пен халық арасындағы сенім осындай нақты әрекеттер арқылы қалыптасады. Таяу Шығыстағы шиеленіс жағдайында Қазақстанның өз азаматтарын жедел түрде елге қайтаруы – мемлекеттің жауапкершілігі мен қамқорлығының айқын көрінісі. Бұл – ең алдымен, ел үшін әрбір азаматтың тағдыры қашанда қымбат екенін дәлелдейтін нақты іс. 

Бір  сөзбен айтқанда,  осындай сындарлы кезеңде Қазақстанның өз азаматтарына қамқорлық танытып, оларды қауіп аймағынан аман алып шығуы – мемлекет қуатының ғана емес, елдік жауапкершіліктің де көрінісі. Қазақ халқы «Халыққа қызмет ету – ең абыройлы іс» деп бекер айтпаған. Қиын шақта азаматтарын жалғыз қалдырмай, туған жерге жеткізуге күш салған мемлекет осы сөздің шынайы мәнін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Өйткені елдің күші – жерінде емес, ең алдымен өз халқының амандығында.

Азаматхан  ӘМІРТАЙ                                                                                                    «Байтақ»  жасылдар  партиясының  төрағасы

Алдыңғы жазбаЕлеусіз қалған ерлік
Келесі жазбаИранда жаңа жоғарғы көшбасшы сайланды