Home Басты жазба Гренландия: Трамптың ермегі ме, әлде үлкен ойыны ма?

Гренландия: Трамптың ермегі ме, әлде үлкен ойыны ма?

28

Дональд Трамптың «Гренландияны сатып алайық» деген сөзі көпшілікке клоунада болып көрінді. Әлем күліп алды. Сарапшылар иық қиқаңдатты. Ал шын мәнінде күлкілі емес. Қорқынышты.  Өйткені бұл — XXI ғасырдағы жаңа отаршылдықтың жалаңаш айтылған нұсқасы еді.

Гренландия — мұз емес.
Гренландия — билік.

Ол Солтүстік Америка мен Еуропаның ортасында, Арктиканың дәл жүрегінде жатыр. Кім осы аралды бақыласа, сол:
— Солтүстік теңіз жолын қадағалайды,
— Ресейдің арктикалық тынысын өлшейді,
— Қытайдың полярлық амбициясын тұншықтырады.

Бұл — география емес, геосаяси пышақ.

АҚШ ол жерге баяғыда-ақ кіріп алған. Thule әскери базасы — Арктикадағы көз бен құлақ. Ғарыштан ұшқан зымыран да, мұхиттан қозғалған флот та осы жерден байқалады. Яғни Гренландия — Вашингтон үшін «алдыңғы шеп».

Ал мұз еріп жатыр.
Мұз ерісе — шындық ашылады.

Жер астында уран бар. Сирек металдар бар. Мұнай мен газ бар. Ертеңгі соғыс танкпен емес, литиймен, неодиммен, уранмен жүретінін АҚШ та, Қытай да жақсы біледі.

Трамптың ойы қарапайым:
ертеңгі күннің ресурсын бүгін бақылауға алу.

Сондықтан ол дипломатияны емес, сауда тілін таңдады. Себебі Трамп үшін мемлекет — корпорация, ал жер — актив. Ол Алясканы сатып алған Американы үлгі етеді. Бірақ бір нәрсені ұмытады: XXI ғасырда жер — тек жер емес, ұлттың жаны.

Гренландия — Данияға тиесілі, бірақ гренландиялықтарға ғана тән. Ал оны «сатып алу» туралы сөз — ұсақ мемлекеттерге тасталған ашық белгі:
ертең кезек сендерге де келуі мүмкін.

Бұл — жаңа дәуірдің ережесі. Қару емес, капитал жүреді. Танкі емес, келісімшарт келеді. Бірақ түпкі мәні өзгермейді: күшті әлсізді жұтады.

Сондықтан Трамптың Гренландияға қызығуы — жеке қыңырлық емес. Бұл — әлемнің қайта бөлініп жатқанын білдіретін симптом.

Ал біз сол процесті сырттан бақылап отырғандаймыз.
Бірақ тарихта «сыртта қалған» ел болмайды.
Тек ерте ойланғандар және кеш түсінгендер ғана болады.

Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ

dodanews.kz

Алдыңғы жазбаКҮЛТЕГІН
Келесі жазба«Барселона» Испания Суперкубогының жеңімпазы атанды